Дзюдо күресінен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ
- author «Ақ жол»
- 30 шілде, 2016
- 1.3k
Балуан Елдос Сметовтің арманы – Олимпиада алтыны
Жапон күресін
жанына серік еткен
Шынашақтайынан дзюдо залынан табылған Елдос Сметов жаттығуда жанын сала, барын сала тер төгіп келеді. 1992 жылдың қыркүйек айында Т.Рысқұлов ауданы, Жалпақсаз ауылында дүниеге келген Елдос бес жасында Тараздағы алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлдың қоластында жаттығуын бастайды. Жапондықтардың төл күресі саналатын дзюдоны жанына серік еткен бала Елдос аянбай еңбектенетін. Ол туралы алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұл Елдос Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатынан топ жарып оралғанда айтып берген-ді. – Елдос алғаш маған 5 жасында келді. Өзі жаттығу кезінде тыным таппайтын, өте еңбекқор бала болатын. Титтей кезінен өзінің шын мықты екенін дәлелдей білді. Оның ағалары да менің қол астымда жаттықты. Енді, міне, Елдосым дзюдодан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы секілді көптеген атақтарға қол жеткізіп отыр. Алғашқы бапкері ретінде оның бұл жетістіктеріне өте қуаныштымын. Қазіргі бапкері Ғалымжан Жылкелдиевтің де еңбегін атап өткенді жөн санаймын. Елдос, Алла қаласа, Рио Олимпиадасына барады. Алтынмен оралса, ел абыройын асырса деген тілек жүректе атой салып тұр, – деп шәкіртінің келешегіне зор үмітпен қарайтынын жеткізген Ахмет Жұмағұл. 2010 жылы Мороккода өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қарсыластарын алып та, шалып та жыққан Елдос Сметов қатарының алды болып, тұғырдың ең биік сатысына көтерілгенде, жанарымызға жас үйірілген болатын. Келесі жылы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен жастар арасындағы әлемдік сында қола жүлдені қоржынға салғаны да үлкен жетістік еді. Өнерлі отбасында туған өрен
Елдос Сметов спорттағы алғашқы жеңісін әсте есінен шығармайды. Тұңғыш рет Алматы қаласында өткен жарыстан олжалы оралған Елдостың үйінде кішігірім той болған десек, қателеспейміз. Бірінші орын алған оғлан қолындағы мақтау қағазын ұстап үйіне келеді. Баласының жеңісіне қуанған ата-анасы шаттықтан туыстарын шақырып, көңілді отырыс та жасапты. «Кішкентай кезімнен тек қана бірінші орын аламын деген үлкен мақсаттарды алдыға қойған жанмын. Бес жасымның өзінде қолыммен жерді тіреп жүре алатынмын. Және сол жасымның өзінде түрлі сальтоларды қиналмай жасап, шпагатқа еркін отыратынмын. Ағаларым Бақберген, Жандоспен жаттығу залына барған кезімде өзім білетін спорттық элементтерге қосымша, жаңаша бір дүниелер қосып өнерімді көрсетіп жатқанымда, жаттықтырушым Ахмет Жұмағұл «Мына бала кім?» деп таңырқай қарағаны жадымнан өшпек емес. Сол залдағы дзюдо күресінің тәсілдері маған бірден ұнады. Көңіліме қонды. Жаттығып жүрдім. Уақыт өте келе отбасымнан кәсіпқой спортшы болып мен ғана қалдым», – дейді өткен шақты еске алып Елдос батыр. Иә, Елдостың ағасы Бақбергенді жұрт «Мерей» тобының солисі ретінде таниды. Өнерге жақын отбасында дүниеге келген Елдостың өзі қазақтың халық әндерін жанындай жақсы көреді және орындайды. Тіпті оның даусы керемет екенін айтатындар да бар. Ара-тұра ән айтып та жүреді. Кішкентай кезінде бірқатар ән байқауларына қатысып та үлгерген. Бертін келе Елдосқа не спортты, не музыканы таңдау керек болды. Әкесі Бақтыбай: «Ұлым, өзің білесің, Астанаға спорт интернатына барамын десең де, елде қаламын десең де өз еркің», – деп, таңдауды ұлына қалдырады. Астанада екі жыл жүрген Елдостың нәтижесі құлдырай бастайды. Тіпті, Таразда жүргенде жеткен спорттық бабын жоғалтады. Бірер мәрте ел біріншілігін ұта алмаған шәкіртіне алғашқы жаттықтырушысы Ахмет Жұмағұл тағы бір оқушысы, бүгінде білікті бапкер Ғалымжан Жылкелдиевтің қоластында жаттығуға кеңес береді. Жылкелдиевтің жаттығу тәсілдеріне тез бой үйреткен Елдос жаңа бапкерімен биік шыңдарды бағындыра түседі. Ғалымжан ағайына келген соң Елдостың жұлдызы жарқырады.
Жапон жігіттерімен күресу қиын
Елдостың жарқын жеңістерінің бірі – 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарындағы алтын жүлдесі. Аталмыш додаға тыңғылықты дайындалған сайыпқыран Азия ойындарында атой салу үшін Челябинскіде өтетін әлем чемпионатын «құрбандыққа» шалып жіберді. Төрт жылда бір өтетін құрлықтық додада қарсыластарының алды болуды мақсат еткен Елдос үшін бұл сынның бәсі жоғары болатын. Бірінші белдесуінде тәжік спортшысы Кабатулло Аминовпен татамиге шыққан Сметовтің мықтылығына ешкімнің де күмәні болмаған. Қарсыласын қас-қағым сәтте алып ұрған қазақ оғланы келесі кезекте гонконгтық Ю Ким Тингті де жылдам жеңді. Алғашқы екі белдесуде оңай жеңіске жеткен қазақ баласы үшін үшінші белдесу тым қиынға соқты. Бірер мәрте жапон жігіттеріне жол берген Сметовке тағы бір жапондық жампоз Торо Шишими қарсылас атанды. Елдостың өзі де жапон жігіттерімен күресу тым қиын екенін жиі айтып жүретін. Бұл жолы белдесудің соңғы сәттерінде болса да Елдос жеңісті жұлып алды. «Белдесу алма-кезек сәттіліктермен өрбіп жатты. Шыдау керектігін, тәсіл жасайтын ұтымды сәтті күту қажеттігін сезіндім. Бір кезде Шишимидің көзінен шаршаңқылықты байқадым. Осы сәтте оқ жыландай атылдым. Қашып-пұшып өнер көрсеткісі келген жапон балуанына төрешілер ескерту жасап (шидо беріп), мен жеңіске жеттім» деп еске алады сол бір қиын сәтті біздің чемпион. Мұнан соң Елдос Сметов ақтық сында моңғолиялық мықты балуан Болдбаатар Ганбатты сабасына түсіріп, чемпиондық атаққа қол жеткізді. Осылайша ол Азия ойындарында дзюдо күресінен алғаш рет чемпион атанған қазақ баласы ретінде тарихқа енді! Азия ойындарында өзінің шын мықты екенін дәлелдей білген Елдосты алда үлкен додалар күтіп тұрды. Гран-при жарыстарының кезекті кезеңдері мен Мастерс деп аталатын турнирлерді былай қойғанда, Сметов үшін ең маңызды дода Астанада өтетін әлем чемпионаты еді. Сметов 2015 жылы өткен бұл сынға да тыңғылықты дайындалды. Жартылай финалда тағы да жапон жігіті Торо Шишимиден айласын асыра білді. Осы күні қазақ жанкүйерлері екіге жарылды. Өйткені 60 келі салмақ дәрежесінде финалда екі қазақ баласы белдеседі. Екеуі де әлемдік рейтинг үздіктерінің қатарында. Бірі – жамбылдық жампоз Елдос Сметов болса, екіншісі – Рустам Ибраев. Әлем біріншілігінде талай мықтының мысын басқан Ибраевты осалдардың қатарына қоса алмасымыз белгілі. Бірақ, «Шын мықтығы тұсау жоқ» екенін Елдос кезекті мәрте дәлелдеп, Ибраевтан айласын асырды! Бұл күні ақ түйенің қарны жарылды. Елдос Сметов тұңғыш рет дзюдо күресінен қазақ оғландары арасынан шыққан әлем чемпионы атағына қол жеткізді! Шыны керек, басқа спорт түрлеріне қарағанда дзюдода Олимпиада жолдамасын алу қиын. Рейтингтегі көрсеткіш бойынша жолдама үлестіріледі. Олимпиада ойындарына Сметов лайық екенін іштей сезсек те, үздік ондыққа енген Рустам Ибраевтың Елдостан теориялық тұрғыда озып кететін мүмкіндігі бар болғандықтан іштен тынып жүрдік. Сметов Олимпиада жолдамасы тағдырын түбегейлі түрде Азия чемпионатында шешті. Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатының ақтық сыны біз үшін «біртүрлі» көңіл күй сыйлады. 60 келіде белдескен Елдос Сметов белсенді болса да, өзбек жігіті Диорбек Урозбаевтың пайдасына төрешілер «жұмыс жасады». Сметов шабуылда жүрсе де, шидо (ескерту) алып жатқаны жүйкемізге ши жүгірткен. Тіпті, Елдос жеңілді-ау деп қобалжи бастағанбыз. Бірақ, жамбылдық жампоздың рухы жеңілмепті! Белдесудің аяқталуына 21 секунд қалғанда Урозбаевтың қолын ауырту әдісін қолданып, чемпион атанды! Сол сәтте әлемдік рейтингтің екінші орнына көтерілген Елдостан Олимпиада жолдамасы енді ешқайда «қашып» кетпейтінін сезінген жүрек атқақтап қоя берді! Тағы да жарайсың, Елдос, дедік. Тамсандық, таңдай қақтық, саңлағымыздың мықтылығына тәнті болдық! Айтпақшы, талай додада ел намысын абыроймен қорғап, рухымызды көтерген оғланға облыс әкімі пәтер кілтін тапсырғанда, балуанын ардақтаған басшыға да риза болғанбыз.
Әке тілегі орындалса... Азия чемпионатында атой салып оралған оғланды күтіп алу рәсімінде Елдостың әкесі Бақтыбай Сметовпен де тілдескен едік. «Ұлым қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Азияда топ жарды. Оны айтып жеткізу қиын енді. Өте қуаныштымын. Тіпті, қуанышым қойныма сыймай тұр деп айтсам да болады. Енді бір ғана асқақ арман қалды. Ол – тамыз айында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Олимпиада ойындарында халқының сенімін ақтап, алтын жүлдеге қол жеткізіп, еліміздің көк туын көкте желбіретсе деймін. Біраз бұрын әлем чемпионатын көрген кезде де қан қысымым 220-ға көтеріліп кетті. Бұл жолы шидолар көбейген сәтте әттеген-ай деп отырдым. Не істерімді білмей, жанымды қоярға жер таппай тұрғанымда, балам қолды ауырту әдісін қолданып, таза жеңіске жетті. Жеңісті жорық жалғаса берсін!» деген еді сол кезде батырдың әкесі. «Мен барлық жарыста тек бірінші орын алуды көздеймін. Мақсатым сол – Олимпиада чемпионы атану үшін барымды саламын. Алла қаласа, ол арманға да жетермін» деген Елдосқа біз сәттілік тілейміз...
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
P.S. Әлем, Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы атақтарымен қоса, жастар арасындағы әлем чемпионы (2010, Марокко), жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011, БАӘ), Гран-при турнирінің қола жүлдегері (2011, Қытай), әлем кубогінің жеңімпазы (2011, Өзбекстан), Еуропа ашық кубогінің жеңімпазы (2013, Польша), Еуропа ашық кубогінің күміс жүлдегері (2013, Грузия), Гран-при турнирінің күміс жүлдегері (2013, Түркия), Азия чемпионатының қола жүлдегері (2013, Таиланд), Гран-при турнирінің жеңімпазы (2013, Алматы), «TAK Astana Club» командасының құрамында бірінші халықаралық клубтық турнирдің жеңімпазы (2013, Астана) секілді жетістіктерге қол жеткізген Елдосқа бір ғана чемпиондық атақ жетіспей тұр. Бәлкім, ол сәтке де санаулы күн қалған шығар...
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді