Балалық шақтан бір белгі

Балалық шақтан бір белгі
ашық дереккөз
Балалық шақтан бір белгі
Садық Құнанбаевтың әні бізді патриоттық сезімге тәрбиеледі  Мойынқұм ауданы жаңадан құрылған 1965 жылы біз мектеп қабырғасында оқитынбыз. Шаруашылықта жұмыс күші жетпегендіктен оқушыларды көктем мен күзде қызылшаның арамшөбін жұлуға, жинап алуға жұмсайтын. Ол аз болғандай, жүгерінің масағын тереміз. Түске дейін сабақтамыз, түс қайта масақтамыз. Ішіне орындықтар қойылған жүк машинасымен «Мойынқұм жастарының вальсін» хормен айтып, жұмысқа жетеміз. Жанымызды отаншылдық сезім тербейді. Жаралып жасампаз құрыштан, Мойынқұм жарқ етті шығыстан! Елдіктің-ерліктің туындай, Біз қолмен жасаймыз Гүлстан! Мойынқұм – байлықтың дастаны, Мойынқұм – жалынды жастары. Мойынқұм – алтын таң аспаны. Осы бір әнді шырқағанда дала төсі әуенмен жаңғырып, оқушылардың жүздері бал-бұл жайнап кететін. Елге, туған жерге арналған ән бәрімізге рух беретін. Осы әннен нәр алып туған жерге деген махаббатты жоғары қоя білдік. Әннің авторы – Садық Құнанбаев, мәтінін жазған Мырзаш Тұрғынов деп естиміз. Әннің авторына сырттай сүйсініп, қызығып «Шіркін, сол адамды бір көрсек!» деп армандаймыз. Сөйтсек, Садық Құнанбаев сол кезде бар болғаны жиырма жастағы жігіт екен. Содан бері құмға сіңген судай зымырап жарты ғасыр уақыт өтіпті. Жарты ғасыр өтсе де мойынқұмдықтар бұл әнді мақтанышпен жырлайды. Бала күнімізде әнімен жүрегімізді баураған Садық Құнанбаев ағамен беріректе кездесіп, жүздесіп жүрдік. Қолқаласақ болды, жүзі жадырап, баянын қолына алып, «Мойынқұм жастарының вальсін» орындап береді. Бар ынтамызбен құлақ түреміз. Сәкең ән айтқанда жүзі балбырап, ерекше құбылып кетеді. Бар дүниені ұмытып, аспан әлемінде қалықтап жүргендей сезінеді. Өмір жолынан қозғаған әңгімесі де әсерлі, қызық. – 1944 жылы шыр етіп дүниеге келіппін. Жеті жасымда әкем бақилық болып, барлық ауыртпалығымызды анам көтерді. 1958 жылы 7 жылдық мектепті бітіріп, қабырғам қатпастан еңбекке араластым. Қой бақтым, шөп шаптым, сушы болдым. Анама қолұшын беріп, ол кісіні қуантқым келді. 1961 жылы ауданнан өкіл келіп, аудан орталығындағы кәсіптік-техникалық училищеге түсуге үгіттеді. Түстім. 1962 жылы кәсіптік-техникалық училищелер арасында облыстық өнер байқауы өтті. Сол байқауға бізді аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Таубай Әбешбаев дайындады. Өзі – баянда шебер ойнайтын кісі. Маған «Тыңнан хат» деген әнді орындауды тапсырды. Менің өнерге талпынысым Таубайға ұнай бастаған секілді. Сол облыстық өнер байқауынан жеңімпаз болып оралдық. Мақтау қағазымен марапатталғаным өнерге деген құлшынысымды арттырды. Бәрінен де «Балам өнер адамы болды» деп анамның қуанғанын айтсаңыз! Содан Таубай ұстаз маған өнер жолына түсуге, Жамбыл мәдени-ағарту училищесіне құжат тапсыруыма кеңес берді. Сонымен, әлгі училищеге бардым. Уақыттан сәл кешігіп қалған екенмін. Сонда да училище директоры Шора Теміровтің қолдауымен студент атандық. Училищедегі халық аспаптар оркестрінің құрамында менің әндерім орындала бастады. «Анама», «Солдат сәлемі» әндері жүректі жарып шыққан. Сол училищені бітірген соң, Мойынқұм аудандық комсомол комитетінің сол кездегі екінші хатшысы Жәнібек Майхановтың қолдауымен баяғы өзім оқыған кәсіптік-техникалық училищеге жұмысқа қабылдандым. Пәтер де табылды. 1968 жылы аудандық кітапханаға үріп ауызға салғандай жас қыз қызметке келді. Әлгі бойжеткен келгелі кітапханаға баруым жиіледі. Бір күні танысудың сәті түсті. – Қарындасым, атыңыз кім? – дедім. – Сәуле, – деп жауап берді ұяң қыз. – Есімім – Садық. Танысып қоялық, – деп қолымды ұсындым. – О, мен сіздің есіміңізді сырттай білемін. Бұл ауданда сіздің әніңізді шырқамайтын әнші жоқ қой, менің де аздап ән салатыным бар. Ауыл сахналарында сіздің әндеріңізді орындап тұрамын, – деді қыз. Жүрегім жарыла жаздады. Екеуміз осылай тіл табысып кеттік. Достық махаббатқа ұласып, екі айдан кейін отау құрып, шаңырақ көтердік, – дейді Сәкең. Өнер жолы – қиын жол. Музыкалық білімін жетілдіру үшін Садыққа Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищеде білім алу қажет болады. Жарының қиналып жүргенін сезген Сәуле: – Садық, сен өнерге жаралған жансың. Біліміңді жетілдіруің керек. Қарт анаңа, ұл-қыздарыңа өзім қараймын. Бізге қарамай біліміңді жалғастыр, – дейді. Садық осылайша 1971 жылы Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училище студенті атанып, кейінен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға да сырттай оқуға түседі. Консерваторияда оқып жүрген кезінде сол кездегі Торғай облысында үлкен бір мекеме бастығының назарына ілігеді. Әлгі жанашыр кісінің жұбайы Күләйма Ержанова облыстық білім басқармасының басшысы екен. Торғайлықтар мұны бір музыка мектебінің директорлығына шақырады. Садық ауылына келіп, отбасымен ақылдасып, сол кездегі Торғай облысынан бір-ақ шығады. Арқалық ауданында музыкалық мектептің директоры болады. Жұбайы Сәуле Тілеубаева да аудандық кітапхана меңгерушілігіне тағайындалды. Садық Құнанбаевтың әндері Торғай даласына тегіс тарады. Бір үлкен жиында Торғай облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков Садықтың «Нан болса, ән болады» деген әніне өте риза болып, қолын алып, шынайы алғысын білдіріпті. Міне, құрмет. Кейіннен Талдықорғанға шақырылып, Күрті ауданында музыка мектебін басқарады. Садықтың әндері КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова мен Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың репертуарларынан ойып орын алған. Бұл күнде Сәкеңнің ұл-қыздары да өнер жолын қуған. Садық Құнанбаев – Қазақстанның мәдениет қайраткері, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Композиторлар және Журналистер одақтарының мүшесі. Алматы қаласының іргесінде Еңбек ауылында тұрады. Сәкең осы күнге дейін екі жүзден астам ән жазған екен. «Таразым менің», «Жаңарған менің Жуалым!», «Қарышты Қаратауым» әндері біздің облысқа арналған. Соңғы жылдары «Менің Мойынқұмым» атты кітабы жарыққа шығыпты. Жамбыл жерінен шыққан талант Садық Құнанбаевтың қазақ ән саласындағы еңбегін елеп жүр. Туған жердің түлегі ол облыстың Құрметті азаматы атанса, нұр үстіне нұр болар еді. Ол мұндай құрметке лайық.

Болат Оңғарбай, журналист.

Ұқсас жаңалықтар