Көк байрағымызды Жапаров желбіретеді
тараздық таэквондошы Руслан Жапаров Рио Олимпиадасына ел құрамасын бастап шығады Елбасы сенімі Міне, ертең төрткіл дүние түгел көз тіккен, талай саңлақ төрт жыл бойы тағатсыздана тосқан, барша әлемнің басты байрақты бәсекесі Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін XXXI жазғы Олимпиада ойындары басталмақ. Биылғы жазғы Олимпиада ойындарына 206 мемлекеттен 10 мыңға жуық спортшы қатысады десек, біздің еліміз спорттың 26 түрінен 100-ден астам жолдама жеңіп алғаны белгілі.
Айта кетерлігі дүбірлі дода сапында біздің облысымыздың төрт спортшысы өнер көрсететіні жамбылдық жанкүйерлердің мерейін тасытып-ақ отыр. Ал Рио-де-Жанейро Олимпиадасына ел спортшыларын бастап шығу, көк байрағымызды көтеру құрметіне ие болған спортшы жерлесіміз Руслан Жапаров екенін естігенде, тіпті, қуаныштан тебіреніп, толқыған едік. Русланға мұндай зіл-батпан жауапкершілікті Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Олимпиада құрамасы мүшелерімен кездесу барысында сеніп тапсырды. Осы келелі кездесуде Президент дүбірлі додада Қазақстан намысын қорғайтын сайыпқыран спортшыларға еліміздің ерекше үміт артатынын жеткізген еді.
– Сонау кеңестік заманнан бері қарай алатын болсақ, Әлжан Жармұханбетов, Нилли Ким, Жақсылық Үшкемпіров сияқты үлкен аға-апаларыңыз Қазақстанның мерейін көтеріп, жеңіп шыққан болатын. Тәуелсіздік жылдарында спортшыларымыз Олимпиадада жеңіп алған 59 медальдың 17-сі – алтын алқа. Рио-де-Жанейродада игі үрдіс жалғасып, еліміздің мерейі аспандай түсетіндігіне сенімдімін. Нағыз патриот қана елдің абыройы үшін тайталаста өз мүмкіншілігінің шегінен шығып, жеңіске жететін болады. Сендер барша қазақстандықтардың ақ батасын алып, жауапты сапарға аттанайын деп отырсыңдар. 17 миллион халық түгелдей теледидар алдында отырып, сендерге жанкүйер болады. Айшықты жеңістерің барша отандастарымызды рухтандырады және қуантады. Сондықтан, сендердің алдағы жеңістеріңді біз Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған сый ретінде күтеміз. Біз тебіреніс және шынайы толқыныспен сендердің жеңістеріңе сеніп, Олимпиада аяқталған соң жеңімпаздарды елде мақтанышпен және құрметпен күтетін боламыз.
Біздің туды Руслан Жапаров қабылдап алады. Ол бұл туды Олимпиада стадионына салтанатпен алып кіріп, үлкен жеңістермен оралсын, – деді ҚР Президенті Мемлекеттік Туды табыстар сәтте спортшыларға сәттілік тілеп.
Сондағы Русланның көк байрақты алып тұрып: «Аса құрметті Елбасы! Сіздің қолыңыздан алған байрағымызды тек биікте желбіретуге бар күш-жігерімізді саламыз. Еліміздің әнұранын асқақтатып қайтуға серт береміз. Сеніміңізге рахмет!» – деген уәдесі нағыз ер мінезді, ұлтжанды спортшының жүрек сөзі еді...
Иә, бар-жоғы жиырма жасқа енді ғана толған тараздық тарлан – Руслан Жапаров бұл додада тек ту ұстаушы ғана емес, сонымен қатар, өз жерлестерінің абыройын асқақтататын мерейлі жеңіске қол жеткізу үшін де барын салмақ. Жеңіске бергісіз жолдама Бала Русланның осынау спортқа келуі асқар таудай әке арманымен астасып жатыр. Сонау балаң шағында, әлі буыны бекіп, қанаты қатаймаған жеті жастағы Русланды әкесі жетелеп әкеліп, таэквондо деп аталатын өткірлік пен тиянақтылықты, шапшандылық пен ептілікті қажет ететін спорт түріне тапсырады. Содан бері, яғни бірінші сыныптан бастап таэквондоны жанына серік еткен спортшының шеберлігі шыңдалып, бейімділігі арта түседі. Алғашында Руслан таэквондоның ATF түрімен шұғылдана бастаған. Алайда, шығыс жекпе-жегінің бұл түрі олимпиадалық спортқа жатпайтындықтан, жерлесіміз таэквондоның WTF түрімен айналысып, алдына болашақта Олимпиаданың биік тұғырынан көрінуді мақсат етіп қояды. Осылайша, кәріс халқының жекпе-жек өнерін жіті меңгерген Руслан ә дегеннен үлкен сайыстарда жүлделі орындардан көріне білді.
Руслан сондай ірі жеңістерінің біріне былтыр тамыз айында қол жеткізді. Ол Латын Америкасында өткен «Argentina Open» үшінші халықаралық ашық біріншілігінде өзінің шебер спортшы екенін дәлелдеді. Аргентина астанасы Буэнос-Айрос қаласында өткен G-1 дәрежесіндегі беделді жарыста барлық жас санатындағылар, атап айтқанда кадеттер, жасөспірімдер мен ересектер сынға түсті. Жалпы алғанда, 500-ден астам саңлақ үздіктерді анықтады. Соған қарамастан, ауыр салмақта өнер көрсеткен тараздық тарлан Руслан қатарынан үздік шығып, чемпион атанды. Ол финалда турнир иесі – аргентиналық Мартин Сиомен шыққанына қарамастан, 6:12 есебімен айқын жеңіске жетіп, ел мерейін өсірген еді. Айта кету керек, Руслан бұрын да «Russia Open» турнирінде алтыннан алқа таққан болатын.
Ал ағымдағы жылдың сәуір айында жерлесіміз Рио Олимпидасы жолдамасы жолындағы додада барын салып, бабы мен бағы қатар жанды десек болады. Филиппин астанасы Манила қаласында өткен Азиялық лицензиялық турнирде таэквондошы жасындай жарқырағаны жанкүйерлердің есінде. Шынын айту керек, Русланға Олимпиада лицензиясы бұйырады деген үмітке қарағанда күдік басымдау еді. Неге десеңіз, бұл спорт түрі бұған дейін қазақстандық спортшыларға онша серік бола қоймағанын мойындауымыз керек. Әйтсе де, Руслан ерледі. Саңлағымыз талай сарапшылардың болжамын теріске шығарып, биіктен көрінуге бел байлады.
Сары құрлықтың кіл мықты спортшылары топқа түскен аталмыш аламанда жерлесіміз қарсыластарынан рейтингісі жоғары болғандықтан, бірден ширек финалға жолдама алса, келесі айналымда палестиналық таэквондошымен даянда жолығып, 10:6 есебімен басым түседі. Бұдан кейін Пәкістан спортшысын да тізе бүктірген ол турнир ережесіне сай Олимпиада жолдамасын қанжығасына байлайды. Алайда ақтық айналымда бабы қанша келіссе де, оған сәттілік серік бола қоймайды. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері қытайлық спортшыға бір ескертумен ғана жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтады. Десек те, бұл бәсекенің Руслан үшін басты жемісі – жолдаманы ұтып алғаны.
– Бұл жолдама – спортшымыз бен бүкіл жаттықтырушылар штабының қажырлы еңбегінің жемісі. 2015 жылдан бастап Руслан жолдаманы жеңіп алу үшін ұпай жинай отырып, әртүрлі халықаралық додаларға қатысты. Бұл жеңіс – біз үшін алтынға бергісіз жеңіс, – деген АОСК командасының аға жаттықтырушысы, капитан Әнуар Үсенов Русланның лицензиясы Қорғаныс министрлігі орталық әскерилер спорт клубының қоржынына түскен Олимпиаданың сегізінші жолдамасы екенін айрықша атап өткен болатын.
Сондай-ақ, спортшының бабын келістіруде барын салып жүрген жеке бапкері Алтынбек Мусин шәкіртінің тумысынан талантты екенін айтады.
– 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын Русланның алдағы жауапты сында өзінің негізгі қарсыластарын айтып өтер болсақ, олардың қатарында Олимпиада ойындарының жүлдегері, түрік спортшысы Бахри Танрикулы мен әлем чемпионы, өзбекстандық Дмитрий Шокин бар. Мен шәкіртіме үлкен сенім артамын. Руслан – өте дарынды жігіт. Қазір жасы небәрі жиырмада. Ұлттық құрамаға алынғалы бері барлық жарыстарда өзін жоғары деңгейде көрсетіп келеді. Міне, жуырда Елбасының өзі біздің батырға еліміздің көк байрағын күллі әлем алдына алып шығу міндетін жүктеді. Әлбетте, бұл – біз үшін, жамбылдықтар үшін екі есе жауапкершілік. Бұйыртса, сенімді ақтап жеңіс тұғырынан көрінеміз деп сенеміз, – деді бапкері үлкен үмітпен. «Әке арманы жадымда жүрді» Еске сала кетейік, 2000 жылы Сидней Олимпиадасында Қазақстан байрағын боксшы Ермахан Ыбырайымов, 2004 жылғы Афины Олимпиадасында дзюдошы Асхат Жіткеев, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында зілтемірші Бақыт Ахметов, ал 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында балуан Нұрмахан Тінәлиев алып шықты. Осындай мәртебелі тізімнен орын алғалы отырған жерлесімізге сәттілік тілеп, әлеуметтік желі арқылы аз-кем әңгімелескен едік... – Риода еліміздің байрағын көтеріп шығатының белгілі болған кезде қандай сезімді бастан кештің? – Жасыратыны жоқ, адам айтса сенгісіз ғаламат сезімді бастан кештім. Бір жағы, қатты қуандым, бір жағы, кәдімгідей абыржып қалдым. Шыны керек, бірінші естігенде, сенбей де жүрдім. Тек Астанаға арнайы келіп, ту көтерушінің кәстөмі тігілуі үшін өлшемім алынуы керек екені айтылғанда ғана бәріне сенуіме тура келді.
– Неге сені таңдады деп ойлайсың? – Көптеген спортшылар Олимпиаданың ашылуы болғаннан кейін аз күннен соң жарысқа кірісіп кетеді. Ал мен соңына қарай шығамын. Егер олар ту ұстаса, онда қалыпқа келіп үлгере алмайды. Ашылу салтанатында мен 7-8 сағат тұрамын, бірақ мен әскер қатарындағы адам болғандықтан ондай талапқа үйреніп кеткенмін. Бұған дейін әскери ойындардың ашылуында да ту ұстағанмын. Туды көтеру – жәй іс емес, бұл үлкен құрмет. Мен үшін ту көтеріп өту – үлкен мақтаныш.
– Мұны жақындарыңыз қалай қабылдады?
– Менің курстастарым мен достарым түгел қуанды. Ал осы жағдайды естіген бойда ең алдымен әкеме телефон шалдым. Басында ол да сенген жоқ, соңынан қуанышын жасыра алмады. Мен Президентпен кездесуден кейін жаттығу жиынына қатысу үшін бірден Испанияға ұшып кеттім.
– Шетелдерде жаттығулар өткізгеніңді білеміз. Спорттық бабыңа келіп үлгердің бе?
– Әлі де жаттығу барынша күшейтілген жағдайда жүруде. Дене күшін арттыру тұрғысында біраз жаттығулар жасалып жатыр. Өткенде Таиландта шамалы уақыт болып, күніне екі реттен жаттығу өткіздім. Ол жақтың ыстық ауа райы Бразилияның климатына қатты ұқсайды. Өз қалыбыма келіп үлгердім деп ойлаймын. Әйтсе де, жарысқа дейін жаттығуымды жалғастыра беремін. Ал сайысқа шығатын уақытыма дейін әлі жарты ай бар. Ашылу салтанатынан кейін де екі апта жаттыға аламын.
– Межеде алтын медаль алу бар ма?
– Әрине. Мен Олимпиадаға тек ту көтеруші ретінде ғана емес, сонымен қатар, оның ең биік шыңына шығуды да алға қойып бармақпын. Тарихта осылай әрі ту көтеруші, әрі ойындар чемпионы ретінде қалғым келеді. Бір жолы әкем: «Балам, мен сені олимпиадалық ойындардан көретін болсам, арманымның орындалғаны деп біл», – деген еді. Осы сөз менің жадымда қалып қойды. Міне, енді Олимпиадаға бара жатырмын. Онда жеңіске жету үшін барымды саламын.
Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді