ӘКЕДЕН МАЛ ДА, ТАЛ ДА ҚАЛСЫН

ӘКЕДЕН МАЛ ДА, ТАЛ ДА ҚАЛСЫН
ашық дереккөз
ӘКЕДЕН МАЛ ДА, ТАЛ ДА ҚАЛСЫН
Майдангер Әмірқұл Мырзақұлұлы 1924 жылы Әулиеата уезі, Мақпал болысында (қазіргі Тереңөзек ауылы) дүниеге келген. Бала жасынан еңбекке ерте араласқан ол 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, ҰОС-қа қатысады. Соғыс даласындағы батырлығы үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Оның халық үшін ерен еңбегі майданнан оралғаннан кейін басталды. 1955 жылы Талғардағы ауыл шаруашылығы техникумын агроном мамандығы бойынша аяқтап, аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі Жамбыл атындағы ұжымшарда түрлі қызметтер атқарды. Өндіріс бригадасының басшысы, агроном-селекционер, гидротехник мамандықтарын мінсіз атқарды. 1985 жылы зейнет жасына шыққан соң отбасымен Мақпал сайындағы Ашылқайнардан 5 гектар бақты жалға алып, бағбандық жұмысын қайта қолға алды. Алма, алмұрт, өрік, жүзім сынды жеміс-жидектерді түрлі өндіріс орындарына жөнелтіп отырды. Ашылқайнар бағында жыл сайын шопандар слеті, диқандардың сабантойы аталып өтетін. Республикалық, облыстық іс-шараларға келген қонақтар да таудың саф ауасымен тыныстап, демалу үшін осы жерге келетін. 1978 жылы ауылға екінші рет келген жазушы-драматург Сафуан Шәймерденов «Бір ауылдың адамдары» атты шығармасын да нақ осы бақта жазған болатын. Ал Әмірқұл ағаның өзі де өнер мен жазудан кенде емес еді. Терме орындап, дастандар мен рубаилар жазып тұратын. Мақалалары «Еңбек туы» мен «Құлан таңы» газеттерінде жарияланатын. 2012 жылы «Ғибрат-дастан» атты өлеңдер топтамасы жарық көрді. Бүгінде Тереңөзек ауылының саябағында соғыс, тыл және еңбек ардагерлеріне арналған аллеяда Әмірқұл Мырзақұлұлына арналған ескерткіш орнатылған. Әке жолын жалғаған ұлы Нұрболат жеке қожалық құрып, Талдыбұлақ шатқалында шаруасын шалқытып отыр. Ал ардагердің жары Айнаш Тереңөзектегі кіші ұлы Ерболаттың қолында, үй іргесіне ері отырғызған алма бағын күтіп-баптап, бейнетінің зейнетін көріп отырған жайы бар.

Бейбіт Байсариев, зейнеткер.

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар