Алтынбек балуан
Ардагер спортшы бұл күнде Аса ауылында тұрады
Кезінде жауырыны жер иіскемеген балуан Алтынбек Үсіпбаевты аулада балық аулайтын қармақты жинап отырған жерінен кездестірдік. Көптен бергі ермегі балық аулау деп еститінбіз. Ол дағдысын әлі де тастамаған екен.
Ол 19 жасынан күреспен тұрақты шұғылданды. Жамбыл педагогикалық училищесінде оқып жүргенде Мәскеуден келген бапкер Николай Титовтан грек-рим күресінің тәсілдерін үйрене бастайды. Күрес түрлерін таңдаған жоқ. Еркін күрес, грек-рим, қазақ күресінің әдіс-айлаларын бір сәт босаңсымай, асқан қызығушылықпен, құштарлықпен үйренді. Қара терге малшынып, жаттығу залынан шықпайтын шәкірттердің бірі болды.
1955 жылы еркін күрестен өткен республика чемпионатында қарсыласының бәрін қапы қалдырып, чемпион атанды. 1958 жылы Қарағандыдағы Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында қазақ күресінен өткен чемпионаттың да көрігін Алтекең қыздырыпты. Орта салмақта қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тағынған сәтін осы күні сағынышпен еске алады.
Сырт мемлекеттерде өткен додаларда да шын мықты екенін дәлелдеп жүрді. Иран, Жапония, Түркия елдерінде өткен халықаралық турнирлерден үнемі жүлделі оралғаны жанкүйерлерінің есінде. Ашхабад қаласында ұлттық күрес түрлерінен өткен Орта Азия чемпионатында чемпион атаныпты. Әр жылдары өзімен бірге жаттығып, бірге күрескен Таймас Спандияров, Қали Сәтпаев, Николай Матеров, Григорий Ситников, Нұрлан Жарашуев, Мамед Датюовтың есімдерін әлі күнге ұмытпай жадында сақтап жүргеніне таңғалдық. Күрес саласында бұл күндегі мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жахитовпен бірге тер төккен кездерін де ұмытпайды. 1961 жылы грек-рим күресінен Жамбылда өткен ел чемпионатында 85 келі салмақта Алтекең тағы топ жарды. 1962 жылы Қызылорда педагогикалық институтына сырттай оқуға түскен ол күреспен шұғылдануын одан әрі жалғайды. Алтекеңнің бұл жылдары туралы аталған институттың оқытушысы, тарихшы-профессор Әуелбек Қоңыратбаев: «Жамбылдан Алтынбек Үсіпбаев деген балуан студент атанды. Біздің институттың да жігіттері дайындықсыз жүрмейді ғой. Балуандары да жоқ емес. «Аға, демалмай, үзіліссіз шығып, осында оқитын кез келген бес балуанды жығып берейін. Бағаларыма көмектесесіз бе?» деді Алтынбек шәкіртім бір күні маған. Жас балуанның жүректілігіне, сеніміне таңғалдым. Айтса айтқандай, институт көлемінде оған балуан шақ келмеді», – деп естелік қалдырған екен.
Алтынбек балуанның ең есінде қалған күрес – 1974 жылғы соңғы күресі. Спорттан қол үздім деп жүрген кезі екен. Қордайда Кенен Әзірбаевтың 90 жылдық тойы өтетін болып, халықаралық деңгейде түйе балуандар күресі ұйымдастырылады. Бас жүлдеге жап-жаңа «Жигули» автокөлігі тігіледі. Ол кезде «Жигули» әр ауылда бірен-саран кісіде ғана бар екенін ескерсек, жүлденің салмағын сезіне беруге болады. Сол жылдары Әнуарбек Сандыбаев Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы екен. Ол кісі Алтекеңді шақырып алып, қолдайтынын айтып, Кенекеңнің 90 жылдық тойындағы күреске қатысуын сұранады. Балуан әрі-бері ойланып, аудан басшысының өтінішін мақұлдап, аталған додаға қатысуға келіседі. Бірақ, ол кезде 44 жасқа келген. Таңертеңмен қызыл құмда жүгіріп, қара терге малшынып дайындыққа кіріседі. Табиғаттан көп күш-қуат алуға ниеттенеді. Шаршауды білмей, дамылсыз жаттығуға ден қояды. Сандыбаев та уәдесінде тұрып, қолдау білдіріпті. Ақыры Кенекеңнің 90 жылдығы да жақындап, боз кілемде күш сынасатын сәт келеді. Диханбай Биткөзов осы жарысқа бас төреші болады. Алтекең барлық қарсыласын қапы қалдырып, ақтық сында грузин жігіті, грек-рим күресінен КСРО чемпионы Чихбизадзеге қарсылас атанады. Грузин балуанының жасы 28-де, Алтекең қарсыласынан бақандай 16 жас үлкен. 140 келі тартатын Қап тауынан келген балуанның салмағы да жоғары. Бірақ, алқалаған барша жұрт қиқулап Алтынбек балуанды қолдап, тілеуін тілеп отырады. Екеуі боз кілемде соңғы сәттерге дейін алысады. Соңғы секундтарда жасаған әдістері жамбас ұпайын әперіп, Алтекең осы айқаста ұпай санымен жеңіске жетіп, «Жигули» көлігін олжалайды. «Кілемге сол жолы елдің намысы үшін шықтым. Әрине, грузин жігіті өте мықты, тек жеңіске жаралған балуан еді. Қалың көпшіліктің қолдауы дем берді ме, сәл басымдықпен жеңіске жеткенмін. Содан кейін кілемге шығуды доғарып, жас балуандардың аяқ алысына тілеулес болып келемін. Үш дүркін «Қазақстан барысы» атанған Бейбіт Ыстыбаевтың, шығысқазақстандық Мұхит Тұрсыновтың қадамдарына қуанып отырамын. Еркін күрестен екі дүркін Азия чемпионы Дәулет Шабанбай да болашағы бар мықты балуан, ол жігітке батамды бердім. Боз кілемде өзінің мықтылығын дәлелдеймін деген жігіттерге бұл күнде барлық жағдай жасалған ғой. Жас балуандар бір-екі сәтсіздік үшін күресті тастап кетпесе екен деймін. Боз кілемде жеңіс те, жеңіліс те көп болады. Балуанға қайрат, ақыл, жылдамдық, айла секілді қасиеттер қажет», – дейді ардагер балуан.
Осыдан төрт жыл бұрын зайыбы бақилық болған екен. Екеуі бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріпті. «Өмір бойғы серігің, асыл жарыңнан айырылу қиын. Басқаның басына бермесін оны. Кейде сөзжұмбақ шешіп, ойымды сергітіп, көңілімді басқа нәрсеге бұрғым келеді. Бәрібір асыл адамың ұмытылмайды. Қазір немере, шөберелерімнің есімінен өзім жаңылысып қаламын. Немерелерім Қамбар мен Санжар күреске қатысып жүр, солардан да үміт күтемін», – дейді Алтекең болашаққа көз салып.
Қарияның ендігі ермегі – балық аулау. Бір кездері жуас атқа мініп, Аса өзенінің барлық сілем, иірімдерін жағалап балық аулаған көрінеді. Автокөлікпен барып, Ақкөл мен Билікөл көлдерінен балық аулаған сәттері де аз болмаған. Қызығушылығы ғой. «Бұл көлдерде балық бұрынғыдай емес. Енді Үшарал, Ұланбел жақтағы көлдерден балық аулап қайту – бір арманым», – дейді.
Кезінде алты алаш жанкүйер болған Алтынбек Үсіпбаев Аса ауылында қарапайым ғұмыр кешуде. Әкесі Үсіпбай Көрпетаев тоғызқұмалақтан ел чемионы болған екен. 1974 жылы (яғни бұл Кенен Әзірбаевтың 90 жылдық тойында түйе балуандар күресінде бас бәйге алған жылы) 90 жасында өмірден озыпты.
Ардагер спортшыны облыс көлемінде күрес түрлерінен өтетін жарыстарға шақырып құрметтеуді және оның атында жасөспірімдер, жастар арасында облыстық жарыстар өткізуді спорт саласында жүргендер ескерсе, назарға алса дейміз.
Боз кілемде атой салып жүрген балуандарымыз қарт балуанның батасын алса, қане!
Есет Досалы, «Ақ жол».
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді