«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тағдырына мойымаған Салтанат

Тағдырына мойымаған Салтанат
ашық дереккөз
Тағдырына мойымаған Салтанат
Біреу шіріген бай болса, біреу тақыр кедей. Біреудің дені сау, енді бірі таңға көз ілмей, жанына батқан сырқатын сылып тастай алмай күн кешеді. Тегінде сап-сау адамның жазым болып, мүгедекке айналғаны қиын. Әп-сәтте сағы сынып, өмірден баз кешіп кете жаздайды. Қиындықпен күресіп, ауруынан айығып, аяғынан тұру – ілуде біреудің ғана қолынан келетін іс. Салтанат Сәдуақасова – сол аздың бірі. Тағдыр қанша жерден тәлкекке салса да, бойындағы қайратын жиып, қиындықты жеңе білген, сонысымен көпке үлгі болған жан. 9-сыныпта оқитын Салтанат Сәдуақасоваға дәрігерлер ревматоидты артрит диагнозын қойғанда қатты күйзелген. Бірақ, жастықтың буымен ол денсаулығына аса мән бермеп еді. Ақыры асқынған дерт оны 23 жасында ІІ топ мүгедегі атандырды. Педагогикалық институтты қызыл дипломмен аяқтап, арманға қол созған бойжеткеннің маңдайына тағдыр арбаға таңылуды жазды ма, деген. Себебі, дәрігерлер соны меңзеді. Өмірге құлшынысын арттырудың орнына өлімге кескендей болған. Дәрігерлер «Сіз енді жүре алмайсыз. Өйткені, ешқандай ем сіздің аурудан айығуыңызға көмектесе алмайды» дескен. Әйтсе де, ол бұған мойынсұнған жоқ. Аурумен ашық күресті. Ол қаладан жырақта орналасқан, қарбалас тірліктен бейқам ауылдағы туыстарына баруды жөн санады. Адамдардың өзіне аянышпен қарағанын қаламады. Ал ол жақта өзін еркін сезінеді. Тас қала мен таныстардан шеттеп, ауылға жол тартуының себебі де осы. Әкесі мүгедектер арбасын сатып алғанда да одан үзілді-кесілді бас тартып, арбаға таңылып отырғысы келмейтінін ашық жеткізген. «Арбаға таңылсам, өз болашағыма өзім балта шапқаным» дегенді естіген әке жүрегі де атқақтап, қызының қайсарлығына іштей сүйсініп, оған балдақ әкеліп береді. Бұл кезде ол орнынан тұра алмайтын да еді. Төсекте жатып, балдақтың көмегімен жүруді ойлап, талпынатын. Ақыры, балдаққа сүйеніп, бірде құлап, бірде тұрып ұзақ күнге таяқ тастам жер жылжитын болды. Жақындары оның бұл әрекетін құптап, демеу көрсетті. «Сенің қолыңнан бәрі келеді» деген сөзді өзіне жұбату үшін емес, орнынан жұлқына көтерілу үшін айтылғанын ол сезетін. Астана мен Тараз қалаларындағы емдеу мекемелерінде үздіксіз ем қабылдап, аяғынан тұрды. Қазірдің өзінде феталды жасушаларды трансплантациялау үшін жылына екі рет Астанаға қатынап тұрады. – Алғаш аяғыма тұрғанымда өмірге жаңадан келгендей күй кештім. Өмірден үмітімді үзбей, күрескенім нәтиже берді. Мен орнымнан тұрдым. Балдақпен жүре алатын халге жеттім. Кейіннен балдақты да тастадым, – дейді ол. Бұл күнде Салтанат отбасын құрған. Қазіргі таңда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып отырған «НұрБала» жобасының үйлестірушісі болып жұмыс істейді. Алғашқыда «Жас мүгедектер қауымдастығына» барып жұмыс істеуді аталған басқарманың мамандары ұсынған көрінеді. Ал қауымдастықтың бұл күнде жұмысы жемісті, қоғамнан өз бағасын алған. – «Жас мүгедектер қауымдастығында» жұмыс бастау менің екінші тынысымды ашқандай болды. Ол жылдары балдақпен жүретін едім. Негізінен, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары балаға шектен асқан аяныш сезіммен қарап, қамқорлық танытады. Бұл – үлкен қателік. Өйткені, аянышпен қарау адамның жігерін құм етеді. Бізде екі топ бар. Бағдарламаға алғашқы пәндер енген. Балалардың толыққанды білім алуы үшін үйде оқыту жүйесі қарастырылған. Ұйым оқу курсын тәмамдаған балаларға арнайы сертификат береді. Негізінен, аурушаң балалар көбіне оқу бағдарламасынан қалып қояды. Бірақ, біз оларға қосымша білім беруді де үрдіске айналдырдық, – дейді жоба үйлестірушісі. Бірлестік мамандары мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-анасымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Он жасқа дейін үнемі қадағалауда болады. Соның арқасында бүгінде 25 бала орта мектептерде білім алуда. Салтанат Сәдуақасованың ерік-жігерінің мықтылығы осыдан көрінеді. Ол өзін ғана емес, өзгені де өмірге құлшындыра алады.

Асылзат Жұмабай, журналист.

Ұқсас жаңалықтар