Барша Заңдардың бастауы

Барша Заңдардың бастауы
ашық дереккөз
Барша Заңдардың бастауы

Биыл ел Тәуелсіздігіне – 25 жыл, ал ҚР Конституциясының қабылданғанына 21 жыл толып отыр. Конституция – мемлекетіміздің тарихи дамуының негізі ғана емес, барлық заңдардың бастауы. Онда адамның жеке бас бостандығы, жеке өміріндегі құндылығы, мемлекеттің қоғамдағы рөлі айқын тұжырымдалған. Адам құқығы туралы жалпы декларацияның мазмұнына сәйкес адам құқығын қорғау біздің Конституциямызда дүниежүзілік деңгейге сәйкес келетіндігі белгілі. 1995 жылдың 30 тамызында Конституцияның жарыққа шығуы тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихына елеулі жаңалық әкелді. Сондықтан Конституция күні мемлектіміздің басты мерекесі ретінде танылады. 2007 жылғы 21 мамырда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының № 254-III Заңы қабылданды. Осы заңмен Конституциямызға елеулі оң өзгерістер енгізілді. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен тәуелсіз Қазақстанның жаңа Конституциясы қысқа мерзім ішінде әзірленді. Ол халық талқылауынан өтіп, референдум арқылы өз күшіне енді. Біздің Конституциямыз Қазақстанның демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуына қолайлы жағдай жасайды. Заңда белгіленген барлық тұжырым, қағидалар өмірдің барлық салаларын өркениетті заң жүзінде басқаруға негізделген. Ата Заңымыздың мәні өте тереңде жатыр. Оның негізін қалаған бұрынғының хандары мен билері десек, артық айтқандық емес. Өйткені, Есім ханның «Ескі жолы», әз Тәукенің «Жеті жарғысы» секілді айтулы жарғылардағы заңнамалар бірін-бірі толықтыра отырып, қазіргі Конституцияның қабылдануына арқау болды. Байырғы билер институты қазақ жеріндегі береке-бірліктің буыны беки түсуі үшін халықты отансүйгіштік, ерлік және ар-ождан секілді адами қасиет пен құндылықтарды сақтай білуге тәрбиелеп отырған. Осының арқасында әділдіктің ақ туын желбіреткен билердің даңқы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, әділ төрелік айтып, татулықты ту еткен тұлғалардың есімі тарихта қалды. Бұған академик Салық Зимановтың төрт тілде жарық көрген «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» атты кітабындағы «Қазақтың билер соты өзіне жүгінген тараптардың дауларын қарастыра отырып, мүмкіндігінше тараптар мен ру арасындағы бітімгершілік пен бірлікті сақтауға тырысатын» деген сөзі дәлел бола алады. Әйтсе де, қазақ елінің мемлекеттік құрылым жүйесінің, Ата Заңының, құқықтық мәдениетінің қалыптасып, дамуына өлшеусіз үлес қосқан жарғылар уақыт өте келе өзгеріп, толықтырылып отырған. Заман өзгерген сайын қолданыстағы заңнамаларға да өзгерістер енгізілуі мемлекеттің өркендеп қана қоймай, әлемдегі дамыған елдердің қатарынан орын алуына жол ашады. Негізінен, біздің Конституциямыз халық атынан қабылданғандықтан, онда «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» деген сөздер бар. Бұл Қазақстанда тұратын барлық ұлт азаматтарының саяси келісімінің негізі болып табылады. Оның үстіне, Конституциямыздың 2-бөлімінің 14-бабындағы 2-тармағында «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез-келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» делінген. Ал өткеннен тәлім ала білген, ел бірлігін тәуелсіздігіміздің басты қағидаларының бірі етіп қадірлеген халқымыз, әуел бастан-ақ тағдыры тамырлас екенін білген. Қазақстандық 130-дан астам ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астына жұдырықтай жұмылып, еліміздің ертеңі, болашағымыздың баянды болуы үшін талмай еңбек етуі осының дәлелі. Түптеп келгенде, қазақ елінің дарқандығы мен ұлтаралық келісімді сақтап, тыныштық пен татулықта өмір сүруіне Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты арқау болса, бейбіт күнде берекелі күн кешуімізге, ұлыстардың ұдайы бірлікте болуына Қазақстан Республикасының Конституциясы кепіл болып отыр. Сондықтан да, әрбір азамат заңды құрметтеп, қастерлеуі ләзім. Салтанат Арғымбаева, аудандық соттың судьясы.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар