«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Есепші ата

Есепші ата
ашық дереккөз
Есепші ата

Есепші атаны жортқан аң, ұшқан құстың тілін білген деседі ауыл қариялары. Оның әу баста әке-шешесінің азан шақырып қойған есімі – Әлібек екен. Бала кезінде құстардың жер бауырлай ұшқанына, суыр мен саршұнақтың іннен-інге тығылғанына қарап, ертеңгі ауа райын болжап отыратын болыпты. Сонысына қарай жұрт оны Балаесепші атап кеткен екен. Бертін келе Есепші атаныпты.

Ертеректе ауыл ақсақалдары Есепші атаның аң-құспен тілдескенін аңыз қып айтып отыратын. Ойынға көбірек аңсарым ауып тұратын балалықтың әсері шығар, соның бәрін зердеме тоқи алмадым. Кейбір әңгімелер ғана еміс-еміс есімде. Онда да үзік-үзік. Соның бірі былай басталатын... «Есепші ата үнемі балаларына: «Мен өлсем, Көгершін тауының етегіндегі қырқаға қойыңдар. Сол тұстың табиғаты ерекше. Ауасы да таза», – деп айтып отырады екен. Ауыл аймағы атаның аманатын қалай аяқ асты етсін. Есепші ата қайтыс болғанда жақын жұрағат жиылып, жолға дайындалады. Мезгіл қыс айы болса керек. Ауыл онда Үмбет құмда, қыстауда отырған кез. Жұрт жиылып, марқұмның жаназасын шығарып, жолға шыққанда аяқ астынан боран басталыпты. Қол созым жер көрінбейтіндей ақтүтек. Қарсы алдынан тұрған дауыл бет шыдатпайды, адым аштырмайды. Соған қарамастан сүйекшілер тау жақты бетке алып, алға қарай жылжи береді. Долы боран үш күнге созылады. Әбден титықтап шаршаған топ жолдан қиыс кетіп адасқандарын сезеді. Сонда ғана аттан түсіп дамылдап, кеңес құрады. Ақылдаса келе, мәйітті осы жерге қойып, жол ашылғанда тауға жеткізбек болып келіседі. Бәрі сол мәмілеге тоқтап, орындарынан тұрғанда жел де саябырсып, күн де ашылыпты. Айналаға қараса, тура Есепші ата айтқан қырқаның етегіне тоқтаған екен. Сөйтіп, Әлібек Бұғыбайұлына мәңгілік мекені өзі аманаттаған қырқадан бұйырыпты». Бүгінде Әлібек Бұғыбайұлы жатқан жерді ауыл жұрты киелі санайды. Есепші атаның жатқан жеріне Құран оқып қайтуға ниет еткендерге күндіз құстар, түнде даланың саршұнағы жол көрсетеді деседі. Жол бастаушы саршұнақты мен де кездестіргем...

Ардақ  Үсейінова, «Ақ жол».

Т. Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар