Ынталыға тірлік табылады

Ынталыға тірлік табылады
ашық дереккөз
Ынталыға тірлік табылады
Жастардың жергілікті жерде жұмыстың жоқтығын сылтауратып Астана мен Алматыға, басқа да құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан қалаларға кетіп жатқаны көп. Расында да ел болашағы деп жүрген жастарымыз екі қолға бір жұмыс таба алмай жүр ме? Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алған мәліметке қарағанда, «жастарға жұмыс жоқ» деген жай сөз сияқты. Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының талаптарына сәйкес, жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті органдар өтініш білдірген жұмыссыз азаматтарды тіркеуге алып, оларды әлеуметтік қолдаудың белсенді шараларымен қамтамасыз етеді. Оның ішінде өтініш білдірген 16-29 жас аралығындағы жастарға басымдық берілген. Олардың жайына келсек, бүгінгі күнге дейін жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті органдардың ықпал етуімен 29 жасқа дейінгі жастардың 2807-сі жұмысқа орналасыпты. Оның ішінде 693-і жергілікті бюджет есебінен «Жастар тәжірибесі» бағыты бойынша жұмысқа жіберіліпті. Бұдан бөлек 636-сы ақылы қоғамдық жұмыспен, 16-сы жергілікті бюджет есебінен кәсіптік оқуға жолдамамен қамтылған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 1905 жұмыссыз азаматпен әлеуметтік келісімшарт жасалса, оның ішінде 987-сі (752-сі ауылда тұрады) – жастар. Бағдарлама бойынша 401 жас азамат бос тұрған және жаңадан ашылған жұмыс орындарына орналасса, 22-сі бірінші бағыт бойынша жөндеу жұмыстарына қатысып, 5-еуі шағын несие алып, 2-еуі өздерінің кәсібін ашыпты. 143 жас кәсіптік оқытуға, 128-і әлеуметтік жұмыс орындарына және 288 түлекке «Жастар тәжірибесінен» өтуге жолдама берілген. Жұмыссыздарды жұмыспен қамтуда бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің де тигізер пайдасы зор. Соның нәтижесінде екі қолға күрек тауып жатқандар аз емес. Биылдың өзінде облыс бойынша 28 рет өткізілген осындай шаралар барысында 567 жұмыс берушіден 1350 бос жұмыс орнына ұсыныс түскен. Жалпы жәрмеңкелерге қатысқан 3263 жұмыссыз азаматтың 734-і 16 мен 29 жас аралығындағы азаматтар болып отыр. Тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған 429 азаматтың 109-ы жастар көрінеді. Жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын ақылы қоғамдық жұмыстарға жолдама берілген 438 жұмыссыздың 86 - сы, әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған 172 адамның 43-і - жастар. «Жастар тәжірибесіне» 261 қыз бен жігіт жіберіліпті. Уақытша мерзімдік жұмыстарға жолдама берілген 133 адамның 71-і де жастар қатарынан. Оларды жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі облыс бойынша 2014 жылы 5,2 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендеген. Мәселе жастардың жұмыспен қамтылуы туралы болғандықтан, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаевтың да пікірін білуді жөн көрдік. – Біздің басқармамен облыстық, Тараз қалалық және аудандық «Жастар ресурстық орталықтары» бірлесе отырып, жергілікті жерде жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жалпы білім беру, орта арнаулы және жоғары оқу орындарын бітірген жастардың жұмысқа орналасуы бойынша олармен адрестік жұмыстар жүргізудеміз. Сонымен қатар, жергілікті жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің қатысуымен жастардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу мақсатында 30-ға жуық кездесулер, семинар-тренингтер және «дөңгелек үстел» отырыстары өтті, – деді ол. Облыстың өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында мемлекеттік жастар саясатын бағалау индикаторына 15 пен 28 жас аралығындағы жастардың жалпы санында «NЕЕТ» үлесі көрсеткіші енгізіліпті. Оқу бітіргеннен кейін 6 ай көлемінде жұмыс жасамаған және мүдделі мемлекеттік органдарда тіркеуге алынбаған «NЕЕТ» жастар үлесін анықтау және олардың базасын жасақтау жұмыстары жүргізілген. Мәселен, Байзақ ауданы бойынша 39 «NЕЕТ» жас анықталса, Жамбылда – 123, Меркіде – 77, Қордайда – 25, Мойынқұмда – 73, Т.Рысқұловта – 108, Шуда – 193, Таласта – 58, Жуалыда – 87 және Сарысу ауданында 101 жас анықталып, тіркеліпті. Ал Тараз қаласында «NЕЕТ» жастар базасы жасақталмаған әрі бұл тұрғыда тиісті жұмыстар жүргізілмепті. Адрестік жұмыстардың нәтижесінде Жамбыл ауданында 7 жас жұмысқа орналасса, Меркі ауданында бір жас азамат жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген. Қордай ауданында бір жас «Жастар тәжірибесі» бағыты бойынша жұмысқа жолданса, Шу ауданында жастарға мемлекеттік бағдарамалар туралы түсіндіріліп, нәтижесінде 25 жас уақытша және тұрақты жұмысқа тартылған. Ал Т.Рысқұлов ауданында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 30 жас азамат жұмыссыз ретінде аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, 3-еуі жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, Талас ауданында да жастармен жүргізілген жан-жақты жұмыстардың нәтижесінде 2 жас қоғамдық жұмысқа тартылып, 4 жас жұмыссыз ретінде тіркеліпті. Жеке шаруашылық құрылымдарда 8 азамат еңбек етуде. Сарысу ауданында 10 жас азамат «Жасыл ел» еңбек жасақтары құрамында жұмыс істеуде. Басқарма тарапынан жастарды жұмыспен қамтуда бұдан басқа да атқарылып жатқан жұмыс аз емес көрінеді. Е.Құралбаевтың өзі де жоғары және арнаулы оқу орындары студенттері алдында дәрістер оқып, өңірде салынып жатқан өндіріс ошақтарының мамандарға деген сұраныстарын еске салып, «Дипломмен – ауылға», «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін айтады. Облыстық екі бірдей басқарма тарапынан жастарды жұмыспен қамту үшін осындай ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл өңірде 8 индустриялық-инновациялық жоба жүзеге асады. Ондағы өндіріс ошақтарынан жүздеген жұмыс орындары ашылады. Өңір жастары сол жерде еңбектің тайқазанын неге қайнатпасқа? Тағы бір ойға оралатын жай – жастарымыздың өз беттерінше жұмыспен қамту орталықтарына жұмыссыз ретінде тіркелуге құлықсыздығы, кәсіпорын, мекемелерге жұмыс іздеп бас сұға бермейтіндігі. Сосын «жалақысы аз» деп базбір жұмыс берушілер ұсынған жұмыстан үзілді-кесілді бас тартып та жатады. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі туралы сөз қозғағанда, зейнеткерлікке шықса да әлі жұмыс істеп жүрген үлкен кісілер еске түседі. Олардың Отан алдында да, отбасы алдында да еңбектері зор. Енді зейнеткерлік жасқа аман-есен жеткендеріне шүкіршілік етіп, орындарын балаларына, немерелеріне бергендері жөн. Өйткені, қай еңбек ұжымында болмасын мемлекеттік зейнетақыны да, жалақыны да алып отырған ерлер арасында 63 жастан, әйелдер арасында 58 жастан асқан зейнеткерлер бар. Егер осы мәселе меншік түріне қарамай барлық мекемелерде қолға алынса, жастарды жұмыспен қамту түбегейлі шешілмесе де әжептәуір септігін тигізері анық.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар