Олимпиада: Қазақстан баспалдағы
Спорт журналисі Руслан Меделбек Олимпия ойындары өтетін Бразилия елінен тағы бір мәліметпен бөлісті. Қазір ол әлемдегі ең ұзын жағажайлардың бірі Копакабанада жүр.
«Копакабана Атлант мұхитының жағасыдағы жағажай. Мұнда адам қарасы қалың. Күндіз-түні адам аяғы азайған емес. Демаласың, кішігірім адреналин. Риоға осы жағажайдың толқынды көру үшін келуге болады.
Бұл елде мұсылмандарға деген көзқарас нашар. Мен пәтер иесінен (есімі – Тереза) дін туралы сұраған едім. 30-35 жас шамасындағы әйел алақанымен аузын жаба «бұл қалада дінің туралы айтпай-ақ қойғаның дұрыс», деді сыбырлап. Үнсіз отырып қалдым.
Қала өте лас, қолқаны жарар иіс бар. Алматыда ондай иісті күн ыстық кезінде қоқыс төгетін контейнер маңынан ғана сезетінмін. Көшеде антисанитария, тамақ, ет бәрі сыртта сатылып жатыр. Краннан су ішуге болмайды. «Суды тек дүкеннен сатып ал», деді Тереза. Бір литр су – 2 реал. 1 бразил реалы шамамен 110 теңге. Тіл жағынан қиналып жүрміз. Ағылшынша білетін адам кездестірсек туысқаныңды көргендей қуанасың.
Жеміс-жидек, күріш, шөп-шалаңмен күн көріп жатырмыз. Тауық, сиыр, балық, шошқа еті бір қазандағы майға қуырылатынын көріп, етке жоламай кеттік.Тағы қою сүтті шай жетпей жүр.
Айтпақшы, Рио-де-Жанейро деген атау «Қаңтар өзені» деген мағына береді. 1500 жылдары португалдар қаланы қаңтар айында ашса керек, деді ол egemen.kz сайтына.
Одан кейін әріптесіміз Рио-де-Жанейро қаласына барып, сол жерде көрген-білгенін айтты. «Мен суретке түскен жер – туристер көп баратын Селарона баспалдағы. Баспалдақтары шыны суреттермен көмкерілген. Осы жерде Kazakhstan деген жазу көптің көзіне бірден түседі. Басқа елдің аты дəл осылай жолда дəу болып жатқан жоқ. Кейбір адамдар сол «елімнің аты жерде тапталып жатыр» деп бұлқан-талқан болар. Түсінгенге бұл – тегін жарнама.
Жанынан айналшықтап кете алмай əрең кеттім. Бір венгр «Қазақстан – мұсылман елдері ішіндегі ең тынышы» деді. Бұл жазу қайдан келгенін білгім келіп, тұрғындардан сұрап едім, көбі нақты білмейді. Тек біреуі «maybe your one of rich man give money, money…», деді қос саусағын бір-біріне сүйкеп. Бұл баспалдаққа жету үшін Риодағы кедей шағын аудандардың бірінен өту керек. Жолда ұйықтап жатқан, тамақ жеп отырған тұрмысы төмен халыққа қауіптене қарап, алшаң басып туристер топырлап жүрген жерге жеткенде ғана өзімді қауіпсіз сезіндім.
Бразилияда байқағаным, көп адам Қазақстанды біледі. Сіз де Риоға келе қалсаңыз осы жазудың маңайында тұрып жатқан бразилиялықтарға сəлем бере кетіңіз.
Айтпақшы, Рионың қақ ортасында қару асынып, пулеметі бар джиптерге мінген солдаттарды көру үйреншікті болып кетті. Қалада құрылыс әлі жүріп жатыр. Ал жағажайда адам көп.
Ақпарат көзі: Егемен Қазақстан
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді