Алысты жақындатты

Алысты жақындатты
ашық дереккөз
Алысты жақындатты
Жуалылықтар екі мыңыншы жылдары автомобиль жолдарының шұрық тесік, шұңқыр болып бүлінуінен діттеген жерлеріне уақтылы жете алмай қатты қиналғанын әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Мемлекетіміздің кейінгі жылдары бұл салаға қыруар қаржы бөлуіне байланысты аудандық мәндегімен қатар, елді мекендердегі көшелердің жолдары да көптеп жөнделуде. Соның нәтижесінде, қазір Жуалыдағы аудандық мәндегі жолдардың 70 пайыздан астамы орта жөндеуден өткізіліп, қалпына келтірілген. Кейінгі кезде елді мекендердегі көшелердің жолдарын «сауықтыруға» ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы ауданда 12,5 шақырым жол орта жөндеуден өткізілсе, биыл 16,5 шақырым автомобиль жолын қалпына келтіруге 220 миллион теңге бөлінген. Ауыл тұрғындарының өтініштері бойынша биыл аудан орталығы Б.Момышұлы ауылы және Қарабастау, Нұрлыкент, Шыңбұлақ, Қосмұрат, Көлбастау елді мекендеріндегі орталық көшелерге асфальт төселуде. – Мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ІІ жартыжылдыққа ауданнан облысқа 28 жоба жасалып, өткізілді. Оның 20 жобасы көшелердегі жолдарды жөндеуге арналған. Таяуда тиісті қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіледі. Мұның өзі бізге күз айларында ауданда тағы да 20 көшедегі орталық жолдарды жаңартуға мүмкіндік береді. Асфальттың талапқа сай төселуін техникалық қадағалаушылар тұрақты бақылауда ұстайды. Жуалыда бұл жұмыспен қазір 4 мердігер компания шұғылдануда, – дейді аудан әкімінің орынбасары Нарбай Ергебеков. Солардың бірі – «Инвест компания» МК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Білікті басшы Сәтбай Қожамқұлов басқаратын мердігер компания өзі құрылған 16 жылда облыс аумағында 200 шақырымға жуық автомобиль жолын орта және күрделі жөндеуден өткізді. Ол облыстағы әлеуетті әрі ірі кәсіпорынның бірінен саналады. Өзінің 3 асфальт зауыты және шикізат өндіретін карьері бар. Соңғы 3 жылда Қордай және Мойынқұм аудандарында екі асфальт зауытын салып берді. Қазір олар қос аудандағы халықтың игілігіне айналуда. Қордайлықтар мен мойынқұмдықтар бұрынғыдай асфальтты шеттен көптеп тасымайтын болды. «Инвест компания» МК» толық қуатында жұмыс істесе, жылына 1 миллиардтан астам теңгенің құрылыс жұмысын атқара алады. Әлемдік қаржы дағдарысы бұл мердігердің де алымды жұмыс істеуіне кедергі келтіруде. Соған қарамастан, компания басшылығы осындағы тұрақты жұмыс істейтін 110-нан астам маманның бірде-біреуін қысқартпаған. Айлық жалақылары да сақталған. Жаңа 100-ден астам бірлік техникасы кідіріссіз жұмыс істеп тұр. Серіктестік өткен жылы 450 миллион теңгенің құрылыс жұмысын атқарған екен. Биыл олар мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысып, осындай жұмыс ауқымын ұтып алуға күш салуда. Қазірге дейін 200 миллион теңгені игерген. Осы мерзімде Мойынқұм ауданының Хантау, Көкжелек, Көктөбе және Жуалы ауданындағы Қарабастау ауылдарындағы орталық көшелерді орта жөндеуден өткізген. Қазір Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылында екі шақырым жолды қалпына келтіруде. Олар таяуда қолға алатын Қосмұрат, Шыңбұлақ және Көлбастау ауылдарындағы орталық көшелердегі құрылыс қыркүйек айында толық ел игілігіне беріледі. Бұл істе мол тәжірибе жинақтаған, білікті мамандар шоғырланған ұжым өз міндеттеріне әркез сергек қарайды. Сондықтан да, жұмысшы және мемлекеттік комиссия нысандарды қабылдап алған кезде оларға жақсы баға береді.

Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар