Дүбірлі доданы үлкен экраннан көргіміз келеді
Футболдан жанкүйер біткен көз тіккен Франциядағы Еуропа чемпионаты көзді ашып-жұмғанша зу етіп өте шықты. Ұлттық арна мен «Қазспорт» телеарнасы тікелей эфирден таратқан дуы басым дода жанкүйерлерге үлкен қуаныш сыйлағаны анық. Енді, міне, төрт жыл бойы тағатсыздана тосатын Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында жалауы желбірейтін Олимпиада ойындарының басталатын сәті де таяп қалды. Неліктен Олимпиада ойындары хақында ой қозғап отыр дерсіз. Жалпы, бүгінде тотыдай таранған Тараз шаһарына алыс-жақын шет мемлекеттерден туристер, меймандар келіп жатады. Ол аз десеңіз, еліміздің әр қиырынан, ауылдар мен аудандардан қонақтар Тараз төріне ағылады. Шаһардың шырайлы жерлерін тамашалап, әсерге бөленеді. Алыстан ат арытып келген қонақтар сарыла тосқан Олимпиада ойындарын көруден қиналуы ықтимал. Сол үшін қаламыздағы тұңғыш Президент атындағы саябақ маңынан және орталық «Достық» алаңына үлкен экранды (лед деп жатады ғой) теледидар қойылып, жанкүйерлерге жағдай жасалса деймін. Таяуда ғана облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев боксшы, Азия чемпионы, Олимпиада ойындары жолдамасының иегері Олжас Сәттібаевты қабылдап, облыстың бір миллион бір жүз мың халқы спортшының тілеуін тілейтінін айтып, ақ батасын берді. Біз де оны телеарналардан көріп, қол жайып, тілегімізді білдірдік. Спортшыларымыздың байрақты бәсекеден алтын жүлдемен оралуына ниеттеспіз және сенеміз! Жамбыл жерінен Олимпиада ойындарына аттанған саңлақтарға үміт артып отырмыз. Олжастан бөлек додада бақ сынайтын, ұлттық құраманың ту ұстаушысы, таэквондошы Руслан Жапаров – осы Тараз қаласының түлегі. Дзюдо күресінен әлемдік сында алтыннан алқа таққан Елдос Сметов, жеңіл атлет Михаил Красилов, Паралимпиада ойындарында жүзу спортынан сынға түсетін Зульфия Габидуллина секілді спортшылардың бәрі де жүлдеге лайық. Сондықтан, облыс, ел намысын Риода қорғайтын саңлақтарымыздың алтын жүлдемен оралуына тілектеспіз! Біздің де тілегіміз орындалады деген ойдамыз...
Барат Мыңбосынов, зейнеткер, спорт жанкүйері.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді