Жеке сот орындаушыға жүгінетіндер көп
Осы жылдың жеті айында 31416 жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жүргізілсе, оның 8424-і электронды түрде тіркелген. Бұл көрсеткіш жүргізілген мемлекеттік тіркеудің 21 пайызын құрайды.
Нәтижесінде бюджетке 55 410 498,5 теңге алым сомасы төленген. Оның ішінде жедел тәртіппен жүргізілген тіркеу арқылы қазынаға 9 946 572 теңге құйылған.
Мемлекеттік тіркеуге ұсынылған 183, электрондық тіркеуден 124 өтініштен бас тартылса, 122 өтініш бойынша мемлекеттік тіркеуді, 23 жылжымайтын мүлікке құқықтарды электронды түрде тіркеуді тоқтата тұру туралы шешім шығарылған.
Әкімшілік өндіріс бойынша 1376 әкімшілік құқық бұзушылық ісі қозғалып, 1302 жеке тұлға мен 73 заңды тұлға жауапқа тартылған. Облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Дәурен Дайрабаев бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар сараланған жиында осыны мәлімдеді.
Кейінгі жылдары елімізде жеке сот орындаушылар институты альтернативті түрде мемлекеттік сот орындаушылармен қатар жұмыс істей бастағаны белгілі. Облысымызда 2011 жылы алғаш рет жеке сот орындаушылар аймақтық алқасы құрылып, мемлекеттік тіркеуден өткен болатын. Бүгінде аяғына нық тұрған жеке сот орындаушылар институты тұрғындарға сапалы қызмет көрсете бастады.
– Жеке сот орындаушылар институтының дамуына Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары серпін берді десек, қателеспейміз. Себебі, 27- қадамда жеке сот орындаушылардың институты дамуы үшін мемлекеттік сот орындаушыларды кезең-кезеңімен қысқарту туралы нақты тапсырма берілген. Сондықтан, Әділет министрлігі жеке сот орындаушылардың республикалық палатасын құрып, облыс орталықтарынан филиалдар ашты. Қазірдің өзінде өңірімізде 48 жеке сот орындаушы бар. Олар жыл басынан бері 51 миллиард 268 миллион теңгені құрайтын 76 660 атқару құжатын орындап, 8 миллиард 881 миллион теңге өндірді. Жеке сот орындаушылардың көмегімен 11 жалақы өндіру құжаты заңдастырылып, 2 214 алимент өндіру құжаты рәсімделуде.
Мемлекеттік сот орындаушылар институтынан жеке сот орындаушылар институтының артықшылығы көп. Өйткені, жеке сот орындаушысы өз қызметін тікелей табыс табумен мотивациялайды. Табыс көзі тікелей өндірген сомасына байланысты болғандықтан, ол сот шешімін орындау барысында аянбай еңбек етеді. Ал мемлекеттік сот орындаушылар аудан немесе қала көлемінде ғана қызмет атқаратын болғандықтан, борышкер басқа ауданға қоныстанса, атқару парағын сол ауданның сот орындаушысына жолдауына тура келеді. Ал жеке сот орындаушы, өз қызметін кез-келген облыс аймағында белгілі ережеге сүйеніп, шектеусіз атқара алады. Сондай-ақ, жеке сот орындаушылардың атқаруындағы атқару құжаттарының үлес салмағы аз. Жеке сот орындаушылардың орындауындағы атқару құжаты мемлекеттік сот орындаушылардың орындауындағы атқару құжатынан екі есеге артық болғанымен, олардың заңды көмекшілері бар. Сондықтан, жұмысы 10 есеге дейін жеңілдейді. Көмекшілердің құзыреті заңмен айқындалған және олардың санына ешқандай шектеу қойылмайды. Ең бастысы, жеке сот орындаушылардың іс-әрекетінің дұрыстығы соттық және прокурорлық немесе Әділет департаменті арқылы қадағаланып отырады. Егерде заң талабы орындалмаса, оның лицензиясы тоқтатылып немесе күші жойылады, – дейді Дәурен Жигулиұлы.
Баяндамашының айтуынша, есепті кезеңде жергілікті мемлекеттік органдар әділет департаментіне 366 нормативтік-құқықтық акті жолдаған екен. Құқықтық сараптама жүргізу нәтижесінде оның 272-сі тіркеуден өтіпті. Бас тартылған актілердің саны 24 болса, кері қайтарылғаны – 11. Бақылау іс-шараларының нәтижесінде жергілікті өкілді және атқарушы органдар арқылы заңсыз қолданылған 24 нормативтік-құқықтық актінің бары анықталған. Заң бұзылуын жою жөнінде ұсыныстар енгізіліп, оның 9-ы толығымен сәйкестендірілген. Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша Шу, Талас ауданы әкімі аппараты мен Қордай ауданы, Бетқайнар ауылдық округі әкімі аппаратына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық ісі қозғалыпты.
Есепті жиында Д.Дайрабаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған шаралар жөнінде, заңды тұлғаларды тіркеу жұмысын ұйымдастыру, азаматтық хал актілерін тіркеу және апостильдеу, бақылау және қамтамасыз ету, адвокаттық қызмет, мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету, бағалау қызметі, құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау секілді әр салада атқарылған жұмыстар жайын баяндады.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді