«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақкөлдің ажары қашан ашылады?

Ақкөлдің ажары қашан ашылады?
ашық дереккөз
Ақкөлдің ажары қашан ашылады?
Тоғыз жолдың торабына орналасқан Ақкөл ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігімен толығырақ танысу үшін «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Қартабаев және «Талас Таза су» мемлекеттік кәсіпорнының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Мұрат Несіпбай үшеуміз іссапарға шыққан едік. Алғаш ат басын тіреген ортамыз ауылдағы спорт мектебінің футбол алаңында осы ауылдың тумасы Жанат Бүркітбаев атындағы кіші футболдан еске алу турнирі болды. Оған Талас және Сарысу аудандарынан сегіз футбол командасы қатысып, бәсекеге түсті. Соңғы жылдары мұнда апта сайын жарыс ұйымдастырылып тұрады екен. Жуық арада ауылдың орталығынан спорт алаңы салынбақшы. Оған жергілікті бюджеттен 5 миллион теңге қаражат қарастырылыпты. Содан кейін Оспанәлі Иманалиев атындағы Мәдениет үйінің маңайына соқтық. Биылғы жылы мұнда «нұротандықтардың» бастамасымен саялы бақ жасау қолға алынған. Осы округтен сайланған депутатымыз Мұрат Несіпбай өз қаражатымен 3500 түп түрлі ағаштардың көшетін әкеліп, жұртшылық жұмылып отырғызған. Оларды суғару үшін терең құбырлы құдыққа сорғы орнатылыпты. Ауыл әкімі қоғамдық жұмыстың есебінен бір адамды тал-дараққа күтім жасауға бекітіп, нақты жұмыстың нәтижесінде олар түгелге жуық көктеп, биіктеп келеді. Сәтін салса, екі-үш жылдың көлемінде қарағаштардың саясында адамдар көлеңкелей алады. Құдықтың суын сол маңайдағы балалар өнер мектебі де пайдалануда. Айта кетейік, партияның бастамасымен ауылдың батыс беткейіндегі «Наурыз» алма бағы да қайта қалпына келтірілуде. Осыдан ширек ғасыр бұрын егілген алма ағаштары соңғы он-он бес жылда қараусыз қалып, тоза бастаған. Тағы да депутаттың көмегімен сексен түп жеміс-жидек көшеттері әкелініп, отырғызылыпты. Баққа кіретін бас қақпа да жаңартылған. Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің есік-терезесін ауыстыруға биыл 44 миллион теңге қарастырылған болатын. Жөндеу жұмысы аяқталған, мектеп жаңа оқу жылына дайын. Ақкөлдіктердің жылдар бойғы жанайқайына айналған ауызсу мәселесі де шешімін тауыпты. Өткен жылы облыстық бюджеттен 146,191 мың теңге, биыл 188,656 мың теңге бөлініп, «Базаралиев К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күшімен Тәңірқазған бастауынан бермен қарайғы құбырлар алмастырылған. Қазір әр үйге тұщы су келіп тұр. Ауылдан аудан әкімшілігі Қаратау қаласына көшірілгеннен кейін көптеген үйлердің босап, бұзылып кеткені белгілі. Сол кездерде ауыл әкімі Ғалым Қартабаевтың тікелей басшылығымен ауылдағы бетон қабырғалы үйлер мен екі қабатты үйлердің біразы жекешелендірілмей коммуналдық меншікте сақталып қалыпты. – Қазір елдің жағдайы күн сайын түзеліп келеді. Жас отбасылар көбеюде. Олардың бәрінің бірдей жеке тұрғын үй салуға қалталары көтере бермейді. Құдайға шүкір, жөндеп кіріп аламын десе, бос үйлер жеткілікті. Өзіміз ұсыныс жасап жүріп Қонаев көшесіндегі сегіз пәтерлік екі қабатты тұрғын үйді қалпына келтірудің жобалық-сметалық құжатын жасап, ауданға өткіздік. Биыл республикалық бюджеттен 23 миллион теңге бөлініп отыр, – дейді Ғалым Қартабаев. Аудан әкімдігі Ақкөл ауылының инфрақұрылымын жақсартуға көмек қолын созып келеді. Соның бір дәлелі ауылдағы Абай және Тоқтарбаев көшелерін орта жөндеуден өткізуге 40 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттың дайындалуы. Егер бұл жұмыстар басталып кетсе, ауылдағы басқа көшелер де кезең-кезеңімен жөндеу көретіні даусыз. Ауылдықтарды өзгерістер қуантады. Алайда, олардың басты мәселесі – ауылды газдандыру. Егер ауылдың маңайында отынға жарайтын өсімдіктің азайып бара жатқанын есепке алсақ, жылдан-жылға бағасы өскен көмірдің де әр отбасының қалтасына ауырлық салатыны анық. «Бұл – аудандық деңгейде емес, облыстық, республикалық дәрежеде шешілетін мәселе. Егер ауданымыздың аумағында Амангелді газ кеніші жұмыс істеп тұрса, онда «көгілдір отынның» игілігін ақкөлдіктер неге көрмеуі тиіс?» – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Тұрғанбай Тәжібеков. Ардагердің өкпесі орынды. Алайда, «Ауылына қарап азаматын таны» деп айтқандай, көшенің қақ ортасындағы әлеуметтік нысандардың көріксіз кейпі де көңілге кірбің түсіреді екен. Ауылдың тоғыз жолдың торабында орналасқанын еске алсақ, бұл көрініс – ақкөлдіктерге сын.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Ақкөл ауылы, Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар