«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ширек ғасырдағы басты жетістіктің бірі

Ширек ғасырдағы  басты жетістіктің бірі
ашық дереккөз
Ширек ғасырдағы басты жетістіктің бірі
'- кәсіби техникалық білім беру жүйесінің дамуы Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жағдайына қарап, шүкіршілік айтасың. Себебі, көпшілік тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңнің ауыртпашылығын әлі ұмыта қойған жоқ. Тоқырау кезеңінің салқыны білім саласына да тиген-ді. Алдымен, балабақшалар жабыла бастады. Кейіннен кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындары қысқарды. Бұл сатылы түрде жүргізілетін үздіксіз білім беру үдерісі үзіліп қалғандай кезең еді. Қазақстанның тәуелсіздігін жариялап, нарықтық экономикаға көшіп, қоғамның даму бағыты қүрт жаңаша арнаға ауысқан шақ техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің қайта құрылымдау кезеңі болды десек, қателеспейміз. Сол жылдары Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы және «Білім туралы» Заңы да қабылданды. Бұрынғы кәсіби-техникалық мектеп лицейге, ал техникумдар колледждерге айналды. 1991-1999 жылдар аралығындағы экономикалық дағдарыс жаңа реформаның табысты жүзеге асуына кедергі келтірді. Әлеуметтік түйткілдер және еңбек нарығындағы тоқырауларға байланысты кәсіби-техникалық лицейлерге деген сұраныс төмендеді. Ешкім жұмысшы мамандығын алуға ұмтылмады. Себебі, сол кезеңде жалақы алатын жұмыс – мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінде ғана болды. Жастар жаппай педагог мамандығын таңдайтын болды. Кешегі техникалық білімі бар мамандардың өзі сырттай оқып алып, сағат алып, сабақ берді. Тоқсаныншы жылдардың басында елімізде кәсіби-техникалық оқу орындарының саны 471 болса, 1998 жылы соның 302-сі ғана жұмыс істеп тұрды. Оның 97-сі ауылдағы бұрынғы училищелер еді. Деректерге сүйенсек, сол жылдары кейбір жекелеген облыстарда кәсіптік-техникалық оқу орындары тым көп жабылған. Мәселен, Қарағанды өңірінде – 16, облысымызда – 9, Қостанайда – 10, Солтүстік Қазақстан облысында – 5 оқу орны қысқарған. Ал техникалық мамандық алуға ұмтылғандар саны 225 мыңнан 2,5 есеге кеміді. Дайындалған жұмысшылардың саны 146 мыңнан 50 мыңға дейін азайды. Осылайша кәсіптік-техникалық оқу орындары дағдарысқа ұшырады. Колледждер мен кәсіптік лицейлерде оқитындардың орны мектептерде үлгерімі нашар, тәртіп бұзған оқушылар есебінен толықтырылды. Мұндай қадам жабылудан аман қалған азын-аулақ арнаулы орта білім беретін оқу орындарының әрі қарай жұмыс істеуі үшін керек болды. Дегенмен, бұл жылдарда кәсіби-техникалық оқу орындарын бітіргендер жұмыс таба алмай жатқанымен, жаңа меншік иелері өз шаруашылықтарын жүргізу үшін жұмысшыл мамандар іздеп жүрген еді. Яғни, дағдарыс кезеңінде білікті маманға деген сұраныс артпаса, төмендемейтіні айқын көрінді. Сол себепті, сала мамандары саннан гөрі сапаға мән беру қажеттігін түсінді. Білікті әрі сұранысқа ие жұмысшы мамандығын даярлау тығырықтан шығудың бірден-бір жолы еді. Экономикалық дағдарыстан шығудың сан салалы тәсілдері іздестірілді. Нарықтық экономиканың талабына бейімделу процесі жүргізілді. Біріншіден, оқу-материалдық базасы нашар оқу орындары базасы жақсы оқу орындарымен қосылды, яғни оқу орындарының санының кемуі сапалық өзгерістерге жеткізді. Кәсіптік лицей ұжымдары еңбек нарығына қандай мамандар қажет екенін зерттеді, оларды анықтады, сапалы түрде дайындауға кірісті. Қысқа мерзімде 70 жаңа мамандық түрлері пайда болды. 1991-1999 жылдар аралығында экономикалық дағдарыс орта буын мамандар дайындайтын колледждерді де қамтыды. 1990 – 1991 оқу жылында колледждерде орта есеппен 247 мың студент оқыса, 1999 – 2000 оқу жылында 142 мыңға кеміді. Колледж бітіргендердің жұмысқа орналасуы қиынға соқты. Техникалық білімі бар мамандарға сұраныс азая бастады, жұмыс берушілерді кеңестік жүйе бойынша білім алғандардың біліктілік дәрежесі қанағаттандырмады. Дегенмен, тоқырау кезеңінде оқыту үдерісін уақыт талабына сай үйлестіріп, жұмысын тоқтатпаған колледждер де болды. Алайда, олар әр өңірде бірен-саран ғана болатын. Олар еңбек нарығының талабын түсіне біліп, оған бейімделудің жолдары үшін күресті. Сол аздың қатарында Жамбыл политиехникалық колледжі де бар еді. 1999-2008 жылдар аралығында орта кәсіби білім саласына қатысты 100-ге жуық нормативтік-құқықтық актілер жарияланды. Техникалық және кәсіби білім стандарты жасалынып, оқулық және оқу-әдістемелік кешендер дайындалды. Барлық өңірде аймақтық сұранысқа ие мамандықтар тізбесі зерделеніп, арнайы бағдарлама жасалды. Соның нәтижесінде 2005 – 2007 оқу жылдарында кәсіптік -техникалық оқу орындарында білім алған 105 мың түлектің 19,4 пайызы ауыл шаруашылығы, 19,7 пайызы қызмет көрсету, 24,2 пайызы өнеркәсіп, 13 пайызы құрылыс салаларына маманданды. Елбасы шағын және орта бизнесті дамытуға мән беріп, өңірлерде өнеркәсіп орындары көптеп ашыла басталғалы бері кәсіптік техникалық білім беретін оқу орындарына деген сұраныс арта бастады. Өйткені, еңбек нарығында техникалық білімі бар мамандардың тапшылығы қатты сезіле бастаған еді. Сондықтан, арнаулы орта және жоғары білім беретін оқу орындарына техникалық мамандықтарды оқытуға басымдық беру туралы тапсырма берілді. Соның арқасында әр оқу орны материалдық жағдайы және оқытушылар құрамына қарай бағыттарға бейімделіп, мамандар даярлауға көшті. Бұл колледждердің қайта өрлеу кезеңі еді. Политехникалық колледж негізінен техникалық мамандықтарға даярлауға басымдық береді. Колледжде оқытушылар құрамын жасақтауда сапаға үлкен мән беріледі. Оқу орнында бір ғылым кандидаты, 21 магистр, 91 жоғары және бірінші санатты мұғалім жұмыс істейді. Қызметкерлер біліктіліктерін үнемі жетілдіріп отырады. Оқу орнының материалдық-техникалық базасы оқу бағдарламасының талаптарына сай жабдықталған. Колледжде теориялық білім беру, оны тәжірибе жүзінде қолдануға қажетті жағдайлар жасалған. Оқыту үрдісінде тәрбиелік жұмыстарға баса мән беріледі. Облыстық білім басқармасы, колледж басшылығы және оқытушылардың білікті маман даярлау жолында бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде оқу орнымыз еліміздегі 10 базалық колледждердің қатарына енді. Колледждің 2014 жылы «Техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту» жобасы аясында механикалық өңдеу, бақылау-өлшеуіш аспаптары және техникалық базаны жаңғыртуы, былтырдан бастап химия технологиясы және өндірісте жүмыс істейтін мамандарды германдық және австралиялық жаңа бағдарламамен оқытуға көшуі үздіктер сапына қосылуына себепкер болып отыр. Кәсіптік-техникалық оқу орындарының дамуы – тәуелсіздіктің жемісі. Себебі, 25 жылдың бедерінде білім берудің осы сатысына қандай өзгеріс енгізу қажет екенін айқын түсіндік. Нарықтық кезеңде сұранысқа ие мамандықтарға талдау жасадық. Теориялық біліммен қатар практикалық білімнің де аса қажет екенін зерделедік. Бастысы, әлемдік тәжірибелерді сүзгіден өткізе отырып, отандық кәсіптік білім беру жүйесін қалыптастырдық. Ескі үдерістен арылдық.

Сәуле Тұрғынбекова, Жамбыл политехникалық колледжінің оқытушысы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар