Меритократия қағидаларына негізделген жаңа модель
Еліміз мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа сатысына қадам басуда. Мемлекеттік қызметтегі кәсіби және бәсекеге қабілетті мемлекеттік аппарат құру мақсатынан туындаған өзгерістерді Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының практикалық кезеңінің басталуымен байланыстыруға болады. Бүгінгі талап – тиімділік, нәтижелілік, жариялылық, халықтың сұраныстарына сай қызмет ету. Мемлекеттік қызметшілер осындай талап-міндеттердің үдесінен шығып жүр ме? 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне орай осы және басқа бірқатар сұрақтың жауабын білу үшін Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің өңірлік департаментінің басшысы Болат Исақовпен сұхбаттасқан едік. – Болат Әлмұқанұлы, мемлекеттік қызметтің беделін көтеру мақсатында атаулы мереке жаңа кәсіптік мереке ретінде күнтізбеге енгізілгені белгілі. Сала ісін дамытуда 15 қадамнан тұратын тұтас бір реформа жүргізілуде. Елбасы жуырда өткен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның кеңесінде Ұлт жоспарында айқындалған 100 нақты қадамның нақты 23-і орындалғанын атап өтті. Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы заманауи кәсіби аппаратты құруға бағытталғаны белгілі. Қазір 15 тапсырманың қаншауы жүзеге асырылуда? – Елбасымыздың Жарлығымен «Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Заңына толықтырулар енгізіліп, 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні болып белгіленген. Бүгінде мақсат еткеніміздей, аталмыш мереке мемлекеттік қызметтің беделін жоғарлатуға септігін тигізуде десек, артық айтқандық емес. Кәсіби мерекеде қызметшілердің жыл ішінде атқарған жұмыстарын саралап, бағалау игі дәстүрге айналуда.
Ұлт жоспарының кәсіби мемлекеттік аппарат құру институционалды реформасының шеңберінде бекітілген 15 қадам мемлекеттік қызмет саласына арналған. Бүгінгі күні осы он бес қадамның барлығы жүзеге асырылуда деп айтуға болады. Нақтырақ атап өтсек, қазір мемлекеттік қызметке үміткерлер төменгі лауазымдардан бастап жалпы конкурстық іріктеу арқылы қабылдануда. Төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және одан әрі лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызметшілерді мансаптық жоғарылату конкурстық негізде жүргізу қарастырылған. Сөйтіп, «Б» корпусының жоғары лауазымдарына жылжыту төменгі лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан тек қана конкурстық негізде жылжыту есебінен меритократия қағидаты нығаюда.
Ал мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданушылар үшін 3+3 формуласы бойынша міндетті түрде сынақ мерзімі бекітіліп, тиісінше үш айдан кейін және алты айдан кейін межелік бақылау жүргізіледі. Яғни, мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін тұлғаларға міндетті тәлімгерлер бекітілумен 3-тен 6 айға дейін сынақ мерзімі белгіленеді. Егер қызметші 3 ай сынақ мерзімінде бағалау қорытындысы бойынша нәтижесіз баға алған жағдайда сынақ мерзімі тағы 3 ай мерзімге ұзартылуы мүмкін. Бір нәрсені айта кетуіміз керек, мемлекеттік саяси қызметке, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіндегі мемлекеттік қызметшілер үшін сынақ мерзімі белгіленбейді.
Бүгінгі таңда әр мемлекеттік органда тәлімгерлер кеңесі құрылған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің жаңа моделіне сәйкес жалақыны еңбегінің нәтижесіне байланысты өсіру жүйесі қарастырылған. Оны мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау институты жүргізеді. Жалпы, жылдық бағалау қызметшінің тікелей басшысымен қойылатын тоқсандық бағалаудан, әріптестері немесе қызметшінің бағынысындағы қызметшілердің айналмалы бағалауынан және жылдық жоспардың орындалу көрсеткіштерінен құрылады.
Ұлт жоспарында жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлер беру мәселесі де көтерілген. Ротацияланатын (ауыстырылатын) мемлекеттік қызметкерлер лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде олар жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етілетін болады. Яғни, болашақта басқа жерге (өңірге) ротациялау кезінде мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес қызметтік үй-жай беріледі. Қызметтік пәтерлерді беруді қаржыландыру мәселесі болашақта қалыптастырылатын арнайы қор есебінен қамтамасыз етілмек.
– Мемлекеттік қызметке қабылдану үшін жүргізілетін іріктеу конкурстары туралы айтып өтсеңіз? Компьютерлік тестілеу, жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестке тоқтала кетсеңіз?
– Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінде конкурстық іріктеудің механизмдері нақты айқындалған. «Б» корпусының мемлекеттік лауазымдарына үміткер немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайтадан оралуды көздеген азаматтар үш іріктеу кезеңдерінен өтеді. Біріншісінде заңнамалар бойынша әзірленген тест тапсырады. Екінші кезеңде негізінен үміткерлердің жеке қасиеттері мен негізгі құзыреттері бағаланады. Үшінші сынақ – мемлекеттік органда бейінді білімі бойынша конкурстық әңгімелесу.
Мемлекеттік қызмет істері министрі 2015 жылғы 29 желтоқсанда жаңа Ережені, мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшілерді, мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымдарға орналасуға кандидаттарды тестілеуді ұйымдастыру бағдарламаларын бекітті. Мемлекеттік лауазымдарының тиісті санаттарына сәйкес заңнамаларды білуге арналған тестілеу үш бағдарламадан құралатын болды. Сонымен қатар, тестілеуден өту мәнін есептеу нышаны өзгерді, яғни тиісті бағдарлама бойынша әрбір нормативтік-құқықтық актілер бойынша 5-тен кем емес дұрыс жауаптар болу тиіс. Негізі бұрынғымен салыстырғанда тестілеу бағдарламалары жеңілдетілгенін атап өту керек. Былтырғы көрсеткіштермен салыстырсақ, тестілеуден өту пайызы 34,2-ден 40,9 пайызға көтерілді.
2015 жылдың аяғына дейін алынған тестілеу сертификаттары (ескі бағдарлама бойынша) тестілеуді өткен кезден бастап бір жыл ішінде жарамды болатынын атап кету керек. Мұндай сертификат болған жағдайда конкурсқа қатысу үшін кандидаттардан жеке қасиеттері мен құзыреттерін бағалаудан өту талап етіледі. Жеке қасиеттерін бағалау нәтижелерінің шекті мәні белгіленбеген. Алайда, үміткерлермен әңгімелесу барысында конкурстық комиссия мүшелері ескеретін көрсеткіштер бар.
– Мемлекеттік қызметшінің жаңа бейнесі қандай болуы тиіс?
– Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге деген талап жоғары. Мемлекеттік қызметші тек білімді ғана емес, сонымен қатар, моральдық жауапкершілігі жоғары, әділдік, адалдық, адамгершілік қасиеттері секілді қағидаларды қатаң ұстануы тиіс. Ең бастысы, Отанымыз – Қазақстан Республикасының патриоты болуы қажет!
– Сұхбатыңызға рахмет!
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді