Қоғамдық кеңестер белгілі заң шеңберіндегі өкілеттіктерінің негізінде қоғам мүддесін қорғау үшін қоғамдық мониторинг, тыңдау өткізіп, сараптама жүргізіп, мемлекеттік орган басшылары жұмысының нәтижелері туралы есептерін тыңдау жұмыстарын ұйымдастыра алады. Жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар кеңес мүшелеріне сұраған ақпаратын толық көлемде беруі тиіс. Сондай-ақ, атқарушы биліктің алқалы отырыстарына қатысуын қамтамасыз етіп, оларды мемлекеттік комиссиялардың құрамына қосуы керек. Қоғамдық бақылау жүргізуде осындай мүмкіндіктерге ие болған кеңестің құрылғанына 5 айға жуықтады. Нақтырақ айтсақ, облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өткен 24 ақпан – облыстық қоғамдық кеңестің тұсауы кесілген күн.
Содан бергі уақытта кеңес мүшелері қандай жұмыстар атқарды? Алдымен осыған тоқталсақ. Ұлт жоспарының 99-қадамында нақтыланғандай, мемлекеттік қызмет көрсетулердің бірыңғай провайдері – «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясының құрылуына байланысты қабылданған мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарына өзгерістер мен қосымшалар енгізіліп, кезінде қабылданған облыс әкімдігінің нормативтік-құқықтық актілері түгелдей қайта рәсімделгені белгілі. Соған орай облыс әкімдігінің басқармалары азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету регламентінің жобаларын қайта қарап, қоғамдық кеңестің қарауына тапсырған болатын. Қоғамдық кеңес ұсынған әр регламенттегі нормалардың мемлекеттік қызмет алушылардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбау, шектеу, залал келтірмеу тұрғысынан зерделеп, 80-ге жуық регламент жобаларына ұсыныстар берді. Заңға қайшы жобалар кеңес комиссиясының отырыстарында талқыланды. Алайда, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның 16-бабына сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттары республика деңгейінде Әділет министрлігінде тіркелгеннен кейін, күнтізбелік 30 күн ішінде басқармалар мемлекеттік қызметтердің регламенттерін әзірлеп, облыс әкімдігінің қарауына ұсыну тәртібі мен мерзімі көп ретте сақталмайтынын, сондықтан, қоғамдық кеңес бұл мәселеге атқарушы биліктің назарын әдейі аударғанын айта кету керек. Келешекте қоғамдық кеңес өзінің ішкі регламентіне сай кеңестің қорытындысын қажет ететін нормативтік-құқықтық актілердің жобаларымен жұмыс істеу талабын қатаң ұстанатын болады. Осы кезеңде қоғамдық кеңес 10 пленарлық, 9 президиум отырысын өткізді. Сондай-ақ, кеңес мүшелері заңға енгізілген өзгерістерге қарай жер мәселесіне байланысты қоғамда алаңдаушылық туындаған кезде елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесу өткізуді қолға алды. Нақтырақ айтсақ, біз 15 мамырдан бастап жыл аяғына дейін екі кезеңде шаруалармен кездесу кестесін түзіп, іске кірістік. Бүгінгі күнге дейін 3,5 мыңнан астам адамды қамтыған жиырмаға жуық жиын өткізіп, көпшіліктің жер мәселесімен қатар, алда енгізілгелі жатқан медициналық сақтандыру, білім саласындағы реформаларға қатысты ой-пікірлерін тыңдадық. Сонда ақыл-ойдың кені ауыл екенін түсіндік. Ауыл тұрғындары алпыстан астам пікір-ұсыныс айтты. Соларды саралай келе, қоғамда мынадай түйткілді мәселелер мен пікір қалыптасқанын байқадық. Біріншісі жер реформасына қатысты. Тұрғындар игерусіз жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін аукционда сатудан гөрі кезінде жер үлесінсіз қалған Қазақстан азаматтарына жалға беруді жөн санайды, аукционға түсе қалған күнде де оның көлеміне шектеу қою керек деп есептейді. Шаруалар белгілі мерзімге жалға алған жерлерін жеңілдікпен сатып алуға қарсы емес. Бірақ, оларға қаржының аздығы, техниканың жоқтығы сатып алуға, жерді игеруге үлкен қолбайлау болуда. Түптің түбінде банктен алған несиені уақтысында қайтара алмағандықтан, жер банктердің иелігіне өтіп, алам деушілерге сатылымға қойылып, шаруа жерсіз қалуы мүмкін. Сондықтан «Жер банкісін» ашып, шаруаларға 3-5 пайыз жеңілдікпен несие берсе дейді. Барлық кездесулерде жұрт жерді шетелдіктерге 25 жылға жалға беруге қарсы болды. Қолдағандар аз. Беріле қалған күнде жалға алу мерзімі әрі кеткенде 10 жылдан аспауы қажет және мынадай шектеулер қойылуы тиіс деп есептейді: Қазақстанмен шекаралас елдердің азаматтарына жерді жалға беруге тыйым салу, жалға алған шетелдікке Қазақстан азаматтығын бермеу, сондай-ақ жалға алушылардың шарттарға сәйкес жұмыс жасауын қадағалау. Жалға алынған жерге қандай дақыл егуді нарық сұранысына сәйкес әкімдіктер ұсынуы тиіс. Шетелдіктерге жұмысшыларды квотадан тыс әкелуге тыйым салып, онда еңбек ететіндер жергілікті азаматтар болуына басымдық берілуі қажет. Кездесулерде жергілікті шаруаларды шаршатып жүрген мәселе –жайылым жайы сөз болды. Тұрғындар ұсынысы – жайылым ортақ болуы керек. Оны пайдалану арнайы заңмен реттелгенін қалайды. Қоғамдық кеңес мүшелері кездесулерде тек түсіндірме жұмыстарымен шектелмей, көкейкесті мәселелерді өз әлеуетіне сай шешімін табуға ықпал етуде. Мәселен, қоғамдық кеңестің ықпалымен мемлекет қарауындағы орман шаруашылықтарының жерлерін жайылым ретінде тұрғындарға оны жалға беру мәселесі жақында шешімін тапты. Сондай-ақ, Талас ауданы, Бостандық ауылының тұрғындары су берушілердің бағаны өлшеуіш құрылғысыз өз қалауларынша қойып жүргенін айтып шағымданған, бұл түйткілдің де түйіні тарқағанын айта кету керек. Тұрғындардың көкейіндегі түткілдің бірі міндетті медициналық сақтандыруға байланысты. Негізі көпшілік бұны дұрыс бастама деп санайды. Бірақ, 1997 жылы медициналық сақтандырудың бүкіл қаржысын ФОМС басшысының шетелге алып қашып кеткенін жұрт ұмыта қоймапты. Бұл тағы да қайталанып жүрмес пе екен деген алаңдаушылық бар көңілдерінде. Сондықтан, денсаулық сақтау саласының басшылары әлі де тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын ынталы түрде жүргізе бергендері жөн. Үшінші мәселе жаңа министр ұсынған мектеп реформасына қатысты. Жұрттың жаңа реформалардың жемісті болады деген үмітінен гөрі күдігі көп. Тұрғындардың жоғары сыныптарда биология, химия, математика, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуға көшуге қатысты өз ұсыныстары да бар. Көпшілік алдымен ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектептердің қатары көбейсе дейді. Пәндерді ағылшынша оқытуға басымдық беретін «Дарын», Назарбаев зияткерлік мектептерінің саны неліктен шектеулі болғанын білгісі келеді. Ағылшын тілінде оқытатын пән мұғалімдерін дайындау, оқулықтар шығару қаржы мен уақытты қажет етеді деп есептейді. Ата-аналар, қазыналы қарттар ауыл балаларының, мемлекеттік тілдің болашағына алаңдаулы. Облыстық қоғамдық кеңес есепті мерзімде «Қазақстан Республикасының қоғамдық кеңестер туралы» Заңның 5-бабының 1-тармағы,16-бабының 3-тармағының талаптарына орай 2015 жылы алдағы мерзімдерге қабылданған облыс бюджетіне енгізілген өзгерістердің заңдылығын, 2015 жылғы бюджеттің қалай игерілгенін кеңес отырысында талқылап, облыс мәслихатының сессиясына ұсыныстар берді. Сонымен қатар, кеңес мүшелері заңның 16-бабының 3-тармағына сәйкес алдын алмаса, әлеуметтік шиеленіске ұласып кетуі мүмкін кейбір мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысты. Мәселен, Сарысу ауданындағы «Қазақстанның әлеуметтік әділетті дамуы үшін» қозғалысының өңір мен Жаңатас қаласындағы жұмыспен қамту жайы, сыбайластық жемқорлық көріністері, кезінде фосфор өндірісінде ондаған жылдар жұмыс істеп, кәсіби кеселге шалдыққандарға өтемақы төлеу мәселесі, аудандық білім, денсаулық сақтау саласындағы басшылардың жөнсіз әрекеттері, өткен мәслихат депутаттарын сайлаудағы заңнаманы бұзушылықтар орын алғаны туралы, қаладағы су құбырлары желілерін қайта жаңғырту мәселелерін көтерген 13 тілек-талабын облыс әкімдігінің басқарма, департамент басшыларының қатысуымен өткен облыстық кеңестің президиумында қарап, Сарысу аудандық қоғамдық кеңесімен бірлесе отырып әрбір мәселені егжей-тегжейлі талқыладық. Оның біразы сол жерде шешілді. Қалғандарына тиісті хаттама толтырылды. Онда көтерілген проблемалардың әрқайсысы бойынша жауапты мекемелердің басшыларына белгіленген мерзім ішінде жауап беру туралы нақты ұсыныстар берілді. Хаттама облыстық кеңестің бақылауында тұр. Сондай-ақ, қоғамдық кеңес Меркі ауданындағы Ақермен, Сұрат ауылдарындағы жер үлесіне байланысты туындаған даулардың тігісін жатқызып, тұрғындар арасындағы психологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шараларды заңмен белгіленген өкілеттіктер шеңберінде жүргізуді қолға алды. Жуырда біз «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңның 21-бабының талабын басшылыққа алып, Айша бибі ауылында «Жамбыл ауданында заңдылықты, құқықтық тәртіпті қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөнінде атқарылып жатқан жұмыстардың қазіргі кезеңдегі жай-күйі» тақырыбына қоғамдық тыңдау өткіздік. Онда аудандық құқық қорғау органдарының (аудандық ішкі істер бөлімі Т. Жаңабаев, жергілікті полиция қызметінің басшысы Д. Нұралиев) жұмысындағы кемшіліктер сынға алынды. Аудан тұрғындары, әсіресе, соңғы кезде азаматтардың мүлкін және мал ұрлаудың көбейіп кеткенін ашына айтып, учаскелік инспекторлардың осалдығын бетіне басты. Дерекке сүйенсек, ұрлық жалпы қылмыстың 52 пайызын құрайды екен. Облыстық қоғамдық кеңес өзара сенім негізінде мемлекеттік құрылымдармен бірлесе жұмыс жүргізуді қолға алуда. Бұл түйткілдердің шешімін табу жолындағы жұмыстың жаңа формасы деуге болады. Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыс бойынша департаментімен бірлесіп өткізген кеңес отырысы соның дәлелі. Бұл жиында өңір тұрғындарына мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы мен қазіргі ахуалы талқыланғанын айта кетуіміз керек. Заңда көрсетілгендей, қоғамдық кеңес жылына екі рет бұқараны атқарған жұмыстары жөнінде хабардар етіп тұруы тиіс. Облыстық қоғамдық кеңестің жұмысы жайлы материалдарды толық көлемде oblmaslikhat.zhambyl.gov.kz сайтынан таба аласыздар.
Жандар КӘРІБАЙҰЛЫ, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді