«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Олимпиада алауы Рио-де-Жанейроға жеткізілді

Олимпиада алауы Рио-де-Жанейроға жеткізілді
ашық дереккөз
Олимпиада алауы Рио-де-Жанейроға жеткізілді

Олимпиада алауы 2016 жылғы Жазғы Ойындардың астанасы Рио-де-Жанейроға жеткізілді. Енді ол шаһардың барлық көшелерімен өткізіліп, 5тамызда әлемдік доданың ашылу салтанатында елдің басты «Маракана» стадионына әкелінеді. Риоға жеткізілмес бұрын Олимпиада алауы сан өткелектен өтті. Олимпиада алауын жағалауға желкенді қайық спортынан Бразилия құрамасының 7 мүшесі жеткізді. Олардың арасында осы елден шыққан бірнеше дүркін Олимпиада жеңімпаздары бар. Спортшылар алауды жеткізу үшін 20 мың шақырым жол жүріп, Бразилияның 335 қаласынан өтті. Клинио Фрейтас, Олимпиада чемпионы: - Мұндай міндет маған бұрын-соңды жүктеліп көрмеген еді. Олимпиада алауын алғаш рет алып жүрдім. Бұл сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес! Ларс Граэль, Олимпиада чемпионы: - 2004 жылы Афина Олимпиадасы болған кезде алауды Рио-де-Жанейро арқылы алып өту құрметіне ие болған едім. Бірақ қазір адамзат таризындағы ең ұлы шара өз туған жерімде өтіп жатыр. Бұл – айтулы оқиға! Мәртебелі міндетті арқалаған таңдаулы спортшыларды Рио-де-Жанейро мэрі Эдуардо Паэс бала-шағасымен бірге күтіп алды. Қала басшысы бүгінгі күнді ресми демалыс деп жариялаған. Себебі алауды шаһар ішімен алып жүру кезінде көлік кептелісі болуы мүмкін деген қауіп болған. Бірақ тарихи сәтті көргісі келген адамдардың өзі көшелерді толтырып жіберді. Эстафетаға қатысу үшін сан алуан мамандық иелері жиналған. Олардың қатарында студенттер, театр қызметкерлері, тіпті даяшылар мен көше сыпырушыларына дейін бар. Лаура Мария Пинхейро, студент - Кеудемді керемет сезім кернеп тұр. Олимпиада алауы қазір Рио-де-Жанейрода. Бұл – өте үлкен сәт. Өз басым мұндай оқиғаға бірінші рет куә болып отырмын. Адам сенгісіз жағдай. Реджиналдо Сантос да Силва, дүкен менеджері: - Керемет ойындар өтеді деп күтеміз. Спорт сайыстары жақсы өткізіліп, қоғамдық қауіпсіздік те мызғымайды деп сенемін. Бәрі жақсы болса екен. Бразилиядағы Олимпиада алауын Риоға жеткізу оңайға соқпады. Жолай сан түрлі оқиғалар кездесті. 13шілдеде Жоинвиль қаласында ер адам әйел ұстаған алауға тап берген. Абырой болғанда, полицейлер оған дер кезінде тосқауыл қойып, бұзақы қамауға алынды. Рио тұрғындары да алауды құшақ жайып, қарсы алмады. Тәуелсіз ұйымдар жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша, жергілікті халықтың 60 пайыздан астамы Олимпиада ойындарының пайдасынан шығыны көп деп есептейтінін көрсеткен. Айта кетейік, XXXI Жазғы ойындар 5тамыздың жалауын көтеріп, 21-інде аяқталады. Бұл – Оңтүстік Америка тарихындағы алғашқы Олимпиада.  Ақпарат көзі: www.24.kz 

Ұқсас жаңалықтар