Көшесімен Пушкиннің... Абайға дейін

Көшесімен Пушкиннің... Абайға дейін
ашық дереккөз
Көшесімен Пушкиннің... Абайға дейін
(Дос күнделігінен көшірілген хикаят) ...Ол «тіл мен жағына сүйенген» дегенге келіңкіремегенімен тумысынан тым сөзуарлау әрі ойда жоқты оқыс сұрай салуға үйір де болатын. «Ол» деп отырғаным – жас күндерден бірге өскен құрдасым Ескермес қой. Өзінің беймазалау – мүмкін онысы дұрыс, пайдалы да шығар – әдетін әлі де, жасымыз о-о... жетпістен асқанда да тастай қоймапты. Тастамағаны сол, Тараздың тарлау болғандықтан тыныштау Пушкин көшесінде серуендеп жүргенімде кездейсоқ кездесе кеткен ол қол алыса салысымызбен мені бірден сауылдаған сауалдарының астына алды. Денсаулық, отбасы, күнделікті тіршілік жайы, зейнетақының өсу-өспеуі, оның жетіп яки жетпей жатқаны жөніндегі кезекші сұрақтардан өзге менің Украинадағы Президент сайлауының қорытындыларына, Иранның ядролық программасына, АҚШ Президенті Барак Обаманың дағдарысты еңсеруге бағытталған әрекеттеріне байланысты пікірлерімді білгісі келетінін білдіре келіп, ақыр соңында жер климатының шамадан тыс жылынуы салдарынан әлемдік су тасқыны болу-болмауы туралы не ойым бар екенін сұрады... Ал керек болса!.. Қайткенде де кейбір сұрақтарына өз түсінігім бойынша жауап беріп, жалма-жан қалжың мен шынның құймасынан қару жасап алдым да, «қарсы шабуылға» шықтым. – Қымбаттым... сенің Маркстікіндей ғана аласа бойыңа орнатылған мына байғұс басыңдағы анау селеу шашың... осындай қиқы-жиқы, керексіз сұрақтардан ағарып кетті деп ойламаймысың, а?.. Мұнымнан жасқанған «жауды» көрмедім, қайта шапқа түртіп шабындырып алсам керек, түтей жөнелді. Шапшаң сөйлегеннен бе, даусы да шапылдаңқырай шықты. – Қа-алайша керексіз?!.. Құдай-ау, соны да көрмеймісің, мына дүниеде бәрі де байланысып, матасып-шатасып кеткен жоқ па: планеталық климатта да, геосаясатта да, глобалдық экономикада да, ғылым-білім, теологияда да, технологияда да?! Келісесің ғой? Солай ғой!.. Ендеше біздің Австралияда да, тіпті, анау Багам аралдарында да шаруамыз болуға керек. Өйткені олардың бәрі де дәл кәзір ...бойы Энгельстікіндей сорайған сен екеуміз үстіне жайғасып алып әңгіме соғып отырған Жер шарында!.. Ал енді, қадірлім, сен айта қойшы, қанеки: сенің шашың әлі осындай-осындайды ойламаудан ағармаған ба?.. Қосыла шыққан қатты күлкімізден тар, тыныш көшенің екі беті қосыла жаңғырыққандай болды. Арқа-жарқа күлкіден арқа кеңіп кеткендей халде өзара сөзді создық. Әңгіме биылғы қыстың түсініксіз мінезіне, әдеттен тыс аужайына ауысты: Қазақстанның шығысы мен терістігін қар басып салып, сары аяз сақылдаса, күңгейінде күн жып-жылы, нағыз көктемдегідей, мезгіл-мезгіл қар орнына жаңбыр жауып қояды... Ауа райының осылайша құбылып тұрған құбылысын біз де едәуір аударыстырып отырған марғаулау күйімізде Ескермес кенет бірдеме боп қалғандай маған жалт бұрылып, қадала қарап сөйлеп кетті. – Қане, сен маған шыныңды айтшы: Астанадан Таразға не себепті қайтып келдің, сонда қалып қоюға да болмас па еді?.. Ә, тоқта, тоқта, әуелі толық тыңдап ал мені... Астананың аты – Астана. Жылдан-жылға жайнап келе жатқан әдемі қала, саяси орталық. Үлкен интеллектуалдық орта және бар. Білуімше, сенің бірталай әріптестерің – бұрынғы депутаттар, чиновниктер сонда біржолата орнығып қалған да көрінеді. Ал сен болсаң... әлде... әлде туасы түстіктің тірі пендесі болғандықтан терістіктің қақаған аязына шыдай алмадың ба? Қане, маған осының турасын айтшы? – сұрағын нықтай түскені ме, сұқ саусағын омырауыма тіреп қойды. – Жо-оқ… мен енді саған туралап емес, жанамалап жауап берейін, – дедім мен күле сөйлеп. – «Будулайдың оралуының» шын себебін білуге ынтық екенсің, тыңда ендеше, – Ескерместі осылай әңгімеге еліктіре түспек боп мән-жайды айтуды алысырақтан асықпай сабақтадым. – Мүмкін, ақылың айни қойған жоқ қой сенің, есіңде болар, 2005 жылы 30 сәуірде Таразға Президент Назарбаев келді емес пе?.. Иә, келген. Әне сонда онымен «Достық» үйінде интеллигенцияның, этнос өкілдерінің кездесуіне мен де шақырылғам. ...Қо-ош, сонымен кең залдағы ұзын үстелдің айналасында отырмыз. Бір уақытта Нұрсұлтан Әбішұлы да кеп кірді. Жылы шыраймен бас изеп сәлемдесіп төрдегі оқшау орынға жайғасты. Мен отырған тұсқа тым жақын. Көзіміз ұшырасып қалып еді, Президент маған ойда жоқта ескі танысын жолықтырғандай көңілдене үн қатты: – О-о, сіз де осында, Таразда екенсіз ғой! – Иә, Нұреке, – дедім мен. – Тұрақты тұрасыз ба? – Иә… Президенттің көзқарасынан, мүмкін маған солай көрінген шығар, мұнда оралуымның мәнісін білгісі келетіндей рай танығандай болдым да, жөн айтуға көштім. – Нұреке, өзіңіз, бәлкім, физикадан Ньютонның әлемдік тартылыс туралы заңын жақсы білетін боларсыз... Адам жанында да сондай бір заң, туған жерге деген тартылыс заңы бар сияқты. Және де оның күші жыл өткен сайын арта түсетін көрінеді. Менің де сол заңға бағынуыма тура келді... Президент түсінді мені. Ал сен... кәрі қырт, менің айтқандарымнан бірдеңе ұға алдың ба? – деп қалжыңмен аяқтадым әңгімемді. – Иә, иә... со-о-лай екен-ау, кәрі данышпан... – Ескең әдетінде жоқ сабыр-саябыр тапқандай біраз үнсіз отырды да, кенеттен жұлып алғандай, – Енді айтшы сен... туған өлкеде әсіресе... сені ерекше не, қай жерлер тартты? – деді. – Әрине, ең алдымен туған ауыл – Қарасу… Талас өзені, Алатау мен Қаратау, Мойынқұм... Және, әрине, Тараз... Осы аз ба саған?.. – Аз емес. Тү-үсі-нікті. Солай, солай... Тараз, Тараз... Есіңде ме, бала кезімізде талай көрген «Два бойца» деген кино?.. Дұрыс, ұмытпапсың. Сонда бір әдемі ән болатын еді ғой, ә... ә, Марк Бернес айтатын... Иә, иә, онда былай деп келетін: «Я вам не скажу за всю Одессу, вся Одесса очень велика-а...». Рас, біздің Тараз ондай велика-а емес... Ә-ә, кішкентай да емес. Сондай үлкен де емес, кішкентай да емес Таразда... саған әсіресе қай жер, айталық, қай көше ыстық, алыста жүрсең әрдайым аңсайтын? – О-о, сұрамайтының жоқ-ау сенің!.. Тәпелтектер әрі қу, әрі қазымыр келеді деуші еді. Жә, жарайды... мәселен Рощинская көшесі... 21... – Ә-ә, түсіндім, түсінікті!.. Сонау бозбала кезде баяғы ояз Каллаурдан қалған «Роща» дейтін бақта оңаша талай-талай қыдырған сабаз болдың ғой! Әрине, жалғыз емес!.. – Босқа бөсе бермеші… Мен онда досым Асанбай екеуміз Күлшат әпкеміздің қолында, қазаққа жиен Мырзарахым дейтін өзбектің кішкентай тамын пәтерші ретінде жалдап тұрғамыз. – Басқа қайда пә-әтершіледің? Мүмкін… – Мүмкін емес. Басқа еш жерде де… Ал мына... Пушкин көшесімен Абайға дейін жексенбіден өзге Құдайдың құтты күні жүретінбіз. – Айтпақшы, сен педучилищеде оқып едің-ау. Ал ол болса осы көшенің... – Пушкин, 32… Абаймен бұрышта. Әне, ана-ау жақта болатын, – деп қолыммен Абай даңғылымен қиылысты нұсқадым. – Енді оның орнында түрлі түсті шыныбетон үлкен бірдеме қорбиып тұр ғой. Жек көрем мен ол ғимаратты!.. Біздің балауса шағымыздың, алаңсыз алтын күндеріміздің күллі іздерін сол құбыжық жұтып жібергендей болады да тұрады маған!.. Ескерткіш Пушкинді де соған қаратып қойғанын қайтерсің! – Ол ғимараттың еш кінәсі жоқ, – деді Ескермес байсалдана, қызынып кеткен маған басу айтқандай болып. – Е-е, ұлы мәртебелі Уақыт қой... Уақыт ол, құрметтім!.. – Солай ойлайсың ба?.. – Сұраудан гөрі құптағандай боп осылай деген менің әлгіндегі көтеріңкі көңілім әлденеден кенет сылқ түскен сияқтанды да жүдеулеу бір күйге көше бердім. Қыс пен көктем тоғысындағы кешкіріңкіреген мезгілде сызды ауада ызғырық пайда болды... Көп ұзамай Ескермес екеуміз қоштасып, әрқайсымыз өз жөнімізге кеттік. Ол қоналқаға өзіміздің Байзақ ауданындағы Сарыбарақ маңында балалары ашқан фермаға бармақ екен... Арада бірнеше күн өтіп Пушкин көшесіне тағы да жолым түсті. Ерте көктемнің қаһарлы қалпынан жаңылып биыл қырық құбылған қыстан кейінгі сағынышты, жып-жылы шуақты күні төбеде күлімдеп тұр. Нақ «Ата-анадай елжірер күннің көзі...» деп Абай ата айтқандай... Көңіл күйім де соған өзінен-өзі үйлесіп, көтеріліп алғандай. Біртүрлі, тіпті, әндеткім келе ме қалай?.. Ішкі жақтағы кейде өзіңе де тіл ала бермейтін дүние де соны тілейтіндей... Есіме әркез қалтама сап жүретін кішкене радиоқабылдағыш түсті. Түймедей тетігін бастым. Ән естілді. Құлаққа таныс ән. Гагаринге арналған, жиі айтылатын ән. Қазір айтып тұрған Лев Лещенко тәрізді. – Он сказал: «Поехали!» Он взмахнул рукой. Словно вдоль по Питерской, Питерской Пронесся над Землей... Ән ғана емес, әдеміліктің өзі ме дерсің! Әуеннің жетелеуіндегі бейнелі сөз тізбектері қалайша жеңіл, бейне бір қасаттау қарды оңай тіле жол салған шананың қос табанындай еркін ентелей сырғиды! Әсіресе «по Питерской, Питерской»... Мен осы... сан рет – біресе СССР Журналистер одағының съездері мен пленумдарында, біресе Қоғамдық ғылымдар академиясында әр мезгіл айлап оқуда бола жүріп, Питер көшесіне табан тигіздім бе екем?.. Есімде жоқ... Әйтсе де «по Питерской, Питерской» деген сөздер миымнан шығар емес. Неліктен екенін қайдам, әлден уақытта оны өзгертіңкіреп іштей «по Пушкинской, Пушкинской...» деп алдым да сәлден соң «көшесімен Пушкиннің, Пушкиннің...» деп қазақша қайталай бастағанымды байқамай да қалдым... Пушкин көшесі... Сүйікті көшем менің! Жас дәуреннің куәсі, белесі, елесі ғой бұл! Мұны бойлай жүргендегі әрқилы жан толқыны әлі күнге толқытып, жүрек шіркінді уылжыта елжіретіп, жанарға ыстық жас үйіретін шақтар сирек те болса туып қалады... Міне, тағы да көз алдымда өткен замандардың кіреукелі шымылдығын сырып тастап, авансценаға бүгінгі жастар пысқырмайтын да жұпыны ғана, қазіргінің көзімен қарағанда олпы-солпылау киімдер киінген қыздар мен жігіттер топ-тобымен шыға бастады. Қазір Өмір аспанының жұп жазбайтын жұлдыздарындай боп көрінгенімен, сәлден соң-ақ темірдей қатаң да, жұмақтай жұмсақ та бола алатын Тағдыр атты кереметтің тарау-тарау жолына түсіп кете баратын таныс, қимас ыстық жүздер... «Жүздер» демекші, қыздардың бірінде де бүгіндегі баттастыра макияж жасағанда ару, онсыз да мүлде ажарсыз, бейшара боп қалатын бикештердің бетіндегі әлеміш бояудың өзі түгіл ізі де жоқ... Әне, менің ең жақын досым Асанбай Бекболатов маған күле қарап, сұр кепкасын бұлғады. Ұзын бой-тұлғасы сымбатты, бет-келбеті кескінді, үлкен қара көздері жалт-жұлт етеді... Тоқта, тоқта... тоқтай қал... Ау, оның күнделігі менде әлі күнге сақтаулы емес пе?! Сүйікті дос күнделігі. Әріптері әдемі жазумен тып-тығыз етіп толтырылған, сарғыштау мұқабасының сыртына қиғаштай «Мәңгілік досым Арғынбайға мәңгі сақтауға!» делінген жалпақ қалың дәптер... Үйге жетуге асықтым... * * * 25 июль 1955 жыл ...Жалғыз сиырға қора-жай салуды бітірдім-ау әйтеуір бүгін! Енді қандай қысың болса да қорқынышты емес Зеңгібабаға. Бәрін өзім істедім: балшық илеп шикі кірпіш құйдым, кептірдім, қабырғаны қаладым, төбені жабуға керек қары мен шабақ дайындау үшін бір кезде әкем жарықтық отырғызған теректердің екеуін кесіп, қабығын аршып күнге әбден қақтадым. Қамысты қыста-ақ іргедегі Қарасу көлінен орып жиып қойғам. Рас, аздап анам көмектесті. Бірақ негізінен ақыл айтып үйретумен. Әйтпесе әсіресе соңғы жылдары әртүрлі дерт-дербез жабыса берген колхоздың қарт қызылшашысының шамасы неге келе қойсын. Ол кісінің сол ауруының кесірі ғой, көршілес Буденновка селосындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматыға барып, ондағы тау-кен, металлургия институтына түсуге ұмтылмағаным да. Айтпақшы, менің көптен көздеп армандағаным ол институт емес-ті. Жоғары кластарда оқыған жылдардың бәрінде де бар ойым ұшқыш-истребитель болу еді. Ал ол «ауруды» үш мәрте батыр Иван Кожедубтың «Отанымды қорғаймын» кітабынан жұқтырғам. Ойдағыны іске асыруға әрекет те басталған. Свердлов аудандық комсомол комитетіне Чкалов әскери-авиация училищесіне жолдама беруді өтініп арыз жаздым, аудандық военкоматта дәрігерлік комиссиядан өттім. Бәрі осылай ретімен жүріп жатқанда ойламаған жерден тас қамалдай тосқауылға кездестім... Мектептегі алғашқы мемлекеттік емтиханды «беске» тапсырып қуанып келген мені анам... қабағы қарс жабылған, мүлде көңілсіз күйде қарсы алды. – Не, ауырып қалдың ба? – дедім түрінен секемденіп. – Ау… ру бар ғой... бірақ ол бүгін жүректің өзінде тұр, – деп анам маған салқын, біртүрлі сынай қарады. – Не, не дейсің?.. – Ә… ә... әңгіме былай, балам... – әуелі мұңдылау, жұмсақ шыққан дауыс жылдам қатайды. – Айырплан дейтінді біржолата ұмыт енді!.. «О-о, менің жоспарларымды біліпті ғой!.. Кімнен естіді екен?.. Достарымнан, олардың ата-аналарынан естіді ме?..» – Ұмыт. Үлкен баламызды қарғыс атқыр соғыс жалмады... Енді... енді сенен басқа кімім бар менің?! «О, Алла, осымды аман қыла гөр!» деп жүргем жоқ па күндіз-түні Құдайдан тілеп!.. – Апа-ау, қазір соғыс жоқ қой! Бейбітшілік. Ұшып жүргендер аз ба?.. – Ұшса ұша берсін басқалар. Сен ұшпайсың. Ол айырплан құлап қалса ше?.. Құдай сақтасын!.. Онда не болмақ?.. Жо-о... жоқ, сен ұшпайсың. Қасымда боласың, мен әкең кеткен о дүниеге жөнелгенше... Ә-ә, жерде де істейтін адамға жұмыс жетіп артылады... Анамның бұлжымас ұйғарымы, дәлірек айтқанда, үкімі осылай болған соң, не амал? Аспанға апарар арманға қош айттым. Алматыға баруды да жылы жауып қоюға тура келді, қаражат жағы қинады. Әрі ондағы оқудың бәрі тегін тамақ, тегін киім беретін, тіпті, жолпұлыңды да төлейтін әскери ұшқыштың оқуы емес. Күнкөріске жарап тұрған жалғыз сиырды сату ойға да кіріп шыққан жоқ. Сонымен... август айының аяғында қолға оқу-жаттығу самолетінің штурвалын емес, колхоздың екі атты жәшік арбасының делбесін ұстауға тура келді. Бірден сұр бұлт, сұп-суық жаңбырымен ызбайлана басталған күзде қырманнан қамбаға тұқымдық бидай, одан соң сатылы, ырдуан арбамен қыстауларға шөп тасыдым. Колхоз жұмысынан тыс үйіміздің оны-пұны тірлігін де тындыра жүрдім. Қыста бұзаулауға тиіс буаз сиырымызға жемшөпті жеткілікті ғып дайындадым. Мұның бәрі мен үшін ешқандай қиындық келтірген жоқ. Бала күннен таныс, үйреншікті іс бәрі де. Ал... ал жан күйім... О-о, оған оңай соққан жоқ. Жертабандатып тастайтындай салмақ түсті. Армандарымның баршасының арқауы шетінен бырт-бырт үзілгендей. Жарқын болашақ деп жүргенім қайда-а қою тұманға қымтана оранып алып, жол-жобасы белгісіз бір құрдымға құрып, зымзия жоғалғандай... Маған осындай бағыт-бағдары, ештемеге ықыласы жоқ енжар хал-күй бұйыртқан алғашқы ай да өте шыққан. Бір күні кешқұрым колхоздың жылқы базында сельсоветтің шабарманы Қойлыбай ақсақал жолықты. – Өзіңді тапқаным жақсы болды ғой, Асанбай айналайын... Ертең азанда ауылкеңесте болшы, – деді ол кісі. – Неменеге, ата? – Оны білмедім, шақырып жатыр ғой… ...Шақырған сельсовет секретарі, менің соғыста қаза тапқан ағам Әбдіәшімнің құрдасы әрі досы Смет Жәпеков аға екен. Майдангер, ұрыста жараланған. Мен бұрын да байқағам: сөйлегенде тістері ақсиып аздап кекештенеді, көзін де жиі жыпылықтата береді. Контузияның салдары десетін. Бұл жолы да сөйтіп сөйледі. – Біз се-сені өзіміздегі же-тіжылдық мектепке се-секретарь-счетовод болса деп едік. Бірақ директор қ-қарсы!.. Басқа біреуді алам дейді... Міне, саған х-хат... Михайловкаға, р-райисполкомға барасың да, Өтеулин жолдасқа т-тапсырасың... – Мен сиыр базға комбикорм жеткізуім керек еді... – Онда басқа б-біреу барады... Рысбайға айтылған... – Рысбай аға бригадиріміз ғой. Ол да майдангер, бір көзінен айырылған... ...Райисполком, қазақша толық аты «Аудандық атқару комитеті» деген көрінеді, мен 1951 жылғы 15 июньде комсомол билетін алған ұзын үйге орналасқан екен. Председателі Арыстан Өтеулин, қасқалау, үлкен қой көзді, кең келбетті кісі қысылғаннан терлеп те кеткен мені жылы қабылдады. Қолмен жазылған сала құлаш хатты кей жерлерінің астын қызыл қаламмен сызып, ыждаһатпен оқып болған соң, алдындағы кішкене қоңырауды басып хатшысын – орта бойлы, толықша орыс келіншегін шақырып алды да: – Пусть зайдет товарищ Лапин, – деді. Кабинетке кеп кірген қара костюмді, ақ сары жүзі суықтау, сұйық сары шашын оңға жылтырата қайырып тастаған ұзын орыс қызметкер председательмен әлденелерді сөйлескен соң, орнынан көтерілді де маған: – Пойдем ко мне, – деді. Ұзын коридордың түкпіріндегі шағын кабинетке кірісімен түрегеп тұрған күйі қара телефон арқылы әлдекіммен қысқа қайырым сөйлесті де, сөздерінен ештеме түсінбеген маған әлгіндегідей емес, жылы қабақпен қарап, қазақша: – Сен... ертеннен бастап мектептин секретарь-счетоводы, – деді де, қолымды қысты. – Успехов тебе, молодой человек!.. ...«Мынау райисполком дейтін өкімет мекемеде өңшең мейірімді, ғажап кісілер отырады екен-ау өзі!» деп таңдана әрі риза бола ойладым... Есесіне мені директор мұздай суық раймен қабылдады. Бұл өзі бір, бұрындары да байқайтынмын, елулер шамасындағы, ат жақты бет-әлпеті қара сұр, биік маңдай астына бірдеңеден қашып кеп тереңіректе тығылғандай шүңірек көздерінен кісіні тітіркендіретіндей жағымсыз бірдеңелер бір ұшқындап, бір өшіп тұратын адам еді. Өңкиген ірі тұлғасына мүлде қонымсыз жіңішке жарықшақ дауыс іркіліссіз ысылдады. – Бірден айтайын, сен ...се-ен... бүкіл канцелярия жұмысын жүргізетін және мұғалімдердің айлық жалақысын есептеп, ауданнан ақша әкеп тұратын секретарь-счетовод қана болмайсың, сонымен бірге завхоздың, старший пионервожатыйдың, мектеп қабырға газеті редакторының міндеттерін де атқарасың. Әгәр да... соның біреуін ақсататын болсаң, алдын ала ескертем, сені жұмыстан босату туралы мәселе қоям... Менің құлағым шыңылдап кетті. «Оһ, мені қайда әкеп тыққансыз, Смет аға-ау?! Мынадай тозақтан арбам мың есе артық еді ғой!.. Күнде мына күңгірт, қуықтай кабинетте мына айдаһар – директордың нақ алдында қоянның көжегіндей қайтіп қалтырап отырмақпын?!..». Басым айналып бара жатқандай. Ол халдің қаншаға созылғанын да аңғармаппын. Бірақ бір кезде жанымның бір түкпірінде ыстық ыза пайда бола кетіп, ол сәт сайын бұрқылдай қайнап бара жатқанын анық сезіндім. – Жұмыс істеймін! – деп қалдым. Даусымның қатты шығуы өз алдына онда, өзім де қайран қалдым, қарсы жақтың жағын қарыстыратындай металл да аз емес еді. Директор ештеме демесе де, шұңғыл көздерімен мені сиқырлағысы келгендей көпке дейін назарынан босатпады... Жұмысты таңның атысынан күннің батысына дейін тастамадым. Ә дегеннен мектептің қыстық отынын дайындаудан бастадым. Ол отын – қурай, жусан, жантақ секілді түрлі шөп. Колхоздың трактор, шөп шабатын машина бөлгені үлкен көмек болды. Қарақойыннан шөпті сатылы арбамен өзім тасып, мектеп жанына маялап жиюға Дәулеткелді ата жәрдемдесті. Ал есепшіліктің әліппесін аудандық оқу бөлімінің бас бухгалтері шешен Вахид Усманович пен оның орынбасары еврей апай Мария Львовна үйретті. Әр айдың аяққы күндерінде мойныма асып жүретін қара сөмкемді ақшаға сықа толтырып жол-жөнекей кездескен көлікпен аудан орталығынан келетін мені көргенде, мұғалімдердің қуанғанын көрсең!.. Күні кешегі оқушы маған олардың мұнысы біртүрлі қызық сияқтанды. Одан да қызығы – алғашқы отыз сомдық жалақымды алақанына салғандағы анамның қуанғаны! – Міне, менің Асантайым шешесін асырауға жарады, тәубе, тәубе!.. – деп өзінің абысын-ажындарына әжептәуір мақтанып та алды. Пионер ісімен де шұғылдандым. Отряд, үздік оқушылардан актив ұйымдастырдым. «Ақәділдің жолымен» деген атпен қабырға газетін шығардым. Ақәділ Суханбаев – Совет Одағының Батыры, өзіміздің қарасулық, туысқанымыз. Колхоз да 45-жылдан бері сол батыр ағамыздың атымен аталады. Жұмысты қанша тырысып істегеніммен, директордан бір ауыз жылы сөз естімедім. «Оның жаны сіресіп жатқан мәңгілік мұз шығар, әйтпесе, мен несін алдым?..» деп назалана ойлайтынмын кейде. Содан да болар, өзім де оны бастық ретінде де, үлкен кісі ретінде де сыйлағым келмеді. Мен ғана емес, байқаймын, мұғалімдердің көбісі-ақ, әсіресе жастаулары сыйламайды. Химбиолог Ертай Мәдімаров бірде, тіпті, елдің көзінше: «Сіз – шала сауаттысыз ғой, ешқандай да академиялық біліміңіз жоқ, сол бұрынғы Орынбор рабфагінің деңгейінде қалғансыз! БК (б) П тарихының қысқаша курсынан басқа не білесіз?!» деп салды. Сол сәтте мен директорды адам ретінде қатты аяп кеттім. Бірақ ол мені ешқашан да аямапты. Көп кешікпей соған көзім жетті. ...Февральдың аяғы мен марттың басында қалыңдығы бір метрден асатындай қар басып салды. Балалар мектепке бару былай тұрсын, үйлерінен аттап шыға алмай қалды. Жергілікті активтен маза кетті: 5 мартта Жоғарғы Советтің сайлауы, жұрттың жалғыз кандидат академик Нәйла Базановаға бір кісідей дауыс беруі қалай болады? Сайлаушыларды үгіттейтін үгітшілер қатарында жасым он сегізге толмағандықтан, дауыс бермейтін мен де бармын... «Сайлаумен басқалар айналыссын, ал сен мектеп ауласын қардан тазарт!». Директордан осындай бұйрық алдым. Ал мектеп әжептәуір үлкен, еңселі екі үйден тұратын. Ауланың ауқымы да аз емес. Соған жатпай-тұрмай қатты шаршағаныма қарамастан, қардан «қала» тұрғыздым. Әсіресе, шатырдың қарын күреу қиын болды. Жиі-жиі сырғып құлаймын. Бір жақсысы – үйінді қарға түсем, сүйекке зақым келген жоқ. Тағы бір қиындық – күнге шағылысқан аппақ қардан көзім қарықты. Жас сорғалап, көзімді аша алмай қалғанымда – фельдшер, ересен семіздіктен қарнының астынан жалпақ сары былғары белдік буынып жүретін, гренадердікіндей бурыл мұртты Поликовскийге рахмет, сол бір мезгіл-мезгіл тамызатын сұйық дәрі беріп, жағдайым жақсарғандай болды. Сөйтіп жүргенімде бір күні таңертең директор ысылдай сөйлеп, мен күтпеген тапсырма берді: – Енді ауладағы туалетті тазала. – А… а?.. – Несіне таңданасың? Оның іші әбден былығып кетіпті. – Мен онда баратын жолды аршыдым ғой. Ал әжетхананың ішін тётя Дуня тазалайды. Кеше ол солай деген... – Жоқ, сен тазалайсың!.. Менің көзалдым қарауытып кетті. – Жоқ, тазаламаймын! – Мен тазалайсың деген соң, тазалайсың!.. Мына масқара қорлық үстінде бұрынғыдай ұзын арба қамшым болғанда ысқырта шықпыртар ма едім, кім білсін, тек қолымдағы жалпақ ағаш күректі күресінге атып ұрып, бірден сельсоветке қарай тартқанымды өзім де байқамай қалдым. Қарсы алдымнан қар суыра соққан суық желдің де түк әсері жоқтай бетім оттай жанып, жұдырығым тас түйіліп, тісім шықырлап келеді... Смет аға орнында жоқ екен. Есесіне председательдің өзі бар боп шықты. Бой-бітімі шағын ғана қара торы өңді, жас шамасы менің анамнан сәл ғана кіші Зияда апа да көп өмірін алғаш мақта, одан соң қызылша плантациясында өткізген. Жұрттың айтысынша, отыз сегізінші жылы Москвада Калининнің қолынан «Құрмет белгісі» орденін алған. Соңғы бірер жылдан бері сауаты ликбездік қана болғанымен, біздің Қарасу ауылкеңесін басқарады... Мен атқақтаған жүрек дүрсілімен алыса тұрып болған жайды үзіп-жұлып, тұтығып әрең баяндадым. Зияда апаның жүзі бұрынғыдан да қарайып, түнеріп кеткен секілденді. – Жәке, маған ана... а директорды тезірек келтіріңізші, – деді бөлмеге кірген Қойлыбай атаға. – Әй, со қызталақты... – Кіжіне күбірледі қария шығып бара жатып. Біраздан соң бір қырындап жүретін әдетімен есіктен көлденеңдей директор кірді. Жасанды жымиыспен Зияда апаға үн қатты: – Сау-сәлеметсіз бе, Зияда Амановна! – Бұрыш жақта отырған мені көзі шалғанда жымиысын жиып ала қойды. Зияда апа да әрең шыдап отырса керек, бірден тарс кетті. – Ей, әдепсіз қаныпезер неме!.. Сенің сәлеміңе жауап беруді өз басыма қорлық санаймын. Сәлемнен садақа кеткір, білдің бе?! Енді сен айтшы маған: мына баланың әкесі Сталинградтағы қырғында қаза тапқанда қайда болдың, а?.. Бұл баланың туған ағасы Украинадағы ұрыста мерт болғанда қайда жүрдің, а?.. Бұл баланың туысқан ағасы Суханбаев кеудесімен пулеметті жапқанда сен қайда едің, а?.. Ақыр соңында менің Құдай қосқан қосағым Ералы Берлиннің тап түбінде ажал құшқанда не бітіріп жүрдің сен, а?.. Айт, қане!.. – Ы… ы... бала оқытып жүрдім ғой... – деп мыңқылдады директор. – Оқыттың!.. Қорлаумен, азаптаумен оқытқан екенсің ғой сен!.. Мына бала кешегі мектеп оқушысы емес пе еді?.. Отан үшін қаза тапқан жауынгердің ұлын қорлауға кім саған право берді?! Мерт болған батыр солдаттың інісінің намысына тиюге кім право берді? Және... және кәрі әрі ауру колхозшының жалғыз тұяғын қорлауға саған право берген кім, а?.. Айт, қане, кім?! – Мен… мен тәртіп болса деп ем... – Директордың ысылы тым әлсіз шықты. – Ә, тәртіп деймісің?! Көрсетем мен саған тәртіптің көкесін! Ертең райкомға, жолдас Сандыбаевқа барам да, сенің оңбағандығыңды айтып, қараңды өшіртем бұл ауылдан!.. – Кешіріңіз… кешіріңіз, Зияда Амановна... Түсіндім... енді мұндай жағдай қайталанбайды... Расында да қайталанған жоқ. Бірақ бәрібір ол динозаврдың жанындағы мәңгі мұз ерімеген қалпында қала берді... Қымбаттым, менің жүрек құпиямды сақтайтын жалғыз сырласым – күнделігім менің! Бүгінге осы да жетер, ә?.. Түн ауғалы қашан. Ұйқы айналдыра бастады... Қош, ертеңге дейін!.. 26 июль 1955 жыл Жылға жуықтаған секретарь-счетоводтық қызметімнің жырына нүкте қойылатын болды. Өйткені анам екеуміз ақылдаса келіп менің Абай атындағы Жамбыл педучилищесіне оқуға түскенім дұрыс деп таптық. Бір жақсы жері – биыл онда жеделдетілген топқа орта мектеп бітіргендерді қабылдайды екен. – Екі жыл деген немене, әне-міне дегенше өте шығады да, Жүзжасар құсап мұғалім боласың, балам, – деп анам тәтті қиялға кетті. – Жамбыл Алматы, не басқа бір қала сияқты алыс емес. Демалыс күндері үйге кеп тұруыңа болады. Құдай қырсықтан сақтаса, мен де азық-ауқат апарып тұрармын... Мен жөнінде қам жеме, ел ішіндемін ғой, өзіңе әзір бол... – Апа, сен егер тағы ауырып қалсаң, жағдайыңды Смет ағаға айт, о да үлкен ұлың сияқты ғой, көмектесер, – дедім мен де білгенімше ақылымды айтып. – Зияда апаға да. Жақсы, қайырымды кісілер ғой. – Ә-ә, аурудың беті аулақ… алда-жалда егер... өзімнің де ойымда болар олар, – деді де, қуақылана күліп сөзін көңілдене жалғады. – Мен үшін емнің үлкені – үйге келін түсіру ғой!.. Амандық болса оқуыңды да бітірерсің, үйленерсің, сонан соң кішкентай-кішкентай немерелер келіп, әкең марқұмның шаңырағы астында жұлдызшалардай жарқырар. Құдай соған жеткізсін!.. Анамды тыңдай отырып мен де көңілденіп кеттім. Бірақ ол жақын болашақта әлі өзіме белгісіз бір қызға үйленемін-ау дегеннен емес, өмірінде талай тауқыметті көрген анамның қуана қиялдауын құптағандықтан еді. Тегінде менің мұғалімдікті қалауым – анамның арман қылуынан ғана тумаған шешім. Мектепте жұмыс істеген жылға жуық уақыт ішінде балаларға, әсіресе тілі тіпті қызық бірінші кластағыларға өте үйір боп кеткем. Мұздай, суық, өңірейген директормен бірге титтей қаракөлеңке кабинетте отырғанда еңсем езілгендей болса, үзіліс қоңырауы сылдырасымен сыртқа атып шығып, кішкентай достарыммен әңгімеге кірісетінмін. О, олардың әңгімесі, кейде үлкеннің де ойына келмейтін нәрселерді айтып қалуы, шыншылдығы, әділдігі ғажап-ақ! Содан да кейде балалық пен даналықтың арасы бір-ақ қадам сияқты-ау деп ойлағаным бар. Бәрінен де кереметі – балалармен шүйіркеден соң көңіл күйім өзгеріп сала беретін. Күллі дүние сұрқайлау түстен әп-сәтте арылып, күлімдеп, мөлдіреп тұра қалатындай еді. «Мен сендермен мәңгі бірге болармын енді, мына көрікті дүниенің кішкентай иелері!» дейтінмін іштей ерекше риза, толқыған шақтарда... ...Бүгін мектепке барып өзіме тиісті барлық іс қағаздарын, печать пен штампты оқу ісінің меңгерушісі ұлты қырғыз Асан Жұмағазиев ағайға өткіземін. Директор жақында, оқу жылының аяғына таман орнынан босатылып, басқа бір жаққа қатардағы мұғалімдікке жіберілген. Зияда апа қуып шықты деген де сөз болған мектепте. Мүмкін. Ол кісі ешбір жөнсіздікке төзбейтін нағыз коммунист қой. Әділдіктің тірегі де сондай адамдар шығар. Әйтпесе... Мен бүгін тағы да анамның айтуымен жаздық шолақ жең көйлек сатып алуым керек. Ол үшін велосипедпен Буденновкаға бару қажет. Буденновка... Екі-үш күн бұрын ол жақтан туысқан қарындасым Ақжарқын келіп, жұмбақ бір раймен күле тұрып маған үш тал роза гүлін және бүктеулі қағаз ұсынды. – Бұл гүлің ненің құрметіне? – дедім таңданып. – Мұны кластасым Мәриям беріп жіберді, менен сенің оқуға жүргелі жатқаныңды естіген... Жалпы ол кейінгі кездері сен туралы көбірек сұрайтын боп жүр! – деді Ақжарқын жымың-жымың етіп. – Несіне күлесің? Сұраған екен – жауап бер. Сұрағанның несі айып?! – дедім қарындасымның мына мінезін жақтырмай. Әйткенмен өзім қатты қайран қалдым. Ол жап-жас, талдырмаш, әп-әдемі қызбен таныс болатынмын. Кездесе қалсақ сәлемдесетінбіз. Және де ол ешқашан маған көз тоқтатып қараған да емес. Енді, міне... Қағазда төрт-бес-ақ сөз жазылыпты: «Асанбай аға! Сізге шын жүректен сәттілік тілеймін. Мәриям». «Шын жүректен...». Өз жүрегім шым ете қалғандай болды. Түсініксіз... – Ра-ах-мет... – дедім кімге алғыс айтқанымды өзім де анық айырып жатпастан... «Ал енді бүгін онымен кездессем қалай болады? Қайда тұратынын білем ғой, - деп ойлай бастадым. – Кездессек... алғыс айтудан басқа не демекпін?.. Ол не дейді?.. Жүрегімнің шым еткені несі?.. Жо-оқ, мен алдымен өз-өзімді түсініп алуым керек... Одан да бұрын оқуды ойлау – міндет!.. Сонымен ертең жолға шығамыз. Арғынбай Бекбосынов екеуміз. Ол – құрдасым, жақын туысым. Жуастау, көп сөйлемейтін, жаны таза бозбала. Ең бастысы – өте сенімді. Ол екеуміз ортақ туысқан әпкеміз Күлшаттың пәтерінде тұрмақпыз. Сонымен алда – қабылдау емтихандары. Оның бастиондарын тіке шабуылмен алуға тырыспақпыз. Сөйтіп, алға!..» 10 август 1955 жыл. Емтиханды оңдырмадым! Бас-аяғы алты күнде үш пәннен тапсырғандықтан оқулықтарды парақтап та үлгермедім. Әрі десең бір жылдық жұмыс талай тақырыптарды есімнен шығарып үлгеріпті. Нәтижесінде – үш үштік баға. ...Ауладағы қара тақтаға оқуға қабылдау туралы бұйрық іліне бере күтумен жүрген бәріміз жапа-тармағай сонда жүгірдік. Қуанышты дауыстар да шыға бастады. Машинкаға басылған тізімді көзбен бірнеше рет тінтіп шықсам да, өз фамилиямды көре алмадым. Жоқ, жоқпын!.. Арғынбай қабылданыпты, оның бір төрттігі бар еді. Үндеместен қолын қыстым. Ол болса мені жұбата бастады. Бозарыңқы жүзі мен сәл дірілдеген демінен жанашыр аяушылық танылғандай. Ал өзім болсам алғашында ештеменің парқын оншалықты біле қоймайтындай халде мәңгіріп қалсам керек. Ой дегенің біраздан соң ғана біріндеп келе бастады. Бірінен-бірі өтер өткір әрі удай ащы ойлар жүректі тілгілеуге, улауға, жұлмалауға кірісіп кетті... Енді не?.. Не болмақ?.. Қайтпекпін?.. Ауылға қайтсам – қай бетпен?.. «Асанбай институт тұрмақ училищеге де түсе алмапты, миғұла!..». Осындай оспадар сөздер анамның құлағына жетсе, ол байғұстың жан күйі не болмақ?.. Мен оны осылай қуантайын деп пе едім?!. О-о, қандай масқара!.. Әлде... әлде бұл қариялар жиі айтатын пешене, менің пешенемдегі жазу ма екен?.. Онда... онда одан аттап кете алмайсың демеуші ме еді... Кенет есіме тоғызыншы класс оқушысы Мәриям түсті. «Шын жүректен сәттілік тілеймін...». Кездесе қалса оның бетіне қалай қараймын?.. Ал қазір өз бетім өртеніп тұр... – Оқасы жоқ, Асанбай, бұрынғы орныңда тағы бір жыл істей жүріп мықтап дайындаласың, қаражат та жинап алып, Алматыға, институтқа бір-ақ тартасың. Мен сенің қабілетіңе сенем... – бұл тағы да Арғынбай ғой мені тыныштандыруға әрекет қып тұрған. – Қойшы сол Алматыны!.. – дедім қатқыл үнмен қолымды сілтеп. Алматының да жазығы бардай. – Темір жол оқуына – ЖДУ-ға барам, оқып жүр ғой онда Көкөзектен Шора Шалтабаев. Паровоз айдаймын!.. Бұл ойдың табан астында миыма қайдан сап ете қалғанына өзім де таңдандым. – Жақсылап ойлан, Асанбай, – деген Арғынбай даусында реніш бар секілді. – Ойланбаймын. Солай шештім. Масқара болып ауылға бармаймын. Түсіндің бе?!. Алған бетімнен сирек қайтатын қайсарлығымды білетін Арғынбай енді бірдеңе деуді артық көрсе керек, үнсіз қалды. – Документтерімді алам, – дедім де, бұрылып кете бардым. Секретарьша Ереськина орнында екен. Алғаш көргенімде сұңғақ бойлы, сымбатты, аса сұлу, керіскедей келіншектің көркіне қайран қалсам да, бұл жолы көңіл мүлде аударылмады. – Саған не керек еді, жас жігіт? – деді ол тым салқын раймен. – Документтерімді алайын деп едім... – А… а... өтпеген екенсің ғой... Фамилияң кім? – Бекболатов. – Бек… бо... латов... Бекболатов?.. А... а... қазір, қазір, тоқтай тұр... – Секретарьша алдындағы көп қағазды сапырылыстыра ақтарып жатып, арасынан күлгін сиямен жазылған жазулары жайылып кеткен сорғыш қағазды алып шықты. Сұлу жүзі жылып кеткендей, қып-қызыл помадалы еріндері аппақ мінсіз тістерін мейлінше айқындай көрсетіп үн қатты: – Қане, Бекболатов, директордың міндетін атқарушы Еникееваға кіре қойшы!.. – деп қара брезентпен қапталып, қалпақты шегелермен тізқатар шегеленген жарма есікті нұсқады. Үлкен кабинеттің түкпіріндегі үстел басында ақ сары жүзді, қысқа қиылған жирендеу шашты, кішкентай ғана егделеу апай отыр екен. – Менің фамилиям – Бекболатов. Сізге кір деп еді, – дегенді еш кібіртіксіз, іштей ширығып тұрғандықтан, командирге рапорт берген солдаттай қатқылдау, тақылдата айтып шықтым. – Ә… ә... Бик... бу... латов... Кане, син утыршы узиң, – деді апай қазақша сөйлесе де, татаршаға бұрыңқырап. – Біз сені резервке қоссақ деп едік. Келісесің бе? – Резерв деген не?.. – Мен бұл сөздің әскери және саяси мағыналарын ғана білетін едім: резервтегі армия, комсомол-партияның резерві деген сияқты. – Резерв – бұл... ә... ә... қалай десем екен?.. Қане, мен саған былайша түсіндірейін. Мәселен, біз конкурстың қорытындысымен алпыс студент қабылдадық қой. Енді соның оқу процесі барысында біреулері бір жаққа, айталық, армияға кетеді немесе олай болмай-ақ қойсын, қатты ауырып қалады, яки қысқы сессияда құлайды, ондай да боп тұрады... Міне, сондайда студенттер құрамы резерв арқылы толықтырылады... Түсінікті ме енді саған? – Аздап түсіндім… Сонда, резерв студент емес қой? – Иә, студент емес… Болашақ студент болуы... мүмкін... Көңлімнің терең түкпірінде өте-өте әлсіз де болса үміт ұшқыны жылт-жылт еткендей. Оны мына жұдырықтай ғана, жас шамасы менің анамнан а

Ұқсас жаңалықтар