Немесе кітап оқуға деген ықыласты қайтсек оята аламыз?
Кітап оқымайтын қоғам.... Өкініштісі, бізде, міне, осындай қоғам қалыптасып отыр. Қалыптастырып отырған өзіміз. Неге дейсіз ғой?.. саусақ бүгіп санамалап-ақ берейік. Бүгінде қиян түкпірдегі ауылдарды айтпағанда, аудан орталықтарының өзінде кітап дүкендері некен-саяқ. Әйтпесе, мүлде жоқ. Өйтетіні, газет-журнал, кітаптарыңыз ауылдықтар үшін соншалықты пайдалы тауар емес. Тәуелсіздікпен құрдас ұрпақтың жан-жақты білімінің жоқтығынан діни экстремизмнің арбауына түсіп, нашақорлыққа тап болып, адасып жүргені қаншама! Жастар мен жеткіншектерді кітап оқуға тәрбиелесек, зиянды дағдыларға өздері-ақ мойын бұрмас еді. Кітап оқу мәдениеті, кітап оқу идеологиясы, бір сөзбен айтқанда, кітап культі қоғам үшін қалайда қажет. Бір кездері үйге кітап жинау, тіпті саябақта, автобуста, ұшақта, ат үстінде... шұқшиып кітап оқу «сән» болғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. «Білім», «Кітапқұмарлар» қоғамдары да болды. 1970-80 жылдары тіпті «ең көп оқыған ел» атандық, ал, қазір ше? Қоғам неге кітап оқымайды?
Жанәділ ОСПАНОВ, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы:
– Қоғамда кітаптың оқылу деңгейінің төмендігі, біріншіден, үйдегі тәрбиенің аздығынан, ұлттық құндылыққа бет бұруға деген ынтаның жоқтығынан. Себебі, көпшілік ата-аналар кітап оқуға балаларын бейімдей бермейді. Оның үстіне жастар керек ақпаратын ғаламтордан тез ала салғысы келеді. Бірақ кітап оқудағы мәселе мүлде басқа ғой. Тағы бір ерекше атап өтетін айтатын жайт, еліміздегі кітаптардың қолжетімді болуы мәселесі. Мұны да ұмытпау керек. Сонымен қатар, біздің елімізде, оның ішінде өңірімізде де жазушыларымыздың жаңа шыққан кітаптары, шығармалары халық арасында кең көлемде насихатталмайды. Жастар арасында мүлде таратылмайды десе де болады. Көптеген жақсы шығармалар бар. Бірақ, сол шығармалар жөнінде тұрғындарды жан-жақты құлағдар ету тетіктері қалыптастырылуы қажет секілді. Мұны түгелдей, бір мекеменің ғана мойнына ілмей, басқа да насихат көздерін қарастырған ләзім. Осындай себептерге байланысты кітап жалпы тұрғындар арасында оқылмайды.
Хамит ЕСАМАН, ақын, облыстық «Арай» жастар газетінің қызметкері:
–Ақын Өтежан Нұрғалиевтің бір жазбасында «Кітап деген – жердің бетінде жыпырлап жатқан көз сияқты. Көздің де әртүрлісі болады. Сол көздерді басып сен келесің...», – деп жазғаны бар. Енді өзіңіз-ақ қара жерде қалқып жатқан сансыз көзді елестетіп көріңізші. Сипаты сұмдық сурет... Әр кітаптың өз тағдыры бар. Жазушының немесе ақынның шығармагерлікке дейінгі әу бастағы тағдыры өзгеріп, кітаптың тағдырымен бірге жасайды деген де түсінік бар. Жалпы, жаныңды бордай үгіп, көңіліңді күйедей кеміріп, шығарма түзу еріккеннің жұмысы емес. Сол сияқты кітап оқу да маңдайға жазылған ерекше тағдыр ма деп ойлаймын. Әрі-беріден соң, кітап оқу – өнер. Әрбір адам өз мамандығына, жалпы өзі қызығатын тақырыбына орай, талғамы мен қабілетіне қарай қыруар әдебиет ішінен өзіне қажеттісін таңдай білуінің өзі неге тұрады?! Мүмкіндігінше кітапты талғаммен әрі көп оқу – парыз, әрине. Бірақ, оны парыз санап жүрген ешкім жоқ бүгінде. Алдыңғы толқын тұрмақ, кейінгі буынның кейбір өкілдері де қазір кітап оқымайды. Жолым түсіп кітапханаға барғанда ылғи байқайтыным – студент жастардың көбісі оқу залындағы кітаптардан қажетті мағлұматтарын көшіріп алады да, жөндеріне кете барады. Көшеден кітап құшақтап жүрген бір жасты кездестірмейсің. Себеп – сол баяғы құлықсыздықта болып тұр. Бұған қарап «Кітаптың қадірі қашты» деп асығыс байлам жасауға да болмас. Меніңше, бұл құбылыс кітапты күнделікті рухани қажеттілік деп санамайтын самарқау адамдардың көбейгендігінен орын алып отыр-ау. Кітап соншалықты құнсыз болса, сонау бір заманда Дон Кихоттың қызметшісі қожасының кітапханасын түп-түгел құртып жіберуді қиялдамаған болар еді ғой! Қазіргі қоғамда елеусіз, арзан нәрселердің бірі – осы кітап. Ең жақсы деген классикалық шығармалар орта есеппен 1000-1500 теңге ғана тұрады екен. Бірақ, оларды алып жатқан да ешкім жоқ. Себебі, қажетсінбейді. Қалтасы қалың азаматтардың әлеуеті тұтас кітапхана жасауға жетеді, бірақ олар кітапты тегін берсең де алмайды. Сүйегіне сөз құдіретін танитын қасиет сіңбеген, өйткені...
Эльмира АБДИНОВА, облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап кітапхананың директоры:
–Жалпы, қазір қоғамда кітапқа деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Бұл заман ағымына, халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне де байланысты. Олардың кітап оқуға уақыттарының тапшылығы да бар. Жалпы, кітаптың оқылмауының себептері біреу емес, бірнешеу. Біріншісі, ақпараттық технологиялардың дамып, бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген деңгейге жетуінің нәтижесінде қолкітаптардың орнын электронды нұсқалары алмастыруы дер едік. Бүгінгі күні жастардың қолында «айфон», «мартфон», «планшет» деген құралдар жүреді. Осы құралдарға электронды кітапханалар да енгізілген. Кітапханаңызға том-том кітап жинақтаудың да қажеті жоқ. Мұны пайдаланатындарды әлеуметтік жағдайлары біршама жақсы топ делік. Екінші топтың (әлеуметтік жағдайы төмен, яғни жұмыссыздар, жеке баспанасы да жоқтар) күнкөріс қамымен қолдары тимей, рухани азық іздеуге мұршасы да болмай жатады. Үшінші топ – жасөспірімдер, білімгерлер, оқушылар кітапханаға өздерінің жан ләззатын, рухани азығын байыту үшін емес, тек оқу бағдарламасы бойынша тапсырылған дүниелерді оқу үшін ғана бас сұғады...
Хамит ЕСАМАН: –Қазір біз ХХІ ғасырда өмір кешудеміз. Рас, кітаптарды дүниежүзілік өрмекке енгізу де заманауи құбылыс. Замананың озығы мен тозығы дейтін нәрселер бар ғой. «Озығы» интернет те, «тозығы» кітап болып тұр, қазір. Бірақ баспахана бояуының иісін тұшына иіскеп, мұқабасын қолыңмен ұстап, еркін ашып, оқи беретін кітаптан артық ешнәрсенің жоқтығын ашық мойындауымыз керек. Қанша дегенмен, бүгінде уақыты өте тығыз адам үшін интернет желісі оңайырақ. Ал, кітапханалар мен кітап дүкендерінде талай алыптардың шығармалары шаң басып тұр. Осы тұрғыда жастармен әңгімелесе қалсаңыз, біреуі кітапқа құлықсыздығын айтады, екіншісі уақытының жоқтығын алға тартады. Меніңше, бәрі бекер. Оқуға ниеттенген адам өзіне қажетті кітапты дүниенің қай бұрышынан, қандай бағаға болсын тауып алады. Қазақта әйгілі шығармалар аз емес. Өз пайымымда қазір адамдардың жазушыларға деген құрметі арзандап кеткен сияқты. Олай болатыны, қазір нарықтың қуатымен жазған-сызғандарын кітап қылып шығарғыштар көбейіп кетті. Асқар Сүлейменовше айтсақ, өзінің 93 сөзіне сөздіктің 111 сөзін қосып, «роман» жасайтын жортақ жазбагерлер де жетіп артылады. Күн көзін көлегейлейтін бұлт сияқты. Әйтсе де, талғам дейтін нәрсе бар. Бұл адам бойындағы ең ұлы қасиеттердің бірі ғой. Оның үстіне кітап оқу – мәдениеттің биік шыңы. Әлмисақтан-ақ, адам өзін-өзі кітап оқу арқылы тәрбиелеген, мәдениетін қалыптастырған. Кітап оқу дегеніңіз ойды, сананы өсіріп, қоғамды мәдениетті ете түспек. Бұған бек сенімдімін... – Баяғы неге де болса сенгіш, аздап аңғырттау халық қазір жоқ. Бүгінде талап та, талғам да өсті. Есесіне кітап оқу үрдісі кенжелеп қалды. Қалай болғанда да, өзін интеллектуалдық тұрғыдан тәрбиелей білгісі келген адамның кітап оқуы шарт. Жалпы, мәдениет тарихында адамзат ұрпағының, әр халықтың алатын орны оқыған кітабымен және оқырманының талғамымен айқындалады ғой. Кітапты оқып қана қоймай, кітап жинау да адамзаттың асыл мұраты болуға тиіс. Ғажайып педагог В.А.Сухомлинскийдің ауыл мұғалімі болып жүргенде-ақ жеке кітап қорында он мың кітабы болған екен. Ал, өмір бойы Молдова университетінің философия кафедрасында аға оқытушы болған Е. И. Колесниковтің кітапханасындағы сексен мың журнал мен қырық екі мың кітапты көз алдыңызға елестетіп көріңізші... Қысқасы, кітап оқуды әр адам өзінен бастауы керек. Жаппай кітап оқу – қоғамдық сананың жаңғыруына да септеспек. Ал, түрлі жерлерде түрлі деңгейдегі шығармашылық кештер, әдеби кештер кітап оқу мәселесін бүгін-ертең жолға қояды деп айту да қиын.
Жанәділ ОСПАНОВ: – Меніңше, қазақ көркем әдебиеті, басқа да құнды дүниелеріміз бұқаралық ақпарат құралдарында күн сайын насихатталса артық емес деп ойлаймын. Онсыз да өзге елдердің саны көп, сапасы жоқ сериалдарын жадымыздан шығармай жаттап алып, олардың кейіпкерлерінің сөздерін ауыз екі әңгімемізде де жиі қолданып жүр емеспіз бе? Төл әдебиетіміз өкілдерінің шығармаларына да осындай құрмет қалыптастыра аламыз ғой. Айрықша құндылыққа толы кітапқа деген жанашырлықты осылай бастаған жөн болар. Осыған байланысты пәрменді шаралар керек-ақ. Бірақ, жан-жақты сауаттылықты арттыруда жастарға көптеген ізденіс пен талпыныс керек. Бұл орайда, «Жас Отан» Жастар қанатының тарапынан жастардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, оларды кітап оқытуға қызықтыруға бағытталған «Кел, жастар, оқылық!» жобасы 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл – өзіміздің әріптестеріміздің, яғни, республикалық «Жас Отан» Жастар қанатының Орталық аппаратының ұсынысымен келісіліп, бекітіліп, әрбір өңірде, аймақта, ауылда әр түрлі бағытта іске асырылып жатқан жоба. Жастар арасында кең танымал болып та үлгерді. Оң нәтижесі де жоқ емес. Мысалы, жуалылық әріптестеріміз жоба жөніндегі үгіт-насихат жұмыстарын тұрғындар көптеп келетін жер болғандықтан, тікелей аудандық халыққа қызмет көрсету орталығынан бастады. Сондай-ақ, елді мекендерде де осындай шаралар ұйымдастырып, тұрғындардың үйлеріндегі ескі, сирек кітаптарды кітапханаға өткіздіріп, оның орнына жаңа кітаптарды сыйлау арқылы ел арасындағы көптеген аз таралымдағы дүниелердің жиналуына ықпал жасады. «Жасотандықтардан» құралған еріктілер тобы Тараз қаласындағы кітапханаларға да арнайы барып, ондағы бүлінген кітаптарды қайта қалпына келтіру, басқа да кітапханаға қажетті жұмыстарға көмек көрсетіп тұрады. Жаз мезгілдерінде барлық аудандарда, қаламыздағы саябақтарда, жастар көп шоғырланған жерлерде еліміздегі үздік әдеби кітаптарды таныстырып, олардың насихатталуына өзіндік үлесімізді қосудамыз.
Эльмира АБДИНОВА: – «Жылжымалы кітапханалар» тәжірибесі бізде де енгізілді. Қала кітапханаларының қызметкерлері жаз бойы үлкен саябақтарда түрлі әдебиеттерді насихаттап, жаздырту ісін биыл да жемісті түрде жалғастыратын болады. Басқа да жобалар жүзеге асырылмақ. Облыстағы 285 кітапхананың есебіне жүгінсек, былтыр мерекелік және атаулы күндерге орайластырылып 12 100 көпшілік мәдени іс-шара өткізіліпті. Атап өтерлігі сол, бұлардың барлығы да кітап қорындағы әдебиеттерді оқырман қауымға кең көлемде насихаттау бағытындағы шаралар. 2007 жылы мәреден шыққан «Бір ел – бір кітап» акциясының да берері мол. Жыл сайын қазақ классикалық туындыларының бірін бүкіл ел болып оқып, талқылау шынында да ғажайып іс, жаңашыл үрдіс. Қазақтың көрнекті жазушысы Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» және «Басында Үшқараның...» атты шығармалары ең көп дауыс жинап, ағымдағы жылы ел болып оқитын «жыл кітабы» ретінде таңдалғаны белгілі. Бүгінде облысымыздың мемлекеттік кітапханаларында жазушы шығармашылығын оқырмандар арасында кеңінен насихаттау мақсатында әр алуан форматтағы іс-шаралар қанатын кеңге жая түсуде. «Жусан иісі» повесін жамбылдық оқырмандар айрықша қызығушылықпен жылы қабылдап отыр. Ауыл адамдарының адалдығын, аңқылдақ, кіршіксіз, ақкөңіл мінездерін, бауырмалдығын, ішкі ой-сезім иірімдерін, мұңы мен мұратын көркем бейнелейтін шығармалар күйкі тірлікті мінеп, жас оқырмандар санасына ой салады деген үміттеміз. Облысымыздың құрылғанына 75 жыл толуы аясында қолға алынған жергілікті ақын-жазушылармен кездесулер өткізіп, олардың шығармашылығын насихаттау ісі де елдің кітап оқуға қызығушылығы артуына септеспек.
Хамит ЕСАМАН: –Қазір бизнестің түрі көбейді. Жағдайды жасап, ел қатарлы өмір сүрген де дұрыс қой. Бірақ өмірінде кітап бетін ашып көрмегендер кітап басатын баспаханалар салып алды. Ақшасын төлесең қоқысты да, халтураны да бұрқыратып шығара береді... Кітап басып, оны сату да едәуір пайда түсіреді. Бірақ сол баспахана қожайындарының әдебиетке жаны ашиды деп айту қиын. Әйтпесе көрінген «көксуды» кітап деп баса бермес еді ғой. Оның үстіне жекеменшік баспаханаларда кәнігі редакторлар отырған жоқ. Олар шығарманың төркінін танып, тамырын тап баса алмайды.
Эльмира АБДИНОВА: –Хамит дұрыс айтады. Мысалы, Алматының бір өзінде Ресей баспаларының өнімін саудалайтын 45 кітап дүкені бар екен. Ондай өнімдер біздің де кітап базарларымызды жаулап алды. Безендірілуі де, сапасы да жақсы. Әсіресе, балалар кітаптары өтімділеу. Бағасы да қолжетімді. Осындай жолмен баспагерлер, туындыгерлер ғана емес, оларды өткерушілер де тиісінше пайда көруде. Бұл да көрші елде баспа индустриясы дамығанының жемісі. Ресей баспа өнімдеріне сұраныс өсе де бастады. Оларда айбыны дүниені тітіренткен кеңестік кезеңнің өзінде небәрі 65 баспа орталығы ғана болған-ды. Бүгінгі күні Мәскеуде 3000, Питерде 700 баспа бар. Әр кітаптың шығуы әр салада өзіндік пайдасын да тигізеді. Ал, бізде түрлі мамандықтар мен салалар бойынша қажетті, сапалы жазылған кітаптар тапшы. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін ең алдымен авторлық, редакторлық, аудармашылық мектепті қалыптастырып, аталмыш сала мамандарының «аузынан жырып» алған несібелерін өздеріне қайтаруымыз керек. Кітап индустриясын дамытудың бастапқы сатысында тұрғандар да солар. Сосынғы жерде... еліміз бойынша оңтайландыру саясаты тұсында жабылған 1500 кітап дүкенін (оның ішінде облысымыз аумағындағы 16 мамандандырылған кітап дүкені мен 80-ге жуық кітап бөлімін) мүмкіндігінше қайта ашқан жөн. Әрбір жаңа шыққан кітап оқырмандарына жетуі керек қой! Авторы, редакторы, аудармашысы, әріп түзетушісі, кітапты өткерушісі бар бұл салада еңбек ететіндердің қарасы молайып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылса жаман ба? Тетігі табылар болса, бұл да іргелі іс, меніңше. Көп жылдар бойы дағдарыс-тоқырауда болған ойын индустриясының тетігі табылды ғой. Осыдан біраз жыл бұрын үлкен саябақтардан балаларды сирек көретінбіз. Қазір олар ойын алаңшаларына көптеп келіп, қаладағы төрт-бес саябақтың өзі тақияларына тар боп жатыр. Бұл елдің жағдайы түзелгенінің, балалар ойынына мән бере бастауының, мәдениеті өскенінің белгісі. Басқа да факторлар бар. Қазір ата-аналар өздерінің отбасылық бюджеттерін «жоспарлағанда» балаларын ойын алаңдарына жиірек апарып тұру мәселесін де қамтитын болды. Қазақ отбасылары ұл-қыздарының бір уақ көркем әдебиеттерді де оқуы керектігін «күн кестеге» тіркеп қоюы ғажап емес. Кітап мәдениеті, кітап идеологиясы, кітап насихаты сәтімен жүзеге асырылып жатса... Жалпы, бізде кітапханаға жазылу пайдаланушылар үшін тегін, тек қолдарында жеке төлқұжаты немесе соның орнын басатын құжаты болса жеткілікті. Облыстық кітапханада арнайы бекітілген ережеге сай оқырмандарға белгілі бір мерзімге басылымдарды абонементтік қамтамасыз ету секторы үйде оқуға да береді. Ал, қалған бөлімдерде пайдаланушылардың түрлі әдебиеттерді кітапханада отырып оқып, дайындалуына барлық жағдай жасалған. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітап қорында жалпы көркем әдебиеттер саны 85 мыңға жуық болса, соның ішінде 28 мың данасы қазақ тіліндегі әдебиеттер. 2003 жылы облыс бойынша кітап қоры 2 миллион 912100 дана болса, былтыр 3 миллион 317 599 данаға жетіп, кітап саны осы аралықта 406 мың данаға өсті. Кітап қоры негізінен облыстық бюджеттен жылма-жыл арнайы бөлінетін қаражат арқылы, мемлекеттік тапсырыспен және «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген әдебиеттермен, сондай-ақ, жергілікті ақын-жазушыларды қолдау мақсатында шыққан және сыйға берілген кітаптармен үздіксіз толықтырылып та отырады.
ТҮЙІНДЕМЕ: Сонымен, оқуға деген ықыласты қайтсек оята аламыз? Осыған байланысты қандай пәрменді шаралар жүргізуіміз керек? Түркияда, мысалы, бір оқу орталығындағы кітап оқыту жүйесіне бюджеттен жыл сайын 500 мың доллар қаржы бөлінеді екен. Компьютерді бір сағат пайдалану үшін бір сағат кітап оқуға міндеттісің. Осындай үрдістің нәтижесінде бұрын жылына он мың бала бір кітап оқыса, қазір бір бала алпыс кітап оқитын дәрежеге жеткен. Шетелдерде жылжымалы кітапханалар да жұмыс істейді... Кейбір қалталы азаматтардың бабалары мен аталарының, жақын туыстарының мерейтойларына арнап қалай болса солай, ойларына келгенін жазып, кітап шығаруы кітап қадіріне жеткендік емес, бұл кітаптан кадір кеткендік. Өйткені, барлығы дерлік редактор «сүзгісінен» өтпейді, әріп түзетушісі болмауынан қателер ондай кітаптың өнебойында өріп жүреді. Міне, бұл бізде кітап индустриясы дамымағандығының көрінісі. Ал, бұл кітап оқылмауындағы басты фактор... Орыстың белгілі әдебиет сыншысы В. Майкова бір сөзінде «Жеке тұлға өзін-өзі тану мақсатында кітап оқуы керек» деп айтыпты. Біздің бұған қосарымыз, кітап жеке тұлғаның дамуына, мақсаты мен жетістігіне ғана емес, мәдени қоғамның қалыптасуына да елеулі септігін тигізбек. Кітап культі, кітап билігі үстем болар күн де алыс емес. Ал, мәдени қоғам қалыптасқан кезде экономикамыз да, саясатымыз да, руханиятымыз да, тіліміз де жақсы дамитын болады. Адамдарды әдебиет әлеміне қызықтыра тарту арқылы кітап оқуды дәстүрлі дағдыға айналдыра аламыз. Қалай болғанда да кітап әр кезде де әлеуетті тәрбие құралы болып қала бермек.
Сауалнаманы дайындаған Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді