Тұрақтылық кепілі

Тұрақтылық кепілі
ашық дереккөз
Тұрақтылық кепілі
Қазақстан – демократиясы дамыған, зайырлы, құқықтық мемлекет. Елімізде ұлтаралық келісімнің сақталып, тыныштық пен татулықта, ұлыстардың ұдайы бірлікте өмір сүруіне Қазақстан Республикасының Конституциясы кепіл. Ата Заң азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғап қана қоймай, бірқатар міндеттер де жүктейді. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Конституция – Қазақстанның өркендеуі мен тұрақтылықтың кепілі» атты «дөңгелек үстел» отырысында осы мәселе сөз болды. «Дөңгелек үстелге» жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, кәсіподақ, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени орталықтарының төрағалары, ғалымдар қатысты. Жиынды ашып жүргізген облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов Ата Заңның саяси, әлеуметтік және қоғамдық маңызы зор құжат екеніне тоқталды. – Тәуелсіздік алған 25 жылдың бедерінде еліміз толайым табыстарға қол жеткізді. Осының бәрі 1995 жылы жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституциямыздың арқасы. Негізінен, біздің Конституциямыз қоғамдағы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықты сақтауға, барлық ұлт өкілдерінің рухани-мәдени өрлеуі мен өсуіне қамқорлық жасауымен ерекшеленеді. Сондықтан да, Отан, тәуелсіздік, тұрақтылық секілді асыл ұғымдарға әрбір азамат бейжай қарамауы тиіс, – деді. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің заң факультетінің деканы Қайрат Нұрманбетов Ата Заңымыздың негізін қалаған ата-бабаларымыз екенін айтады. – Қазақ елі Кеңес Одағының құрамына енгеннен кейін ғана конституциялық жолмен өмір сүрген жоқ. Біздің бабаларымыз ежелден белгілі бір заңға сүйенген. Оған «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысы» дәлел бола алады. Олар шығарған заң мен жарғылар қазір де маңызын жойған жоқ. Бүгінде тұрмыстық жағдай мен отбасылық қарым-қатынастарда әлі күнге дейін қолданылып келеді. Әлемде 200-ден астам мемлекеттің өз Конституциясы бар. Осы саланың маманы ретінде айтарым – біздің Ата Заңымыздың мәні айрықша. Онда адамның өмірге келген күнінен бастап, бүкіл ғұмырының жарқын болуына кепілдік берілген. Соның арқасында қазақстандықтардың құқығы мен бостандығы сақталып, азаматтардың тең дәрежеде өмір сүруіне жағдай жасалуда. Көптеген ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті тұрмыс кешуінен мемлекетіміздің бірлігі беки түсті. Еліміздің әлеуеті артып, өркениетке қадам басты. Міне, осылайша Конституция Қазақстанның өркендеуі мен тұрақтылықтың кепіліне айналды, – деді ол. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат қазіргі қолданыстағы Конституцияның негізгі бағыттары мен оның басымдықтарын сөз етті. – Парламенттік басқарудың жүйесіне келу үшін мемлекетке экономикалық тұрақтылық керек. 1993 жылы қабылданған Конституциямызда кемшіліктер көп болды. Конституциялық реформа жүргізу қажет еді. Қоғамды демократияландырудың нақты қадамдары 1995 жылы қабылданған Конституцияда көрініс тапты. Ата Заңымызда жазылғандай, Қазақстан Президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет болуының арқасында өзге елдермен иық түйістіре алатындай жағдайға жеттік, – дейді Шәбден Тоқтасынұлы. «Дөңгелек үстелде» Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева, облыстық «Азаматтық альянсы қауымдастығының» төрағасы Зайтжан Юлдашев, облыс прокуратурасының І басқарма бөлімінің аға прокуроры Дастан Байтеміров, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Әуезхан Шашаев өз ойларын ортаға салды.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар