Ел секілді еңбек ету – олардың арманы

Ел секілді еңбек ету – олардың арманы
ашық дереккөз
Ел секілді еңбек ету – олардың арманы
Облыстық жасөспірімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан 60 жеткіншектің 40-ы – студент. Оның 5-еуі жоғары, қалған 35-і арнаулы орта білім беретін оқу орындарында оқуда. Балалар үйінің 16 жасқа толған тәрбиеленушілерін қабылдап, оларды әлеуметтік ортаға бейімдеп, қабілетті, дарындыларының оқып, жұмысқа тұруына жағдай жасайтын мекеме оларды 23 жасқа толғанша өз қамқорлықтарына алады. Ал одан кейін толыққанды азамат ретінде еңбек етіп, қоғамнан өз орнын табуы алдағы тағдырына, қала берді ортасына байланысты. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына жұмысқа орналасуға көмек сұрап келген 4 бірдей жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушісіне қарап, осыны ойладық. Партия филиалында қоғамдық қабылдау өткізген облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке жастарға жұмысқа тұруларына көмектесетінін айтты. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін қызыл дипломға бітірген Әйгерім Аманбай коммуникативті қарым-қатынас мамандығы бойынша «Қазақтелекомда» жұмыс істегім келеді дейді. Ал Анатолий Боцманның бала күнгі арманы – темір жол машинисі болу екен. Бір жыл әскери борышын өтеп келген Жайдар Оразов мамандығы бойынша автослесарьдың жұмысын істеуден тартынбайтынын айтады. Ербол Төлен полиция қызметкері болғысы келеді. Олардың өтінішіне құлақ асқан Тимур Жанке облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Сейдахмет Сейтбеков пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы облыстық филиалының басшысы Берік Ақшаловқа Анатолийге жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа тұруына көмектесуді тапсырды. Бәріне қолұшын беретінін жеткізді. – Мен №13 Тараз темір жол колледжін машинист-электровоз көмекшісі мамандығы бойынша бітірдім. Өз мамандығым бойынша жұмысқа тұруым үшін бір жыл күтуім керек екен. Немесе жастар тәжірибесі бойынша уақытша жұмысқа орналасуыма болатын көрінеді. Қоғамдық қабылдауға келіп, білгенім осы болды. Бір жыл жұмыссыз жүргеннен 6 айлық жастар тәжірибесімен жұмысқа орналасуға ниеттеніп отырмын, – дейді Анатолий Боцман. Тағдыры солай шығар. Әйтсе де, оларға қоғам қаталдық танытпауы тиіс. Өйткені, жастар теріс жолға түсіп кетпеуі үшін барынша қолдау көрсеткеніміз дұрыс. Өмірге деген құштарлықтарынан шығар, қазір олар аз айлықпен жұмыс істей беруге де бейіл. Бірақ, аты дардай мекемелер сондай жастарды толыққанды жұмыспен қамтып, бауырына баса алса, қане?

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар