Футболдан Қазақстан премьер-лигасының екінші кезеңі аяқталып қалды. Екінші айналымнан кейін алғашқы алтылық пен 7-12 орынға жайғасқан командалар екіге бөлініп, топқа түсетіні мәлім. Үздіктер жүлделі орындарды өзара сарапқа салса, аутсайдерлер премьер-лигада қалуға талпынатыны белгілі.
Премьер-лиганы өте сәтсіз бастаған «Тараз» футбол клубы соңғы төрт ойында ұпайдан шашау шығармай, жеңісті жорығын жалғастырып келеді. Иә, Юрий Максимов бапкердің жаңадан алдырған ойыншылары команданың жеңіске деген құштарлығын оятқан тәрізді. Түзде қарағандылық «Шахтерді» тізе бүктірген соң, өз алаңымызда үшінші орынға орныққан «Ертісті» жеңдік. Соңғы ойында «Тараз» футбол клубы Шымкенттің «Ордабасы» клубын сырт алаңда 0:3 есебімен ойсырата ұтып, мерейімізді тасытты. Бұрынғы «Тараздың» ойыны алдыға оң-солды пасты асыра беретін, тактикалық шешімдері жоқ секілді көрінсе, ендігі «Тараздың» ойын өрнегі өзгергені қуантады. Жамбылдық команданың ойынында жаңаша талпыныс байқалады. Қысқа пастар да, әуелете асыратын доптар да көздеген, діттеген жерге жетіп, футболшылардың динамикасындағы жылдамдықтың артқаны, шұғыл шешім қабылдай білу қабілетінің толысқаны көзге бірден байқалады. Соңғы төрт ойында бұл аңғарылып тұрды. Шымкенттегі ойын бастала салысымен кездесудің үшінші минутында Андрей Яковлев мергендігімен көзге түсті. Яковлев теңбіл допты қақпаға қақырата да тепкен жоқ, қақпасынан сәл ғана алға шығып кеткен Сергей Бойченконың қателігін ұтымды пайдаланып, допты шеберлікпен бойынан асыра салды. Егер Яковлевтің орнында басқа бір жас ойыншы болғанда сөзсіз былғары допты күштеп тұрып қақпаға бағыттар ма еді. Жарайсың дестік! «Таразға» жаңадан келіп, бірден сіңісіп кеткен Яковлевтің тамаша ойынына қол соқтық. Жылдам голдан соң мақтаулы «Ордабасы» командасы абыржып қалды. «Тараз» мәселені кейін шегермей әдемі комбинациялар арқылы есеп айырмасын ұлғайтуға тырысты. Ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланған жас пері Әлішер Сүлей айып алаңының сыртынан тамаша соққы бағыттап, кездесудің 13-минутында есепті еселеді. Сол Сүлей ойынның 40-минутында екінші голын соғып, қорытынды нәтижені тіркеді. Есеп 3:0 болған соң, екінші кезеңде «Тараз» қорғаныста сауатты ойнай білді. Қарсы шабуылдар да ұйымдастырды. Әйткенмен, таблодағы көрсеткіш өзгеріссіз қалды. Осылайша «Тараз» кезекті жеңісіне қол жеткізіп, турнир кестесінің оныншы сатысына орнықты. Бұған дейін оныншы орында тұрған Қарағандының «Шахтері» он бірінші орынға сырғыды. Екінші айналымның соңғы кезеңін «Тараз» түзде Алматының «Қайратына» қарсы түйіндейді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді