«Алты жасар Алпамыс мектепке барады»...

«Алты жасар Алпамыс мектепке барады»...
ашық дереккөз
«Алты жасар Алпамыс мектепке барады»...
немесе бірыңғай формаға көшу мәселесінің мән-жайы Сабақтың басталуына тұп-тура үш аптадай уақыт қалды. Бір-бір үйдің еркетотайлары, «алты жасар Алпамыстары» мектепке барады. Баруын барады-ау, бірақ не киіп барады? Мәселе осында... Жаңа оқу жылына дайындық – ешқашан ескірмейтін, мәнін жоймайтын тақырып. Білім нысандарының жөндеу жұмыстары, мекемелердің қысқа дайындығы, оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету секілді науқандық жұмыстарға биыл бірыңғай мектеп формасын енгізу деген мәселе тағы қосылды. Мәселе дегенде, жұрт шулап, дабыра қылатындай да нәрсе емес негізі. Мектеп басшылары мен ата-аналардың өзара келісімімен шешуге де болады оны. Бірақ, қағыс естіп, «Барлық мектеп бірыңғай формаға көшеді екен, енді қайттік?» деп жүргендер де жоқ емес. «Баламыздың мектепке не киіп баратынын мұғалімдер айтады» десіп, жайбарақат отырған ата-ана да бар. Жалпы, бірыңғай мектеп формасын енгізу деген мәселе жыл сайын көтеріледі. Биыл ерекше мән беріліп отырғаны – ағымдағы жылдың 14 қаңтарында Білім және ғылым министрінің №26 бұйрығымен бірыңғай мектеп формасына қойылатын талаптардың бекітілуіне байланысты. Министрлік бекіткен міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға сай киімнің жас ерекшеліктеріне қарай үлгісі, түсі классикалық стильде, бірыңғай түс гаммасында жасалуы тиіс. Түсі ашық емес, қалыпты болуы шарт. Тіпті, галстук те, спорттық форма да алдын ала таңдалып алынуы керек. Мектеп формасына білім мекемелерінің ерекшеліктерін көрсететін белгілер салуға рұқсат берілгенмен, түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды. Министрлік қойған талап осындай. Алайда, бұл мектеп оқушылары жаппай бір үлгіде киім тіккізіп киюі тиіс деген сөз емес дейді мамандар. «Әр мектеп ата-аналармен келісе отырып, белгілі бір киім үлгісін таңдайды. Республика бойынша жаппай бірыңғай форма енгізілмейді. Киім үлгісін таңдағанда алдымен, ата-аналардың жағдайы ескерілуі керек», – деп түсіндіреді облыстық білім басқармасының орта білім бөлімінің басшысы Айдын Досыбаева. Тараз қаласында Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның оқушылары бірыңғай форма киеді. Мектеп басшылығы ата-аналармен ортақ келісімге келіп, балаларға ыңғайлы киім үлгісін таңдаған. Жас жеткіншектердің жасына сай, жарасымды-ақ. Жалпы, қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлзия Зәуірбекованың айтуынша, Тараздағы мектептердің түгелдей таңдап алған өзіндік бірыңғай киім үлгілері бар екен. Облыс орталығындағы білім ошақтары бұл үдерістен ерте өтіпті. Ал аудандарда ше? Ауыл мектептеріндегі жағдайды білмек болып Шу ауданындағы меншікті тілшіміз Қарлығаш Есбергеноваға хабарластық. Тілшіміз аудандық білім бөлімінің басшысы Клара Қожағапановамен жолығып, мән-жайға қанықты. – Ауданда 83 білім мекемесі бар. Оның – 49-ы – мектеп, 23-і – балабақша, 10 мектептен тыс мекеме, 1 медициналық-педагогикалық кешен және кешкі мектеп жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында 2290 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Бірыңғай мектеп формасын енгізу бойынша ата-аналар жиынын өткіздік. Ешкімге балаларыңыз мынадай үлгідегі киім кисін деп міндеттей алмаймыз. Дегенмен, түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 25 мектеп биыл бірыңғай формаға көшуді жоспарлап отыр. Өзара келісімге келіп, оқушылар формасын тиімді бағамен басқа қалалардан тапсырыспен алдырып жатқандар да бар, – дейді Клара Исаққызы. Аудандағы бірыңғай форманың үлгісін белгілеп алған мектептердің бірі – М.Мақатаев атындағы тірек мектебі екен. Мектеп басшысы Алтын Сиқымова ата-аналар барлық оқушыға ортақ үлгідегі формаға көшуді қолдап отырғанын айтады. «Мектепте 900-ден астам оқушы бар. Әлеуметтік жағдайы төмен 21 балаға демеушілік көмек ұйымдастыру арқылы жаңа формамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, біз таңдаған мектеп формасы ауданның орталық базарында сатылады. Біразы базардан сатып алуда, кейбірі тігіншілерге тапсырыс беруде. Бағасы орта есеппен 7000-10000 теңге көлемінде», – деп түсіндірді директор. Басқа аудандардағы жағдай да осыған ұқсас. Т. Рысқұлов ауданындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің мұғалімі Шәкизат Шонатаеваның айтуынша, ата-аналар жиналысында форманың түсі мен үлгісі таңдалып, ұсынылыпты. «Кейбір ата-аналардың материалдық жағдайын ойлағандықтан, фирмаларға тапсырыс берген жоқпыз. Бес баласы бірдей мектепте оқитын отбасылар бар. Әрқайсысына 12-14 мыңның киіміне тапсырыс беруге ата-аналардың қалтасы көтермейді. Сондай форманы базардан одан арзандау бағаға сатып алуы мүмкін. Соны ойлап, осындай шешімге келдік», – деді ол. Фирма демекші, ауданда бірыңғай форманы тапсырыспен тіккізетін мектептер де бар екен. Кейбір отбасылар бұған қарсы болуда. Қорағаты ауылының тұрғыны Қалдыкүл апа немерелері оқитын мектеп фирмаға тапсырыс беріп, шамамен 13 мың теңгеге форма тіккізгелі отыр дейді. Төрт-бес баласы мектепте сабаққа баратын ата-аналардың қалтасына бұл едәуір салмақ болатынын айтып, қынжылды. Жалпы, бірыңғай мектеп формасының енгізілгеніне ата-аналар да қарсы емес. Себебі, бірдей киім кисе, кеудемсоқтық та болмас еді деп есептейді. Әйтсе де, отбасылық жағдайды да ескерсе дейді. Шу қаласының тұрғыны Айткүл Қыстаубаеваның ұлы №40 мектептің 3-сыныбында оқиды екен. Аталмыш білім ошағы қаракөк түсті киім үлгісін бекітіпті. «Мектептің ішкі ережесімен келісеміз. Балаларымыздың жинақы әрі кіркөтерімді киім кигеніне қарсы емеспіз. Жыл сайын әрбір ата-ана өз қалауы бойынша форма сатып алатын не тіктіретін. Маған киімді Бішкек қаласынан алған тиімді. Бағасы да қолжетімді әрі сапалысын таңдауға мүмкіндік бар», – деп ой бөлісті қала тұрғыны. Оқушылардың бірыңғай киім үлгісі болғаны жақсы-ақ. Дегенмен, әлеуметтік жағдайды да назардан тыс қалдырмаған жөн шығар. Талапқа сәйкес облыстық білім басқармасы және аудандардағы білім бөлімдері ата-аналарға мектеп формасын отандық өндіріс орнынан сатып алуды ұсына алады. Алайда, оларды нақты өндірушілерден сатып алуға міндеттемейді және оқу орнында форма сатуды ұйымдастырмауы тиіс.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар