Қазақстан – Польша: жаңа іскерлік қатынаста дамиды

Қазақстан – Польша: жаңа іскерлік қатынаста дамиды
ашық дереккөз
Қазақстан – Польша: жаңа іскерлік қатынаста дамиды
Қазақстан Президенті мемлекеттік сапармен Варшаваға келді. Сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев Польша Республикасының Президенті А.Дудамен кездесті. Салтанатты кездесу рәсімінен соң екі елдің көшбасшылары Польша Президентінің резиденциясында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Онда сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, транзит-көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшылары өзара мүдделілік қалыптасқан бірқатар бағыттар бойынша перспективалы жобалардың іске асырылу мәселелерін қарастырды. Бұдан бөлек, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Қазақстан Президенті Польша көшбасшысына еліне шақырғаны және қонақжайлылық көрсеткені үшін алғыс айтып, екі жақты қарым-қатынастың дамуында ілгерілеушілік, сондай-ақ оның аясын кеңейте түсу үшін зор әлеует бар екенін атап өтті. А.Дуда Нұрсұлтан Назарбаевтың Польшаға бұл сапары елдер арасындағы серіктестіктің жандана түскенін көрсетіп отырғанын айтты. Польша Президенті екі елдің мүдделері ортақтығына және екі жақты іс-қимылды, соның ішінде көлік-логистика және мұнай-газ салаларындағы ынтымақтастықты нығайтудың ауқымды перспективалары бар екеніне назар аударды. Сондай-ақ, А.Дуда Польшаның алдағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне белсене қатысатынын және бұл іс-шараға жеке өзінің келуге әзір екенін жеткізді. * * * Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды: – Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастық туралы декларация; – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы тұлғаларды реадмиссиялау туралы келісім; – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы ауыл шаруашылығы сала­сындағы ынтымақтастық туралы келісім; – «Қазақстан даму банкі» АҚ мен Польшаның Ұлттық экономика банкі арасындағы негіздемелік келісім. * * * Мемлекет басшысы Польша Республикасының Президенті А.Дудамен келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз мәслихаты барысында Қазақстан Президенті өткен келіссөздердің жемісті болғанын айтып, биыл екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасының орнағанына 25 жыл толатынын атап өтті. – Біздің елдерімізді ортақ тарих байланыстырады. Польша – Қазақстанның Еуропадағы ең жақын әрі маңызды серіктесінің бірі. Елдеріміздің арасында әсіресе экономикалық сала бойынша өзара тиімді көптеген перспективалы бағыттар бар. Ертең еліміздегі іскер топтар өкілдерінің қатысуымен ірі бизнес-форум өтеді. Жалпы құны 1 миллиард доллар болатын екіжақты келісімдерге қол қою жоспарланып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы республикамызда екі ел арасына дәнекер болып отырған 40 мыңға жуық поляк тұрып жатқанын атап өтті. – Биыл олардың Қазақстанға жер аударылғанына 80 жыл толады. Бұлардың барлығы – елімізде тұрып жатқан 130-дан астам ұлт өкілімен тең құқылы өз азаматтарымыз. Мемлекет оларға барынша қолдау көрсетіп келеді, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның индустриялық әлеуеті артып отырғанына назар аударды. – 5 жыл ішінде мыңға жуық жаңа өндіріс кәсіпорны іске қосылды. Польша бизнесмендерін осы жұмысқа атсалысуға шақырамын. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, келесі жылдан бастап екі елдің азаматтары үшін визасыз режім енгізу жоспарлануда, тікелей әуе байланысын жолға қою мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бүгінде өзара тауар айналымы 1 миллиард 100 миллион долларға жетті. Әрине, бұл қазіргі әлеуетімізді толық көрсете алмайды, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті елдеріміздің түрлі бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндігі бар екенін айтты. – Арамыздағы өзара экономикалық іс-қимылды жандандыру және азаматтарымызға жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жағдай жасау қажет. Елдеріміз арасындағы сенімді достық қарым-қатынас халықтардың жақындаса түсуіне септігін тигізетініне сенемін,– деді Нұрсұлтан Назарбаев. Соңында Мемлекет басшысы Польша Президентін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне шақырып, поляк іскер топтары өкілдеріне Астанадағы халықаралық қаржы орталығының қызметіне атсалысу жөнінде ұсыныс жасады.

Ұқсас жаңалықтар