Діни ахуал әрдайым назарда

Діни ахуал әрдайым назарда
ашық дереккөз
Діни ахуал әрдайым назарда
Дін – кез-келген мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының, қоғамдық-саяси ахуалының басты өлшеуіш құралдарының бірі екені анық. Діни тұрақтылық – бүгінгі күні әрбір қазақстандықтың тыныш өмір сүруінің бірден-бір себебі. Қазіргі таңда шартарапты шарпыған діни экстремизм мен терроризмнен келген зардаптарды адамзат баласы шегіп отыр. Осындай теріс пиғылды түрлі ағымдар мен топтарды жою жолындағы күрестің оң нәтижелері де жоқ емес. Соның ішінде Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан жасалған мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы облысымызда да бірқатар игі істер атқарылуда. Бұл туралы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат мәжілісінде облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров баян етті. Діни ахуалды баяндаған ол облыста мемлекеттік тіркеуден өткен 11 конфессиядан тұратын 323 діни бірлестік пен филиал қызмет атқарып жатқанын айтты. Оның 278-і мешіттер болса, қалғаны христиан діни бірлестіктері мен филиалдарына тиесілі. Аталған мешіттердің 260-сында бұйрықпен бекітілген имамдар қызмет атқарады. Ал 21 мешіт имамдарсыз жұмыстарын жалғастыруда. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда азайғанын айтқан басқарма басшысы өткен жылы 18 мешітке имамдар жұмысқа орналасқанын алға тартты. Сондай-ақ, ол үнемі жастарды имандылыққа баулу жолында семинар-тренингілер, кездесулер өткізіліп, дәрістер оқылып тұратынын жеткізді. Жангелді Жайлауұлының айтуынша, бүгінгі таңда облыс аумағында 8 азамат миссионерлiк қызметті жүзеге асыруда екен. Оның 1-еуі Солтүстік Қазақстан облысынан, 7-еуі шетелдіктер. Атап айтар болсақ, 4-еуі Корея Республикасынан, үшеуі Германия, Италия мен Египетке тиесілі. Осы уақытқа дейін аталған азаматтар тарапынан заң бұзушылық деректері орын алмаған. Египеттен келген азамат «Һибатулла Тарази» медресесінде араб тілінен сабақ берсе, қалған миссионерлер шіркеулерде діни қызметпен айналысады. Олардың діни қызметтері басқарманың тұрақты бақылауына алынған. – Зерделеу жұмыстарының қорытындысы аудандардағы ауыл әкімдерінің жұмыстарында діни ахуалды қалыптастыруға нақты бетбұрыс жасау қажеттілігін көрсетеді. Мәселен, Байзақтағы Жаңатұрмыс, Көктал, Сазтерек, Түймекент, Жамбылдағы Гродеково, Көлқайнар, Қарой, Қызылқайнар, Жуалыдағы Көкбастау, Қошқарата, Қордайдағы Қарасу, Қордай, Ноғайбай, Меркідегі Ақермен, Сарымолдаев, Мойынқұмдағы Кеңес, Биназар, Қызылотау, Қызылтал, Т.Рысқұловтағы Абай, Көкдөнен, Қарақыстақ, Қорағаты, Луговой, Новосел, Өрнек, Тереңөзек, Сарысудағы Жаңарық, Қамқалы, Таластағы Ойық, Қаратау, Қызыләуіт, С.Шәкіров және Шу ауданына қарасты Алға, Балуан шолақ, Бірлік, Далақайнар, Көкқайнар, Көктөбе, Қонаев, Тасөткел, Шоқпар ауылдық округтері көпшілігінің әкімдері мен жауапты қызметкерлері бірнеше рет көрсетілген көмек, өткізілген семинарлар мен ұсыныстарға қарамастан, мемлекеттік бағдарламалардан бейхабар және облыстық іс-шаралар жоспарларымен мүлдем таныспағандығы, мән бермеуі ойландырады. Бұл ауылдық округтердің кейбірінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мүлдем жүргізілмей отыр. Сол себепті барлық аудандарда, республика бойынша пилотты түрде «Жастар орталықтары» жанынан «Дін істері бойынша» арнайы секторлар ашу ұсынылған болатын. Аталған секторлардың қызметі тікелей дін мәселелеріне байланысты болуына орай міндетті түрде дінтанушы мамандарды жұмысқа тарту, діни бағыттағы жастардың сұранысына жауап бере алатын мамандарды алу белгіленген. Қазіргі уақытта облыс бойынша ашылған секторларға 27 штаттық бірлік бөлініп, оған бүгіннің өзінде 20 маман жұмысқа тартылған. Алайда бұл мамандардың басым көпшілігі өзге саланың мамандарынан құралып отыр, – деген басқарма басшысы жастардың радикалды идеяға бой алдыру себептерінің қатарына әлеуметтік және материалдық қорғаусыздығы, психологиялық жетілмеуі, біреудің пікірінің жетегінде кетуі, жастық максимализм мен діни сауатсыздығын жатқызады. Осы және де басқа себептермен жастардың бір бөлігі шетелдік теологиялық оқу орындарына шығу фактілері біздің облысымызда да кездеседі. Атап айтар болсақ, қазіргі кезде облыстан шетелге шыққан азаматтардың саны 32 адамға жеткен. Оның басым бөлігі Қордай ауданынан (22 адам). Аталған мәселені шешу мақсатында Қордай ауданынан арнайы Құран оқыту орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп, қажетті құжаттары толығымен әзірленген. Дегенмен, прокуратура органдары тарапынан орталық жұмысын бастауға арнайы лицензия болмауына байланысты келісім берілмеуде. Бұл мәселе ҚР Мәдениет және спорт вице-министріне жеткізіліп, нәтижесі күтілуде екен. Баяндаманы мұқият тыңдаған Кәрім Нәсбекұлы аудандардағы келеңсіздіктерге көңілі толмайтынын жеткізді. – Қазір террорлық қауіптің күшейіп тұрған кезі. Әлемді шарпыған бұл қатердің біздің елімізді де айналып өтпегенін байқап отырмыз. Ақтөбедегі, Алматыдағы жағдайлар бізге сабақ болу керек. Жаңағы аудандардағы ауылдық округтердегі кемшіліктердің соңы жақсылыққа апармайды. Осының бәрін біліп отырған аудан әкімдері, оның орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары және басқа да тиісті орындар неге өз істеріне тиянақтылықпен қарамайды? Ауыл әкімдері ауылға кім келіп, кім кетіп жатқанын жіті бақылауда ұстау керек. Шетелде оқып жатқан балалардың ата-аналарымен, мүмкіндік болса өздерімен де нақты жұмыстар жүргізіп отыру қажет. Жастар мәселесі бұл ретте алдыңғы қатарда тұру керек. ҰБТ-дан шекті балды жинай алмай қалған түлектермен де тиісті жұмыстар жүргізіп отыруға міндеттіміз. Олардың бос уақытын тиімді өткізуге бағыт-бағдар көрсетіп, жұмыспен қамтылуына қолұшын беру керекпіз, – деді облыс басшысы. Облыс әкімі бірқатар аудан әкімдерімен онлайн режімінде байланысқа шығып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрады. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің білім және жастар саясаты мәселелері басқармалары басшыларының, жоғары оқу орындарының ректорларының, облыс әкімдігі жанындағы «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» басшысының есебін тыңдады. Сондай-ақ, жиын барысында жуырда ғана «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құлмұхаммедтің төрағалығымен өткен кеңесте көтерілген мәселелер бойынша партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік жан-жақты баяндады. Жиын соңында Кәрім Көкірекбаев барлық жамбылдықтарды Риода өтіп жатқан Жазғы Олимпиада ойындарында дзюдошы Елдос Сметовтің күміс медаль иеленгендігін қуанышпен жеткізіп, жерлес спортшының ортақ жеңісімен жиналғандарды шын жүректен құттықтады.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар