Сыбайлас жемқорлық мемлекетіміздің дамуына кедергі келтіруде. Бұған Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қатысты деңгейі әлем бойынша былтыр 126-орыннан 123-орынға, яғни үш сатыға ғана төмендеуі дәлел. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу ісіне тек мемлекет қана жауапты деген түсініктен арылып, оған қоғам болып жұмылу қажет. Әсіресе, тұрғындардың сыбайластыққа деген қарсылығын күшейту қажет. Бүгінде бұл міндет үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктерге жүктелген.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өткен «Қоғамдық бірлестіктер – сыбайлас жемқорлыққа қарсы елеулі күш» атты «дөңгелек үстелде» осындай пікірлер айтылды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдазимов қоғамдық кеңестің атқарған жұмыстарына тоқталды. Ал «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көрсетілген жемқорлықпен күрес шараларын жүзеге асыру үшін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» арнайы Заң қабылданғанын, жаңа заңда сыбайлас жемқорлық деңгейіне мониторинг жасау, қоғамдық бақылауға мүмкіндік беру, мемлекеттік қызметке қатысты барлық конкурстарға қоғамдық күштерді қатыстыру қарастырылғанын сөз етті. – Құзырлы органдардың берген мәліметіне сүйенсек, былтыр 83 мемлекеттік қызметші мен оларға теңестірілгендерге қатысты 137 сыбайлас жемқорлық сипаты бар қылмыстық іс қозғалыпты. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 147-ні құраған. Ал былтырғы 137 қылмыстық істің 48-і облыс басқармалары мен қала, аудан әкімдіктерінің қызметкерлеріне қарсы қозғалған. Олардың 4-еуі пара алса, 1-еуі пара берген. Тағы бірі пара беруге делдал болса, 14-і қызметтік жалғандыққа жол берген. 19-ы лауазымдық қызметін теріс жолға пайдаланған. 5-еуі алаяқтық жасаған. Биыл бірінші тоқсанның өзінде 54 тұлғаға қарсы 103 қылмыстық іс қозғалған. Өткен жылмен салыстырғанда сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс өскен. Заң бұзған мемлекеттік қызметшінің бәрі де сауатты, заңға жетік, қызметке конкурс арқылы тағайындалған, талай қоғамдық тыңдауларға қатысқан белсенді азаматтар, – дейді Қасымхан Естемесұлы. Облыс прокурорының аға көмекшісі Ғани Абдрахманов сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстың көптеп ашылуына тұрғындардың құзыретті органдарға жүгінуі септігін тигізіп отырғанын айтады. «Бұл – азаматтардың құқықтық сауаттылығының артып келе жатқанының көрінісі», – дейді ол. Басқосуда облыс бойынша ҚАЖД ЖД – 158/1 мекемесі кадр бөлімінің басшысы Бақыт Әлімжанова, Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаментінің бас маманы Малика Айдарова, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов, «Жамбыл облысы жастар ұйымдары қауымдастығының» төрағасы Исламбек Дастан, «Талдау» зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Әлмұратов өз ойларын ортаға салды.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді