Тегін тамақ

Тегін тамақ
ашық дереккөз
Тегін тамақ

7

Қоңырау соғылды. Жігер, әдеттегідей, сыныпта жалғыз отыр. Оқушылардың бәрі асханада. Ал, ол сыныпта өзі ғана. Біресе анда, біресе мұнда қарап жаутаңдайды. Енді бірде кітап бетін парақтаса, енді бірде сынып ішін аралайды. Қоңырау енді оқушыларды сабаққа шақырды. Балалар бір-бірін қағып-соғып, таласа-тармасып келеді. Әрқайсысының қолында бір-бір тәтті нан. Достарының бірі Жігерге келіп: – Сен неге асханаға бармадың? Әлде ақшаң жоқ па? Осы сені ешқашан асханадан көрмейміз ғой. Менің әкем бүгін маған бес жүз теңге берді. Ал, саған әкең бермейді ме, не? – деді де, сұрағына жауап ала алмады. Күнде осы. Асханаға барайын десе Жігердің ақшасы жоқ. Ата-анасының ақша беруге шамасы жетпейді. Екі жақтап жұмыс істесе де, ішіп-жегенінен артылмайды. Мұны Жігер біледі. Мұңаяды. Анда-санда көңіліне ерік беріп, жылап та алады. Келесі күні оқушылар асханадан тағы да мәз боп келді. Жігер бұл жолы шыдамай досынан «наныңның жартысын бөліп берші» деп өтінеді. Досы болса «ары баршы, өзімнің қарным ашып тұр, өзің сатып алмайсың ба, ұятың бар ма? Өткенде де бөліп берген жоқпын ба?» деп сөгіп тастады. Мұны ұстазы көріп, Жігерді асханаға апарып, тамақтандырды. Жігер де риза болып: – Әпкей, сізге көп рахмет. Нан сондай тәтті екен. Осы Алмаз бен Ұлдана неге күнде асханаға барады? Ақшалары көп пе соншама? – деп сұрады. – Жоқ, олар тегін тамақ ішеді, – деп байсалды жауап қайтарды әпкейі. – Тегін тамақ ішкен қандай рахат! Мен де ішсем ғой! – Олай деме, Жігер. Тегін тамақты көп балалы немесе жағдайы төмен отбасының балалары ғана ішеді. Болды, сөзді қой. Тамағыңды тез-тез іш. Қоңырау соғылды. Сол күні Жігер үйіне барып, анасына: – Ана маған бүгін Гүлжан әпкей тамақ алып берді, – деді. – Неге? – Білмеймін. Ана, осы біздің сыныпта Алмаз бен Ұлдана тегін тамақ ішеді. Шіркін, мен де тегін тамақ ішсем ғой! – Жап аузыңды. Ата-анаң дін аман. Жақсы нәрсе айтпаймысың! – деп анасы қатты ұрсып берді. Жігер өзін-өзі ұстай алмай жылап жіберді. Бірақ, ол күні-түні тегін тамақ туралы ойлай берді. «Тегін тамақ ішкен қандай рахат. Шіркін, мен де ішсем» – деген ой-санасын жаулап алған. Тағы да таң атты. Бірақ бүгін күн бұлттанып, ас­пан бұлқынып, дала жұлқынып, жай ойнап тұрды. Жігер әдеттегідей сабақтан қайтып келеді. Санасында «тегін тамақ» туралы әлгі сұм ой асыр салып жүр. Сол оймен есік алдына жақындаса, адамдар жиылып қалыпты. Туған-туыс, тамыр-таныс жиылып, «ой, бауырымдап» жылап жатыр. Жігер селк ете қалды. Санасындағы қарғыс атқыр ойларды сілкіп тастап, еңіреп, үйіне қарай жүгірді. Жігерді әкесі құшақтай алды. Оның халі де мүшкіл. Баласын құшағына ала сала, жас балаша еңіреп қоя берді. Әкесі мен баласы бірін-бірі алғаш рет көріп тұрғандай, қайта-қайта көріседі. Жігер әкесінен ештеңе сұрамады. Әкесі де жарытып сөз айтпады. Жігер осы кезде әжесін көріп, соның құшағына құлады. Әжесі немересін құшағына алып, иегі дір-дір етіп: – Балам, анаң бізді тастап кетті! Анаң түнекке сүңгіп кетті. Артына қайырылып қарамастан кете барды. Сені де ойламастан кете барды. «Қош» деп айтпады да. Анаңды кешір, анаңды кешір, балам! – деп зарлап қоя берді. Жігер де бар дауысымен «ана» деп бақыра бастады... Уақыт өте келе қара жамылған отбасы да, Жігер де жетімдікке үйрене бастады. Анасын көлік қағып, жазым етіпті. Бір күні Жігер сабақта отырған кезде қоңырау шыр ете қалды. Оқушылар асханаға ағылды. Ал, Жігер тұнжырап отырған қалпы орнынан қозғалмады. – Жігер тұр, асханаға бар. Сені тегін тамаққа жазып қойдық. Енді күнде осылай ететін боласың. Өйткені, сені асырау әкеңе қиын болады. Бар, тұра ғой, қанеки, – деп жетелей жөнелді. Әпкейі екен. Жігер сәл-пәл қырсықса да, асханаға барды. Бірақ алдындағы тегін тамаққа қарап отырып өзінің бұрын айтқан сөздері мен осы тегін асты армандағаны есіне түсіп, жылап жіберді. Асты үстел үстінен төңкеріп жіберіп: – О, Алла! Неге? Неге? Осы бір жүз жиырма теңге үшін бе? Осы бір қарғыс атқан жүз жиырма теңге үшін мені анадан айырдың ба? Мұндай тегін тамақ құрып кетсін. Кешір Алла! Кешір мені, ана! – деп ботадай боздап жылап қоя береді.

Нұрдәулет Бейсенғазиев, №54 орта мектептің 9-сынып оқушысы.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар