Тараз төрінде Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің жүлдесін сарапқа салған балуандар белдесуі басталды
Есімі алты Алашқа аян, даңқына дүниежүзінің спортшылары әбден қанық, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровпен қалай мақтансақ та, қалай дәріптесек те артық емес. Өйткені, қазақ деген халықтың атын алысқа танытудың, қазақ оғыланы күшінің әлем мықтыларын мойындатуының жастарға өнеге етерлік бұдан асқан үздік үлгісі жоқ. Кез-келген спортшы арман ететін Олимп шыңын бағындырып, үлкен спорттың биігіне шыққан балуанның өмір жолы, ерлікпен пара-пар еңбегі кім-кімді болсын таң-тамаша қалдырмай қоймасы анық. Кеңестік кезеңнің өзінде әлемнің «сен тұр, мен атайын» кіл мықтыларының қатарынан көрініп, әлем чемпионы, әлем кубогінің иегері атану екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін жетістік.
«Тараз-Арена» спорт кешені төрінде басталған грек-рим күресінен жастар арасындағы дәстүрлі республикалық ашық турнирде де халқымыздың «болар елдің баласы бірін-бірі батырым» дейдіге сайып, елдік танытуынан айнымас ерекше мінезі көрініс тапты. Дүмпуі көршілес елдерге жеткен дүбірлі доданың ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Жақсылық Үшкемпіровке облыс әкімінің және Жамбыл жұртшылығы атынан темір тұлпардың кілтін табыс етті. Бекболат Серікбекұлы өз сөзінде балуанның өскелең ұрпақ үшін аңызға айналған спорттық жетістіктерін тілге тиек етіп, республиканың барлық аймақтарынан және көршілес Ресей, Тәжікстан мемлекеттерінен келген спортшыларға сәттілік тіледі. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов пен Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері, халықаралық ФИЛА күресі федерациясының мүшесі Дәулет Тұрлыханов ауқымы үлкен, деңгейі жоғары жарыстың мән-мазмұнына айрықша тоқталды.
Тараз боз кілеміндегі классиктер бәсекесі екі күн бойы жалғасады. Кеше төрт салмақ бойынша жеңімпаздар анықталып үлгерді. Екі жүзге жуық спортшы қатысып жатқан додада жамбылдық балуандар жерге қаратпайды деп үміттенеміз. Грек-рим күресінен тұңғыш Олимпиада чемпионы туған Әулиеата өңірінен осы жарыста тағы бір жас дарын жарқырап шығып жатса, қанекей!
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ерлік жолын жеңіспен ұштастырған өрендерӨрнек
- 23 желтоқсан, 2024
Бірқатар нысандар ел игілігіне берілді
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді