«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Салғырттық сан соқтырады

Салғырттық сан соқтырады
ашық дереккөз
Салғырттық сан соқтырады
немесе Тараз қалалық әкімдігі арқаны неге кеңге салған? Тараз – талайларды өзінің жасыл желегі мен алуан гүлдерімен тамсандырып келген тарихи мекен. Тараздықтар шаһардың қаншама жылдар бойы көркіне көз тоймайтын сұлу табиғаты мен тарихи жәдігерлерін мақтаныш етсе, қала қонақтары сол құндылықтарға таңдай қаға қарайды. Әлбетте, Таразды жасыл желекке орауда талай азаматтың ерен еңбегі жатыр. Тек биыл шілдеде соншама есіл еңбекпен өскен желекті құрт жеп, тұрғындардың көңілін құлазытып отыр. Шаһардағы қара ағаштардың жапырақтарын қарағаш аяққұйрығы, жұлдызқұрт, қарағаш жапырақ жемірі және бізтұмсығы секілді зиянкестер аз ғана уақыттың ішінде кеміріп шұрқ тесік етті. Осы келеңсіздікке жол бермеуге болмайтын ба еді? Тараз қаласының әкімдігі салғырттық танытпағанда мұның алдын алуға әбден болатын еді. Жасыл желекке жаудай тиген зиянкестерге қарсы қандай шаралар қолға алынып жатқанын білу мақсатында Тараз қалалық әкімдігінің астық инспекциясы және өсімдікті қорғау бөлімінің басшысы Елеусіз Атамбаевқа жолыққан болатынбыз. Елеусіз Керімжанұлы бұл мәселе жыл басында, яғни ақпан айында-ақ анықталып, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеровтің атына арнайы хат жолданғанын айтты. Ол хатта: «...аумақта шамамен 25 гектар зиянды ағзалардың қоныстанғаны анықталып отыр. Биыл ауа райының зиянды ағзалардың қыстап шығуына қолайлы жағдай туғызуына және 2016 жылы көктемгі қайтара анықтап-зерттеу жұмыстарын жүргізу нәтижесіне байланысты нақты өңдеу көлемі айқындалды. Осыған байланысты зиянды ағзаларға қарсы фитосанитарлық іс-шараларды дер кезінде жүргізіп отырса, қаладағы фитосанитариялық ахуалды қалыпты деңгейде қамтамасыз етуге толық мүмкіншілік туар еді» делінген. Алайда, аталған хатта көтерілген мәселе оң шешімін таппаған, яғни нақты шара қолданылмаған. Бұны осы мәселеге тікелей жауапты қала әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Абзал Тілеубаев химиялық өңдеу жұмысымен айналысатын мекеменің тендер арқылы жеңімпазы анықталмағандығымен түсіндіреді. Ал зиянкестердің тендерді күтіп отырмайтыны ескеріліп, дабыл қағылғаннан кейін де шұғыл шара қолданылмағанын қалай түсінуге болады? Мамандар арқаны кеңге салып отыра берген. Зиянкестерді анықтайтын арнайы топ мамыр, маусым айларында қайтара тексеру жүргізіп, бірнеше акт толтырған. Соның негізінде барлық тиісті мекемелерге хат жолданған. Келесі кезекте қала әкімінің атына «дабыл хат» жолданған. Шілде айының 15-і күні жолданған хатта: «...қала әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөліміне сигналдық хабарлама берілген. Соған қарамастан, бүгінгі күнге дейін зиянкестерге қарсы өңдеу іс-шаралары жүргізілген жоқ. Соның салдарынан қарағаш жапырақ жемірі балаңқұрттарының экономикалық зиянды шегінен асып кетуі талдарды қатты зақымдауда. Осы мақсатта шұғыл түрде тендер жеңімпазын анықтап, тез арада зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу қажет. Болмаған жағдайда қарағаш талдарының қала көркіне кері әсерін тигізуі ықтимал» делінген. Сонымен қатар, облыстық «Ақ жол» газетінде де «Дабыл қағамыз!» айдарымен арнайы материал беріліп, қала әкімдігіне құлаққағыс жасалған болатын. Онда зиянкестердің екінші ұрпағының залалдауы жүріп жатқандығы айтылған. Ал инспекторлар зиянкестердің үшінші ұрпағы 15 шілдеден бастап шыққанын тиісті шара қолданылмаса, ол өсімдік атаулыны түгелдей зақымдайтынын айтуда. Бір емес, бірнеше мекеме дабыл қағып, бірнеше акт толтырылып, көптеген хаттар жолданғаннан кейін, оның өзінде уақытын әбден өткізіп барып, қала әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі тендер жеңімпазын ақыры анықтапты. Осы уақытта қаладағы қарағаштарды түгелімен құрт жеді, бұрынғы 25 гектар алқап 80-90 гектарға дейін ұлғайды. Бұл дегеніміз зиянкестермен күресуге кететін шығын да сол көлемге дейін артқанын білдірсе керек. Осылайша, мәселе әбден ушыққан соң зиянкестермен күресуге 1,9 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмыс тек шілде айында қолға алынған. «Шілде айында күн сайын таңғы сағат 4 пен 8 аралығында қарағаш талдарына фитосанитарлық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Жапырақтары сарғайған ағаштар дәрілеуден кейін 5-10 күнде қайтадан бүршік жарып, тіршілігін жалғастыра береді. Аталған зиянкестердің басқа ағаштарға ешқандай залалы жоқ», – дейді Тараз қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы. Ақпан айында-ақ анықталған мәселені қала әкімдігі осыншама ушықтырып, дер кезінде тиісті шара қолданбай неге қамсыз отырған деген сұрақ қана туындайды мұндайда. Тендер неге ерте көктемде жарияланбаған? Әйтпесе, шілдеде жарияланған тендердің жеңімпазы тез табылды емес пе?

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар