Мұхтардан дәріс тыңдаған Мекемтас

Мұхтардан дәріс  тыңдаған  Мекемтас
ашық дереккөз
Мұхтардан дәріс тыңдаған Мекемтас

Ғалымдар мен қаламгерлердің тынысын кеңейткен тәуелсіздігіміз еді. Рас, олардың көпшілігінің еңбектерінің халыққа танылуына «қылышынан қан тамған» кеңестік идеологияның өзі тосқауыл бола алмаған. Дегенмен, көп кедергі келтіргені тарихтан мәлім. Көкейдегісін кесіп айтар ой еркіндігі азаттықпен бірге келген. Сондықтан, оларды тәуелсіздік танытқан әрі тәуелсіздігімізді танытқан тұлғалар деуге болады. Солардың бірі – ғұмырын Абай шығармаларын зерттеуге арнап келе жатқан, Мұхтар Әуезовтен дәріс алған Мекемтас Мырзахметов. Халқымыз үшін заңғар жазушыдан дәріс алған шәкірттердің ішінде Мекемтас Мырзахметовтің орны бөлек. Ол қазақты әлемге танытқан Абайдың шығармашылығы мен өмірі, өлеңдеріндегі әр сөйлемді жете зерттеп, Абайтанудың зерттелу ғылымын кезең-кезеңге бөліп, сала-сала бойынша зерделеп берген ғалым. Ақынның бір өлеңін немесе қара сөздерін, пәлсапалық кейбір ойларын зерттеп жүрген абайтанушылардың, жалпы өскелең ұрпақтың Абайтанудың зерттелу дәуірінің үш кезеңі – М.Әуезов кезеңі, М.Әуезовтен кейінгі кезең, бүгінгі Абайтануды көрген нағыз ғалым Мекемтас Мырзахметовтен үйренері көп. Ғалымның өткен өмірінен сыр қып шерткен естелік әңгімелерінен алар тағылым мол. Соның бірі ұстазы Мұхтар Әуезовке қатысты әңгіме еді. «Оның «Ақын аға» деген романы алғаш басылғанда, біз 2-курста оқитынбыз» деп бастайтын жастық шақтың естелігін Мекемтас аға. Сол кезде студент жастардың, оның ішінде өзінің де жазушыға теріс көзқараста болғанына өкініп тұрғандай күрсінетін. «Аудиторияға кірген бойда студенттер Әуезовке сұрақ қойып, шығармасында суреттелген Абай шәкірттеріне «ескілікті дәріптеген» деген сын айтты. Әуезов үндемеді. Тек қалтасынан қолорамалын алып, маңдайының терін сүртіп, қозғалақтап қойды. Құдай сақтап, сол жолы үндемей қалдым. Кейінірек Әуезов музейінде істеген кезде архивтен сол кездегі әбес қылығымыздың айғағын кезіктіргенім бар. Онда ол өзін сынағандардың тізімін тізіп қойыпты. Сонда бір өкініш өзегімді өртеп кеткендей болды. Жазушы: «Олар мені түсіне алмаған, біреудің пікірімен өздерінше пікір айтып жатқан балалар ғой», – депті жазбасында. Кейін Әуезовті Ташкент вокзалында кездестірдім. Кафедра меңгерушісі, филолог-ғалым Төлеуов екеуміз күтіп алуға шыққанбыз. Сол жолы Мұхтар ағаға диссертациялық жұмысқа «Абай және шығыс» деген тақырыпты алғым келетінін айттым. – Бала, жолың болмайды ғой, – деді. Сөйтсем, ол сөзінің астары бар екен. 1949 жылы Орталық партия комитеті космополитизм туралы қаулы қабылдапты. Онда жалпыға «шығыс пен батысқа бас игендерді талқандаймыз» деген ұран тасталған. Ол кісі соны меңзепті. Абайдың шығыспен байланысын зерттеуге бәрі сол қаулыдан сескенеді екен. Әуезов ұстазым Қажым Жұмалиев айтқан «Абайдың әдеби мұрасының зерттелу жайы» деген тақырыпты мақұлдады. Докторлық жұмысым 1982 жылы «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары» деген атпен кітап болып шықты. Әйтсе де, сол еңбегімді 7-8 жыл бойы қорғай алмадым. Қорғауға кедергі жасау үшін барын салып бақты ғой» деген ақтарыла. Мекемтас Мырзахметов «Абай» туралы диссертациясын 1989 жылы бір-ақ қорғап шыққаны белгілі. Осылайша, қоғамдағы теріс көзқарасқа қарсы күрескен ғалым ұстазы Мұхтар Әуезов кітабы арқылы бүкіл қазаққа, қала берді әлемге танытқан Абайдың есімін тағы бір «цензуралық» қысымнан қорғап қалған еді. Профессордың ұстазы туралы естеліктері бертінде басылым беттерінде жарық көрді де. Дегенмен, ғалымның тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер еткен оқиғаларды қайталап айтудың артықтығы жоқ деп ойлаймын. Себебі, бұл – жастарға ой салып, бой түзеуіне себепкер болатын естеліктер.

Камила Борашова.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар