Болмысы бөлек Баймаханбет
Зымыраған уақытта тоқтам болсайшы. Кеше елу, бүгін алпыс... Құрдасым Баймаханбет Ахмет өзінің алпыс атты асқаралы жасына оқырманына сүйіншілетіп «Бозқақтан бұлттар ауғанда» атты жыр жинағымен келіпті. Қазір, әрине, кітаптың бұрынғыдай жиырма-отыз мың даналатып шығып жатқан жайы жоқ. Аз таралыммен шығатын жинақтың құмға сіңген судай көзге ілікпей қалуы да кәдік. Сондықтан, Талас деген киелі жерден, Ойық деген қазақы ауылдан Баймаханбет ақын шығып, терең ойлы, сезімге бай өлеңдерін дүниеге әкеліп жатқанын біреу біліп, біреу білмесе, оқырманды кінәлаудың ыңғайы жоқ. Бұл – қазіргі күллі әдебиетке, оның ішінде мынау деген ақындардың басына да тән ортақ жай.
Ақын бір жылдары жастықтың жалынымен Алматыға да барған. Дулы ортада топтама өлеңдерін маңдайалды «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ» газеттері мен «Жұлдыз» журналында, «Жалын» альманағында жариялап, әдеби қауымды өзіне жалт қаратқан. Қазақ поэзиясының қара нары Тұманбай Молдағалиев Баймаханның өлеңдеріне сүйсінуін жасыра алмаса, тағы бір алымды ақын Есенғали Раушанов талғампаз көзқарасын білдірген. Жастардың қамқоры, қазақ поэзиясының жанашыры Есенбай Дүйсенбаев бір топ жас ақындармен бірге Баймаханның да қанатқақты өлеңдеріне «Көш көлікті болсын!» деп алғысөз жазған. Енді, міне, қолымызға тиіп отырған «Бозқақтан бұлттар ауғанда» жинағына белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби және Шешенстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Рафаэль Ниязбек ағалық-ақындық ниет-тілек ретінде «Бұйырғынды өлкеде бір ақын бар...» атты мақаласын жариялапты.
Сыршыл ақын Дүйсенбек Қанатбаевтың:
Жұлқиды адыраспанды
Даланың долы желі де.
Сонда да ол туған жерінен
Бір елі ажыраспайды, –
деп келетін өлең жолдарын келтіре отырып, «...түздің қайсар өсімдігімен Баймаханбет Ахметтің де тағдыр-тәлейі ортақ, тамыр, кіндігі бір. Айырмашылығы адыраспан – өсімдік, тілсіз, тылсым жаратылыс, ал ақын ойын, әсерін сөзбен кестелей алу әлеуетіне ие. Алайда, даланың адыраспаны да, сексеуілі де үн-түнсіз тұрып-ақ «жырлайтын» болар, кім білсін! Ақын сол бір тылсым сырды ұғып түйсінгісі, түсінгісі келеді. «Баймаханбет ақын боп бұйығады бұйырғынды өлкенің бұла әуені!» деп тылсым дүние құбылысын жырына қосуды да, солармен өзін қатар қоюы да содан. Табиғатпен үндестікте сөз саптайды» деп жазады ақын ағасы Рафаэль қанаттас інісінің ақындық өнері туралы.
Қолымыздағы кітапта таластық талантты ақын Нарша Қашағанұлының «Ойға бай болсаң, басқа кедейлік қайғы емес» деп аталатын мақаласы да беріліпті. Онда ақын: «Жақында оның «Пенде-ғұмыр» деп аталатын жыр жинағы қолымызға тиді. Жайшылықта жұртпен жұғыса бермейтін, қақ-соғы жоқ қарапайым бауырымның көкірегінде көмбе бар екенін осы тырнақалды туындысынан байқағандаймыз. Өтірігі жоқ, байыпты Баймаханның өмірдегі мінезі өлеңдерінде де тұр. Қақ-соқ жоқ, басқаға ұқсамайтын, ойлы өлеңдер. Басқаға ұқсамауы – Баймаханбеттің табысы. Бала кезден өлең жазатын ол іздене-іздене өлеңдегі өзін тапқандай. Ойын өзінше өреді, ұйқасты өзінше құрады. Еліктеу кезеңінен есею кезеңіне қадам басқан. «Ғұмыр-түсінік тыншымды алып, әлі күнге жалынан ұстатпай жүр» деп ой толғауының өзі – осының белгісі», – дейді. Сосын: «Кісінің кісілігі, білім-білігі адамды сүйе білуімен өлшенсе керек. Адамды сүю деген не? Ол – жанның тазалығы, жүректің жомарттығы. Жамандыққа бейім жанға махаббат жат.
Алдыңа әкеп ием алтын басымды,
Сенен басқа бағаласын оны кім?.. –
дейтін Баймаханбет бауырым кісі екен, ер екен. Сүйе білген адамның бәрі сыйлауға татиды. Баймаханбеттің ана туралы, махаббат туралы өлеңдері – өзінің тұлғасын өсіретін, өзгенің құрмет сезімін туғызатын шынайы, иманды сырлар», – деп толғанады.
Міне, біздің Баймаханбеттің ақындығы туралы ой-пікірлер осылай өріледі. Ешкім ілтипатты, шынайы бағалауды сатып ала алмайды. Ал Баймаханбеттің ақындығы жөнінде сол өнердің биігіне көтерілген айтулы ақын ағаларының бөгелместен ақтарыла ой айтуы және олардың бірін-бірі толықтырып, тереңдетіп жатуы, шын мәнінде, оның өзіндік қолтаңбасы мен үні, өзіндік дүниетаным кеңістігі мен көркемдік әлемі қалыптасқан ақын екендігін айғақтай түссе керек.
Әрине, талантты ақынды тануы үшін мәдениетті оқырман оның туындыларын оқуы қажет. Шынайы ақынға әсіре қызыл сөздің де, жалған мадақтың да еш қажеті жоқ. Кітабы қолыңызға тиіп, оңашада парақтағанда, ойыңызға ой қосып, көңіліңізді сәулелендірсе, адамдық ізгілікті бойыңа сіңіріп, өмір-тіршіліктің мейлінше күрделілігін, ақ пен қарасы тең түсіп жататындығын алдыңа тосса, мынау ғаламның шексіз сұлулығы мен туған жерден артық өлке жоқтығына иландырса, сөйтіп сырлы сезімдерімен бөлісіп, жан дүниеңізді жақсылыққа, үмітке, сенімге кенелтіп жатса, одан артық бақыт жоқ. Біз білгенде, өзге талантты ақындар сияқты Баймаханбеттің де миссиясы осында. Өлеңдерінің оқылғанын қалайды. Сондықтан да, ешкімге міндетсінбейді, «мен ақынмын» деп көкірек кермей, тынымсыз ізденеді, жұмыстан тыс уақытта түн қатып, өзі мен байтақ әлемді, халқын, туған ауылын бетпе-бет қойып, мазасыз күй кешеді, ойланады, толғанады. Әйтеуір көпшілік қазір бағасын білмей жатқанмен, жақсы өлеңнің жерде қалмасына бек сенеді. Сол себепті де, ең алдымен, мәдениетті оқырманды Баймаханбеттің өлеңдерін оқуға шақырар ем. Сонда ғана оның қаншалықты өрелі, өзіндік ойы, сырлы сезімі бар ақын екенін таныр еді.
Қай ақынның болмасын, өмір-тағдырында таңғаларлық қызық жайлар кездесіп отырады. Баймаханбеттің өмір жолында біз аңғарғанда сондай бір ерекшелік-сипат бар екен. Әрине, өмір жолы оңай болмаған. Әкесінің бастауыш мектепте оқып жүргенде қайтыс болуын тағдыр ісі дегенмен, шешесі Лайық ағасы екеуіне жетімдік көрсетпеген. Ел қатарлы орта мектепті бітірген. Мектепте жүріп-ақ республикалық басылымдарда мақалалары жарияланып, тілші бала атануы, сол кездегі «Қазақстан пионері» газетінің бастамасымен «Атлантида жаңғырығы» атты фантастикалық повесть-бурименің үшінші тарауын жазуы, онысының газеттің бір бетіне тұтас күйінде жариялануы, «Достықта жоқ шекара» атты республикалық шығармашылық байқауда «Алау» әңгімесі үшін жүлделі бірінші орынды иеленуі, сөйтіп есімінің дүркіреп танылуы мен албырт көңілде «журналист болсам» деген арманның маздай жануы – бәрібір оның онжылдықты бітіре сала ауылдан ұзап шығуына мүмкіндік бермеген тәрізді. Ауылда жұмыс істеп, одан соң Қиыр Шығыстағы Приморье өлкесінде әскер қатарында міндетін атқаруды маңдайына жазыпты. Әскерден келген соң, он жылдың шамасында көлік жүргізушісі болған. Бізді бір таңғалдырған жай осы еді.
«Апыр-ау, он жыл машина айдап жүріп, поэзиядан неғып қол үзіп кетпеген?» деп ойлайсың. Иә, Баймаханбет өлең жазудан сонда да қол үзбеген. Өйткені, поэзияға құштарлық бала күнінен қанына сіңіп, өлең Баймаханбетке, ол өлеңге айналған еді.
Тұтастай алғанда, Б. Ахметтің шығармашылығы, оның әрбір жаңа кітабы рухани қазынаға толы. Алпыс деген мәртебелі жасқа жеткен ақынның оқырман алдында жүзі жарқын, болмысы биік, шығармашылығы жемісті десек, ешкім шәк келтіре қоймас.
Тағы бір айта кетерлігі, оның журналистігі – өз алдына бөлек әңгіме. Баймаханбет Ахметтің қаламы қарымды майталман журналист екендігін көпшілікке айтып жатудың өзі артық. Мектеп қабырғасынан басталған жазуға құштарлық 1987 жылы Талас аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетіне әкеліп, журналистік қызметтің барлық сатысынан өткізсе, 1997 жылдан бастап Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде тілші, жауапты хатшының орынбасары, «Руханият», «Әлеумет», қазірде «Саясат» бөлімін басқарып, жемісті еңбек атқаруда.
Иә, алпысқа кім келмейді?! Жаратқан ғұмыр берген пенденің бәрі келеді. Бірақ, кім қалай келеді? Мәселе сонда. Бұл ретте журналист, ақын Баймаханбет Ахметтің оқырманның, жұртшылықтың алдында еңсесі биік екен. Ақындық өнерге адалдығын танытып, талмай ізденіп, ойын он санға бөліп жазып келеді. Жазар көбейсін!
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, филология ғылымдарының докторы, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың профессоры.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді