«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Уашингтон Пост: «Төрелік етудің проблемалары олимпиадалық боксқа қайта оралды»

Уашингтон Пост: «Төрелік етудің проблемалары олимпиадалық боксқа қайта оралды»
ашық дереккөз
Уашингтон Пост: «Төрелік етудің проблемалары олимпиадалық боксқа қайта оралды»
Баспасөз дүниесінің алпауыты, америкалық әйгілі газет «Уашингтон Пост» таңға жуық өткен қазақстандық Василий Левит пен Евгений Тищенко арасындағы ауыр салмақтағы финалдық бокс кездесуін батыл айыптаған Ассашейтед Пресс агенттігінің спорт колумнисті Тим Дальбергтің мақаласын көшіріп басты. «Төрелік етудің проблемалары олимпиада боксына қайта оралды» деп тақырып қойылған сараптамада 91 келі салмақ дәрежесіндегі бокстың ақтық айқасуы барынша әділетсіз, сүреңсіз төрелік етілгені ащына айтылған екен. Сиясы кеппеген мақаланы сарапшымыз Қанат Әуесбайдың аударуында назарларыңызға ұсынып отырмыз.
 Тим Дальберг, РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО, AP 15 тамыз
«Бәлкім, осыдан кейін кәсіпқой боксты Олимпиада ойындарына енгізу туралы ойланған дұрыс шығар», деп бастайды мақала авторы өз сөзін. Спорт сарапшысының сөзінің жаны бар. Өйткені, айқасу небәрі 3 қана раундтан тұратын әуесқой боксқа қарағанда кәсіпқой жұдырықтасу 12 раундқа дейін баратыны белгілі. Ал, 12 раундта кімнің жеңген-жеңілгені айқын болады. Оның үстіне 12 раундта нокдаун мен нокаутқа жіберіп ұтудың да ықтималдығы жоғары. Үш раундттан кейін жеңісті Тищенкоға ұялмастан ұстата салғаны ресейлік боксшының аса күмәнді «жеңгені» сияқты аса сүреңсіз болды деуге толық негіз бар, дейді Тим Дальберг. Мінекей, ол (Е.Тищенко авт.) халықаралық олимпиада комитетінің басшысымен бірге кіріп келді. Бұл да болсын қызмет бабын пайдалану тұрғысынан бокс болашағы үшін қалай қылғанда да жақсы дей алмайсың. Бокстың соңғы жылдары Олимпиада ойындарында салып жатқан сүрлеуі кедір-бұдыры көп бұралаң десек шындықтан қағыс кетпейміз. Мұны халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бахтың төрешілердің бірауыздан шешімі шыққан кезде ұнжырғасы түсіп, төмен қарағанынан-ақ байқауға болады. Томас Бах тездетіп кетіп қалғаны да өзіне жақсы болды, марапаттау салтанатына қалғанында шешімге наразы болған жанкүйерлердің ысқырғаны құлағын жарып жіберуі де мүмкін еді. Левит те ер екен, қарсыласын мазаққа айналдырып, ысқырған жанкүйерлерінің ашуын саусағын ерніне тигізіп, ымдап тоқтатпақ болды. Біздіңше, олимпиадалық бокс нағыз ерлер жұдырық түйістіретін айқас болуы керек. Әуелгіде Риода аса ауыр салмақтағыларға дейін бәрі жақсы боп келе жатқандай болған. Бас киімсіз жүрген боксшылардың жүздерін жанкүйерлер анық көре алды. Оның үстіне бағалаудың жаңа жүйесі, боксшыларды тиіп-қашып, сүйкеп емес, нақты акценттелген соққы беруге ынталандырды. Жалғыз-ақ, кемшілік бас киімсіз жұдырықтасулардың ұлғайғаны салдарынан ұрысты жарты жолдан, мерзімінен тыс аяқтаулар көбейді. Мәселен, қазақ Елеусіновтың түркиялық Сүлеймен Киссохоның арасындағы жұдырықтасуды екінші раундта тоқтатуға мәжбүр болғаны сөзімізге дәлел. Соған қарамастан, алдыңғы олимпиада ойындарына қарағанда осы жолғы бокстың бокс сияғы бардай әсер қалдырып еді. Бұрынғыларында мәселен, бас киім мен ұпайды санаудың компьютерлік жүйесі боксты «қолғаптағы қоршау» сияқты елестетіп, көрерменнің көңіл күйін түсіре беретіні есте. Ескі жүйе әлдеқашан алынып тасталды ғой. Әйтпегенде, 1988 жылы америкалық Рой Джонс пен оңтүстік кореялық Пак Сихунның арасындағы жекпе-жекте америкалықтың айқын басымдығы көрініп тұрса да, көзді бақырайтып қойып, жеңісті корейге ұстата салғаны бокс тарихындағы аса үлкен сорақылық еді. Тіпті, әділетсіз жеңісті қолына алған корейлік спортшы сонда тұрып, бұлай болғанына кешірім сұрағаны да ұмытылған жоқ. Алайда, одан бері 28 жыл өтті. Содан бері бағалау жүйесі қатты өзгерген бүгінгі заманда төрешілердің ұпай санын үш раундта да Тищенокаға бергеніне иланудан гөрі қиналуымыз көп боп тұр. Левит бокстасудың өз мәнерін қарсыласына күштеп таңды, ішкерілей ентелей беріп, Тищенконың соққыларын дарытпай басып тастады. Бұл сол заматта экран алдында ғана емес, аз десеңіз аренада отырғандардың бәріне айқын көрініп тұрды. Левит бұл жұдырықтасуды жеңу үшін істегенінің бәрі жеткілікті еді. Левиттің жүзінен де өзінің жеңіп тұрғанына аса сенімділігі де байқалып тұрған еді. Амал не?! «Өзбасым таза жеңдім деп ойлаймын. Бапкерлер де разы болды» деді Левит. Алайда қазақ және ресей боксшысы аренаны тастап шығып кеткенде де залдағылардың ысқырықпен білдірген наразылығы ұзаққа дейін толастаған жоқ. Тіпті, бұл наразылық Тищенконы марапаттау кезінде жалғасып жатты, тиісінше, ресей боксшысы өз марапатталуынан ләззат ала алмады. «Менің көңіл күйім түсіп кетті» деді Тищенко соңыра, «Мен өз қарсыласымды және залдағы көрерменді де сыйлаймын. Олардың неге ысқырғанын түсіне алмадым». Левит болса, жігіттің нағыз төресі екен, саусағын ерніне қойып, залдағыларға тынышталыңыздар дегенді ыммен білдірді. Алайда, ашуға мінген көрерменді бұл емеурін де тоқтата алмады. Бокс тарихы бұзылды. Төрелік ету ғылым емес, үлкен өнер. Бір төрешінің көргенін екіншісі көрмей қалуы да мүмкін. Біліксіздік мұнда адамның тағдырын шешіп жіберетін үлкен рөл ойнайды. Олимпиадаға бару-бармауы допинг дауымен дөп келген Ресей құрамасындағы Тищенко үшін бұл медальдің аса қадірі жоқ деуіміздің сыры да осында, деп аяқтайды өз мақаласын Тим Дальберг. Анықтама: Естеріңізде болса, 1988 жылғы Сеулдегі олимпиадада америкалық боксшы Джонс Рой барлық сатыларда еркін жеңіп келе жатыр еді. Олимпиадалық ақтық ойынға сапар Джонстың малавилік Мтендер Макаламбаны айқын басымдықпен жеңуінен басталғаны естеріңізде шығар. Кездесудің басында-ақ, Джонс қарсыласын нокдаунға, ізінше нокаутқа жіберді. Бұдан кейінгі қарсыласы чехословакиялық Майкл Френекті, СССР–ден келген Евгений Зайцевты, ұлыбританиялық Ричи Вудхолды да тағы да сондай айқындықпен ұтқан болатын. Тек финалда ғана оңтүстік кореялық Пак Сихунмен кездескенде Джонстың ұтқаны қатты байқалса да, 3:2 есебімен корей боксшысы жеңіс тұғырына көтерілгені барша бокссүйер қауым аң-таң болғаны былай тұрсын, түкті де түсінбей есеңгіреп қалғандай болды. Бұдан кейін халықаралық дау-дамайдан қорыққан Халықаралық олимпиада комитеті жағдайды түзеткісі кеп, Джонс Ройға Вэл Баркер кубогын берді. 1989 жылдың наурызында әуесқой бокстың халықаралық қауымдастығы АҚШ-тың бокс федерациясының төрешілерге пара берілді деген айыптау шағымын қабылдамай қойды. Сондағы уәждері, ереже бойынша шағым жұдырықтасу біткесін отыз минуттан соң берілуі керек екен. Алайда, қауымдастықтың президенті Ануар Чоудридің сөзіне сүйенсек, шағым қайткенде де қабылданбайтын еді. Өйткені, пара беру дерегіне дәлел жеткіліксіз. Араға жылдар өте 1996 жылы АҚШ бокс Федерациясының өкілдері Пак Сихунға жеңісті бере салған төрешілердің үстінен пара алды деп айыптап,халықаралық олимпиада комитетіне тағы да шағым түсіреді. Шағымға негіз болған жұдырықтасуға төрелік еткен реферидің бірінің әділетсіздікті мойындауы еді. Бұл оқиға кезінде британдық журналист Эндрю Дженингстің «Жаңа сақиналар әміршісі: Олимпиада ойындарындағы жемқорлық немесе медальді қалай сатып алуға болады» (The new Lords of the Rings) аталатын кітабында жан-жақты жазылды. Бұл кітапта төрешілердің пара алғаны туралы деректер ГДР арнайы қызметтерінің құпиясы ашылған құжаттарға сүйеніп, келтіріледі. Альдо Леони есімді италиялық рефери Осбальдо Бисбаль есімді аргентиналық төрешінің осы орайдағы сөзін келтіреді. Оны және өзге де екі төрешілерді корей федерациясының офисіне келтіріп, ақша салынған конверттерді ұстатқан екен. Бисбаль одан бас тартқан кезде оны алдағы жұдырықтасуға төрелік етуден алып тастаған екен. 1996 жылы халықаралық олимпиада комитеті шағымды қабылдап, 1997 жылы шағымды қарады. Алайда ХОК төрешілер шығарған шешімді қаз-қалпында қалдырыпты. Алайда осы америкалық Джонс пен корейлік боксшының арасындағы жұдырықтасу әуесқой бокста бағалаудың жаңа жүйесін енгізуге сеп болыпты.

Ақпарат көзі:Baq.kz

Ұқсас жаңалықтар