«АҚЫННЫҢ БОЛМЫСЫ – ӨЛЕҢІНДЕ»

«АҚЫННЫҢ БОЛМЫСЫ – ӨЛЕҢІНДЕ»
ашық дереккөз
«АҚЫННЫҢ БОЛМЫСЫ – ӨЛЕҢІНДЕ»
– дейді «Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі қонағы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Қуандық Шолақ «Ағам да, нағашым да ақын еді...» – Қайсыбір батыстық ойшылдар үлкен қаламгер болып қалыптасу үшін талант, біліммен қоса бақытсыз балалық та керек екенін айтады. Ал сіз қалай ойлайсыз? – Мен де солай ойлаймын. Өйткені... Өзім соғыстың қайнап тұрған уақтысында, 1941 жылы Т. Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылының Аққайнар бөлімшесінде дүние есігін ашыппын. Әкем Абаш, ағам Шайлан екеуі бірдей майданға кетіп, содан қайтып оралған жоқ. Бала жүрегіме дық түсті. Балапан әжем (ол кісіні «апа» деп өстім) бауырына басты мені. Соғыс кімге оңай соқты дейсіз. Қысылып-қымтырылып өстік. Бала көңіліме телінген нала-мұңнан өлең жазып жеңілденіп, өзімді-өзім жұбататынмын. Арғы ата-тегімде ақындық қасиеттің қаншалықты болған, болмағанын тап басып айта алмаймын. Ал енді бергі жағымда соғыстан оралмай қалған әкемнің туған інісі Шайланның майданнан жазған жырларын Сәрсекүл жеңгеміз «тетелестің өлеңі» деп мұндағыға дейін айтып жүрді. Құймақұлақ, зерек кісі еді. Балалықпен онша мән бере қоймасақ керек. Жеңгеміз де өмірден өтіп кетті. Өлеңнің көбі ұмытылды. Әйткенмен, ұзақ өлең-толғаудың: Келеміз жауды қуып жапыра нық, Долданып ашулы өзен жатыр ағып. Қуанып отырғаным ауылдастың Қуандық жайлы жазған хатын алып. Татқызған таңдайыма бал қаймағын, Сағындым Сазқұдықтың талды аймағын. Өмірге Қуандығым келгенінде Жүрегім жарылардай жағдайдамын! – деп келетін бірер шумағы есімде қалыпты. Қайран бауыр-ай! Әкем де, өзі де ғарасат соғыстан тірі қайтпайтындарын сезді ме екен, әлде. Әйтеуір, арттарында бір атұстардың қалып бара жатқанын көңіліне медет етіп, ақ жарыла қуанып, шаттанғаны анық. Әжем «Әскерге кетерінде жазған бір дәптер өлеңі бар еді. Соны ағайындар көшіріп алып, «әкеліп береміз» деп жүрді де, ақыр соңында жоғалтып тынды» деп өкініп отырушы еді. Нағашым Шотайдың да той, жиындарда сөзін өлеңмен өріп жеткізетіндігінің өзім де талай куәсі болғанмын... Соғыс жылы туғандардың қайбір оңған балалығы болды дейсің. Балалығымызды соғыс ұрлады. Соқа мен малатастың үстінде өтті... Махаббат, қызық мол жылдар... – Албырт шағыңыздағы қызықты жайлар есіңізде ме? – Неге есте болмасын. Жастық шақ туралы айта берсек, сөз көп қой. Әйткенмен, бір-екі оқиғаны айтсам деп отырмын. Мектепте оқып жүрген кезімде алғаш рет балаң сезімімді оятқан өзімнен бір сынып төмен оқитын, жанарында шам жанып тұрғандай көрікті де келбетті бір ару еді. Оны бір көргеннен-ақ ұнатып қалдым. Ұяңдығымнан, әлі ашыла қоймағандығымнан болар, сан оқталып, бір рет те сөз айта алмадым. Сыртынан жасырынып жанарыммен аялай үзіле, үздіге қараушы едім. Құрбы қызы арқылы бірнеше рет хат та жазғанмын. Бірақ, бірде-біреуіне жауап алмадым. Келер жылы басқа жаққа көшіп кетті де, қайтып көрісуге жазбады. Дос қызының менде көңілі болғандай ма? Оны да көптен кейін түсінгенмін. Алғашқы махаббат сәтсіз болады деседі ғой. Мүмкін, сол рас та шығар. Әйтеуір, сол біреу қыз менің сезімімді алғаш оятқаны есімде. Беріле сүйгенім соншалық, оған арнап жазған жырым да жүректен шыққан дүниеге айналды. Кейін қазақтың жас ақын-жазушыларының «Жас керуен» ұжымдық жинағына да енді. Онда мен: Орын таба алмаған жүрегіңнен, Сезім бүрін жаңа ашқан гүл едім мен. Ұстай алмай қалдым-ау, ең болмаса Бір рет те ақ борық білегіңнен, – деп ағымнан жарылған екенмін. Өлең үлкен ақын ағаларыма да ұнапты. Тағы бір жәйт есімде. Алматыға пойызбен жолға шыққанмын. Біз отырған вагон купесіне бір стансадан мінген қарт кісі келіп кірді. Қасында еліктің лағындай, көркіне көз тоярлықтай, үлбіреген, сүйкімді қыз бар екен. Алғаш көргеннен көзіме біртүрлі оттай басылып, жүрегім шым еткендей күй кештім. Көз деген көңіл дүрбіміз жиі-жиі ұшыраса берді. Таныстық. Бірақ еркін сөйлесе алмадық. Алты карта ойнағансыдық. Бір кезде қаламсабымды сұрап алып кеткен. Артынша келе сала тездетіп жиналды да, қарт кісіні алға салып тамбурға қарай беттеді. Маған баяу ғана: «Аға, біз келдік, түсеміз. Хош, сау болыңыз», – деп қолын ұсынды. Ып-ыстық алақаны алақаныма тигенде, кенеттен жүрегім өрекпіп, біртүрлі болып кеттім. Жалма-жан алақанындағы кішкентай бүктелген қағазды қалтама сүңгітіп жіберді. Оны шығарып салып келіп, оқысам аты-жөнін, мекен-жайын жызыпты. Содан көпке дейін (шамасы, бір жылға жуық болар) өзара хат жазысып тұрдық. Әр хатынан өзіме деген ынтызар көңілін аңдаушы едім. Кейіннен хат шорт кескендей тыйылды. Жазған хаттарыма ешқандай жауап та ала алмадым. Қандай жағдай болғанын біле алмадым. Біреулер зорлап алып қашып кетті ме деген ойда болдым. Тірі болса, қайда жүрсе де баянды бақыт тілеймін. Махаббат, қызық мол жылдары кім-кімге де айрықша ыстық қой! Қысқасы... менің де белгілі әндегідей, сол бір шақтарға «жас дәурен, ризамын мен саған» деп алғысты сезімімді арнауыма әбден болатын секілді. Агрономдықтан емес, сатушылықтан «нәпақа» тапқан екен... – 1958-59 жылдары Қ. Сәтбаев атындағы орта мектепті бітірдім. Жоғары оқу орнына түсуге жағдай жоқ. Содан ауылда қалып, еңбек еттім. Алғашында трактор рөліне отырдым. Артынан ауылдық клубтың меңгерушісі болдым. Сосын совхоздың комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқардым. Ал 1960 жылы сәтін салып, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түсіп кеттім... – Кеңестік кезеңнің қоябасы ақтарылып, идеологиясы астарына бүккен қулық-сұмдығы барын бертінде ғана білдік қой. Енді аңлап қарасақ, кім-кімнің де шаруасы шатқаяқтап, төзім-сабыры шарыққа түскен кез екен ол бір. Ақынға қоғамы қараспай, жетім күй кештірді. Көп ақын күн көрісін күйттеп кетті. Ал сіз... өр қалпыңызды, ақындық қалпыңызды сақтап қала алдыңыз. Осы тұрғыда қойылар сауал, айтылар сөздің енді орайы келді, неліктен өз мамандығыңыз бойынша жұмыс істемедіңіз? – Істедім ғой. Институтты бітірген соң мені жолдамамен Қарағанды облысына жіберген-ді. Отбасы жағдайыма да қарамады. «Доғалаң» совхозында (Дегелең тауының бергі жағына орналасқан, ал таудың арғы бетінде Семей сынақ полигоны бар екенін бертінде білдім) бір жылдай еңбек еттім. Менің агрономдығым осылай бар-жоғы бір-ақ жылға созылды. Соңыра әлдебіреулерге «Бүйткен жұмысы құрысын, ауылға қайт» деген мағынада хат жаздырып, анам мен әжем менің сырт жерде жүруіме ықтияр бермеді. Өзім алған мамандығым бойынша қызмет етуді армандайтынмын. Бірақ, соның еш сәті түспеді. Ауылға қайтқанымда, ағайындарым мамандығыма сай жұмыс тауып беруге уәде еткен. Ол құрғақ сөз күйінде қалып қойды. Басшылар бір маусым бойы ауылдағы механикаландырылған қырманның меңгерушісі бол деді. Болдым. Есеп-қисабын дұрыстап өткіздім оның. Содан кейін бір жылдай жұмыссыз жүріңкіреп қалдым. Амал жоқ, ауданның бірінші хатшысы алдына да кірдім жұмыс сұрап. Ол мұндай мәселені (кадр тағайындауды) совхоз басшыларының өздері шешедіге сайып, өтінішіме құлақ аса қоймады. Сол тұста ауылда үш айлық қана агрономиялық курсты бітіргендер агроном болып жүрді. Менің тазалығым, ақ, адал жүретінім, нені де болса бетке айтатын шыншылдығым басшыларға ұнамаған болуы керек. Оларға біреулер солай деп жеткізіп қойған секілді. Содан қайтып «агрономдық қызмет бер» деп шенді-шекпендінің есігін қаққан емеспін. Соңыра сауда саласына кеттім. Қойма меңгерушісі, сатушы да болып істеп, осы салада жүріп зейнетке шықтым. Ақын тағдырының осылай қалыптасуы, ғұмыр жолының бұралаң-бұлтарысты болуы өмір заңдылығы ма дейсің кейде... Бұл қайта шығармашылығыма оң әсерін тигізгендей. Агрономдық қызметте үнемі шаңға көміліп жүргенімде ақындықты мүлде тастап та кетер ме едім, кім білсін. Осы салада жүріп абыроймен зейнеткерлікке шықтым... Тұңғыш кітабы отыз бес жасында жарық көріпті... – Ақындық демекші, сіз өлеңді қанша жасыңыздан бастап жаздыңыз? – Мектепте оқып жүргенімде-ақ өлеңмен «ауырдым». Содан бері одан еш қол үзген емеспін. «Көбелек», «Мысық пен тышқан» деген тырнақалды жырларым алғаш аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде басылды. Сосын институтты бітірер жылы «Бұлақ» атты өлеңім «Лениншіл жаста» жарияланды. Сол жылдары ғой деймін, жас ақындардың «Жас керуен» жинағына топтамам енді. Ал 1979 жылы жас ақындардың республикалық кеңесіне қатысу мәртебесіне ие болдым. Ақын Қадыр Мырза-Әлінің секциясына түсіп, ол кісі өлеңдеріме жылы пікір білдірген-ді. Тағы бір өмірімдегі есімнен кетпейтіндей бір жайт, қазақ әдебиетіне нағыз «құбылыс» болып енген дарынды да дара ақын Төлеген Айбергенов Алматының бір аялдамасында түнде кездесіп қалып, мені танығаны. Оның «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде жарияланған «Жайлау кеші» деген екі шумақ өлеңімді жатқа айтып беріп, таңдандырғаны әлі есімде. Әлбетте, мұндай мақтаулар ақындығыңа сеніміңді нығайтып, ынталандырып, жігерлендіре де түседі ғой. Тұңғыш кітабым «Ата жұрт» деген атпен «Жалын» баспасынан 1987 жылы жарық көрді. Содан соңғы шыққан жинағымды поэзия әлеміне кешігіңкіреп келдім-ау деп (онда 35 жастамын), «Кешіккен көктем» атадым. Нағыз әдеби ортаға осылай кештеу танылдым. Алматыда оқып жүргенімде қалалық студенттер жыр мүшәйрасында жүлдегер атанғаным бар. – Сізді мүсін өнерімен де айналысқан деп естиміз... – Бір жылдары бұл кәсіпті өзімнің жерлес ағам, белгілі мүсінші, шебер Қ.Қаңтарбаевтың шеберханасында жүріп, оның бай тәжірибесінен көргенімді үйреніп, меңгергенмін. Бірақ, бар бітіргенім өзімнің бюстімді қашап жасау ғана болды. Қиын өнер. Одан әрі бұл істі қолға алмадым. – Ақын болудың дайын «рецепті» бар ма? – Бойыңда Алла берген қасиет болса, өлең жазылмайды, туылады. Толқымай, тебіренбей, жан ауыртпай жақсы дүние келеді дегенге сенбеймін. Ет пен терінің арасындағы желікпен жазатындар – жазғыштар, өресіз өлеңшілер. Көп оқу, көңілге тоқи оқу, талмай іздену де керек. Әсіресе, дүниежүзі әдебиетінен үйренерлік нәрсе көп. – Әлемдік символикалық поэзия өкілдері туындыларымен жақсы таныссыз ба? Өйткені, кей өлеңдеріңізден солардың рухы сезіледі... Ақын Ж.Бөдешевтің кезінде сіз жайында «Қуандық орыстың ұлы ақыны С.Есенинмен іштей бәсекеге түскендей. Табиғат тақырыбын жырлаған тұста, бірде үзеңгі қағыстырып қатар келе жатса, бірде таяқ тастам оза жөнеледі» деп жазғаны да бар ғой! – Әлемдік символикалық поэзия өкілдерінен С.Есенин, А.Блок, Ф.Тютчев, М.Цветаева және А.Ахматова секілді ақындардың шығармашылығымен жақсы таныспын. Өзім туралы ештеңе айтқым келмеп еді. Ақыры, шет жағасы айтылып қалды... Жалпы, менің шығармашылығым туралы сыншы қауымның, әдеби ортаның пікірі дұрыс секілді. Қазақ әдебиетінің классиктері Әбіш Кекілбаевтың, Шерхан Мұртазаның, Мұзафар Әлімбаев және белгілі сыншы Бақыт Сарбалаев менің шығармашылығым жөнінде жақсы ойда екен. Ақын, М.Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың иегері Аманхан Әлімовтің «Қазақ поэзиясы Қуандық Шолақсыз толыққанды емес десек, еш қателеспейміз. Талантты ақынның алар биігі алда» деген пікірі де көңіл марқайтарлықтай ғой! Мұны енді жеке тапсырысқа да жатқыза алмаймын. Оның өзінің жеке пікірі, жүрек сөзі. Өзімен жақсы таныс та емеспін. Алайда өлеңнің жетістік, кемшілігін жіпке тізіп, бетің бар, жүзің бар деместен айтып салатын батыл сыншылығы да бар екенін білемін. Ал республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті бір жолы бір бетке топтама өлеңдерімді жариялап, ортасынан ойып тұрып редакция алқасының пікірін де қоса беріпті. Онда былай деп жазылған: «Боран боздап ышқынып, үздік-создық ұлып тұр, Аңдаусызда қақпанға түсіп қалған итқұстай. Әуезовтің поэзияға көшкен қолтаңбасын еске түсіретін сурет. Табиғат тілін білетін шайыр бүгіндері некен-саяқ. Жаратылысты кескіндеудің ақындық үрдісінде Қуандық Шолақ бұрынғы қариелердің діліне терең бойлаған. Бұл қазақуар сабырдың ар жағында Шолақ деген бүкіл түркілік есімнің мән-маңызын зорайтып көрсететін кереметі бардай көрінетіні несі екен. Оны оқырманның өз төрелігі шешер». Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметова өз арнауында: «Сен сурет салдың, Құланды салдың, Бұрын біз естімеген бір әнді салдың. Теңеулеріңді теңдедің ұнамды, сәнді. Жүзін табармын бұған мысалдың», – деп толғайды. Сондай-ақ, талантты жас сыншы Қозыбай Құрман «Қазақ әдебиеті» газетінің өткен жылғы бір санында жарияланған мен туралы мақаласында өз пікірін: «Дау жоқ, шығармашылық иесінің оқырман алдындағы міндет, парызын сезініп, адақтауынан туындаған нағыз сұңғыла ой мен мінсіз айнытпай мүсіндеудің жемісі. Табиғат тамыршысындай талантты ақынның өрнекті өлеңдерін оқи отырып, бұрыннан бар табиғи тірі құбылыс ретінде «тексіздік пен ұяңдық» сынды адамға тән мінезді өлең өзегіне дарыта алу – шеберлік шыңына көтеріле алғандық» деп түйіпті. Бәріне де алғыс, мың да бір алғыс! Менің еңбегімді елеп, бір ауыз жылы лебізімен болсын демеп, көңілімді көтергендердің Құдай көңілдерін көтерсін. Қызы Салтанат 12-ақ өлеңімен өзіне-өзі ескерткіш орнатып кетті... – Жеке кітапханаңыз бар ма? – Иә, үйішілік шағын ғана кітапханам бар. Жинаған кітаптарым, шамамен екі мыңға жетеғабылдау. – Отбасыңыз жайлы айтсаңыз... – Көп нәрсе алған жарыңа да байланысты ғой. Әсіресе, шығармашылық адамы үшін. Жұбайым Арзан Әжіханова маған сондай адам болып жолықты. Мамандығы мұғалім бола тұра ол да көп жылдар бойы өзіммен бірге сатушылықта істеді. Отбасында үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Екі қыздың бірі – Салтанат жақсы ақын болып қалыптасып келе жатыр еді. Оның өлең жазатынын өзім де кеш байқадым. Республикалық «Қазақтың ақын қыздары» жыр мүшәйрасында жүлделі үшінші орынды иеленді. Келешегі келелі, қазақ поэзиясына олжа салатындай қуатты қалам иесі еді. Өлеңдері «Гүлдесте» жинағында жарияланды. Кейіннен облыстың жас ақындары жинағына да енді. 18-ден енді асқан кезінде өмірден озды. Өлеңдер топтамасы ұжымдық жинаққа енген. Бар-жоғы 12-ақ өлеңімен өзінің әлеуетті ақын екендігін танытып, өзіне-өзі ескерткіш орнатып кетті. – Ақындардың жолы ауыр, тұзы жеңіл келеді ғой... өне бойы «өлең» деп өбектейді де жүреді. Тек өлеңінің қамын күйттейді. Ақындық жолыңызда кедергілер кездесті ме? – Шығармашылық адамы болған соң солай енді. Өлеңін, перзентін өмірге әкелгенде дәп аналардай толғатып қиналады десем өтірігі жоқ. Қиын, сонысымен де қызық қой ақындық өмір дегенің. Ақын тұп-тура жас бала секілді. Газет-журналдарда өлеңі басылмағанына бола біреулерге өкпелегендей, бұртиып жүрері бар. Мұндай жағдайды өзім де талай бастан өткердім. Газет, журнал басындағылар өлеңдерімді жақсы қабылдап, жариялауға уәде бергендей болып, кейіннен жым-жылас жоқ қып жіберетін. Бірде болмаса бірде шығып қалар деп, газет-журналдардың әр нөмірін қалдырмай ақтарушы едім. Сөйтсем, оным бекершілік екен. Редакциялардағылардың өлеңге көзқарасы онша еместігін сездім де, қолыма біраз жыл қалам ұстамай да кеттім. Өлең дерті жазбасыма қоймады, бірақ. Қысқасы, «битке өкпелеп тонымды отқа» сала алмадым. Ақындығыммен «нан тауып» жүргенімді, аздаған атағымның өзін көре алмай, өзім туралы теріс пікір таратып, өсек отын бықсытып жүргендер де жоқ емес. Айналадағы адамдармен қарым-қатынас мәселесі дегенге келсек, әртүрлі ойға кетерің анық. Біреулер сенің адал, ақ жаныңды түсіністікпен қабылдаса, кейбір көркеуде, пасық, қызғаншақ та қиянатшыл, қара ниет қаскөйлер сенің жақсы ісіңнің өзін көрсе де көрмегендей, білсе де білмегендей қалып танытып, реті келсе аяқтан шалып, сырттай қаралап жүретінін жоққа да шығара алмаспыз. Мысалы, мен туралы «Ой, ол ақын емес, ана ақыннан бір шумақ, мына ақыннан бір шумақ ұрлап, құрап-сұрап өлең жазады. Ондай өлеңді мен де жазамын» дейтіндер де бар. Ал мен «Құдайдың көзі түзу болсын, өз жазырын өзі тартар» деймін де қоямын. Плагиаттығым болса, баспасөзде жазып, дәлелдесін. Оған титтей де қарсылығым жоқ. Кімнің аузына қақпақ боларсың! Дегенмен, осының бәрі – жүрекке жүк! Ақын нені ұнатып, нені ұнатпайды? – Өмірде нені жақсы көресіз, нені ұнатпайсыз? – Адам бойындағы мен бағалайтын ізгі қасиеттер – адамгершілік, адалдық, қайырымдылық, мейірімділік, кішіпейілділік және шындық. Шындықты (оның жолы өте ауыр екендігін өкіне жүріп кейіндеу ұқтым) жақсы көремін. Әділеттілікті, тазалықты және адамның өзіне сеніп, сенімді, сергек жүргенін ұнатамын. Ұнатпайтындарым: жағымпаздық, жалпақшешейлік, екіжүзділік, пайдакештік және өмірдегі, өлеңдегі арсыздық. – Бос уақыттағы ермек ісіңіз? – Бос уақытымда кітап, газет-журнал оқимын, теледидар көремін. Газет-журналдарда бір кездері шыққан жақсы өлеңдерді сақтап қойып, қайталап оқу да сүйікті ермек ісімнің бірі. Көбінесе, үй ауласындағы шағын бақшалықта оны-мұны тірлікпен уақыт өткізгенді жақсы көремін. Бір кездегі оқып алған білімімді осы аула шаруашылығында кәдеге асырып, жеміс ағаштарын будандастыру арқылы суыққа, ыстыққа төзімді, мол өнім беретін сұрыптарды дүниеге әкелуді де ойлаймын. – Өлеңдеріңізді жатқа оқи аласыз ба? – Өлеңдерімнің кейбіреуін ғана болмаса, көбін жатқа оқи алмаймын. Жасымнан мұндайға машықтанбағандықтан болар... – Оқырмандарыңызбен арадағы байланысыңыз қандай? – Оқырмандармен кездесіп тұрамын. Көбінесе мектеп мұғалімдері, кітапхана қызметкерлері бұл тұрғыда ұсыныс-тілекпен өздері келеді. Ешқайсысының меселін қайтарған емеспін. Олардың жеке ақын, жазушының шығармашылығын ғана емес, жалпы әдебиетімізді насихаттауды діттейтінін жақсы түсінемін. Әріптестерімді де мұндай істен шет қалмауға шақырамын. Әдебиеттің әңгімесі көп қой! Ара-тұра жас талапкерлерге ақыл-кеңес беремін. Өлеңдерін талаптан шығып жатса, түрлі деңгейдегі мерзімдік басылымдарға ұсынамын. Алғашқы кітаптарына алғысөз жазып беремін... – Кейінгі толқын – жас ақындар туындыларын оқып тұрасыз ба? – Әрине. Шынымды айтсам, қазіргі қазақ поэзиясы қарышты дамып келеді. Тегеурінді таланттар шоғыры жыл сайын өсіп, молайып келеді. Осы Жамбыл облысының өзінде. Олардың көшбастаушылары деп Маралтай, Ерландарды айтсақ болар. Өңірімізден шыққан өресі биік, өзіндік орны бар, екі кітаптың авторы Хамит Есаманның, Табиғаттың, Даниярдың, Нұржанның, Наурызбектің, Тұрсынбектің және Есеттің есейіп қалған жырлары жаныма жақын. Әзірше олар бәйгедегі топтана үзеңгі қағыстырып келе жатқан тай жарысын еске түсіреді. Маңдайы жарқырап, қазақ әдебиеті қоржынына олжа салар кездері әлі алда болар. Бәріне де уақыт төреші. Осы ақын ағаларының соңын ала қиқулап, таудай талабымен танылып келе жатқан Т. Рысқұлов ауданы, Жамбыл орта мектебінің түлегі Аруна Керімбектің төбесі көрінеді. Айтыскерлігі де, жазба ақындығы да бірдей. Оның тырнақалды «Қазақы қара өлеңнің үмітімін» атты кітапшасы үмітті оятқандай. Алғашқы аяқ алысы қатты ұнап отыр. Жас талап ақын: Арманмен келеді өтіп күні-түнім, Жақсы жыр бермей алман түбі тыным. Мен деген келешекке қолын созған Қазақы қара өлеңнің үмітімін, – десе де, Жетеді қуат, қауқарым, Мен емес көңілі күпті өрен. Жан баурар жырдың жауһарын Туған ел, ертең күт менен! – десе де риясыз сенгің келеді. «Өзімді бақуатты адамдар санатына қоспаймын...» – Шығармашылық адамы ретінде қандай сый-құрметке, марапатқа ие болдыңыз? – Құдайға шүкір, азды-көпті марапаттарға иемін. Республикалық бірқатар жыр мүшәйраларының жүлдегерімін. Т.Рысқұлов ауданының құрметті азаматымын. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреатымын. Дегенмен, ауыл ақынына жоғары дәрежедегі марапат-атақтар лайықсыз көріне ме екен, көбінесе елеусіз, ескерусіз қалып қойып та жатамын. Ең ақыры облыстық мәслихаттың грамотасын да алмаппын. Облыс әкімдігі бюджеттен ақын-жазушыларға жылына бір рет елу мың теңге шамасында стипендия тағайындаған. Әрине, рахмет дейсің. Құдайға шүкір, экономикамыз жылдан-жылға қарыштап өсіп келеді. Соған сәйкес жылына бір рет берілетін стипендия көлемі де өссе дұрыс болар еді. Реті келгенде айта кетейін. Өлең-жырдың қадіріне жетіп, бағалай білер зиялы қауым өкілдеріне айтар алғысым шексіз. Бірі шығармашылығым жайлы пікірлерін мерзімдік басылымдарда жазып көрсетуде. Телефон арқылы үйге хабарласып, рухани тұрғыда демеу көрсетуші әріптестерім қаншама. Мен солармен баймын, бақуаттымын, солармен асқақпын деп ойлаймын. Арамызда өлеңді түсінетін, бағалайтын азаматтардың көп болғаны қандай ғанибет десеңізші! Сондай-ақ, жақсы қырларымды тани білген Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық филиалының директоры, «Жамбыл» журналының бас редакторы, дарынды жазушы Несіпбек Дәутайұлына, «Дарабоз» сыйлығының иегері, талантты жазушы, «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлына ризашылығымды білдіргім келеді. Кезінде «Қоңыр әуен», «Қоңыр жел» атты кітаптарыма байланысты баспасөз бетінде жылы пікірлерін білдірген ақындар Баймаханбет Ахметке, Шырын Мамасеріковаларға, сол секілді жастар өкілдері Табиғат Абаилдаевқа, Хамит Есаманға, әдебиетші ғалым, сыншы Сәмен Құлбарақовқа, медицина ғылымының докторы Сағындық Ордабековке, Берікшал Имашевке пайымды да парасатты түсініктері үшін шын жүректен рахмет айтамын. Жалпы өңір әдебиетін дамыту, шығармашылық иелеріне жағдай жасау, қамқорлық көрсету жағы дұрыс жолға қойылған деуге болады. Облыс әкімдігі жас ақындардың ұжымдық жинақтарын шығарып беріп отыр. «Ақ жол» газеті мен «Жамбыл» журналының жастар шығармаларын тұрақты түрде жиі жариялау арқылы олардың шығармашылығына кең жол ашып, мол мүмкіндіктер тудырып отырғанына шын риза боласың. – Кітаптарыңыздың бірі «Қоңыр жел», екіншісі «Қоңыр әуен» аталуы өмірдегі болмыс-бейнеңіз де секілді... – Туған жерім Құланның тау-тасы, құт қонған қойнаулары маған ыстық, ән салып тұрғандай көрінеді. Оның сұлулығын паш ету үшін тек ақынның көзімен көріп, көңілімен сезіну керек сияқты. Ақынның өлеңіндегі бейнесі өзіне, өмірдегі болмыс-бітіміне ұқсауы заңды. Өйткені, ақын өмірден көргенін, білгенін, түйгенін жырына арқау етеді. Ақынның болмысы – өлеңінде. – Кітаптарыңыздың таралым деңгейі, қаламақыңыз көлемі жөнінде де білгіміз келеді. Сіз бақуатты адамдар санатына жатасыз ба? – Тоқсаныншы жылдардан бері қарай бірде-бір кітабым мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген емес. Өз ақшама шығарып келемін. Менің шығармашылығымды оқырмандар сирек болса да баспасөзде жарияланатын жырларым арқылы білетін болар. Кітаптарымның таралымы бес жүз-екі мыңнан асқан емес. Соңғы жиырма жыл бойына қаламақы алған емеспін. Жақында қаламақы беріліп қалады деген қауесет бар. Кім біледі? Қалам иелері «қашпаған қашардың уызынан дәметкендей» халде. Әрине, өзімді бақуатты адамдар санатына қоспаймын. Тұрмысым тақыл-тұқыл, қоңторғай дәрежеде. Басымда баспанам, шағын шаруашылығым, жетпіс жылдығымда аудан жұрты сыйлаған автокөлігім бар. Кімнің ақын, кімнің ақын емесін жұрт ажырата алмай қалды...

– «Әдебиет – ардың ісі» дейді ғой. Ал сіз қалай ойлайсыз? – Шынын айтар болсақ, ақындардың арғы-бергі дәуірлерде аста-төк өмір сүргендері кемде-кем. Әрідегі «Шахнаме» эпикалық дастанын жазу арқылы парсы тарихын дүниеге танытқан Фирдоуси, берідегі большевизмді талмай насихаттаған еңбегінің арқасында «үріп ішіп, шайқап төккен» Маяковскийлер болмаса. «Өлең» дертімен ауыру, ақын болып өмір сүру ұлылардың өзіне оңайға түспегені белгілі. «Жерге сызат түссе де, ол алдымен ақындардың жүрегін басып өтеді» дегенді Гейне де, Есенин де, өзіміздің Айбергенов те айтқан, бірақ өздерінше айтқан! Ақындықтың шырқау шыңына шыққан америкалық Э. По да, ресейлік С. Есенин де, оның жолын қуған Н. Рубцов та, басқасы да иіндері бүтінделмеген күйі өмірден өтті. Мұндай мысалды қазақ ақындары өмірінен де көптеп келтіруге болады. Олар осылай әдебиеттің жан бағудың емес, ардың ісі екенін жанқиярлық еңбектерімен, шедеврлерімен, өмірлерімен де дәлелдеп, зор үлгі қалдырды соңдарына. Соған сай шығармалары халықтың жадында мәңгіге жатталып қалды. Ал бүгін ше... әдебиет ардың ісі емес, қалтасы қалың бардың ісіне айналып тұр-ау. Болмаса, екінің бірі ақынмын деп кеудесін қағар ма еді? Дәні жоқ, дәмі жоқ қарадүрсін кітапсымақтар қара шегірткеше қаптап кетер ме еді? Сондай сапасыз жинақтарға кейде жақсы пікір ұйымдастырылып жатқанына ащы күлесің де қоясың. Халық кімнің ақын, кімнің ақын емесін ажырата алмай қалды ғой... – Шерағаң – Шерхан Мұртаза бір кездері сіз жөніндегі пікірін «Қазақтың рухани дүниесінде екі Шолақ бар. Олар Балуан Шолақ және Қуандық Шолақ» деген екі-ақ ауыз сөзбен түйіндеген еді. Соның өзі көп жайды аңғартады.Шығармашылығыңызға көңіліңіз тола ма? –Жалпы, шығармашылық адамы болдым-толдым десе, онда санасында тоқырау болғаны, тоқырағаны. Өнер адамы үнемі ізденісте болуы тиіс. Ал ақын өлең жазғанда жүрегіне де жауапкершілік жүктегені жөн. Өз басым аз жазсам да, саз жазу жағындамын. Негізінен төрт аяғынан тең басқан жақсы өлеңдер жазуым тоқсаныншы жылдардан басталды, меніңше. Көңілім толатыны да осыдан былай қарайғы шыққан «Көксеңгір», «Қоңыр әуен», «Қоңыр жел», «Аққайнар» жыр жинақтары тағы басқалары. Олар өз кезегінде Жазушылар одағының құрылтайында, жыл қорытындыларында лайықты бағасын да алды. Ал әуелгі екі кітабымды уақытым болса, қайта қарап, түзетпек ниеттемін. – Әңгімеңізге рахмет!

IMG_0350

Сұхбаттасқан Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар