ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ
Елімізде егемендік алған жылдары 2,5 мың шақырым темір жол салынды Бүгінде Қазақстан темір жолдарымен 80 вагонға дейін тіркелген пойыздар легі тәулік бойы зымырап өтіп жатыр. Ол вагондарда жолаушылардан бастап, еліміздің иен байлығы, транзиттік, экспорттық жүктер ерсілі-қарсылы тасымалдануда.
Темір жол магистралі бұрын тек қазба байлықтарын шығаратын алқаптарды аралап өтетін. Сол себепті КСРО тарағаннан кейінгі алғашқы жылдары біз Ресейге тәуелді күйде қалғанбыз. Себебі, магистральдың бағыт-бағдары тек Мәскеуге бет түзеген еді. Сонымен қатар, жергілікті ахуал еленбеген, ескерілмеген. Ұлы даламыз ол кезде тек шикізат өндіретін алқап саналды. Мұнда темір жолға қажетті еш нәрсе шығарылмады, материалдардың барлығы көрші мемлекеттен тасымалданатын. Осындай жағдайдан соң тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ақтөбемен іргелес Қостанайға бару үшін Орынбор айналып өтуге тура келді. Егемен ел болсақ та, екі-үш кеден сүзгісінен өтетін халге түстік. Шығысымызда да осы ахуал. Павлодардан Семейге, Өскеменге бара алмай қалғанбыз. Пойыздарымыз Ресейдің аумағында сағаттап емес, тәуліктеп тұратын.
Бұл қиындықтарды шешу үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаев салаға мол қаржы бөлдірді. Жаңа темір жол үзіктері салынды. Жаңа жолдарға рельс, шпалдар жетіспегендіктен, ескі разъезд жолдарын түгелімен көтеріп жаттық. Былайша айтқанда, Түрксіб болат жолын қайта салу басталды. Сөйтіп, Қостанай мен Ақтөбенің арасы жалғасты. Ол жол «Хромтау–Алтынсарин» аталды. Ал шығысымыздағы Павлодардан Семейге Ақсу – Дегелең тауына 147 шақырымдық жол салуға жерлесіміз Қалтай Самбетов басшылық жасады.
Бұрын Өскеменнен оңтүстікке келетін пойыздар Локоть – Шынтақ стансасындағы кеден бекетіне тоқтайтын. Ол мәселеден құтылу үшін Шар мен Защита аралығын қосу жұмыстары қолға алынды. Оған «Досжан» акционерлік қоғамы қаржы бөлді. Темір жолдың өзі де «Досжан» аталды. Сөйтіп, біздің пойыздар Ресейге соқпайтын болды және Алтай өлкесі мен Жетісудың арасы 150 шақырымға жақындай түсті.
«Алтынсарин – Хромтау», «Ақсу – Дегелең» үзіктерінен соң 1,5 мың шақырымдық «Жезқазған – Бейнеу» стансалары арасын қосу мәселесі көтерілді. Бұл бағыт бұрын-соңды ешкім бет бұрмаған қазақтың сайын даласы болатұғын. Құмды алқап, елсіз, күйсіз өлкеге осылайша жан бітті. Орталық Қазақстандағы Жезқазғанды кіші Арал аймағындағы Сексеуіл стансасы, одан әріректегі Шалқар мен Бейнеу тараптарын қосу екі жақтан бірдей басталып, ол жұмыс 3-4 жылда тәмамдалды.
Ал Алматыдан Ақтауға қатынайтын «Алматы–Маңғышлақ» пойызы бұрынғыдай Қандыағаш, Мақат стансаларына беттемей, Шалқар арқылы Ақтауға тіке бет түзейтін болды. Мұнайлы Жаңаөзен қаласынан Түрікменстан шекарасына дейінгі 200 шақырым қашықтыққа да болат жол салынды. Одан әрі Иран, Парсы шығанағы, Горган қаласына да пойызбен бара алатын болдық. Қазақстандағы вагондарға тиелген жүк Парсы шығанағы арқылы теңіз көліктеріне артылып, жұмыр жердің кез-келген портты еліне жетеді деген сөз.
Баса айтқым келетіні, бұрынғы одақтас республикалар арасында егемендік алған соң 2,5 мың шақырымдық темір жол салған бірде-бір мемлекет жоқ. Ал біз тәуелсіздік жылдары аралығында «Жезқазған–Сексеуіл», «Шалқар – Бейнеу», «Алтынсарин – Хромтау», «Ақсу – Дегелең», «Шар –Өскемен», «Шұбаркөл –Арқалық», «Жетіген – Қорғас», «Жаңаөзен – Түрікменстан» үзіктерін салдық. Бұған қоса, Алматы мен Шу аралығындағы сыңар сүрлеуге екінші тақ сүрлеу магистралі қосылып жатыр. Қос сүрлеу жол биыл жарыса пойыздар өткізбек.
Темір жолдардан өзге жолаушыларды тасымалдайтын «Тұлпар Тальго» жүйрік вагондарын жасап, олар Алматы–Астана–Шымкент аралығында жүйткіп жатыр. Шу қаласында тепловоздар шығаратын зауыт өнім шығаруда. Қостанай, Атбасарда электровоздар құрастырылып, ал Ақтөбеде ұзындығы 100 метрлік рельс жасау қолға алынды. Тіпті, бұл өнімдер экспортталып та жатыр.
Осылайша, тәуелсіздік жылдары аралығында темір жол саласында айтарлықтай ауқымды жұмыстар жасалып, елдің еңсесін тіктей түсті.
Әбдуәлі Данаев, доцент, байырғы теміржолшы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді