Жарайсың, Ольга!

Жарайсың, Ольга!
ашық дереккөз
Жарайсың, Ольга!
ЛОНДОН ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ, ЖЕҢІЛ АТЛЕТ ОЛЬГА РЫПАКОВАҒА РИОДА ҚОЛА ЖҮЛДЕ БҰЙЫРДЫ Лондон Олимпиадасында жеңіл атлетиканың үш қарғып секіру түрі бойынша қатарынан оза шауып бәйге алған Шығыстың шынары Ольга Рыпакова Олимпиада ойындарындағы екінші жүлдесіне қол жеткізді. Жалпы, соңғы кездері үш қарғып секіру спортында латынамерикалық спортшылардың кереметтей нәтиже көрсетіп жүргенінен хабардармыз. Мәселен, Лондон Олимпиадасында өзінің ең мықты нәтиежесін көрсете алмаса да, алтыннан алқа тағынған Ольга қызға Риодағы бәсірелі додада барын салуға тура келді. Ә дегенде 14,73 метр қашықтыққа кенгурудай қарғыған қазақстандық спортшының нәтижесін жақсартпаса, екі дүркін Олимпиада ойындарының жеңімпазы атағына қол жеткізуі қиын екенін бағамдап қойғанбыз. Алайда, Оля қыз бұл нәтижесін кейінірек бір сантиметрге ғана жақсарта алды. Өз кезегінде доданың басты фавориттерінің біріне баланған колумбиялық Катрин Ибаргуэн 15,17 метр қашықтыққа секіріп, алтыннан алқа тағынса, венесуэлалық Юлимар Рохас 14,98 метрлік қашықтықты еңсеріп, күміс жүлдегер атанды. Ал 14,74 метрлік қашықтықты бағындырған Рыпакова қола жүлдені қанағат тұтты. Классиктер қашан жүлде сыйлайды? Грек-рим күресі әлемдегі ең таза күрес түрі саналады. Былайғы жұрт классиктер сыны деп атайтын грек-рим күресі шеберлерінен қалың жанкүйерлер жоғары нәтиже күтумен келеді. Алайда, Мәскеу Олимпиадасында жамбылдық балуан Жақсылық Үшкемпіров алтыннан алқа тағынған соң араға он алты жыл салып қазақстандық Юрий Мельниченко Үшкемпіровтің жетістігін Атланта Олимпиадасында қайталаған еді. Содан бергі аралықта еліміздің классик балуандарына алтын жүлде бұйырмай келеді. Өкініштісі сол, біз сеніп, олар жеңіліп жүр. Әдеттегідей, қазақ елі Рио Олимпиадасында Үшкемпіровтің ізбасары шығып қалар деп үміттенген болатын. Әзірге байқалар емес. Үкілі үміттеріміздің бірі – 75 келі салмақ дәрежесіндегі Досжан Қартықов екінші айналымнан әріге аса алмады. Ә дегенде грузин балуаны Зураба Датунашвилиден айласын асырып, әдемі күресімен көзге түскен Досжан 1/8 финалда әзірбайжандық Эльвин Мурсалиевті де жеңеді деп ойлаған болатынбыз. Ілгеріде әзірбайжандық спортшыны оңай ұтып жүрген Қартықовтың Риода оған шамасы жетпеді. Қарсыласына 1:5 есебімен жол беріп, алтын жүлде жолындағы жорығын аяқтады. Әйткенмен, әзірбайжандық балуан келесі кездесулерінде қарсыластарынан басым түскенде, Досжан қола жүлде үшін жұбаныш кездесулерін өткізер еді. Өкінішке қарай Эльвин де ұзаққа шаппай, Досжанның бағы байланды. Күллі алаш елі сенім артқан тағы бір балуанымыз Алмат Кебіспаевқа да жүлде бұйырмады. 59 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Кебіспаев бірінші белдесуінде ресейлік Ибрагим Лабазановты 4:0 есебімен айқын жеңіп, жанкүйерлердің жүрегіндегі үміт шоғын үрледі. Алайда Алмат екінші рет боз кілемде жапониялық Оте Шинобуге қарсы өнер көрсетіп, қарсыласына 0:6 есебімен есе жіберді. Әйткенмен жапон балуаны келесі белдесулерінде өзінің мықтылығын дәлелдеген соң, Алмат үшін қола жүлде жолында жұбаныш кездесу өткізу мүмкіндігі туды. Алғашқы жұбаныш белдесуінде қазақ балуаны ерлік жасады. Атағы алысқа тараған алты дүркін әлем чемпионы, Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, ирандық Хадид Мохаммед Сорянға қарсы боз кілемге беттеген қазақ жігіті 0:6 есебімен жол беріп жатып, соңғы сәттерде жеңісті жұлып алды. Алайда екінші жұбаныш белдесуінде Алмат Кебіспаев норвегиялық балуан Стиг Андре Бергеге 0:2 есебімен ұтылып, қола жүлдеден қағылды. Осылайша грек-рим күресінің шеберлері сынға түскен алғашқы күнде қазақ жігіттеріне жүлде бұйырмады. Бет қатталып жатқанда аса ауыр салмақтағы балуанымыз Нұрмахан Тінәлиев жарыс жолына шығып, бірінші белдесуде жеңіліс тапты. Бір өкініш, бір үміт Әзірге былғары қолғап шеберлеріміздің аяқ алысы қуантып тұр. Жартылай финалда бақ сынаған 91 келі салмақтағы үмітіміз Василий Левит кубалық Эрисланди Савоннан бүкіләлемдік бокс сериясы аясында кеткен есесін толығымен қайтарды. Олимпиада ойындарының алтын жүлдесіне басты үміткер саналған атақты Эрисланди Савон қазақстандық боксшыға қарсы еш қайран көрсете алған жоқ. Алғашқы раундта бойының ұзындығын тиімді пайдаланып, алдыңғы қолмен қарсыласын қарсы ала білген Куба қабыланын Вася екінші, үшінші раундтарда соққының астына алып, өзінің шын мықты екенін дәлелдей білді. Ақтық сын жолдамасын қалтаға салған Василий Левит бет қатталып жатқанда ресейлік Евгений Тищенкоға қарсы шаршы алаңға шықты. Рио төрінде тамаша боксымен талайды тамсандырып жүрген ұлттық құраманың капитаны, 69 келі салмақтағы үкілі үмітіміз Данияр Елеусінов ширек финалда венесуэлалық Габриэль Маэстрені еш қиналмай жеңді. Осылайша жартылай финалға шыққан Данияр француз Сулейман Сисоккомен ақтық сын жолдамасын сарапқа салды. Ол туралы газетіміздің келесі санында толығырақ жазамыз. Олимпиада ойындарында алғашқы жекпе-жегін 52 келі салмақтағы жамбылдық жампоз, Азия чемпионы Олжас Сәттібаев сәтті бастады. Ол Пуэрто-Рико үміті Хесус Цинтронды үш раунд бойы соққының астына алып, мықтылығын дәлелдей білді. Алайда екінші кездесуде төрешілер Олжасты аяқтан шалды. Әзірбайжандық Эльвин Мамишзадені «шынжырмен» сүйреген «қазылар» үш кезең бойы бір соққы жасамаған Эльвинге жеңісті «жұлып» әперді. Үш раунд бойы Мамишзаденің екі аяғын бір етікке тыққан Олжастан жеңісті тартып алған сәтте жүйкемізге ши жүгірді. Ресейлік бапкер Эдуард Кравцов: «Әзірбайжанда 52 келіде қолдан жасалған «чемпион» бар. Жекпе-жек барысында бір соққы жасамаса да, төрешілер сол үшін тер төгеді. Мұндай бокс кімге керек?» – деп, өз ойын білдірген болатын. Расымен солай. Иә, Олжас әділетсіздікке тап болғаны өзекті өртейді. Төртжылдықтың басты додасындағы алғашқы кездесуін аса ауыр салмақтағы алыбымыз Иван Дычко сәтті бастады. Ваня 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында кеткен есесін әзірбайжандық Магомедрасул Меджидовтан толығымен қайтарды. Қос мықтының шайқасы ұзаққа созылған жоқ. Алғашқы раундта қолы мен бойының ұзындығын ұтымды пайдаланған қазақстандық боксшының соққылары қарсыластың қорғанысын бұзып-жарып өтті. Төрешілер де Иванның мықтылығын бірауыздан мойындады. Жекпе-жектің екінші кезеңінде әзірбайжандық боксшы ауыр жарақат алып, кездесу тоқтатылды. Иван ширек финалға жолдама алып, жанкүйерлерді бір желпінтіп тастады. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері тағы бір әзірбайжандық боксшының аптығын басты. 81 келі салмақтағы сайыпқыранымыз Әділбек Ниязымбетов ширек финалда әзірбайжан боксшысы Теймур Маммадовпен қолғап түйістіріп, өзінің шын мықты екеніне күмән келтірген жоқ. Үш раунд бойы сауатты бокс көрсете білген қазақстандық талассыз жеңіске жетті. Өкінішке қарай, 56 келі салмақта өнер көрсететін бокшымыз Қайрат Ералиев екінші жекпе-жегінде өзбекстандық Муроджон Ахмадалиевке есе жіберді. Жалпы, кездесу барысында Қайрат қарсыласынан кем түскен жоқ, кемі тең түсті. Бізге үш раундтың екеуінде қарсыласына қарағанда Қайрат алымды, қарымды көрінген болатын. Алайда, төрешілер шешімі біздің оймен үйлеспеді. Рио төрінде керілген шаршы алаңдарда бұрымдылар бәсекесі де басталды. Қазақстандық арулар сапынан алғаш болып рингке көтерілген 75 келі салмақ дәрежесіндегі Дариға Шакимова сенсация жасады. Иә, қазақтың қара домалақ қызы шынымен де ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Бокстың жілігін шағып, майын ішкен майталман мамандар доданың басты фавориттерінің бірі санаған, әлемнің екі дүркін чемпионы канадалық Ариан Фортинді жеңіп, өзінің Риоға жәй келмегенін байқата білді. Алғашқы раундта канадалық спортшының басымдығы көзге айқын байқалған кезде кәдімгідей қобалжығанымыз жасырын емес. Десе де, кездесу барысында жинақтала білген қазақ қызы қарсыласының атақ дәрежесінен қаймықпай, сәт сайын әдемі шабуылдар ұйымдастыра білді. Қос қапталдан бағыттаған Дариғаның тамаша соққылары Ариан Фортинді әбден тығырыққа тіреді. Төрт раундтың үшеуінде керемет бокс үлгісін көрсете білген Шакимованың жеңісіне төрешілер де күмәнданбады. Осылайша қазақ қызы «менмін» еген канадалықты жарыс жолынан ығыстырып, енді марокколық Хаджиджо Мардимен қолғап түйістіретін мүмкіндікке ие болды. Осы қарсыластан айласын асырып жатса, Дариға қыз жартылай финалда өнер көрсетеді.

5wrwpiVLy++dw

Табиғат АБАИЛДАЕВ,  589389926«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар