«Еуро – 2016» додасында Португалия командасы топ жарды
Төрт жыл бойы сарыла күткен футболдан Еуропа чемпионаты төрт аптада өте шықты. Бәс қабылдауға машық букмекерлер басты фаворит ретінде біріншілік қожайындары Франция мен әлем чемпиондары Германияны санаған болатын. Алайда, алтын жүлде құрамында Криштиану Роналду секілді жарық жұлдызы бар Португалия құрамасының қанжығасында кетті.
Жиырма төрт елдің командалары алты топқа жіктеліп, мықтылар сұрыпталған Еуропа чемпионатындағы Португалия құрамасының финалға дейінгі жолы қым-қиғаш. Исландия, Венгрия, Австрия секілді ортаңқол ұжымдармен бір топқа түскен Эйсебио секілді ұлы талантты тудырған елдің футболшылары топтық кезеңде бірде-бір жеңіске қол жеткізбей, топтан суырылып шықты. Рас, үш ойында да тең түсті, ешкімнен кем түскен жоқ. Өз тобынан үшінші орынмен әупірімдеп шыққан Португалия 1/8 финалда Хорватияның жолын бөгеді. Бөгегенде қалай? Тоқсан минут бойы қарсылас қақпасына гол соға алмай тең тарқасты. Алайда, экстра таймда Куарежма соққан гол Роналдудың командасын ширек финалға шығарды. Ширек финалда Роберт Левандовский бастаған польшалықтармен тағы да тең түсті. Есеп – 1:1. Экстра таймда нәтиже өзгеріссіз қалды. Ойын соңынан кейінгі 11 метрлікте португалдықтар 5:3 есебімен басым түсті. Ойпырмай, бұл Португалия қашан тоқсан минутта жеңісті жұлып алады деп ұзақ күткен жанкүйерлер Уэльске қарсы ойында айызы қанды. Ойынның екінші бөлігінде ауада қалқып тұрып, қақпаға соққы бағыттаған Криштиану Роналду додадағы үшінші голын соқса, арада үш минут өтер-өтпес уақытта Нани қанжығасын майлап, жеңімпаз туралы мәселені толығымен шешті. Португалия финалда. Швейцария, Албания, Румыния секілді ұжымдармен бір топқа түскен Франция өз тобында Румыния мен Албанияны қиналмай жеңіп, Швейцариямен ұпай бөлісті. 1/8 финалда Ирландия құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктірсе, ширек финалда Исландияны 5:2 есебімен ойсырата ұтты. Бұдан соң құрамында Антуан Гризман, Поль Погба секілді жұлдыздары бар француздар Германия құрамасын 2:0 есебімен жеңіп, неміс машинасын істен шығарды. Ақтық сын. Роналду мен Гризманның тартысына баланған. Алайда финалда Криштиану ойын бастала салысымен жарақат алып қалды да, кездесуді көрермендер қатарында тамашалады. 90 минутта бірде-бір гол соға алмаған қос қарсылас экстра таймда да түк бітіре қоймас деп отырғанбыз. Алайда, Португалия құрамасының сапында алаңға шыққан Эдер шешуші голдың авторы атанды. Осылайша Эйсебионың тұсында түк ұтпаған Португалия Роналдудың кезінде тұңғыш рет Еуропа чемпионы атанды. Доданың бас мергені француз Антуан Гризман саналса, 4 Еурода қатарынан гол соққан жалғыз футболшы ретінде Криштиану Роналду да тарихқа өз атын алтын әріптермен жазды. Иә, төрт жыл тосқан дода да аяқталды. Қош бол, Франция төрі!
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді