облыс мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген режиссер, әртіс, баяншы, домбырашы, қобызшы Төрехан жұмабеков деген азамат бар
Ел ішінде өнер үшін туылып, сол саланың дамуына, өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтар аз емес. Олар өздері он саусақтарынан өнер тамған танымал өнер адамдары болмаса да, қарапайым қызметте жүріп-ақ, өзінің сүйікті ісін атқара отырып, өнердің өрістеуіне тамшыдай болса да үлесін қосып жүреді. Солардың бірі – мәдениет саласының талай жылғы қызметкері Төрехан Жұмабеков десек, қателеспейміз.
1957 жылы наурыз айында Талас ауданы, Тамабек ауылында дүние есігін ашқан ол жастайынан өнер десе, ішкен асын жерге қойған. Әкесі Текейбай мен анасы Бешпенткүлдің он үш жыл күттіріп өмір есігін ашқан тұла бойы тұңғышы екен. Төреханнан кейін өмірге үш ұл, бір қыз келіп, Текейбай шаңырағы құтқа толады. Ол кісі өте қонақжай жан болған. Өзі өнерге жақын болмаса да, ауданға, ауылға арнайы ат басын бұрып келген әншілер мен күйшілерді, жалпы өнер адамдарын шаңырағына қонақ қылып, асулы қазаннан дәм татқызбай шығармаса, көңілі орнықпайтын ақжарма азамат болыпты. – «Қырықтың бірі – қыдыр» дейді ғой. Әкеміздің сол қонақжайлық қасиеті перзенттеріне, ұрпағына да дарып, оң әсерін тигізді. Өйткені, сол өнер адамдары үйге келген сайын әкем мені жанына ертіп алатын. Сол қонақтардың қасына отырып, қолдарына су құйып, батасын алып жүріп есейдім. Олардың тағылымды әңгімелеріне, айтқан әндері мен тартқан күйлеріне қызығып, құмартатынмын. Соның әсері ме, өзім де өнер әлеміне қызыға түстім. Бірде үйге талантты композитор Садық Кәрімбаев жұбайымен келіп, үш күн бойы құтты қонағымыз болды. Сондағы сол кісінің баянына есіл-дертім ауып, соншалықты ынтыққанымды әлі ұмыта қойған жоқпын. Сол бір саз аспабына ерекше ықылас танытып Шымкентбай Нұралиев деген кісіден сегізінші сыныпқа дейін баянды үйреніп, меңгердім, – дейді Төрехан Жұмабеков өзінің ең алғаш музыка әлеміне деген ынтасы қалай оянғанын еске алып. Осыдан кейін өнер жолына біржола бетбұруды мақсат көрген ол 1972 жылы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға түседі. Онда ұлт-аспаптар мамандығы бойынша үш жыл дәріс алып, білімін жетілдіріп шығады. Төрехан алғашқы еңбегін өзі туған ауылынан бастауды жөн көреді. Училищені аяқтай салып Жданов совхозында клуб меңгерушісі болып жұмысқа орналасқан ол кіндік қаны тамған ауылындағы өнердің өркендеуіне аянбай еңбек етеді. Алғашқы еңбек жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығына дөп келіп, ауыл өнерпаздарының басын қосып, драма үйірмесін құрады. Әу бастан осы өнерге де бейімі бар Төрехан мереке қарсаңында Амантай Сатаевтың «Шаңырақ» спектаклін сахналап, көпшіліктің құрметіне бөленеді. Осы секілді жемісті жұмыстарымен талайды тәнті етіп, өзін көрсете білген ол өнер жолындағы елеулі істерін үзбей жалғастырады. Кейіннен аудандық Мәдениет үйіне қызмет ауыстырып, облысқа танымал болған аудандық «Талас толқыны» ансамблінің құрылуына да ықпал етіп, басы-қасында жүрді. Осы ансамбльдің құрамында домбырашы ретінде өнер көрсетіп жүріп, біршама биіктерді бағындырып, танымал өнер адамдарымен аралас-құралас болады. Төреханның аталмыш аудандағы халық театрына да сіңірген еңбегі аз емес. Ол театрдың көптеген спектакльдерінде негізгі образдарды сомдап, халықтық атағын қорғауға атсалысады. Тіпті, 1985 жылы облысымызда өткен республикалық халық театрларының байқауында олардың сахналаған қойылымы жеңімпаз атанып, биіктен көрінеді. Тағы бірде Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет» шығармасын жоғары деңгейде сахналаған аудандық халық театры бүкілодақтық байқаудың лауреаты атанғаны да көпшіліктің есінде. Солардың барлығында өз образдарын шебер сомдаған Төреханның еңбегі де елеулі еді. ...Бұдан кейінгі жылдары ол Ойық музыка мектебінің директоры қызметін атқарып, шәкірттер тәрбиелейді. Оның шәкірттері бүгінде елге танымал өнерпаздар екенін былайғы жұрт біле бермейді. Мұқасан Шахзадаев, Ерболат Барлықов, Дүйсенбек Өмірәлиев, Біржан Сөктай секілді шәкірттері бүгінде Төреханның есімін мақтанышпен айтып жүреді. Осы күндері Төрехан Жұмабеков жұбайы Гүлжамал Байбекова екеуі Байзақ ауданындағы Мәдениет үйінде қызмет атқарады. Гүлжамал сондағы халық театрының режиссері болса, Төрехан – сол театрдың белді әртістерінің бірі. Жастайынан халық театрының қыр-сырына қанығып өскен олар бұл шығармашылық ұжыммен де көптеген жетістіктерге жетіп келеді. Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай сахналаған жергілікті драматург Елен Әлімжанның «Абылай ханның серті» тарихи спектаклінде Жоңғар қоңтайшысы Қалдан Сереннің рөлін сәтті сомдағаны үшін «Ең үздік ер адам образы» аталымын жеңіп алғаны сол тиянақты жұмыстарының нәтижесі дей аламыз. Ерлі-зайыпты екеуінің бастамасымен бүгінде ауданда қуыршақ театры өз жұмысын бастап, кішкентай көрермендердің көзайымына айналуда. Осындай қызметтерде жүріп, ауданның, облыстың мәдениеті мен өнерінің дамуына өз қажыр-қайратын сарқып жүрген Төрехан Жұмабековтің қарапайым өмір жолы өнегеге толы. Ол жұмысында қадірлі маман десек, өнерге деген адалдығы да бір төбе. Отбасының тірегі, аяулы әке атанып отыр.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді