Мақұлбек Жаналиев, ішкі істер саласының ардагері.
Қазақ – табиғатынан бейбіт халық. Әйтсе де, соңғы кездері ел ішіне іріткі салуды көксеген лаңкестердің жасаған іс-әрекеті көңілге алаң туғызады. Қолына қару алып, бейбіт тұрғындарға оқ ату, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы шығу, мас күйінде көлік жүргізіп жол апатын жасау немесе адам қағу, көлік, мал ұрлығын жасау, тіпті бір облыстан екінші облысқа жасырын адам ұрлап апару, біреуді бопсалау, әйел зорлығы секілді жан түршігерлік қылмыстардың көбейгені алдын алу шараларын күшейту қажеттігін көрсетеді. Арымызға дақ, сүйегімізге таңба болатын осындай қылмыстарға қалай жол берілуде деген сұраққа келсек, біріншіден – ол заңның осалдығынан, екіншіден – полиция жұмысының нақты бір жүйеге қойылмай келе жатқандығынан. Қазіргі жүйе құқық қорғау қызметкерлерін қылмыс жасалған кезде байбалам салып, онымен күресуге немесе қылмыскерді іздестіруге мәжбүрлеп қойған. Ал оның алдын алу шаралары ескерусіз қалып отыр.
Мен зейнетке шыққанға дейін құқық қорғау саласында қызмет еттім. Оның табаны күректей 15 жылында басшылық қызмет атқардым. Тараз қаласы мемлекеттік автоинспекциясы бөлімінің басшысы, рота командирі, Алматы облысында республикалық тікұшақты дивизионның автоинспекторы болдым. Сондықтан болар, осы саланың қыр-сыры маған етене таныс. Бұрын Жамбыл, Талас, Сарысу, Қордай секілді ауданда патрульдік полиция тобы жұмыс істейтін. Аталған МАИ бекеттері ауылдан ауданға, ауданнан қалаға келе жатқан көліктерді тоқтатып, тексеріп барып бекеттен өткізетін. Патрульдік полиция тобы әр бөлімшеден жиналған қызметкерлерден жасақталатын, олар арнайы үйретілген иттің көмегімен көліктерді тексеретін. Соның арқасында талай есірткі саудасының жолы кесілген еді. Енді бірі көлік ішіндегі шетелдік азаматтың құжаттары қаншалықты заңды екеніне көз жеткізетін. Кейіннен патрульдік полиция тобы қысқартуға ілікті де, аудан мен ауданды байланыстыратын облыстық мәндегі МАИ бекеттері жабылды. Ал олардың атқаратын жұмысы мемлекеттік автоинспекцияға жүктелді. Алайда, қазір мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері жол жүру ережесін бұзбаған көлікті тоқтатпайды. Ол көліктің ішінде кім кетіп бара жатқаны, қандай зат алып бара жатқаны бір Аллаға ғана аян. МАИ бекеттерінің жабылуына тұрғындардың әрбір бекетте көліктерді облыс орталығына жеткенше қайта-қайта тоқтатып, тінту жүргізетіні, уақыттарын алатыны жөнінде түсірген арыз-шағымдары түрткі болды. Қазір тек «Айша бибі» кеден бекеті секілді республикалық және халықаралық мәндегі бекеттер ғана жұмыс істеп тұр. Бірақ, олардың өзі бекеттен өткен көліктерді бұрынғыдай міндетті түрде тоқтатып, жіті тексеру жүргізбейді. Соның салдарынан қылмыс өрши түсті. Егер біз сөз еткен бекеттер бұрынғыдай жұмыс істейтін болса, қылмыс едәуір азаяр деп ойлаймын. Мәселен, біреудің көлігін ұрлап айдап әкеткені немесе жүк салғышына бөтеннің малын салып алғаны дер кезінде анықталар еді. Ішкілік ішкен, есірткі тасымалдаушы адам жолдағы МАИ бекеттерінен өте алмайтынын біліп, қылмысқа бармайды. Сол үшін бізге бұрынғы МАИ бекеттері мен ондағы патрульдік полиция тобының жұмысын қайта қолға алып, жандандыруымыз қажет. Бұл өз кезегінде кез-келген сипаттағы қылмыстың алдын алып, экстремистік топтарды еркінсітпей, қару-жарақ тасымалдаған қарақшылардың жолын кесер еді.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді