«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Самғаудан» үйренетін үлгі көп

«Самғаудан» үйренетін үлгі көп
ашық дереккөз
«Самғаудан» үйренетін үлгі көп
Ерінбей еңбек етсең, еселеп өнім аласың Қордай ауданының Сарыбұлақ ауылдық округінде бау-бақша және көкөніс дақылдарын тамшылатып суарудың жаңа үлгідегі техно­логиясын халықаралық деңгейде таратумен айналысатын израильдік-украиндық «АІК» және егістік зиянкестеріне қарсы химиялық препараттар шығарумен айналысатын «Август» компаниялары өкілдерінің қатысуымен облыстық семинар өткізілді. Облыс әкімдігі ауыл шаруа­шылығы басқармасы басшы­сының орынбасары Мұрат Әсілбеков жүргізген жиынға облыстағы қант қызылшасын өсіретін аудандардың сала мамандары мен агроқұрылым жетекшілері қатысты. – Қант қызылшасы – елімізде негізінен Жамбыл және Алматы облыстары аумағында өсірілетін дақыл. Бірақ, оның көлемі кеңестік кезеңдегіден көп кеміп кеткені сонша, осы екі облыстағы қант зауыттары отандық шикізатпен небәрі төрт пайыз ғана қамтамасыз етілуде. Қалғанының барлығы сырттан әкелінетін қант құрағынан өндіріледі. Осы күндері солтүстік облыстарда қант бағасының еселеп қымбаттап жатқаны мәлім. Сондықтан да еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бұл стратегиялық дақылды көптеп өсірудің маңыздылығы арта түседі. Осы мақсатта биылдың өзінде қант қызылшасы тақырыбына Жамбыл, Байзақ, Меркі аудандарында семинарлар өткізілді. Қордайдағы бүгінгі басқосудың мақсаты – «Самғау» шаруа қожалығының тәжірибесінде қант қызылшасын өсірудің бірегей технологиялық кешенімен таныстыру. Мұнда топырақты өңдеуден бастап, тұқым себу, агротехникалық шараларды жүргізу, тамшылатып суара отырып минералдық қоректендіру шараларының біртұтас жүйесі қалыптасқан. Осының арқасында мұнда қол еңбегі мейлінше азайтылып, барынша мол өнімге қол жеткізіліп отыр, – деді Мұрат Әсілбеков. «АІК» компаниясының бас агрономы Валентин Дьяченко мен өсімдік қорғау жөніндегі маманы Виктор Гребенюк семинарға қатысушыларға егіншілікте озық технологияны қолданудың артықшылықтарын түсіндірді. Компания құрылғалы бері он бес жылда Украина мен Молдовада, Ресейдің еуропалық бөлігінде, Қазақстан мен Өзбекстанда егіншілерге ылғал үнемдеудің жаңа әдістерін игеруіне көмектесіп келеді. Еліміздің солтүстік облыстарында негізінен картоптан, ал оңтүстік өңірде көкөністің түр-түрлерінен тамшылатып өсіру арқылы еселеп мол өнім алуға болатынын іс жүзінде дәлелдеп және жергілікті диқандарға үйретіп жүрген компанияның қордайлық шаруашылықтардың бірқатарымен іскерлік байланыс орнатқандарына биыл төртінші жыл екен. Егер 2013 жылы агроқұрылымдардағы олардың тамшылатып суару жүйелері қолданылған жалпы егістік көлемі 600 гектарды, былтыр 1200 гектарды құраса, биыл тағы еселеп асқан. Оның ішінде «Самғау», «Нөсер», «Алмаз», «Щенхо», «Благовещенка», «Қазақстан–2030», «Қалдыбайтегі» тәрізді шаруа қожалықтарының үлесі бар. Семинардың «Самғау» шаруа қожалы-ғының тамшылатып суарылып жатқан қант қызылшасы егістігінде өткізілуі cебепсіз емес. Бұл қожалықтың алқаптары соңғы жылдары озық технология жетістіктерінің өзіндік көрмесіне айналғандай. Бұған дейін «АІК» компаниясымен бірлесе дәндік жүгері мен пиязды тамшылатып суаруға дағдыланған шаруашылық былтыр өңірде алғашқылардан болып қант қызылшасын да тамшылатып суаруға тәуекел етті. Түрлі сылтаулармен қызылша өсіруден бас тартатын шаруашылықтардың «Самғаудың» тәжірибесінен үйренері баршылық. Былтыр бұлар барлығы 45 гектарға қызылша өсірсе, оның 10 гектарында тамшылатып суару технологиясын қолданған. Бұған да «АІК» компаниясы көмекке келді. Арнайы техниканың болмауынан жүйектер жүгері тұқым сепкішімен 60 сантиметрлік аралықта себілгеніне қарамастан, тәжірибелік алқапта өнімділік көрсеткіші гектарына 700 центнерден айналған болатын. Биыл шаруа қожалығы қант қызылшасы егістігінің көлемін 91 гектарға арттырып, оны түгелімен тамшылатып суару технологиясымен өсіруде. Вегетациялық мерзімнің ортадан жаңа ауғанына қарамастан, мұндағы техникалық дақыл мол өнімнен үміттендіреді. Оны мамандар қазірдің өзінде 600 центнерден деп есептеп шығарды. Алда қызылша қазығына дейін әлі бір жарым-екі айдай уақыт барын ескерсек, нәтиже бұдан да жоғары болары сөзсіз. Бұрынғыша қолмен жекелеп, арамшөбін отауды қажет қылмаған егісте осылай қант қызылшасы бітік өнімімен қуантуының сыры неде? Шаруа қожалығының басшысы Евгений Трубников мұны барынша байыпты түсіндіріп берді. Біріншіден, қожалық биыл жыл басында «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы лизингке су жаңа екі қызылша тұқым сепкішін және екі «Rootster 604» қызылша комбайнын сатып алған. Соның арқасында қызылша тұқымы былтырғыдай алпыс емес, 45 сантиметрлік жүйекаралықта себілді. Ал күзде қызылша қазығын былтырғыдай қопсытқышпен қазып, қолмен жұлып емес, арнайы комбайнмен жүргізетін болады. Екіншіден, жүйектер бойымен тартылған тамшылатып суару түтіктері арқылы бір мезгілде қажетінше минералдық қорек те берілуде. Өсімдік аурулары мен зиянкестеріне және арамшөпке қарсы тиімділігі жоғары «Борей», «Бицепс гарант», «Хакер» гербицидтері осы плантацияның ерекшелігіне қарай арнайы түзілген бағдарламамен тиісті мерзімінде, қажетті мөлшерде беріледі. Бұрынғыдай егістіктің ортасында кетпен көтеріп жүйектерді жекелеп, арамшөбін отап, су айдап жүрген ешкім көрінбесе де, осы замандық озық технологиямен мол өнім алуға боларына бұл айқын дәлел. Технологиялық кешеннің артықшылығы дегеніміз – осы. Е. Трубниковтің иелігіндегі «Нөсер» шаруа қожалығында 55 гектар қант қызылшасы және барлығы 220 гектар дәндік жүгері егістігі де осылай тамшылатып өсірілетіндіктен бітік өнімімен қуантуда. Семинар ұйымдастырушылары қант қызылшасын өсірушілерді субсидиялау мен лизингке техника алудың және шикізатты қабылдау орындарына тапсырудың жетілдірілген шарттары туралы да кеңінен түсініктеме берді.

Құрманбек Әлімжан, SAM_2422«Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар