мойынқұмдықтардың бір уайымы осы
Өзен суы мол аймақтарда көпір – тұрғындардың тіршілігі қалыпты болуын қамтамасыз ететін бірден-бір нысан екені рас.
Аудандағы негізгі көпірлердің соңғы рет жөндеу көргеніне шамамен отыз жылдай уақыт өтіпті. Енді сол көпірлердің тозығы жетіп, құлаудың аз-ақ алдында тұрғаны жұртшылықты алаңдатып та отыр. Сарыөзек, Қарабөгет, Құмөзек, Қылышбай ауылдарының кіреберісіндегі, сондай-ақ Мойынқұм ауылындағы Радай, облыстық маңызы бар «Бірлік–Мойынқұм–Ұланбел» автокөлік жолының 54 шақырымында орналасқан Шу арнасы бойындағы Қыршу көпірлері осындай кепті бастан кешуде. Оның үстіне биылғыдай жауын-шашынды жылы Шу өзені суының молаюы ілдалдамен тұрған көпірлерден келер қауіпті көбейтуде. Әсіресе, Радай көпірі өте апатты жағдайда. Ұзындығы 63 метр болатын өткелдің тіреуіш бағаны қалыпты деңгейден 67-75 сантиметрге дейін төмендеген деседі мамандар. Бүгінгі таңда мұнда ауыр жүк көліктерінің жүруіне мүлде тыйым салынып, жеңіл автокөліктер мен жаяу жүргіншілер ғана әупірімдеп өтуде. – Радай каналы үстіндегі көпір күндіз-түні тұрақты бақылауға алынған. Аталған көпірдің жағдайын зерттеп, зерделеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджеттен 1 миллион 150 мың теңге қаржы бөлініп, тендерлік конкурс жарияланған. Оған қатысып, жеңімпаз деп танылған «Эксперт М» ЖШС қазіргі таңда тиісті жұмыстарды қолға алған. Ай соңына дейін зерттеу жұмыстары аяқталып шығарылған қорытындыға сәйкес жобалық-сметалық құжаттар дайындалмақ, – дейді аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Сәкен Дакманұлы. Сонымен қатар аудан орталығы мен бірқатар елді мекендер арасын жалғап тұрған Қыршу өзені көпірінің де жағдайы мәз емес. Оның да жиегі мүжіліп, іргетасында жарықшақтар пайда болуына байланысты қайта жөндеуді қажет етеді. Көпірдің бүгінгі таңда эксперттік қорытындысы алынып, қайта жаңғырту жөнінде жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Ерте ме, кеш пе – Қыршуда да жаңа көпір салынып, ел игілігін көрмек. Ал жоғарыда аталған ауылдардың кіреберісінде орналасқан бірнеше көпірдің жағдайы қалай болады? Мамандар оларға жүргізілер зерттеу жұмыстарының қорытынды нәтижелеріне қарай тиісті қаражат үстіміздегі жылдың екінші жартыжыл-дығында қарасты-рылады деп отыр. 1980 жылдары Шу өзенінің көпірі құлап, бір отбасының екі бірдей мүшесі суға ағып, бақилық болғанын ел ұмыта қойған жоқ. Мұндайдың беті аулақ, әрине. Дегенмен, сол бір оқиға аудан басшыларын да дүр сілкіндіріп, жауапкершіліктерінің күшейтілуіне ықпал еткен еді. Қазір ол да ұмытыла бастағандай. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, тозығы жеткен көпірлер тез арада жөнделуге тиіс. Көптің күткені де осы.
Уалихан ЖАЙЛАУ, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді