Олимпиада ойындарында араға 8 жыл салып, қазақ баласы күміс медаль еншіледі. Бейжіңдегі Асхат Жіткеев ағасының жетістігін бұл жолы Елдос Сметов қайталады.
Елдостың Олимпиада ойындарының тұғырынан көрінуі заңды шығар. 23 жастағы спортшы Олимпиадаға дейін барлық сайыстарда олжа салып, өзінің әлеуетті спортшы екенін дәлелдеп келді.
Елдос Сметов – 1992 жылы Жамбыл облысы, Құлан ауданында дүниеге келген. Бұл өңірде кезінде әлемге танымал болған ағайынды Владимир мен Виталий Кличколар туып-өскен. Өзіміздің Ермахан Ыбырайымов, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаровтар туып өскен. Осындай қасиетті жерде дүниеге есігін ашқан Елдостың осал болуы мүмкін емес еді.
Алғаш күрес залына Бақберген және Жандос ағаларымен бірге еріп барады. Бұл кезде оның жасы бар-жоғы бесте еді. Соған қарамастан үлкендердің жасаған жаттығуын айна-қатесіз жасап, бапкерлердің көзіне түседі. Бапкер Ахмет Жұмағұлов бала Елдостың бойындағы талантты байқайды. Кейіннен күресті жалғастырған Бақберген мен Жандос емес, Елдос болды. Болашақ әлем чемпионының спорттағы қадамы осылайша басталып еді.
Қазақтың дәстүрлі әндерін жақсы көреді Елдостың спорттағы жетістігі спорт жанкүйерлеріне жақсы таныс. Ал оның музыкадан да құралақан емес екенін ешкім біле бермейді. Осы уақытқа дейін көптеген ән байқауларына қатысқан. Өзінің айтуынша, қазақтың дәстүрлі әндерін жақсы көреді екен. Оны жақсы танитындар Елдостың дауысы зор екенін тамсанып айтады. Жалпы, Сметовтер әулеті өнерге жақын көрінеді. Ағасы Бақберген де бір кісідей дауысы бар әнші дейді.
Мароккодағы алтыны – жетістіктерінің бастауы Елдосқа өсу үшін Астана немесе Алматыдағы спорт мектептерінің біріне оқуға түсуге тура келеді. Әуелі Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатында екі жыл тәлім алды. Бірақ ол кезде нәтижесі аса мәз болмады. Жеке бапкері Ахмет Жұмағұлов Алматыға ауысуға кеңес береді. Сметов бапкерінің ақылын тындап, бұл ұсынысқа келіседі. Алатау баурайында Кәркен Ахметов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебінде Ғалымжан Жылкелдиевтің қоластында жаттығады. Бірнеше жыл бойы тіпті республикалық чемпионатты ұта алмай жүрген баланың бағы жана бастайды. Ғалымжан ағасы екеуі бұрын-сонды қазақ балуандарының қолынан келмеген жетістіктерге қол жеткізеді. Алдымен 2010 жылы Мароккода өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарады. Келесі жылы Әбу-Дабиде жастар арасындағы әлем біріншілігінде жүлдеге ілігеді.
Ұлттық құрамаға Ермек Имамбеков бас бапкер болып тағайындалған соң, Сметовке құрама есігі ашылады. Жиі-жиі мәртебелі халықаралық жарыстарға қатыса бастайды. Еуропа ашық кубогі, гран-при жарыстары, гранд-слам турнирлерінде жүлдеге ілігіп жүрді.
«Ол уәдесінде тұрды» 2014 жылы Инчхонда өткен жазғы Азия ойындарына Елдоспен бірге бардық. Бұған дейін дзюдошыларымыз Азия ойындарында талай рет жүлдеге іліккен еді. Алайда, чемпион болу бақыты ешкімге бұйырмапты. Сол олқылықтың орнын толтыру Сметовтің маңдайына жазылған екен.
Жеребе бойынша 1/8 финалда тәжікстандық Кабатулло Аминовпен кездесті. Бұл жерде тәжік балуаны жерлесімізге қарсы қауқар көрсете алмады. Ширек финалда Сметов Гонконгтен келген Ю Кин Тингті таза жеңді. Алдымен төреші базари, одан соң иппонды көрсетті. Есеп 110:0 болды. Финалға берілетін жолдаманы дзюдоның отаны саналатын Жапония өкілімен сарапқа салды. Алайда Тору Шишимеде қазақ спортшысының мықтылығын мойындады.
Ал финалдың жөні бөлек болды. Қарсыласы – Болдбаатар Ганбат. Зал толы моңғол жанкүйерлері. Бір ай бұрын Челябіде әлем чемпионы атанған Ганбаттың атағы жер жарып тұрған кез еді. 60 келіде біразын жайпап жүрген әккі балуан. Бірақ қазақтың Елдосы Инчхондағы алтынның иесі кім болатынын финалда дәлелдеді. Сметов татамиге шыққаннан-ақ оның көзінен от-жалынды байқадық. Жеңіске деген жігері болды. Сол мақсатына жетті. 20 секунд бойы моңғолды тырп еткізбей ұстаған жерлесіміз Азия чемпионы атанды.
Финалдан кейін жеке бапкері Ғалымжан Жылқышиевпен тілдестік. «Болдбаатар Ганбатпен бұрын кездесті ме?»деген сауал тастадым.
«Гамбат екеуі алғаш рет Түмен жерінде белдескен еді. Сол жолы моңғол ұтып кетті. Ол кезде Елдостың салмағы, күші бәрі-бәрі аздау болды. Гамбатпен тағы кездесуіміз мүмкін екенін біліп, қосымша жаттығулар жасап, тактикалық тұрғыдан дайындық жүргіздік. Әсіресе, қолына көп күш жинады. Өзі де жеңіске жететіне сенімді болды. «Аға осы жолы чемпион боламын. Қазақтың туын желбіретіп, әнұранын орындатамын», – деп сөз беріп еді. Сол уәдәсінде тұрды», – дейді жеке бапкері.
Дзюдо күресінен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ал былтыр тұңғыш рет Астана төрінде өткен (24-30 тамыз, 2015) әлем чемпионатында топ жарды. Жарыстың алғашқы күнінде-ақ екі оғланымыз финалда өнер көрсетіп, бір алтын, бір күмісті олжалаған болатын. Елдос алғашқы айналымда финляндиялық дзюдошы Юхе Рейнвалды шидо арқылы жеңді. Одан кейін Сауд Арабиясының балуаны Мажрачи Ейсаны жарыстан ығыстырды. Үшінші айналымда мексикалық Кастилло Набордың осал тұсын тапты. Ширек финалда Диорбек Урозбаевты қапы қалдырды. Жартылай финалда осыған дейін алынбас қамал болып келген жапон Шишиме Торуды ауырту әдісімен ұтты. Дәл осы Торудан Елдос Азия чемпионатында жеңілген еді. Бұл жолы сол кеткен есенің қарымтасын қайтарды.
Ал финалда оны басқа емес, қазақстандық Рустам Ыбраев күтіп тұрды. Ақтөбе өңірінің тумасы да финалға дейін талай мықтыны үйіне қайтарған еді. Әсіресе 1/8 финалда атақты грузин балуаны, әлем чемпионатының жүлдегері грузиялық Амиран Папинашвили жартылай финалда былтырғы әлем чемпионы моңғолдың бағына туған Ганбат Болдбаатарды жеңуімен жанкүйерлердің махаббатына бөленді. Финалда екеуі де сақ қимылдады. Тек сәл бәсеңдік танытқан үшін Рустамға төреші шидо берді. Осының арқасында Елдос Сметов дзюдо күресінен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды!
Ташкенттегі тарихи жеңіс Көктемде Өзбекстан астанасы Ташкентте Азия чемпионы атанып, қоржынын тағы бір алтынмен толықтырған болатын. Елдос алғашқы кездесуде ветнамдық Тонг Нхат Хюннан басым түссе, ширек финалда оңтүстіккореялық Чан Ён Кимді ұтты. Ал жартылай финалда жапония Осима Юманы иппонға түсірді. Финалда татами иесі өзбек Диорбек Орозбаевты ауырту әдісімен сан соқтырып кетті.
Финалдық кездесу аса тартысты өтті. Қарсыласы өзбектің өте талантты балуаны Диорбек Орозбаев болды. Екеуі бұған дейін үш рет кездескен. Соңғы рет Астанадағы әлем чемпионатының ширек финалында. Барлығында жерлесіміздің жолы болған. Диорбек өз жерінде өтіп жатқан чемпионатта намысты қолдан бермеуге тырысты. Оның үстіне өзбек жанкүйерлерінің де қолдауы ерекше болды. Төреші Елдосқа сылбыр күрескені үшін қатарынан үш шидо берді. Диорбек жеңіске деген мүмкіндігі жоғары болып тұрған. Бірақ Сметов соңғы минуттарда қарсыластың осал тұсын тауып кетті. Өзінің оң жамбасына келетін ауырту әдісімен қарсыласынан жеңісті жұлып алды.
Риодағы күміс Алдымен Ливиядан келген Элкабиса Мохамед Эльхадиды жеңді. Одан кейін британдық балуан Эшли Маккензиді қапы қалдырды. Сосын өзіне жақсы таныс өзбек дзюдошысы Диорбек Уразбаевты ұтты. Ал жартылай финалда әзірбайжандық Орхан Сафаровтан басым түсті. Финалда ресейлік Беслан Мудрановпен жолықты. Финалдық белдесу аса тартысты өтті. Екеуі соңына дейін бір-бір алдырмады. Тек соңғы сәтте қарсыласын аяғын беріп қойған жерлесіміз иппонға түсіп қалды. Нәтижесінде Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды.
«Біз алтын иеленеміз деп ойладық. Елдосқа сондай мақсат қойған болатынбыз. Бірақ екінші болдық, елімізді қуанттық. Менің ойымша, финалға шыққанымызды естіп, бәріміз қуанып, ақтық сайыста Елдос эмоциясын ұстай алмады», – деді ұлттық құраманың бас бапкері Ермек Имамбеков «Хабар» агенттігіне берген сұхбатында.
Токиода күміс жүлдені алтынға айналдыруға бар күшімді саламын «Ақтық сынға дейінгі белдесулерім қиын болды. Бірақ, өзімнің қалай жеңіске жеткенімді түсінбедім. Барлығы Алланың қалауымен болды. Рио жерінде көңіл-күйім керемет. Күміс жүлдеге де шүкірлік. Ешқандай өкініш жоқ. Бұл сайыс маған үлкен сабақ болды. Бұйырса, келесі Олимпиада ойындарында осы күміс жүлдені алтынға айналдыруға бар күшімді саламын. Маңыздысы ниет пен сенім бар. Халқым үшін, жанкүйерлерім үшін аянбай еңбек етуге дайынмын», – деді әлем чемпионы.