Көшесімен Пушкиннің... Абайға дейін
(Дос күнделігінен көшірілген хикаят)
(Жалғасы. Басы өткен санда).
25 август 1955 жыл.
...Масқара болдық! Моральдық жағынан өлдік. Басқаша айту мүмкін емес. Бәрі де болмашы нәрседен басталды.
...Бұрнағы күні кешкі астан соң Жамалбай екеуміз үйіміздің іргесіне қойылған ұзын, қарағай шайырының иісі аңқып тұрған жаңа тақтай орындықта әрнені бір айтып отырдық. Тып-тынық, қоңырқай кештің өзі әңгімеге бейімдегендей еді. Оның үстіне күні бойғы жұмыстан шаршағанға салқын, шып-шымыр, тірі ауа қандай жағымды. Қызыл іңірде ызыңдаған масаның да көп кешікпей үні өшті. Айнала әбден толып, өз шарасына өзі сыймастай толықси туған айдың жарығымен ап-анық, шаңқиған күндізгіден гөрі біртүрлі жұмсақ көгілдірлеу бозғылт реңмен әдемі көрінеді. Ал алыстан, батыс көкжиектен оның мойнына тағылған маржандай боп электрдің майда шамдары әлсіз жыбырлап жылтырайды. Ол Шайдананың шамдары. Сол ауылда тұрып, қызылшалықта жұмыс істеп жүрген біздің қыздар болып көз қыса ма, қалай?.. Қыссын-қыспасын, бағана, ымырт жабыла қалалық «аристократтарымыз» түгел, оларға қосылған бірен-саран ауылдықтар «помкомвзводқа» бекітілген жәшік арбаға улап-шулап тола мініп, қыздарға, танцыға тартқан. Онда мен де бір мәрте барғам. Бірақ билегем жоқ. Өйткені билеуді білмеймін, оның үстіне басқа кейбір «нахальныйлау», кепканы баса киіп бір езуге папирос қыстыруды да ұмытпайтын жігіттер құсап қоразданып әлі бейтаныстау қыздар жағын киіп-жару да ыңғайсыздау ғой...
Танцыны, яки биді, басқа да түрлі ойын-сауықты ұйымдастыратын да сол Сағидың өзі. Мандолин тартатын оған мойны ырғайдай ұзын, ақшыл беті аядай ғана Өлмес көмектеседі. Ол керемет баянист екен.
Әйтсе де мені Шайдана оншалықты қызықтыра қойған жоқ. Жай демалғанды немесе кітап оқығанды қалағам...
– Әдебиетке қалай қарайсың? – деп қалған Жамалбай менің ойымның желісін үзіп жіберді.
– Қалай қараушы ем?.. Дұрыс қараймын.
– Өлең жазасың ба?
– Жоқ. Арғынбай жазады.
– Арғынбай деген кім?
– Досым, бір ауылданбыз. Ол да студент.
– Ондайды естімеппін.
– Естімейсің, ол мұнда жоқ. Біз жүрердің алдында температурасы қатты көтеріліп, докторлар ауруханаға жатқызып тастады... Жазыла салысымен жетеді. Таныстырам... Ал өзің өлең жазушы ма ең?
– Иә, аздап... – деді Жамалбай ұрлығы әшкере болған жандай ұяла қымсыныңқырап. – Мектепте қазақ әдебиетінен сабақ берген Шона Смаханұлы ағайдың әсері... Ол белгілі сатирик–ақын ғой. Естуің бар шығар?
– Иә, газеттерден сондай ескіше фамилияны кездестірген сияқтымын.
– Дегенмен... сен де өлең жазатын секілдісің. Кейбір сөздерің...
– О-о, ондай қайда маған?!. Кейін сен Арғынбай екеуің Шона Смаханұлының бастауымен көп-көп өлең жазасыңдар, ә... ә... әлгі Сағи турайтын «Пионердің» нанындай емес, бәрімізге молынан жететіндей етіп!..
Екеуміз қосыла күлдік.
– Жарайды, үйге кірейік. Балалар ұйықтап қалған шығар, – дедім мен.
Бірақ бөлмедегі төртеу керосин лампаны сөндіргенмен ұйықтай қоймапты. Терезеден ай сәулесі төгіліп тұр.
– Ой, көзім ілінер емес. Бос қарын күндізгі ыстық түсіп кеткендей қызып барады, – деген зор денелі, бұрын екі жылдай колхоз жылқышысы болған Қапар астындағы төсеніштің сабанын сықырлата бір жағына дүңк етіп аунап түсті.
– Әнеугіде бәрімізді қарық қылған құртың таусылып қалғаны ма? – деді Жамалбай дәметкендей.
– Егер таусылмаса ендігі тәтті түстің екінші сериясын көріп жатпас па едім?.. Әй, ақымақпын ғой мен!.. Шешем толтырып ал дегенде болмастан жарты-ақ дорба алғам...
– Сен шынында да ақымақ екенсің, жігітім, – деп Өтеп нығарлап қойды, – сенің сол ақымақтығыңнан еш жазығымыз жоқ бәріміз зардап шегіп жатқанымыз мынау!..
– Иә-ә... құрт, қайран құрт... – деп тамсанды Жамалбай. – Бір жерден оқығаным бар еді, Шыңғыс ханның сарбаздары бір қоржын құрт болса болды, үш күн үздіксіз тоқтамастан шауып, қалаларды, тіпті, керек десең тұтас елдерді басып ала береді екен.
– Аһ, шіркін, тіпті, жарты-ақ құрт болса ғой, мен қазір оп-оңай Шайдананы да, ондағы қыздарды да алар едім! – деп алақанын шарт еткізді кішкентай Молдабай.
– Сен, балақай, ептеп кешігіп қалдың, Шайдананы біздің «аристократтар» алып қойды, – деді Қапар манаурай сөйлеп.
– Бос сөз! Ерунда!.. – Молдабай қиқарлыққа басайын деді. – Олар ештеңені де басып алмайды. Аяқтарымен тырп-тырп етіп площадканың шаңын бұрқылдата шығарады да, балақтарын былғап, бұралқы иттей қайта оралады. «Ақымақ бас аяққа тыным бермес» дейтін менің атам.
– Әй, қойшы соларды, – деді Қапар жүрелеп отырып алып. – Одан да мені тыңдаңдар... Бүгін қарауылдан естідім, осыдан үш километрдей жерде бақша бар екен. Рас, колхоздікі емес, жалға алған көрінеді оралдық казактар...
– Кім, кім?.. – деді Молдабай елеңдеп.
– Оралдық казактар.
– Кім олар, орыстар ма?
– Орыс сияқты, бірақ өздерін казак десе керек. «Тынық Дон» романынан шығарма жазбап па едің, балақай?
– Онда Дон казактары еді ғой, бас кейіпкері Мелехов – жартылай түрік.
– Ал мына бақшашылар – оралдық, ескіше де, біздіңше де, Жайық казактары.
– Е-е, міне, енді тоқтай қал, Жа-айық?.. – Молдабай енді тіпті екіленіп кетті. – Ол дегенің Пугачев қой! Иә, әрине, Екінші Екатеринаның өзіне қарсы шыққан, біздің қазақтар да қолдап қосылған Пугачев... Тарихта оның фотокарточкасы бар-тын...
– Фотокарточка емес, балақай. Қолмен салған сурет, – деп түзеді Өтеп.
– Мейлі, солай-ақ болсын. Маңдайында мына менікіндей кекілі бар болатын оның да!
– О-о, жігіттер, Пугачев Екінші ортамызда екен ғой!.. – деп күлді Жамалбай маржандай теп-тегіс тістері ақсия.
– Балақай-ау, сенде кекіл болғанмен, сақал-мұрт жоқ қой! – деді Өтеп Молдабайды түртпектеп.
– Олар қайда кетер дейсің?! Шығады да қаулап мен бірнеше Шайдананы қыздарымен қосып алғаннан кейін...
– Сөзді қойып, өнетін іске көшейік, – деді Қапар енді орнынан тұрып. – Ішегіміз шұрылдап жатқанша атқа қонайық та, казак бақшасына барайық.
– Сонда... ұрлыққа барайық деймісің? – дедім мен бірден жақтырмай.
– Ұрлығы несі?.. Біз жай әншейін... ептеп білдірместен... аздап қана аламыз, – деді Қапар күле сөйлеп. – Бізде басқаның бақшасына түскенді ұрлық емес, баланың шамалы шәлкестігі демеуші ме еді?.. Сен немене ондай жасамап па ең?
– Аздап болған ондай...
Есіме бұдан көп жыл бұрынғы оқиға түсе кетті: Кәрім, Асланби, Арғынбай, Тоқтасын, Қасым, Шералхан, Сейткерім тағы бірнеше майда бала дәл мынадай айлы түнде колхоз бақшасына түсіп, бірталай қауын-дарбыз алып, мықшыңдап кері қайта бастағанымыз сол еді – от жарқ ете қалып, мылтық гүрс ете түсті. Сол-ақ екен, ішіміздегі үлкеніміз Кәрім жан даусы шығып, бақырып жіберді. Кейін білсек, тарыдай ғана тұз бытыраның бірнешеуі дәл майқұйрыққа тиіп, қадалып қапты. Соның кесірінен екі-үш күндей мектепке келе алмады. Сабақтың өне бойында түрегеп тұру мүмкін емес қой...
– Сен, Пугачев, көкең Жамалбай екеуің қалып, базды қарауылдайсыңдар, – деді Қапар Молдабайға оның кекілін сипап.
Өзге төртеуміз баз маңында жайылып жүрген жылқыдан төрт атты ұстап алып, дәлізде жататын арқанның үзігімен ноқталадық та жайдақ мініп жүріп кеттік. Аттарды ақырын бастырып бақшаға жақын келген соң оларды қара ағаштарға байластырдық. Жақын бір маңнан тынымсыз жетіп тұрған шегіртке шырылынан өзге тырс еткен дыбыс жоқ, тып-тыныш. Ешкім көрінбейді. Еңкейіңкіреп, біріміздің ізімізбен біріміз бақшаның жүйектеріне кірдік. Жерді жапқан желілердің бойында теңкиіп-теңкиіп жатқан дарбыздар: ақ мәрмәр, астрахандық қара ала...
– Шикісін алмаңдар, тек піскенін... – деді Қапар сыбырлап. Қалтадағы бәкімен ойып дәмін көре бастадық...
Түнгі операциямыз сәтті аяқталды. Қапқа сап алдымызға өңгерген бірталай дарбызды әкеп түсіре сала жеуге кірістік. Жеп бола бергенімізде бишілер де шуласа келді. Молдабай оларға қарап үш дарбызды дөңгелетті.
– О-һо, дарбыз!.. Бұлар қайдан шықты? – деп сұрады Сағи.
– А-а-а, мынау Қапардың болашақ қайын енесі ғой Ақыртөбеден жіберген... – деді Өтеп есіней сөйлеп...
...Кеше түсте біз тамақ ішіп болып, үстел басынан тұра бергенімізде қасымызға жалғыз атты арба кеп тоқтап, үстінен алпамсадай екі еркек асықпай түсті. Екеуі де шегір көзді, қаба сақалды, түрлері де әбден күнге күйген, жылтыр қара. «Орал казактары!..» Миымда осындай ой жарқ етті де, бетім дуылдап кеткендей болды.
– Салам алейкум, балалар... – Жасы елулер шамасындағы егделеуі қазақша мүлде жайбарақат, еш кінәратсыз амандасты. Ал екіншісі, бізден біраз үлкенірек, білектей қас көмкерген қабағы тым қабарыңқы жігіт жан-жаққа алақтап, ара-тұра әр жерде шаңға араласа шашылып жатқан дарбыз қабықтарына қасқыр көзбен қадалып қояды.
– Әлікс... салам... – деп, біз сәлемге бытыраңқы жауап қаттық.
– Мен Федор Ивановичпін. Жай ғана дядя Федя десеңдер де болады. Ал мынау – Саша, менің үлкен ұлым, – деп бастады қария бізді сөзге тартқысы келгендей. – Біз оралдық казактармыз. Биыл берекелі оңтүстікке келіп, бақша егіп, бұйырса, біраз табыс тапсақ па деп едік... Құдайға шүкір, жаман болмай тұр... – Осылай деп аз-кем үнсіз қалып, саусағымен сақалын тарамдап тұрды да, жымия күліп сөзін жалғады. – Менің Сашадан басқа екі балам бар: ұл мен қыз, жастары өздерің шамалас. Екеуі де оқуда, бұ жерден алыс... Сендер де біреудің баласысыңдар ғой... Біраз сый әкеліп едік. Қабылдап алыңдар...
Арба дарбызға толы екен!
– Түсіріп алыңдар, балалар. Қысылмаңдар...
Басқалар арбаға жапа-тармағай ұмтылғанда біз, төрт «партизан», қаққан қазықтай тұрған орнымыздан қозғала алмадық...
Лезде босап қалған арбасына отырып алған соң дядя Федя бізге қуақылана, көзі күлімдей үн қатты:
– Егер мынадай көкше байлық тағы керек болса, балалар, келіп тұрыңдар... Күндіз, бұрнағы күндегідей түнделетіп емес... Біз де адамбыз ғой, түсінеміз...
Әкесі осылай дегенмен, баласының қарс жабылған қалың қабағы ашылған жоқ. Арба артқы дөңгелегі майланбаған-ау, шиқылдай қозғала берді.
Әй-и... Қапар, Қапар-ай, жылқышы... Сен ғой осы масқаралықты растаған! «Баланың шәлкестігі»... Қайдағы шәлкестік?! Қып-қызыл ұрлық, біреудің дүниесін тонау ғой бұл!.. А-а... ал мен өзім неге қарсыласпастан бұзау құсап ере бердім?.. Сіз, Федя ағай, жақсы адам екенсіз. Сол жақсылығыңызбен біз төртеумізді мақтамен бауыздағандай еттіңіз ғой... Мүмкін сіз айыбымызды бетімізге басып келгеніңізде дұрыс болар ма еді?.. Онда біз кешірім сұрап, сіз кешірсеңіз жеңілдеп қалар ма едік, қайтер еді?.. Ал, ал... бірден ұрыс-керіспен келіп, балағаттай бастасаңыз, о-о... онда кездесуіміздің немен бітетінін шайтан білсін...
Арбаның шиқылы алыстай бере ұйытқи аңызақ, сары жел соқты. Менің жан күйіме ұқсай ма, қалай?..
27 август 1955 жыл.
Бүгін таңертең Арғынбай келді. Өңі боп-боз, азып қапты. Қатты ауырған ғой, сірә. Бірақ көңілді, сергек. Ауылға барып келуге үлгергенін, менің анамның да амандығын айтты.
– Менің «резерв» деген бірдеңе екенімді айттың ба? – деп сұрадым одан бірден.
– Не, мені бір ақымақ деп пе едің сонша?!
– Демеймін, кешір, дос...
– Содан соң... айтпақшы, Буденновкадағы Мәриям дейтін қыз есіңде ме сенің? – деді Арғынбай кенет маңызды бірдеңе есіне түскендей.
– Иә, есімде болар... Оны неге?..
– Машина күтіп тұрғанымда жолығып қалдық. Сен туралы сұрады. Сұрауын сұраса да, өзі сондай қысылады... Қызық, тіпті. Саған сәлем айтуды, құттықтауды өтінді... Оның мұнысынан кейін ойланып қалдым... саған деген көңілі ерекше-ау деп... Солай ма?
– Оны өзінен сұрамадың ба? Өйткеніңде маған да бәрі түсінікті болатын еді!..
Қосыла күліп алдық та, бұдан әрі Мәриям жайлы сөз етпедік. Әйтсе де ол біразға дейін ойымнан кетпеді. «Көңіліңде не бар сенің, жас сұлу?.. Сен өткен жолы «Шын жүректен...» деп жазып едің, оның астарында не бар: жай шын ықыласты игі тілек пе, әлде... әлде сенің өзіңе де, тіпті, маған да әлі бастан кешіріп дәмін татпағандықтан, беймәлім бір алабөтен асқақ сезім бе?.. Және оның атын ... атын не дейміз?»
Үштән аға Арғынбайды сүрлем траншеясындағы жұмысқа жұмсады...
9 сентябрь 1955 жыл.
Бүгін соңғы күн, Помпеяның емес әрине, біздің «Пионер» колхозында болуымыздың соңғы күні. Ертең таңертең ана жолғыдай екі жүк машинасына мініп, Жамбылға тартсақ керек.
Айға жуық уақыт ішінде, шықылдаған ыстықта жігіттер пора-пора боп жүріп сиыр фермасына қажетті жүз тоннаға жуық сүрлем салып, ұрықтық жоңышқаның сабанынан төрт үлкен мая тұрғызды. Ал қыздар болса шақырайған күн астында қырманда тұқым бидай тазалаған соң, жүздеген тонна қызылша жинап, аршып қант зауытына жөнелткен.
