«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жастар жат діннің жетегінде кетпесін

Жастар жат діннің жетегінде кетпесін
ашық дереккөз
Жастар жат діннің жетегінде кетпесін
Бүгінгі таңда ел арасында «жиһад» сөзі жиі қолданылатын болды. Қандай да бір жерде діни көзқарасы жат адамдардың кесірінен адам өлімі орын алып жатса, соны «жиһад» деп түсінетін қоғам қалыптасып келеді. Ал түпкілікті мәніне үңілсек, ол сөз Отан үшін жанын пида етіп, ел үшін шаһид болуды білдірсе керек. Өкінішке қарай, санасы әлі қалыптаспаған жастардың діннің жат ағымын, дін емес-ау, ислам атын жамылған терроршы топтың жетегінде кетіп жатқаны жаныңды ауыртады. Асыл дініміз ешқашанда «кісі өлтір, адам қанын мойныңа жүкте» демейді. Ал бүгінгі жиһадқа шақырудың негізінде кісі өлтіру жатыр. Отанды, дінді қорғау үшін емес, қазіргі жиһадтың мақсаты – экстремизм, лаңкестік. Басқа түк те емес. Мысалы, хариджиттер таза ислам мемлекетінің азаматтарын ғана мұсылман деп есептейді екен. Олар әртүрлі діни ұстанымдағы азаматтармен қатар бейбіт өмір сүріп, еңбек етіп жүрген мұсылмандарды мойындамайтын көрінеді. Сол үшін аталған елдегі өзге дін ұстанушылардан елді тазарту үшін жиһадқа шақырып, елде соғыс ашады. Бұл – ислам қағидаттарына мүлде қайшы әрекет. Ислам діні жазықсыздан-жазықсыз кісі қанын мойнына жүктеген адамды ешқашанда Отан қорғаушы санамаған. 2011 жылы Тараз қаласында орын алған қанды оқиғаны да, кейінгі кезде еліміздің әр өңірінен көрініс берген террорлық әрекеттердің ешбірін де жиһадпен салыстыруға болмайды. Ол – қандай да бір сыртқы күштердің, радикалды топтардың азғыруымен орын алған адам өмірін қию, елде лаңкестік жасау. Радикалдық топтың уыты қоғамды жайлап кетпес үшін олармен көп болып күресу керек. Әсіресе, әр нәрсеге сенгіш, санасы албырт жастарымыздың әлі де қалыптасып үлгермеген көзқарастарын басқа бағытқа бұрып жібермеу үшін батыл іс-қимыл керек. Қоғам болып қолға алынуы тиіс бұл істе ақсақалдар мен мемлекеттік қызметкерлердің, дінтанушылар мен мұғалімдердің, қарапайым азаматтардың белсенділігі ауадай қажет. Еліміздің болашағы жастар екенін ескерсек, оларға қарулы жиһад қандай жағдайда жасалатынын, оны жоққа шығаратын факторлар мен әрекеттердің ара-жігін ашып түсіндіру ләзім. Сонда ғана жастарды террористік, лаңкестік әрекеттерге барудан сақтап қаламыз. Бүгінде олар шынайы асыл дін мен радикалды топтың дінді жамылып жүргізіп отырған саясатын түсінбеуде. Соның кесірінен талай отбасының шаңырағы қайғыға батуда.

Нұрлан АҚБОЗОВ, «Атлас-Global» ЖШС-ның директоры.

Ұқсас жаңалықтар