Жеңілдіктерді тиімді пайдалану керек

Жеңілдіктерді тиімді пайдалану керек
ашық дереккөз
Жеңілдіктерді тиімді пайдалану керек
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыс сапарымен Сарысу ауданында болды Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың Сарысу ауданына жасаған жұмыс сапары Жаңатастағы орталық қазандықтың қысқы маусымға дайындық жұмыстарымен танысудан басталды. Қазандыққа қыс маусымында 950 тонна мазут жұмсалады екен. «Жаңатас су-жылу» кәсіпорнының директоры Ерімбет Қозыбақов мазутты күннің жылы уақытында жеткізу жөнінде өңір басшысына өтінішін айтты. Орталық қазандыққа жауаптылардың жұмысына көңілі толған Кәрім Нәсбекұлы олардың ұсынысын қолдады. Облыс басшысы келесі кезекте Жаңатас қаласының Дегерес елді мекенінде жаңадан бой көтерген 280 орындық балабақшада болып, құрылыс жұмысының сапасына көңіл аударды. Мектепке дейінгі мекеме «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан бөлінген қаржыға салынуда. Кәрім Нәсбекұлы мұндағы мердігер компания – «АрайСтройМаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдеріне мекеменің айналасына ағаш көшеттерін отырғызуды, мүгедектердің арбасына арналған кіреберіс жолдың қолайлы болуын ескертті. Жаңатас қаласы бойынша 905 бүлдіршін балабақша кезегінде тұрса, биыл бұл көрсеткіш 400 орынға азайыпты. Жаңатас қаласындағы орталық саябақ көпшіліктің жазғы демалысына сұранып тұр. 1967 жылы салынған бұл демалыс орны соңғы жылдары жаңарып, жақсара түскен. Осында егілген 114 шырша ағашы мен 1500 түп раушан гүлі де саябақтың ажарына ажар қосқаны байқалады. Саябақтың бір шеті көлге барып тіреледі. Яғни, мұнда тұрғындар талғамынан шығатын бірқатар қажеттіліктер бар. Облыс әкімі бұл саябақты бір кәсіпкерге жекеменшікке беріп, көпшілік шомылатын орынның жағалауына брусчатка төсеуді, балаларға арнап түрлі ойын алаңдарын орнатып, дүкен, асхана салып, қазақы киіз үйлерде шұбат-қымыз сатқызу мәселесін ұйымдастыруды аудан әкімі Бейбітбек Жайлыбаевқа ескертті. Облыс әкімі осында жергілікті судан құтқару қызметінің жеке құрамымен кездесті. Құтқару тобының жетекшісі Юрий Салагаевтан жұмыстың жағдайын сұрады. Сондай-ақ, облыс басшысы аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Қайрат Қапаровтан мал ұрлығын азайту, қылмыстың көп мөлшерде ашылуына күш жұмсауды тапсырды. Сондай-ақ, облыс басшысы «Тараз көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі асфальт зауытының жұмысымен танысты. Нысан басындағы көрнекі құралда көрсетілген инвестициялық жобаларға назар аударды. «Тараз көлік жолы» серіктестігі – Аймақтық индустрияландыру картасына былтыр енгізілген жоба. Жоба бойынша 50 адам жұмысқа қамтылады. Бұл жөнінде облыс әкіміне кәсіпорын директоры Вячеслав Ли баяндады. Сондай-ақ, зауыт натрий, кальций өндірісін дамытпақ. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асуы жоспарланған «Асыл тұз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 50 мың тонна өнім өндіруді, 75 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздейді. Облыс әкімі Жаңаталап ауылдық округіндегі «Жантөре-Саудакент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де болды. Бұл серіктестік 40 гектарға тамшылатып суару технологиясын қолданып отыр. Серіктестік өз қаражатына Қытайдан тамшылатып суару технологиясына арналған қондырғы алдырыпты. Ол қолданылған алқаптың 30 гектары – пияз. Қазіргі таңда мұнда пияздың «REGPOCK», «MANAS», «КАРАТАЛ» түрлері өсірілуде. Пияздың әр гектарынан 70 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Серіктестік басшысы Әріпхан Жантөреев егістікпен қатар мал шаруашылығын дамытуды да көздейтінін облыс әкіміне жеткізді. Кәрім Көкірекбаев мал шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалармен жұмыс жүргізе бастаған қожалықтарға арналған қатарды да аралап көрді. «Сексенбай» шаруа қожалығының басшысы Сәтжан Сексенбаев мемлекеттік «Құлан» бағдарламасымен қол жеткізген несиесіне 46 бас жылқы алып, қамбар ата тұқымын көбейтуде екен. «Тұрғын» шаруа қожалығының төрайымы Сәрсенкүл Баймұратова да «Құлан» бағдарламасының көмегімен 48 бас жылқы алып, жоспарларын жүзеге асырып отыр. Ауданда «Сыбаға» бағдарламасы – 47, «Алтын асық» бағдарламасы – 30, «Құлан» бағдарламасы 70 пайызға орындалған. Облыс әкімі осында жиналған бірқатар жауапкершілігі шектеулі серіктестік және шаруа қожалық басшыларымен кездесіп, оларға түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, мемлекет тарапынан берілген жеңілдіктерді тиімді пайдалану керектігін түсіндірді.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар