Спорт және туризм
Түркияда туған қазақ қыз: Өзге елде тусам да, өз елімнің атынан Олимпиадаға бару мен үшін ең үлкен қуаныш
- author «Ақ жол»
- 23 шілде, 2016
- 267
Түркияда туған қазақ қыз: Өзге елде тусам да, өз елімнің атынан Олимпиадаға бару мен үшін ең үлкен қуаныш
Рио олимпиадасында таэквондодан қазақ елінің намысын бір ер, екі әйел спортшы қорғайтыны туралы осыған дейін айтқан болатынбыз. Олар - Руслан Жапаров, Айнұр Есбергенова мен Жансель Дениз.
Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облысының тумасы 20 жастағы Руслан Жапаров Олимпиадада Қазақстан құрамасының Байрағын ұстап шығады.
Қыздар арасындағы бәсекеде сынға түсетін қызылордалық 18 жастағы Айнұр Есбергенова - жас та болса біраз биіктерді бағындырып үлгерген талантты спортшылардың бірі. Айнұр қарындасымыздың спорттағы жетістіктерін осыған дейін жазған болатынбыз.
Енді үшінші спортшымыз Жансель Денизге келсек. Бұл спортшының есімі бұрын спорт жанкүйерлеріне аса таныс емес. Себебі, Жансель - Түркияда дүниеге келген қазақ қызы. Ол жат жерде туып өссе де спортты жастайынан жанына серік еткен.
Жансель Дениз 25 жаста (26/08/1991), Түркиядағы қазақ отбасында туған. Ірі жеңістері болмаса да түрлі халықаралық жарыстардың жүлдегері. 2013 жылы Ресейдің Челябинск қаласында өткен Ашық турнирдің жеңімпазы, Еуропа чемпионы. Түркияның сегіз дүркін чемпионы, Austrian Open турнирінің екі мәрте күміс және қола жүлдесін еншілеген, Russian Open жеңімпазы, Dutch Open мен Trelleborg Open жарыстарының қола жүлде иесі, Ukraine Open және Moldova Open турнирлерінің екі мәрте күміс медалін олжалаған.
Ол Олимпиадаға дейін +67, +73 салмақтарда сынға түсіп келген. Жанселді Түркия қазақтары арасындағы Мұстафа Өзтүрік бастаған таэквондо жолын жалғастырушылардың бірі деуге болады. Жансель 2014 жылдың соңында Қазақстан азаматтығын алған. Олимпиадада +67 келі салмақта өнер көрсетеді.
Ол Рио олимпиадасына жолдаманы Филиппин елінің Манила қаласында өткен Азия құрлығы бойынша іріктеу турнирінде жеңіп алған болатын.
Жансельмен жақында хабарласқанымызда «Алғашқы қатысқалы отырған Олимпиадамда алғаш рет қазақ елінің туын желбіретіп шыққалы отырмын. Өзге елде тусам да, өз елім атынан Олимпиадаға бару мен үшін ең үлкен қуаныш. Ендігі мақсат - ұлт намысын ұятқа қалдырмау. Қазір осы мақсатқа жету үшін барынша тер төгіп жаттығып жатырмын. Арманым Риода жеңіс тұғырынан көрініп, ел үмітін ақтау», - деп сөзін қысқа қайырды.
Бізде отанына оралып, үлкен додада бақ сынайтын қарындасымызға сәттілік тіледік...
Ақпарат көзі: ҚазАқпарат
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді