«Айқын» жобасына жүгінген жөн

«Айқын» жобасына жүгінген жөн
ашық дереккөз
«Айқын» жобасына жүгінген жөн
Мемлекеттік билік пен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қызмет сапасын жақсарту тұрғындардың билікке деген сенімін арттырады. Сондықтан да, кез-келген мекеме қызметкерлері келушілерге сапалы қызмет ұсынып, қабылдауға келген тұлғаларға оң қабақ танытып, кеңсеге түскен өтініштерді уақтылы есепке алып, тіркеуі тиіс. Себебі, халыққа ұсынылатын қызмет арқылы мемлекеттік қызметшілердің жеке қасиеті бағаланады. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық басқармасының арнайы есепке алу бөлімінің аға прокуроры Қалыбек Жақыбаев жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау кезінде осы талаптар орындалуы керек дейді. Облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлерінің қатысуымен өткен семинар-кеңесте аға прокурор жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін тіркеу, есепке алу, қарау тәртіптерін түсіндірді. «Айқын» жобасы туралы да мол мағлұмат берді. – Азаматтардың өтініштерімен жұмыс жасау – билік пен халықтың өзара іс-қимылының маңызды бір бөлшегі. Өкінішке қарай, бүгінде ескі жүйемен өтініш берушіге жедел, кейде сапалы ақпарат беру мүмкін болмай отыр. Сондықтан, еліміздегі заңдылық пен құқық тәртібін жетілдіру мақсатында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет өтініштердің қаралу барысының айқынды-лығын, сыбайлас жемқорлық әрекеттерге жол бермеу үшін және шенеуніктер мен азаматтардың жеке қарым-қатынасын болдырмауды көздейтін «Айқын» жобасын әзірледі. Бұл жоба жеке және заңды тұлғалардың берген өтініштерін мемлекеттік органдардың белгіленген мерзім ішінде қаралу тәртібін бақылап отыруына мүмкіндік береді. Мәселен, әркім өз өтініші бойынша құжаттың жылжуымен қатар, қарау мерзімдерінің бұзылу деректерін де қоса бақылай алады, – дейді Қалыбек Жақыбаев. Негізінен, жекелеген азаматтар немесе заңды тұлғаның өкілі мемлекеттік органдарға жазбаша өтінішті өз қолымен берген жағдайда өтінішті қабылдаған кеңсе қызметкері оған 18 таңбалы бірегей нөмірі бар талон беруге міндетті. Талон бірегей нөмірді пайдалана отырып, өтініштің қаралу барысы мен нәтижелер туралы ақпарат алу үшін жасалған. Ол үшін азаматтар 8 800-080-7777 (стационарлық) немесе 1414 нөмірлеріне қоңырау шалып, операторға талон нөмірін айтуы керек. 1012 нөміріне талон нөмірі жазылған SMS хабарламаны жіберуге де болады. Сонымен қатар, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің http://service.pravstat.kz сайтына кіріп, қажетті бөлімнен талон нөмірін теру арқылы ақпарат алуға да мүмкіндік жасалған. – Осы семинар-кеңес арқылы көптеген мағлұматтарға қанықтық. «Айқын» жобасының бір ерекшелігі – азаматтардың және ұйымдардың өтініштерінің қаралу барысын интернет желісі арқылы бақылай алатындығында. Заманауи ақпараттық жүйе – «Айқын» жобасы мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынасты жақсартатынына сенімдімін. Енді өтініштердің де қаралу процесіне кейбір шенеуніктердің немқұрайлы қарауына жол берілмейді. Ең бастысы – қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың жойылуы мен азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етеді, – дейді облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Бекежан Мамажанов.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар