Құқықтық мемлекеттің негізі

Құқықтық мемлекеттің негізі
ашық дереккөз
Құқықтық мемлекеттің негізі
Еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарда Ата Заңның міндетін Қазақ КСР-ның 1978 жылы қабылданған Конституциясы атқарып тұрды. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік мәселелердің заңды шешімін табу үшін кеңестік кезеңнің бір орталық арқылы басқару жүйесіне негізделген заңына жүгіндік. Алайда ол сол кездегі қоғамымыздағы жүргізіліп жатқан реформаларға жеткілікті деңгейде жауап бере алмады. Сондықтан дүниежүзілік кеңістікте өз орнын табуға талпынған жаңа тәуелсіз мемлекетімізге табысты түрде алға қарай дамуы үшін ескі құқықтық жүйені заман талабына сай келетін жаңа заң қабылдау арқылы алмастыруы қажет болды. Конституциясын дайындап, талқылау кезінде еліміздің мемлекеттік-саяси құрылымының негізін қалайтын қағидаттарға байланысты саяси пікірталастар көп туындады. Өтпелі кезеңді бастан өткеріп отырған елде мұндай қайшылықтардың туындауы заңдылық еді. Оның ауыр өтуі жағдайды қиындата түскенмен, ауыртпалықты тез еңсере білдік. Соның арқасында тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш басты Заңын қабылдадық. Көпшілікке мәлім бұл Заң 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Конституция мемлекеттік басқару жүйесінің құрылымдық реформаларының бастауы болды. Конституция 4 бөлім, 21 тарау, 131 баптан және өтпелі кезеңнің негізгі ережелерінен тұрды. Ең бастысы, Ата Заң бойынша Қазақстан Республикасы барлық азаматтарының құқықтық теңдігін қамтамасыз ететін демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет деп танылды. Дегенмен, 1993 жылы қабылданған Конституция мемлекеттік құрылымды жетілдіріп, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды дамытуға жол аша алмады. 1994-1995 жылдары болған парламенттік дағдарыс Қазақстанның саяси жүйесіне ескіліктің кедергі келтіріп отырғанын көрсетіп берді. Тәуелсіз мемлекет құқықтық-зайырлы мемлекет құру үшін демократияландыру қадамын жасауы тиіс еді. Сол үшін 1995 жылдың басынан жаңа Конституцияны дайындау жұмыстары басталды. Президент еліміздің заңгерлеріне заман талаптарына сай, барлық сұрақтарға жауап беретін жаңа Конституцияның жобасын дайындау міндетін тапсырды. Заңгерлерден құралған сараптамалық-консультативтік кеңес Конституцияның жобасын сараптау нәтижесінде оған өзгерістер еңгізді. Сөйтіп, референдум арқылы 1995 жылы 30 тамызда жаңа Ата Заңымызды қабылдадық. Қазіргі Конституция 9 бөлім 98 баптан тұрады. 21 жылдың ішінде Ата Заң елімізді демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екенін айқындап берді. 1995 жылы қабылданған Конституцияға 3 рет: 1998, 2007, 2011 жылдары өзгерістер мен толықтырулар еңгізілді. Ол өзгерістер мен толықтырулар, демократияның, саяси тұрақтылықтың одан әрі дамуына, адамның құқығын қорғау кепілдігін күшейтуге, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жетілуіне жағдай жасауға бағытталған. Бұл Конституция көптеген тәжірибелерден өткен. Адамның өмірі оның құқықтары мен бостандықтарын бірінші орынға қояды, елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тұратынына байланысты олардың сеніміне, дініне, тіліне, көзқарасына қарамастан, барлық азаматтардың тең құқықтығын қамтамасыз етеді. Осыдан 21 жыл бұрын қабылданған Ата Заң бұл құндылықтарды сақтауға негіз болып отыр десек, артық айтқандық емес. Еліміз өзінің таңдауын жасау арқылы елдің гүлденуінің, демократияның дамуының жолын қалады, мызғымас Конституцияны қабылдады. Бір нәрсені анық айта аламыз. Біздің Басты Заңымыздың негізгі қағидалары кеше тәуелсіздік алған тұста пайда болған жоқ. Ата Заңымыздың тұпнегізі әз Тәукенің заманында қалыптасты. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысы». Конституция әр мемлекеттің өмірінде үлкен рөл атқарады. Конституция латынша «constitutio» – құрал деген мағынаны береді. Саяси тұрғыдан немесе қарапайым өмірде болсын Ата Заң елді тәрбиелеудің, арақатынасты ретке келтірудің үлкен құралы екенін пайымдаймыз. Конституция мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесінің ядросын құрайды десек, артық айтпаймыз. Неміс ойшылы Карл Маркс Конституцияны «заңдардың заңы» деп бекер айтпаған. Тәуелсіздік алған жылдары еліміз өтпелі кезеңді бастан кешіріп жүріп, қиыншылықтарға кездесті. Өтпелі кезең дегеніміз – әр халықтың басынан өтетін көптеген саяси-құқықтық қақтығыстардан туындайтын және сол мәселелердің шешімін жедел іздеп, дұрыс қадам жасауға мәжбүр ететін уақыт аралығы. Осы уақытта қабылдаған шешім оң болса, мемлекет гүлденіп дамып, байи түседі. Бүгінде біз сол кезеңде еліміздің дұрыс қадам жасағанына көз жеткіздік. Осыдан 21 жыл бұрын 30 тамызда қабылдаған Конституциямыз бізді дамудың даңғылына бастады. Елбасымыздың көреген саясатымен болашаққа деген нақты қадамдарының арқасында алдағы уақытта да барлық кедергілер мен қиыншылықтардан сүрінбей өтеміз деген сенімдеміз. Мемлекет басшысы айтқандай, барлық мемлекеттік органдар, азаматтық қоғамдар өкілдері бірлесіп, аянбай еңбек етсе, Ата Заңымызда айқындалған үлкен мақсаттарға қол жеткіземіз.

DSCF6466Дәурен Дайрабаев, облыстық әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы.

Ұқсас жаңалықтар