«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жастарға жасалған жақсылық

Жастарға жасалған жақсылық
ашық дереккөз
Жастарға жасалған жақсылық

1Жақсылық аға жүлдесі үшін өтетін дәстүрлі жарысты осылай баламалап айтуға да болады. Біріншіден, жас балуандар қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионымен жүздеседі. Екіншіден, топ жарғандар ұлттық құраманың сапына ілігіп, халықаралық деңгейдегі додаларда бақ сынауға мүмкіндік алады. Ал, бұл – кез-келген спортшының арманы екені анық. «Осының барлығы жастар үшін. Ұйықтай берсек, ұйқымыз қанбайды. Еңсемізді тіктеп, өзге дамыған елдермен тереземізді теңестіруіміз керек. Ол үшін өскелең ұрпаққа жағдай жасауға тиіспіз», - деді Жақсылық Үшкемпіров осы шараның мән-маңызы тереңде жатқанын аңғартып. Расында, күнтізбелік жарыстардың қатарына енбесе де, бұл бәсекенің бәсі жоғары. Деңгейі жағынан халықаралық додалардан кем емес. Республикалық ашық турнир болғандықтан, алыс-жақын шетелдің спортшылары да қатысады. Мықты күрес мектебінің негізі қаланған Ресей мемлекетінің, балуандығы жағынан қазақпен үзеңгі қағыстыруға таяп қалған тәжік, өзбек, қырғыз елдерінің жастары да қалмай келеді. Дегенмен, қазақ жастары оларға классикалық күрестен Олимпиада чемпионы туған жерде осал спортшы шықпайтынын дәлелдеп, басты жүлдені берген емес. Өткен жылы көрші қырғыздардан бірді-екілі атлет қана қола жүлдеге қол жеткізсе, биыл бір ғана тәжік балуаны үшінші орынға табан тіреді. Классиктер күресінде жалпы­командалық есепте алматылықтар (облыс құрамасы) топ бастады. Олардың еншісінде екі алтын, бір күміс, екі қола жүлде бар. Екінші орында – екі алтын, екі қолаға қол жеткізген қостанайлықтар. Қызылордалықтар үшінші, ал биылғы доданы ұйымдастырушы жамбылдықтар төртінші сатыға тұрақтады. Өткен жылы Сыр еліндегі жарыста үш алтын медальді олжалаған Жақсылық Үшкемпіровтің жерлестері бұл жолы бір алтын, бір күміс, үш қоланы қанағат тұтты. Жарысты ұйымдастырушылар демекші, Жақсылық аға Жамбыл жеріндегі турнирдің жоғары деңгейде өткенін айтып, ризашылық білдірді. «Мен үшін туған жердің орны қашан да бөлек. Талай жерді аралап, шарласам да, өзімнің туған жерімнен артық жерді көре алмадым. Жай сәйкестік пе, кім білсін, турнир Таразда өтуде, ал мен биыл пайғамбар жасына толып отырмын. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа рахмет, азамат деп сыйлап, темір тұлпар мінгізді. Жұртыма ризамын, қошеметі қашанда көл-көсір», - деді ағынан жарылып. Келесі жылы дәстүрлі дода Оңтүстік Қазақстан облысында өтеді. Эстафета осылай барлық аймақта жалғасып, жарыс жалауы барлық өңірде желбірейтін болады.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар