«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Білімді елдің келешегі кемел

Білімді елдің  келешегі кемел
ашық дереккөз
Білімді елдің келешегі кемел
Қазақстандық арманға бастайтын жол Білім саласындағы серпіліс тұтас қоғамның өркендеуіне серпін беретінін ешкім жоққа шығара алмайды. Экономиканың барлық саласындағы істі алға ілгерілететін кадр мәселесі, инновацияның, ғылымның дамуы, елдегі ішкі тұрақтылықтың сақталуы тағы да басқа түйткілдердің шешімі бәсекеге қабілетті, саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеуде жатыр. Егер өңірдің даму ырғағы қалыпты болса, онда үздіксіз білім беру үрдісі назардан тыс қалмағаны. Білім беру дегенде – оқушыларды оқытуды ғана айтпаймыз, бұл жұмыс мектептердің жай-күйін жақсартып, материалдық жабдықтаудан басталып, тәлімі мол, білімді жастарды тәрбиелеумен ұштасады. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен өңір педагогтерінің кезекті тамыз кеңесінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев осыған тоқталды. Жиында Кәрім Нәсбекұлы сала ісін әрі қарай дамыту жолдарын нақтылап, тиісті мекемелер мен аудан басшыларына тапсырма берді. Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева жаңа оқу жылының жаңалықтарымен бөлісті. Облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова білім мекемелерінің өткен оқу жылында қол жеткізген жетістіктері мен кемшіліктерін саралады. Жаңа оқу жылының жаңалығы да, жүктейтін міндеттері де көп. Ұстаздар үшін өткен жылдың сабақ болатын кезеңдері де аз болмапты. Тамыз кеңесінде ойға түйгеніміз осы. 25 жылдың белесінде білім саласы айтарлықтай дамыды. Білім беру үдерісінің әр сатысы үздіксіз жетілдіріліп отырды. 2000 жылы облыстың білім саласын қаржыландыруға 3,2 миллиард теңге бөлінсе, бүгінде оның көлемі 28,2 есеге артуы – осы сөзіміздің дәлелі. – Тәуелсіздік жылдарында мектепке дейінгі, орта білім беретін білім беру ұйымдарының желісі өсті, инфрақұрылымы жаңарды. Облысымызда дарынды балаларға арналған мектептер ашылды. Оқушыларымыздың интеллектуалды әлеуеті артып, осы жылдар ішінде 1046 оқушы халықаралық, дүниежүзілік білім додаларында жеңімпаз атанды. Осының бәрі мемлекет тарапынан білім саласына деген үлкен қамқорлық, болашаққа жасалған ең үлкен инвестиция екені даусыз, – дей келе, Сұлушаш Сәтбекқызы бес институционалдық реформаны жүзеге асыруда ұстаздарға жүктелетін міндеттерге тоқталды. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында білім саласын дамытудың нақты қадамдары белгіленгені мәлім. ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеру, 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, функциялық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту, жоғары сыныптарда жанбасылық қаржыландыруды енгізу, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру – мұның бәрі табанды еңбекті қажет ететін міндеттер. Бәсекеге қабілетті Мәңгілік Ел болуға бастайтын қадамдардың бірі осы. Облыстың бас педагогі қазақстандық арманға бастайтын жол – Ұлт жоспарын жүзеге асыруда ұстаздарға да зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын айтады. Ынталандыру өз жемісін беруде Сұлушаш Құрманбекова білім саласында Ұлт жоспарында нақтыланған міндеттер табысты жүзеге асырыла бастағанын айтады. 76-қадамда көзделгендей, облыста өткен оқу жылында 2 мектепте жаңа стандартқа сай әзірленген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендері, жаңартылған мазмұндағы оқу жоспарлары мен бағдарламалар сынақтан өткізіліпті. Сондай-ақ, 1- сыныпқа сабақ беретін 3756 педагог жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарына жіберілген. – Табысты мектепті ынталандыру жүйесін құру мақсатында білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау, білім сапасын арттыруды ынталандыру мақсатында екінші жыл қатарынан рейтинг жүргізілуде. Биыл үшінші рет ең үздік орта білім беру ұйымдары облыс әкімінің грантына ие болғалы отыр. Ұлт жоспарының 77-қадамында көрсетілгендей, елімізде жүзеге асырылатын инновациялық жобаларды кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл политехникалық колледжі «Ең үздік 10 колледж» қатарына енгізіліп, 2 мамандық бойынша жаңа білім беру бағдарламалары австралиялық және германдық әдістеме бойынша жасалды. Алдағы уақытта Елбасы тапсырмасына сәйкес 2017 жылдан бастап баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім жобасын іске асыру бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілетін болады. 79-қадамға сәйкес дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар базасында оқушылар үшін жазғы тіл үйрену курстары ұйымдастырылса, мұғалімдерге арналған ағылшын тілін үйрену курстары өткізілді. Жаңа оқу жылынан бастап облыстық оқу-әдістемелік кабинеті Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесе отырып әр сенбі сайын мұғалімдер үшін ағылшын тілін үйрету курстарын өткізетін болады. 89-қадамда нақтыланғандай, мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына «Мәңгілік Ел» құндылықтарын енгізу жұмыстары жүргізілді. Өткен оқу жылында 6- сыныптарға арналған «Мәңгілік Ел», 7- сыныптарға арналған «Көшбасшылық мектебі» бағдарламалары бойынша арнайы курстар ұйымдастырылды. Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында мектеп жанынан ашылған «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталықтарының ұйымдастыруымен 113 іс-шара өткізілді. Бұл жұмыстар жаңа оқу жылында өз жалғасын табатын болады, – дейді басқарма басшысы. Ұлт жоспарында көрсетілген табысты мектептерді ынталандыру жүйесі біздің өңірде бірнеше жыл бұрын тәжірибеге енгізілгенін айта кетуіміз керек. Бастысы бұл бастама бүгінде жемісін беруде. Облыс әкімінің үздік білім мекемелеріне қаржылай көмек көрсетуі өз кезегінде басқа да мектеп ұжымдарын ынталандырып отыр. Мәселен, алдыңғы жылы облыстық дарынды ұлдарға және қыздарға арналған қазақ-түрік мектеп-интернаты мен Тараз қаласындағы №45 классикалық гимназиясының ұжымдары үздік шыққан. №45 гимназия былтыр да таңдаулылар қатарынан көрінді. Биыл ғана үздік үштіктің құрамы жаңарып отыр. Облыстық үш тілде білім беретін мамандандырылған мектеп ұжымы облыс әкімінің 18 миллион теңге грантын жеңіп алса, Тараз қаласындағы №1 гимназия мен Жуалы ауданындағы Г.Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназиясы 500 мың теңге сыйлыққа ие болды. Бір айта кететіні, жыл өткен сайын сыйақы көлемі де артып келеді. Және тағы бір артықшылығы – рейтингтің жүргізілуінде. «Былтыр ана мектепке берілді, бұл жолы мынаусы алсын» деген жалпақшешейлік жоқ. Үздік шықса, үш жыл қатарынан алса да, ешкімнің таласы жоқ. Маман таңдау – маңызды іс Табысты мектептердің жетістіктерінің сырын айтып, таратқан жақсы-ақ, әрине. Дегенмен, жіберген кемшіліктерінен сабақ алмай отырған білім мекемелері де бар. Былтырғы Тамыз кеңесінде облыс әкімі осындай 10 мектепке бақылау жүргізуді тапсырған болатын. Басқарма басшысының айтуынша, аталған білім ошақтары Ұлттық бірыңғай тестілеуде соңғы екі-үш жылда төмен нәтиже көрсетуінің себебі анықталып, директорларға тәртіптік шаралар қолданылыпты. Сондай-ақ, басқарма мамандары 204 мектептегі білім беру үрдісін саралап, әдістемелік көмектер көрсеткен. Кейбір мектептердегі білім сапасының төмендігі мықты мамандардың жетіспейтінін көрсетеді. Жалпы, ауылды жерлерде маман тапшы болғандықтан, білікті кадр таңдап жатуға мүмкіндік жоқ екені белгілі. Сондықтан, шалғай елді мекендердегі директорлар жұмыс сұрап келген мұғалімді алуға мәжбүр шығар. Дегенмен, басқарма басшысы облыс орталығына жақын қоныстанған аудандарда оқуды сырттай бітірген мамандарды жұмысқа алу үрдісі шектелмей отырғанын айтады. «Маман таңдау – маңызды іс. Білім сапасын арттыруды көздесек, мұғалімнің білімі мен біліктілігіне мән бергеніміз жөн», – дейді Сұлушаш Сәтбекқызы. Шәкірт жетістігі – ұстаздар еңбегінің өтеуі Жаңа оқу жылынан бастап 1-сыныптардың бес күндік оқу жүйесіне көшетіні, міндетті мектеп формасының енгізілетініне байланысты туындап жатқан түсініспеушіліктер көп. Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева Тамыз кеңесінде бұл жаңалықтардың мән-жайын кеңірек түсіндірді. Алыпқашпа сөзді көбейтпей, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге кеңес берді. Әсіресе, бірыңғай және міндетті мектеп формасының ара-жігін ажыратып беріп, директорларға өз бетінше талап қойып, ереже жасап алуды доғару керектігін ескертті. Жаңыл Жонтаева өз сөзінде облыс оқушыларының республикалық, халықаралық пән олимпиадаларындағы жетістіктеріне тоқталып, жамбылдық жастармен мақтанатынын жеткізді. Өңір өрендерінің қол жеткізген табыстарына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев та ерекше тоқталып өтті. Бұл, ең алдымен, мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың жемісі екенін айтты. – Білім саласын қаржыландырудың өсуі, жасалған жағдайлар жыл өткен сайын өз нәтижесін беруде. Өткен оқу жылында дарынды оқушыларымыз халықаралық, дүниежүзілік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 68 медаль иеленді. Жастарымыз республикалық білім додаларында 4-5 жыл қатарынан командалық 1-орынды бермей келе жатыр. Бұл облысымыз үшін үлкен Абырой әрі дарынды шәкірттеріміздің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына жасаған үлкен тартуы деп білемін. Дарынды шәкіртті – дарынды ұстаз тәрбиелейді. Өткен оқу жылында «Үздік педагог – 2015» республикалық байқауында облыстық үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің тарих пәнінің мұғалімі Гүлшат Өтегенова, Қордай ауданы №4 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Бахрамова, Т.Рысқұлов ауданы Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Светлана Скребец, Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Әлия Шүленбаева жеңімпаз атанып, облысымыздың мерейін үстем етті, - деді Кәрім Нәсбекұлы. Мемлекеттік қолдаулар сала ісіне серпін бергенін тілге тиек еткен облыс әкімі табысты жұмыс сапалы заманауи инфрақұрылымға байланысты екеніне айрықша тоқталды. «Тәуелсіздік алған жылдары біздің облыста 92 жаңа білім нысаны бой көтерді, оның 71-і – мектеп, 20-ы – балабақша, 1-еуі – колледж. Соның арқасында 46 тозығы жеткен, 8 үш ауысымды, 10 орын тапшылығы бар, 7 ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан мектептер мәселесі шешілді. Аталған 71 мектептің 42-сі соңғы 6 жылда салынғанын айта кеткен жөн», – дей келе, биыл 6,4 миллиард теңге бөлініп, 19 білім нысанының құрылысы жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Өткен жылғы өңірімізде орын алған келеңсіз жағдайлардың ата-аналардың отбасылық құндылықтарды сақтамауынан орын алғанын сөз етті. Мұндай жайттардың алдын алу үшін сала мамандарына бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын жанұялармен тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды. Облыс әкімі орынбасарлары мен аудан басшыларына жаңа оқу жылына дайындық шараларын пысықтау және балалардың сабаққа бармай қалуының алдын алу үшін «Мектепке жол» акциясының барлық ауданда тиісті деңгейде ұйымдастырылуын қадағалау керектігін ескертті. Жалпы, өткен оқу жылының өңір үшін табысты болғанын айта келе, басқарма басшысына білім сапасын арттыру үшін осы бағытта нәтижелі жұмыс жүргізе беруді тапсырды. Жиын соңында жыл ішінде жемісті еңбегімен көзге түскен ұстаздарды марапаттап, Құрмет грамоталарын тапсырды. Рейтингте үздік шыққан білім мекемелеріне сертификаттар табыс етті. Бұл күні табанды еңбегінің жемісін көрген ұстаздар аз болған жоқ. Бірқатар мұғалімдер «Ы. Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерінің иегері атанды. – Мектебіміз облыста үздік атанды. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Біз осы атқа лайық болу үшін табанды еңбек ететін боламыз. Жалпы, жаңа оқу жылының ұстаздарға жүктейтін жауапкершілігі көп. Тамыз кеңесінің «Білімді ел – Мәңгі ел» тақырыбын арқау етуінің өзінде үлкен мән бар, – дейді «Үздік педагог», облыстық үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің тарих пәнінің мұғалімі Гүлшат Өтегенова.

IMG_6502

Ардақ Үсейінова, IMG_6699«Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

 

Ұқсас жаңалықтар