Мұның бәрін есептеп шығарған Үштән аға түскі тамақ кезінде баяндап, бізге рахмет айтты... «Пионердің» қияңқылау өгіздерін босатып еркіне жібердік. Кім-кімді қатты қинады: бұл байғұс жануарлар бізді ме әлде біз оларды ма? Сірә, біз шығармыз. Ауыр жүкті ағаш мойынтұрық пен темір самияннан қажалған жуан мойындарымен өкіріп жүріп тасыған біз емес, олар ғой. Үштән аға алдымен сол ақымақтау болса да бейнеткеш, қуатты жануарларға айтуы керек еді алғысын... Әзіл ғой әрине.
Ал бір айда біз өзіміз не таптық? Әлбетте, жұмысты тегін істедік, ауыл шаруашылығы еңбекшілеріне көмек ретінде. Бұл да жақсы, әрине. Әйтсе де ең бастысы – бір - бірімізбен жақын таныстық. Екі жыл бірге оқысақ, бұл өте маңызды ғой...
Түстен кейін баяғы бір замандарда құмдауыт далаға оймақтай боп орнап қалған, мөп-мөлдір Сеңгірбай көліне рахаттана шомылып алып, Шайданаға, қыздарға тарттық. Олардың да көңілдері тым көтеріңкі екен, жүздері жайраң қағады. Әртүрлі әтірдің тәтті бір сезімдер себелейтін жұмсақ жұпар иісі... Көп кешікпей қыздарға уақытша жатын жай болған клуб үйінің алдындағы су шашылып шаңы басылған алаңқайға жиналдық та, Өлмес баянын, Сағи мандолинін қолға алды. Бөгелместен бірден фокстротты соқтырта жөнелді. Әдеттегідей Жамалбай екеуміз биге шыққамыз жоқ. Жай қызықтаушымыз... Бидің бір үзілісінде Сағи маған келіп:
– Неге билемей тұрсың, Асанбай? – деп сұрады.
– Ме-мен білмеуші едім...
– О-о, мұның қызық екен! Қалай, қалай... Би деген қыздар жүрегіне бастайтын жол ғой! – деп лекілдей күлді Сағи, шарасы ашық қара көздері сәл-пәл қитарланып. «Бәрібір сұлу сайтан...» деп ойладым неліктен екенін қайдам.
– Оқасы жоқ, қалаға келген соң өзім үйретем вальске билеуді. Керек болса краковяк пен подыспанецке де!
– Рахмет, түсіндім, – дедім мен оның маған соншама ықыласы ауа қалған себебін түсінбесем де. Бұл өзі шын достық, жолдастық көңіл ме, әуелі «үйретем» деген сөзі тура мағынасында ма?.. Әлде мені қаладағы «дружоктарымен» жабылып, ана жолғы жанжалымыз үшін «үйретпек» пе?.. Бірде балалардың әңгімесінен «Сағидың химзаводта жұмыс істейтін, шатақтасса ай-шайсыз, бірден пышақ салатын «рыжий Серік» дейтін досы бар» дегенді құлағым шалған... Жә, жарайды, кезінде көре жатармын. Ондай арамдығы болса мен де қарап қалмаспын!.. Бірақ, бірақ... біраз көкірек болғанымен ақкөңіл сияқты ғой өзі...
Би ұзаққа созылды. «Пионердегі» соңғы билер. Әрі қуанышты, әрі, неге екені белгісіз, аздап мұңды... Қимастыққа ұқсастау, нәзік бірдеме көңілде бебеулейді...
10 сентябрь 1955 жыл.
Күлшат әпкеміз бізді туыстарындай емес, туған балаларындай қарсы алды. Ол кісі жалғызілікті еді. Балалары жастай қайтыс бола беріпті. Күйеуі, нан зауытының жұмысшысы Әбдуәлі жездеміз сонау совет-фин соғысында қаза тапқан.
Әпкеміз теңіздегі пристань суреті салынған жасыл қорапты, арзандау «Прибой» папиросын тартады екен. Шамасы, ішті өртеп жататын күйікті түтінмен тұмшалап жұмсартқысы келе ме, кім білсін...
Жұмысы – Некрасов мектебінде еден жуу. Одан бос кезінде күнкөріс үшін базарда ұсақ-түйек саудамен айналысады: милициядан тасалана жүріп үшкір тұмсықты азиялық кебісті алған бағасына үш-төрт сом қосып сатады. Ал оқушылардың каникулы кезінде алажаздай Қарасуда, ері соғыста қаза тапқан, екі-үш балалы туған сіңлісі Тұнжырдың үйінде болып, огородты баптауға жәрдемдеседі.
Біз Арғынбай екеуміз Күлшат әпкенің осындай ауыр тағдырында бастан өткергендерінің бәрін болмағанмен біразын білсек те, ол кісіге қалай көмектесудің жолын білмедік. Тек жылы сөз, шексіз сый-құрметпен ғана ма?
Көбінесе базарды жағалайтын Мырзарахым дейтін өзбектің үлкен ауласының түкпіріндегі кішкентай дәлізді есептемегенде, жалғыз бөлмелі үйінің, байқасақ, пеші де жоқ екен.
– Оны уайымдамаңдар, – деп тыныштандырды әпкеміз. – Күн суыта бастағанда орыстар боржайка дейтін темір пеш қоямыз. Оның қызуы жәй пештен де күшті болады.
– Ол немен жанады? – деп сұрады Арғынбай.
– Көмірмен, ағашпен.
– Көмірді қайдан аламыз?
– Біздің мына Рощинский дейтін көшеміз Шолақтаудың темір жолына барып тіреледі. Ал онда пойыздан күнде көмір түсіріледі...
– Сонда ұрлаймыз ба? – дедім мен үркіңкіреп. «Пионердегі» оқиға есіме түсіп кетті.
– Неге ұрлаймыз, ұрламаймыз, – деп әпкем бірден тыныштандырды. – Көп көмірді түсіргенде шетте шашылып қалатын кесектер болады. Соны теріп алсақ та бізге әбден жетеді... Олардың арасында сұрғылттау көкіс дейтін бір түрі болады, керемет енді! Бір түйірінің өзі бір ас пісіруге жетеді. Ал көбірек салынып кетсе, құдай салмасын, пешті қып-қызыл ғып балқытып жіберуі де мүмкін, соған абай болу керек... Бұл енді кейінірек, қысқа қарай. Ал әзірше примус та жетеді тамақ істеуге. Керосин көк базарда көп... Қиындау боп тұрғаны – нан жағы. Пушкин көшесінде, тап сендер оқитын мұғалім оқуының қарсысындағы нан магазиніне жұрт таңғы алтыдан, тіпті, бестен өшіретке тұрады. Сатуды сегізден бастайды, онда да бір адамға бір бөлкеден ғана...
– О, ол жағын Асанбай екеумізге қоя беріңіз, – деді Арғынбай. – Оның үстіне біздің сабағымыз түстен кейін, сағат екі жарымда басталады екен.
– Өйтсеңдер маған көп көмек болар еді...
Рощинская көшесіндегі үйден училищеге дейін біраз жер. Таластың қала аралап кететін көкпеңбек көп сулы бір тармағынан соң сол қол жақта Промышленная дейтін бұралаң көше қалады да Коммунист көшесі басталады. Оның сол жағын жағалай жаңадан салынған әп-әдемі екі этажды үйлердің тап желке тұсынан Әулиеатаның атақты көк базары жайыла жатады. Қаптаған жаймалар, дүкендер, шайханалар, «Дом колхозника» дейтін қонақ үйі, оған жалғас баяғыдан қалған ескі мешіт... Осындай ығы-жығы адам құжынаған көк базардың күншығыс жағына шөп базары, ат тағалайтын, ыдыс-аяқ жөндейтін ұстаханалар, керосин, көмір, сексеуіл, ескі киім-кешек тағы басқа көр-жер сататын лапкелер жайғасқан. Ал енді көшенің оң қанатында қыш дуалмен қоршалған әскери гарнизонның ұзыннан-ұзақ территориясы басталып, ол базар алаңының батыс жағындағы автостанциядан ары созылатын Пушкин көшесіне жалғасып кетеді. Гарнизон Әулиеатаны Россияның Черняев бастаған әскері Қоқан хандығынан тартып алғалы бар екен. Қазіргі айырмашылық – мұнда патшаның емес, өзіміздің совет әскері.
Қаладағы асфальт төселген бірден-бір көше – Пушкин көшесінің өзіндік тарихы бар көрінді. Жеті класты тауысқан, орысшаны жап-жақсы білетін Күлшат әпкемнің айтысынша, 1864 жылы көктемде қоқандықтар қуылғаннан кейін аз ғана жыл өткен соң алғаш салынған көше сол болыпты да оған түп-түгел ішкі Россиядан көшіп келген орыстар, олардың арасынан шыққан чиновниктер қоныстаныпты. Алғашқы атауы Түркістан өлкесі генерал-губернаторының атымен фон Кауфман көшесі болған, оның басталар тұсына «Киргизов и собак не пущать!» деген жазуы бар тақта орнатып қойса керек... Қазіргі үйлерінің көбі де сол замандардан қалған. Нақ сондай бір қабат, терезелері ойындысының үстіңгі жағы доға тәрізді үйлер Пушкинді қиып-қиып кететін Учительская, Герцен, Октябрь дейтін қысқа-қысқа көшелерде де едәуір екен. Ал енді Пушкин көшесінің ерекшелігі – үйлерінің тарихилығымен қоса зәулім, көкке өрлеген, көбіне ұсақ құстар ұя салып тастаған көк теректерінде де сияқты. Солар сап түзеген солдаттардай тізіліп барып, оң қапталдағы, бүкіл қаладағы жалғыз үш этажды сұрғылт үйдің қасына жете бере әлденеден кенет сескенгендей кілт тоқтап, қатып қалғандай. Сұрғылт үй Михайловкадағы «райисполкамдай» емес, сұсты да көрінді. Онысы мүмкін мұнда Жамбыл облыстық партия комитеті орналасып, облыстың ең үлкен басшылары отырғандықтан да шығар. Басқа мекемелерден тағы бір ерекшелігі – мұның алдында тұратын «Победа», «Москвич» сияқты советтік машиналармен бірге америкалық «Виллистер» де едәуір көп әрі шетінен жалт-жұлт еткендер.
Біздің училище осынау сесті де салтанатты үйден таяқ тастам жерде ғана, Абай көшесімен қиылыста. Бұл үй де ескі, революциядан бұрын салынған болуы керек. Бітімі «Г» әрпі тәріздес боп келетін көп бөлмелі, тар да бұралаң коридорлы ұзын үйдің шеті келесі Киров көшесінде тұрған қаладағы жалғыз поликлиниканың іргесіне барып бір-ақ тіреледі... Ендігі білім ошағымыз осы болмақ...
Бізді, біріншікурстықтарды екі топқа бөліпті. Мен де қосылған бірінші топқа терезелері аулаға қарайтын алакөлеңкелеу үлкен бөлме берілген екен, соған, міне, ұзын бойлы, толқынды сап-сары шашты, спортшыларға тән сыптығыр мүсінді, кекселеу әйел келіп кірді. Неліктен екенін қайдам, ұқсаттым ба, әйтеуір менің есіме конькимен сырғанаудан әлем чемпионы, өзім «Советский Союз» киножурналынан талай көрген Марина Исакова түсіп кетті.
– Ал, балалар, қанеки, әңгімені танысудан бастаймыз ба? – деді ол бәрімізді іш тартқандай жылы, жұмсақ үнмен. – Мен сіздердің группаның кураторымен, Писарева Ольга Емельяновна.
Сөйтті де журналдан фамилияларды оқи бастады, аталғандар орнынан тұрып, отырып жатыр.
– Қалай, мен ешкімді қалдырып кеткем жоқ па? – деді куратор оқып болып.
– Мен аталмадым... – дедім мен орнымнан имене, баяу көтеріліп.
– Сіз кімсіз?.. Фамилияңыз қалай еді?
– Бекболатов... мен – резерв...
– Ах, да, да... резерв... – деп әлденені есіне түсіргендей үлкен жасылдау көзімен маған ұзақ қарады. «Вот он, неуч, балбес какой-то!» деп ойлады ма екен?.. Жо... жоқ, мына көздерде кінәлау, кемсіту емес, әлдеқалай жанашырлықтың ұшқындары бар секілді ғой...
– Жақсы, біз сізге қосымша арнайы журнал ашамыз... Басқалармен бірдей оқи бересіз... – Ольга Емельяновнаның бұл сөзі көңілімді біршама орнықтырғанымен, өзімді өзгелерден кем санау сезімі жанымды ауыртуын көпке дейін тастаған жоқ.
– Сабақ мектептегідей тәртіппен өтеді, өйткені сіздер болашақ педагогсіздер. Үйге берілген тапсырманы тексеру, жаңа тақырыпты игеру, пікір алмасу, жаңадан алған білімді пысықтау... Қыстық және жаздық емтихан сессиялары болады және олардың қорытындысы бойынша стипендия да тағайындалады... Ал енді группаның старостасын сайлайық. Қане, кімді ұсынасыздар?..
Әжептәуір үнсіздіктен кейін артқы қатардағы ұзын парталардың бірінен жіңішкелеу үн шықты:
– Мүмкін... мүмкін Жұманбеков Рәтбекті, ә?.. Ол қабылдау емтиханында жоғары баға алды ғой...
– Жұманбеков кім? – деп сұрады Ольга Емельяновна.
– Ме-ен... – соңғы қатардан үстіне қара шибарқыт күрте киген, қыздардікіндей ұзын кірпікті, қара көзді, аққұба, сұлуша өңді, сұңғақ бойлы бозбала жайлап орнынан тұрды. «Пионерде» көрмеген секілдімін. Бейтаныс.
– Тағы кімді ұсынасыздар? – деген куратордың сұрағына әлгіндегі жіңішке дауыс бұл жолы сенімділеу үнмен жауап қатты:
– Жететін шығар...
– Жарайды онда. Дауысқа қоям. Жұманбеков болсын дегендеріңіз қол көтеріңіздер.
Бәрі түгел көтерді. Менің дауыс беруге правом жо-оқ...
– Сонымен, студент жолдастар, ертең, 11 сентябрьде, сағат екі жарымда – алғашқы сабақ. Кешікпеңіздер. Тәртіпті қатаң сақтайсыздар, ол жағын өзім қадағалайтын боламын. Маған бұл жөнінен қазір ғана өздеріңіз сайлаған группа старостасы көмектеседі. Сіздерге табыс тілеймін, балалар, – деп әңгімені тәмамдады кураторымыз.
Ольга Емельяновна маған бірден ұнады, әсіресе қарапайымдылығымен, шынайылығымен.
Айтқандай, Арғынбай басқа группаға бөлініпті. Екеуміз де өкіндік... Дегенмен, біргеміз ғой!
11 сентябрь 1955 жыл.
Оқудың бірінші күні. Бірінші сабақ. Физкультура. Үстіне сұлу мүсініне өте қонымды спорттық ақ жолағы бар шымқай көк түсті тоқыма костюм киген, келтелеу қиылған, сап-сары, толқынды бұйра шашты, көзі аспан түстес мөлдір көк, менен, сірә, екі-үш жастай ғана үлкен әдемі оқытушы қыз аулада бізді сапқа тұрғызып қойып, өзін таныстырды.
– Мен Ростов пединститутын бітірушімін, сіздерге физкультурадан сабақ беремін. Аты-жөнім – Анна Ивановна Мороз...
– Мороз?.. Мүмкін Морозова шығар? – деп сұрақ қойды әкістене жасы бәрімізден үлкен алпамсадай Қабдрахман Намысбаев.
– Жоқ, жай ғана Мороз, – деп жайбарақат жауап қатты оқытушы.
– У-у-ух, мо-ороз! Аяз!.. Сіздің фамилияңыздың өзінен суық ызғар соғады... – Намысбаев жаурап бара жатқандай бүрісіңкіреп.
– Онда жылырақ киініңіз, тым болмаса менің сабағымда...
Енді сөзге Молдабай «балақай» килікті:
– Бәлкім, сізге метрика жазғанда райзагсте кішкене... ә... ә, қателік жіберіп алған болар. Әйтпесе болды ғой басқа адамдар: Савва Морозов, Павлик Морозов... дегендей. Ал сіз болсаңыз – жай ғана Мороз...
– Иә, менің фамилиям – Мороз. Мен Дон казачкасымын.
– О-о, біздің казактардан салуымыз болған екен, жігіттер!.. Жақында ғана оралдық казактармен танысып қалып едік, енді бүгін дондық. Иә, шынында да бізде «Шир-рока страна моя родная, много в ней лесов, полей и рек»!.. – деп Молдабай, тіпті, әндетіп жібере жаздады.
– Жарайды, енді менің фамилиямды талқылауды доғарайық. – Анна Ивановна осылай деді де, даусын қатайтып әмір берді:
– Смирно! На-аправо! Бего-ом марш!..
Күлкіден жадырап қалған бәріміз көңілдене жүгіріп бердік.
– Мінеки, енді, Қабдрахман, әбден жылынатын болдың! Ал біздің сенің кесіріңнен өкпеміз өшіп, тіліміз салақтайтын шығар... ауланы бес рет айналып шығу... оңай ма?! – деді Сағи алқыныңқырап қасында келе жатқан Намысбаевқа бұрылып. – Әйтпесе... әйтпесе ходьба на местемен-ақ тынар ма едік, кім білсін...
– Жүгір, жүгір, боққарын, – деп Қабдрахман қарымта қайтара бастады. – Бұл саған бір орында теңселе тыпырлай беретін «Пионердегі» танцың емес. Әрі жүгіру саған өте пайдалы, жігітім. Өте-мөте. Мүмкін мен Мороздан ...әйбат қыз көрінеді ғой... ә... сен үшін арнайы, персональный, он айналым сұрап беруім керек шығар, а?.. Қалай, а?..
– Әй, қойшы, сені... – Сағи әзілдің айдынынан қармағын тартып алды.
– И-иә-ә, нәтиже онша емес... – деді Анна Ивановна қолындағы сағат тәріздес секундомерге қарап. – Көбірек жаттығуға тура келеді.
Бес минуттей үзілісте демімізді басып бола бергеніміз сол еді, оқытушының жаңа бұйрығы саңқ ете қалды:
– Построиться по росту в одну шеренгу!.. Граната лақтырамыз. Лақтырушы оны барып қайтып әкеледі, – деді де, ағаш сапты, салмағы жеті жүз грамдық, цилиндр тәрізді темір граната макетін Намысбаевқа ұстатты.
Намысбаев оны қолапайсыздау ұстап, бар сала құлаш денесімен теңселіңкіреп лақтырған болып еді, алысқа жібере алмады.
– Енді сізге онша суық емес болар, – деді оқытушы қыз Намысбаев гранатаны әкелгенде. Ананың беті тыржың ете қалды.
Келесі мен едім. Граната лақтыру маған үйреншікті іс болатын. Мектептегі военругымыз майдангер офицер Николай Федорович Ушаков әбден жаттықтырған. Мен сілтеген граната әуелі алаң үстінен жартылай шеңбер жасап төмендей бере поликлиниканың қызыл қаңылтыр шатырына сарт ете түсіп, ары қарай сатыр-сұтыр домалап кетті.
– Сіз не істедіңіз?! – Анна Ивановна маған өңі боп-боз боп көзі шарасынан шыға қарады. – о, господи, там же поликлиника, полно людей!.. – сөйтті де қақпаға қарай өзі алдымен жүгірді. Бәріміз жапа-тармағай ілестік... Абырой болғанда граната кішкене жол жиегіндегі көгалда жатыр екен.
– Ой, сіз мені қатты қорқыттыңыз ғой, – деді маған оқытушымыз училищеге қайтып келген соң.
– Өзім де қорқып қалдым, Анна Ивановна. Кешіріңіз...
– Бірақ бәрібір мен алғашқы бестік бағаны сізге қоям.
– Ол мүмкін емес...
– Қалай мүмкін емес?!
– Менің фамилиям журналда жоқ. Мен – резерв...
– Со-олай ма?.. Онда сіз менің үздік резервім боласыз!..
Анна Ивановнаның мына сөзі мен қиғаштай қиыла қараған көзіндегі ыстық бір шұғыладан менің де көңілімде күн шыққандай бір рахат халге көшкендеймін.
– Сізден өте жақсы спортшы шығуы тиіс. Ол үшін барлық қасиет-қабілет бар сияқты. Егер ықыласыңыз болса, қосымша жаттығуға көмектесуге болады... – деді оқытушы қыз тағы да.
«Қайдағы қасиет-қабілет?.. Спортпен ешқашанда арнайы айналысқан емеспін. Егер алты жыл бойына Буденновкадағы мектепке күн сайын ары-бері он бес километрдей қашықтықты қыста арба жолдың қары біршама тапталғанда конькимен, одан басқа мезгілде көбінесе жаяу, кейініректе велосипедпен жүретінімді спортқа жатқызбасақ. Рас, ауылда, Сәмбет тоғанының жағасында өңшең балалар жиылып алып жиі күресетінбіз. Қысқы демалыс кезінде айдыны айнадай боп қатқан Қарасу көлінің бетінде конькимен түрлі фигуралар жасап, тіпті, артпен де әбден шаршағанша сырғанайтынбыз. Оның үстіне, кішкентайынан еңбекке араласа жүріп шынығатын ауыл баласының мен де бірімін ғой... Айналысып көрсем бе екен?..» Осындай ойлар басымды біраз айналсоқтады...
...Кесте бойынша келесі сабақ педагогика еді. Біз оны асыға күткенбіз. Негізгі пәнімізді ғана емес, оны оқытатын Жақыпбай Қасымбеков ағайды да. Ол кісі туралы көп естігенбіз.
– Нағыз педагог!
– Ұстаздардың ұстазы!..
Міне, енді класқа өзі кіріп келе жатыр. Орта бойлы, мығым денелі, жап-жалтыр қасқа бас, қызыл шырайлы ақ сары жүзіндегі күлкі екі езуді кеңірек аштырған сүйкімді егделеу кісі екен. Алакөлеңкелеу бөлменің ішінде жарық та молайып кеткендей.
– Рұқсат болса әуелі өзімді таныстырайын... – дей беріп еді ашық жағымды дауыспен, студенттер шу ете түсті:
– Біз сізді жақсы білеміз, ағай!..
– Жақсы. Олай болса мен де сіздерді білуім керек қой, – деп ағайымыз журнал бойынша студенттермен таныса бастады. Менің тағы да өзімді-өзім таныстыруыма тура келеді. Амал қайсы?.. осындай реттердің бәрінде, байқаймын, ішімде пружина тәрізді бірдеме жиырыла-жиырыла жанымды бір уыс қып сығымдайтын сияқты...
– Міне, өздеріңізбен танысып та алдық, балалар, – деді ұстаз бүкіл класты шола қарап. – Енді бірлесе жұмыс істейтін боламыз. Ол жұмысымыз – сіздердің, болашақ мұғалімдердің, яғни адамзат ойлап тапқан мамандықтардың ішіндегі ең гуманистік түрі өкілдерінің педагогика негіздерін ыждаһатпен үйренуі...
Осы қысқа-қайырым сөздердің өзі-ақ Жақыпбай аға туралы естіген жақсы пікірлердің толық негізді екеніне көз жеткізуіме жеткілікті болғандай.
– Бүгін мен мына мәселелерді қозғап көрсем деймін: педагогика қандай ғылым және пән, оның даму кезеңдері және әрине, педагогиканың қоғамдағы рөлі. Мұны шолу лекция десеңіздер де болады. Ал келесі сабақтан бастап жеке нақты тақырыптарды талдауға көшеміз...
Қандай тартымды лекция! Тұнып тұрған терең пайымдау-тұжырымдар, кат-қабат өте қызықты фактологиялық, тарихи материалдар! Ара-арасында қысқа қызықты аңыздар да кетіп жатыр. Олармен қоса өзімізге бұрыннан аздап та болса таныс қазақтың ағартушы-педагогтері Ыбырай Алтынсарин, оның шәкірті Спандияр Көбеев тағы басқалардан өзге Константин Ушинский, Ян Коменский, Антон Макаренко секілді ұлы ұстаздардың есімдерін алғаш рет естідік...
Әңгімелеуінің құрылымы да мейлінше шеберлікті танытқандай. Құрғақ сөз емес, шұрайлы, бейнелі тілмен бар ықылас, зейініңді өзіне тартып, еліктіріп отырады екен.
– Енді біздің он минуттай уақытымыз бар, – деді Қасымбеков ағай лекциясын қорытындылай келіп. – Сұрақтарыңыз болса, соларға жауап берейін... Қане, кімде нендей сұрақ бар?
– Маған бола ма? – деді луговойлық қой көзді, ақ сары өңді, нағыз атлетке тән бітімді Еркебек Тасыбаев қол көтеріп.
– Иә, рұқсат.
– Біз... біз естіп едік... сіз, ағай, атақты Бауыржан Момышұлымен бірге оқыған деп. Рас па, осы?
– Рас, сіздерді алдамапты! – деп күле жауап берді ұстаз. – Біз Баукеңмен бір кездері, бүгінде енді баяғы деп те айтуға болады, Аса мектеп-интернатында, кейін ол Карл Маркс атымен аталды ғой, сонда бірге оқығанбыз... Бірге оқыған балалар көп еді ғой, қазір енді, өкініштісі сол – олардан... Баукең, мен және мына стансаның арғы жағындағы Түрксіб селосында тұратын құрдасым Садықбай Мұсаевтан басқа ешкім қалмады. Талай балалар отызыншы жылдардың басындағы ашаршылықта, одан соң бірқатары Отан соғысында опат болды ғой... – мұны айтқанда жүзінде ойнаған әлгіндегі күлкіден із де қалмады.
– Жас Бауыржан қандай-қандай қасиеттерімен ерекшеленетін еді? – деп Еркебек тағы сұрақ қойды.
– Әскерге, қатаң тәртіпке бейімдігі сол кезде-ақ байқалатын, ол біздің командиріміз болды ғой! Бәрімізді сапқа тұрғызып алып мектепке, кейде моншаға, ара-тұра көк базарға апаратын... – балалық шағы көзіне елестеді ме, кім білсін, Жақыпбай аға қайта күлімсіреді. – Батыл еді. Ешкімнің зорлығына, әділетсіздігіне шыдамайтын... Бірде мынадай жағдай болды. Ұзын үстелді жағалай жайғасып түскі тамақты іше бастағанбыз. Әрқайсымызға бір-бір кішкене тарелка ыстық бидай ботқа берілген. Ішімізде бізден екі жас үлкен, бұзақылау көк көз жирен сары бала бар еді. Сол өз сыбағасына тиместен қасығын қасындағы ап-арық, аяқ-қолы шидей баланың тарелкасына салып жей бастады. Қарама-қарсы отырған Бауыржан орнынан тұрып кетті де, үстелдің бір шетін айналып өтіп, жирен сарыға келді де, оның алдындағы тарелкасын шашы жаңадан алынған айнадай тақыр басына қаптай салды. Анау шыңғырып жіберді.
– Если еще раз будешь так делать, еще больше получишь, поддонок!.. – Орысша ызалы дауыспен осылай деген Бауыржанның үлкен көздерінде қара жалын лапылдап тұрғандай еді сол сәт... Болашақ қолбасшы, Ұлы Отан соғысының аңызға айналған батыры осындай еді ғой әу бастан-ақ...
Кім бастағанын қайдам, бәріміз сатырлата қол соғып жібердік. Мұнымыз, шамасы, Алатау мен Қаратаудай қаһарман ағамызға да, мына алдымызда отырған үлкен ұстазымызға да асқан ризашылығымыз болуы керек, сірә.
Осы кезде қоңырау да соғылды...
Мен, неге екенін білмеймін, математик біткеннің бәрін көп сөйлемейтін, тіпті, тым томаға-тұйықтау адамдар деп ойлайтынмын. Сол жорамалым нақ осы жолы айна-қатесіз расқа
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді